Қыркүйектен бастап елімізде қандай өзгерістер болады? 

0
457

Жаңа оқу жылында 4,1 миллион оқушы мектепке барды. Олардың ішінде 341 мың бала партаға алғаш рет отырды. Мектепте тамақ мәзірі де өзгерді. Ал студенттердің стипендиясы екі есе өсті. Мобильді аударымдар мен кредитке қатысты түзетулер күшіне енді. Жылжымайтын мүлік иелері үшін үш жаңа төлем енгізіледі. Пәтер сатып алу ережелері жаңарды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті күздің алғашқы айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Мобильді аударымдардың сомасы бақылауға алынады

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енеді. Биыл тексеру үшін негіз ретінде үш айда 1 миллион теңгеден асатын шекті мөлшер енгізіледі. Үш айда әртүрлі ақша аударатындардан жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден (немесе 12 ең төменгі жалақыдан) асатын 100-ден артық аударым алатын жеке тұлғалар тексеріледі.

Банктер белгілі бір уақыт аралығында мобильді аударымдарының саны мен көлемі белгіленген критерийлерден асатын жеке тұлғалар туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Одан кейін салық органдары алынған ақпаратты талдайды.

Кәсіпкерлік қызмет белгілері анықталған кезде мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаға анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді. Хабарламаны орындау үшін оны алған (тапсырған) күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.

Хабарламаны орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады.

Білім саласындағы бірқатар өзгерістер күшіне енеді

1 қыркүйектен бастап барлық мектепте «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы кеңейтіледі. Ал ата-аналар қауымдастығы мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын дамыту мақсатында ата-аналар комитеттері трансформациядан өтеді. Сонымен қатар, бағдарлама құндылықтарына негізделген бірыңғай мектеп дизайн-коды кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Басқа да өзгерістер:

  • Алматы облысының мектептерінде «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы қолға алынады;
  • қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» үштігінің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған алғашқы Республикалық ата-аналар комитеттері форумы өтеді;
  • мектеп процесіне жасанды интеллект элементтерін кезең-кезеңімен енгізу басталады;
  • «Келешек мектептері» үшін педагогтерді әзірлеудің үш деңгейлі оқыту моделі іске қосылады;
  • педагогтерді аттестациялауға арналған «Ұстаз» цифрлық платформасы толыққанды енгізіледі;
  • жас әрі талантты педагогтердің деректер қоры қалыптастырылады;
  • Абай атындағы республикалық мектеп-интернат «Абай ұлттық мектебі» болып қайта ұйымдастырылады;
  • барлық мектепте ыстық тамақ ақысы тек ваучерлер және «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы төленеді;
  • мектептер мен колледждерде буллингке қарсы «DosbolLIKE» бағдарламасы енгізіледі.

Мектепте тамақ мәзірі өзгереді

Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектепте тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Негізгі талаптар:

  • қанттың мөлшерін 3,5 есе азайту;
  • тұздың мөлшерін 2-5 есеге төмендету;
  • көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің санын арттыру.

Ал мектеп буфеттерінде жеңіл сіңетін көмірсуларға, атап айтқанда, гамбургер, чебурек сияқты фастфудқа тыйым салынады. Тәтті сусындар да сатылмайды.

Стипендия екі есе өседі

Биыл студенттердің шәкіртақысы тағы көтеріледі. Магистранттар мен докторанттар да стипендияны көбірек алады:

  • бакалавриат – 52 372 теңге;
  • педагогикалық мамандықтар – 84 000 теңге;
  • магистратура – 117 098 теңге;
  • докторантура – 262 500 теңге.

Колледждер тегін оқытады

Жаңа оқу жылында барлық кәсіптік-техникалық колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім беруге кіріседі. Осылайша, 9-сынып түлектері ақысыз біліп алып, қажетті мамандықпен еңбек нарығына шыға алады.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша 153 мың студент тегін оқуға мүмкіндік алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық салаларға бағытталады.

Жылжымайтын мүлік иелері үшін үш жаңа төлем енгізіледі

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлік (пәтерлер, автотұрақ орындары, қоймалар) иелері үшін үш міндетті төлем енгізіледі:

  • ағымдағы (ай сайынғы күтіп-ұстауға арналған);
  • жинақтаушы (болашақ күрделі жөндеуге арналған);
  • мақсатты (жоспардан тыс жұмыстарға арналған).

Бұл төлемдер бұрынғы жүйенің орнын басады, ал қаражат әр үй үшін бөлек шоттарда жинақталады. Төлем мөлшері жылжымайтын мүліктің ауданына байланысты меншік иелерінің жалпы жиналысында белгіленеді, бірақ мәслихат бекіткен ең төменгі тарифтен төмен болмауға тиіс.

Әскерге шақырудың жаңа ережелері енгізіледі

Қыркүйектен бастап әскерге шақыру жаңа тәртіппен жүргізіледі. SMS-хабарламалар дәстүрлі шақыру қағаздарына теңестіріледі. Шақырылғандар белгіленген күнге дейін 3 күн бұрын SMS-хабарлама алады. Онда шақырылушы көрсетілген мекенжай бойынша әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін келуі керек екені жазылады. Медициналық тексеруден кейін шақыру комиссиясы шешім қабылдайды. Сондай-ақ SMS-хабарлама eGov порталының пайдаланушы кабинеті арқылы да жіберілуі мүмкін. Биыл күзгі әскерге шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін өтеді.

