Қырықтық туралы не білесіз?

0
199

Ықылым заманнан қазақ халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы болды. Төрт түлік мал көшпелі халықтың өмірінде үлкен рөл атқарды.

Халқымыз малдың терісінен, жүнінен, сүйегі мен мүйізінен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар жасаған. Мысалы, ата-бабаларымыз қой, түйе жүндерін пайдалануды бұдан мыңдаған жылдар бұрын меңгерген. Ал, жүн қырқу үшін қолдан жасалған еңбек құралдарын пайдаланған. Сондай құралдардың бірі – қырықтық.

Қырықтық дегеніміз – жүн қырқатын қайшы іспеттес аспап. Бірақ, қайшыдан үлкендеу құрал. Қырықтықты темір ұсталары тапсырыспен жасаған. Онымен көктем мен күзде жүн қырқатын болған. Мысалы, қойдың жүнін жылына екі рет қырыққан. Көктемгі қырқымды жабағы жүн деп атайды. Ол қыстан шыққан малдың жаңадан шығып келе жатқан жүні өсіп, ескі жүні көтерілген кезде қырқылады. Ал, күзем жүн күзде, суық түскенше алынады. Қырықтық осы кезде пайдаланылады. Оның жүздері бір-біріне қарама-қарсы етіп соғылып, жұмыр темірден екі түрлі әдіспен жасалған. Бір түрі екі басы ағашпен, ал, екінші түрі темірмен біріктірілген. Қырықтықпен қой қырқудың өзінің әдіс-тәсілі бар, қой қырқуды жақсы меңгерген адам малды жарақаттамай, жүндерді қаттап, біркелкі қырқатын болған. Қой қырқатын адамды қырықтықшы деп атаған.

Отырар музей-қорығының қорында қырықтықтың бірнеше түрі бар. Музей қорындағы жұмыр темірден жасалған қырықтықтың жүзінің ұзындығы – 25 см, жалпы ұзындығы – 36 см.

Қырықтықты салып қоятын арнайы қап болған. Оны «қырықтыққап» деп атайды. Қырықтыққап жүннен жасалған бұйым. Науқан кезінен басқа уақытта пайдаланылмайтын құрал сол ыдыста киіз үйдің сол жақ босағасында, керегенің басында сақталған (А.Жұмашев, 2017: 90-б.).

Отырар музей-қорығының қорындағы тағы бір қырықтыққаптың түп жағы дөңгелекше келген. Ауыз жағына қарай барқытпен көмкерілген «ирек», «су» өрнектері кестеленген. Айнала шетіне сары шашақ жүргізілген, бетіне барқыттан ойылған «сыңар мүйіз», «сыңар өкше» ою-өрнектері бастырылып, әшекейленген. Қара түсті матамен астарланған. Іліп қоюға арналған екі ілмек орны бар. Ені – 25 см, ұзындығы – 50 см. Қырықтыққапқа арналған киізді арнайы баспайды, қалдық киіздерден құрап тігеді. Оны қыз жасауының бірі ретінде де пайдаланған.

Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқында еңбек құралы – қырықтықтың маңызы аса зор болған.

Ақлима ЖҰМАШЕВА,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» бөлім меңгерушісі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here