Ауылдағы пошталардың жағдайы мүшкіл

0
150

Қаратөбе ауылдық округінің орталығы Қаратөбе ауылында ғана пошта жұмыс істейді. Ал, Майбұлақ ауылындағы пошта ғимараты қаржыны үнемдеу мақсатымен жабылып қалған.

Қаратөбе ауылындағы пошта ғимараты тәуелсіздіктің алғашқы жылдары салынып, пайдалануға берілген болатын. Кезінде құрылысшылар жұмысты сапасыз жүргізгендіктен, бүгінде оның кем-кетігі көрініп жатыр. Шатырлары тозып, жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды. Пошта ғимаратын жылытуға көңіл бөлінбеген.

Осыдан 4-5 жыл бұрын аудандағы елді мекендер түгел газдандырылды. Ауылдағы мектеп, балалар бақшасы, медпункт, клуб, Мәдениет үйіне газ кіргізілді.  Сонда пошта ғимараты ұмыт қалып қойды. Бұл пошта ғимаратының іші жаздың өзінде тастай суық. Өйткені, едендеріне цемент төселген. Қыста электр жылытқыш пайдаланғанмен, оның көмегі мардымсыз. Сол себепті пошта ғимаратында ұзақ отырып жұмыс істеу мүмкін емес. Осыдан ба, мұнда жұмысқа келгендер әрі кетсе екі-үш жыл ғана тұрақтайды. Өйткені, денсаулықтары сыр бере бастайды.  Ал, кімге де болса бірінші кезекте денсаулық қымбат емес пе?!

Жалпы, аудандағы елді мекендердің пошта ғимараттарының жағдайы төмен. Көбісі қараусыз қалған. Олардың жұмыс істеулеріне жағдай қарастырылмаған. Мен Кәксәйек ауылындағы поштаның қызметін пайдаланып жүрмін. Ауылда 15 мыңдай адам тұрады. Мұндағы пошта ғимараты да мүшкіл халде. Газ кіргізілмеген, от жағылмайды. Пошта қызметкерлері қыста тоңып, дірдектеп отырады.

Жалпы, пошта соғыс жылдарында да халыққа мінсіз қызмет еткенін білеміз. Бүгінде халықтың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Басқа жерлерде, қалаларда пошта қызметінің аясы тіпті кеңейе түскен. Ал, біздегі жағдаймен танысқандар қайран қалады. Ауыл мен қаланы теңестіреміз деп жатқан бүгінгі ілгерілеу кезеңінде ауыл пошталарының қызметтерін де жақсарту керек-ақ.

Аудандық пошта бөлімінің басшылары жергілікті пошта ғимараттарының жағдайын өз көздерімен көріп, қамқорлық жасағандары жөн деп есептейміз. Бірақ, олар ауылдарға келе бермейді. Ал, бұл ойланатын мәселе…

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ.

Төлеби ауданы,
Түркістан облысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here