Пәтер сатып алу ережелері жаңарды

31 тамыздан бастап үлестік қатысу арқылы құрылысқа қатысу ережелері күшіне енді. Енді салынып жатқан үйдегі үлеске төлем жасау тек банк арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен жүргізіледі. Сонымен қатар, үлестік қатысу туралы келісім бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелмейінше төлем жасауға болмайды. Сондай-ақ, алдын ала келісімшарттар жасауға немесе салынып жатқан объектілердегі пәтерлерді немесе үйлерді заңды айналып өтіп сатып алуға болмайды.

Банк пен ипотека беретін ұйымдарға құрылыс салушыда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты немесе үлестік қатысу кепілдігі болмаса, салынып жатқан үйлерден баспана алуға несие беруге тыйым салынады. Уәкілетті компаниялар да халықаралық рейтингі «B+»-тен төмен емес банктерде шетел валютасында шот ашуға міндетті.

Сонымен қатар, инженерлік компаниялар ай сайын құрылыс барысы туралы есепті әкімдікке және бірыңғай операторға (немесе банкке) ұсынуға тиіс. Көпқабатты үй немесе тұрғын кешенді тапсыру мерзімі жобалық құжаттамада көрсетілген күннен бес айдан аспайтындай мерзімге шегерілуі мүмкін. Егер кепілдік шарты мерзімінен бұрын бұзылса, кепілдік жарнасының бір бөлігі кепілдік мерзімінің қалған уақытына пропорционалды түрде құрылыс салушыға қайтарылады. Бірақ, бұл барлық үлескерлерге қаражаттары толық қайтарылғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Кредитті ерте жапқандар айыппұл төлемейді

Осы айдан бастап жеке тұлғалар кредитті кез келген уақытта айыпақы төлемей мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл норма барлық шартқа, оның ішінде бұрын жасалған шарттарға да қолданылады. Алайда өзгерістер күшіне енгенге дейін төленген айыппұл мен айыпақы қайтарылмайды. Бұдан былай кредитті ерте жапқаны үшін айыппұлды тек заңды тұлғалар төлейді.

Тұтынушылық кредитті беру тәртібі өзгереді

Жақында алаяқтық жолмен ресімделген кредиттерді есептен шығару тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілді. Бұдан былай кепілсіз тұтынушылық кредитті алғаш рет алатындар банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өздері баруы қажет. Ондай кредиттердің ең төменгі мөлшерін де агенттік айқындайды. Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтардың жекелеген санаттарына олардың келісімі алынғаннан кейін ғана кепілсіз тұтынушылық кредиттер беріледі. Бұл өзгерістер қыркүйек айынан бастап күшіне енеді.

Көршінің мазасын алғандар мен көше тәртібін бұзғандар қоғамдық жұмысқа тартылады

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әкімшілік жаза түрінің жаңа формасы – қоғамдық жұмыстар енгізіледі. Түзетулерге сәйкес, қоғамдық жұмыстар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 9-бабына сәйкес тағайындалуы мүмкін.

Олардың қатарында: 

  • Отбасындағы құқыққа қайшы әрекеттер (73-бап);
  • Ұсақ бұзақылық (434-бап);
  • Қоғамдық орындарды ластау (434-2-бап);
  • Әдейі жалған түрде жедел қызметтерді шақыру (438-бап, 2-бөлік);
  • Қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйінде жүру (440-бап, 3-бөлік);
  • Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау (443-бап, 2-бөлік);
  • Қоғамдық орындарда тиісу (449-бап, 2-бөлік);
  • Арнайы көлікке жол бермеу (598-бап, 2-бөлік);
  • Жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін жүйелі түрде бұзуы (615-бап, 4-бөлік).

Сонымен қатар, отбасының мазасын алып, жұбайын қорлағандар 20 сағат, балағат сөз айтып, жұртқа тиіскендер 60 сағат, тәртіпсіздік жасағандар 80 сағатқа дейін, мас күйде қоғамдық орындарға шыққандар, жедел жәрдем немесе полицияға жол бермеген жүргізушілер, бір жылда бірнеше рет ереже бұзып, апатқа себеп самокатшы мен жаяу жүргіншілер 20 сағатқа дейін қоқыс тазалап, көше сыпыруы мүмкін.

Сталкинг жасағандар жазаға тартылады

Жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» – Қазақстанның Қылмыстық кодексінде 16 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бұл бап бойынша қылмыстық қудалау адамға нақты зиян келтірген жағдайда қолданылады (жеке өмірге қол сұғу, қозғалу еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым).

Бұл бап бойынша жазалау 200 АЕК-ке дейінгі айыппұлды (2025 жылы 786 400 теңге) немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Кей жағдайда 50 тәулікке дейін қамауды қарастырады.

Егер сталкинг зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен және жеке тұлғаға қарсы басқа құқыққұзушылықтармен қатар жүрсе, әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.

Сондай-ақ, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанның Қылмыстық кодексінде ата-аналардың және қамқоршылардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер күшіне енеді. Енді балаларын шапалақпен ұрып немесе белдікпен ұрған ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here