3 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш күнге созылған Қытайға жасаған сапары мәресіне жетті. Осы аралықта Бейжіңнің Астанаға деген ерекше құрметін көрдік. Бұл пікірдің мысалын Президент сапарының алғашқы күнінен-ақ байқауға болады. Себебі, Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) отырысына келген 22 көшбасшының тек үшеуімен жеке кездесу өткізді – Ресей, Үндістан, Қазақстан басшыларымен ғана жүздесіп, кешкі ас ішкен. Ресми протоколсыз, емін-еркін форматтағы жақындықты білдіреді. Мемлекет басшысына көрсетілген мұндай ілтипат «ала қойды бөле қырыққандық» емес, керісінше әлемдік аренада Орта державалардың да салмағы барын көрсету әрі Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуетіне деген оң баға деп қабылдаған жөн. Осы орайда саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығыстағы көрші елге сапарының қорытындысы туралы пікір білдірді.
ДИАЛОГТЫ ДАМЫТАТЫН ТҰРАҚТЫ АЛАҢ
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бүгінде «мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтерілді. Бұл достық өзара байланыстың үлгілі моделін орнатты. Өткен жылы мемлекет басшылары кездескенде осы серіктестікті жаңа «алтын 30 жылдыққа» бастайтынын атап, достықты одан әрі тереңдетуге ниет білдірген еді.
30 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында әлем назары Қытайға ауды. Өйткені, мұнда 25 жылдық тарихы бар Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті. Бұл жиынға ұйымға мүше елдер ғана емес, аймақтағы ықпалды мемлекеттер мен тіпті Қытай саясатын сынап жүрген Ердоған да шақырылды. Осындай ауқымды шарада Қытайдан кейінгі басты ойыншы ретінде Қазақстан айқын көрінді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте екі рет сөз сөйлеп, бірқатар маңызды бастаманы ортаға салды. Ол – Астана халықаралық қаржы орталығы негізінде инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ кеңсесін құру, жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын ұйымдастыру және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашу. Бұл ұсыныстардың әрқайсысы ел мүддесінен туындап, Қазақстанның ұйымдағы саяси салмағын нақты көрсетті.
Инвестиция еліміз үшін маңызды экономиканың тірегі екені анық. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясындағы жаңа кеңсе Қазақстанға қосымша қаржы тартудың пәрменді құралы болмақ. Қытайдың өзі еліміздегі ең ірі бес инвестордың бірі. Былтыр ғана Қытайдан келген тікелей инвестиция көлемі 11,19 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткішке шықты. Бұл – ілгерілеудің басы ғана.
ШЫҰ-ның жасанды интеллект (ЖИ) бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізу бұл мәселеде еліміз үшін өте маңызды. Президент ЖИ өте маңызды сала екенін анық біледі. Мысалы, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды екен. Еліміздің 2023 жылы қабылданған 2024-2029 жылдар аралығына арналған ЖИ даму стратегиясы бар. Ол жердегі негізгі мақсат – Қазақстанды Еуразияның цифрлық хабы ретінде таныту. Бұл жолда Қытайдың тәжірибесі мен әлеуеті бізге аса қажет.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЙ БАҒЫТТА ЖАНДАНАДЫ?
Бүгінде әлемде 2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Орталық Азияның төрт мемлекетінде су тапшылығы күшейіп барады, ал 22 миллион адам, яғни аймақ халқының үштен бірі таза суға зәру. 2050 жылға қарай бұл жағдайды халық санының артуы мен климаттық миграция күрделендіре түспек. Сондықтан Тоқаевтың ШЫҰ аясында су орталығын құру туралы ұсынысы – уақыт күттірмейтін шешім.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы саяси уағдаластық сауда мен экономика, инфрақұрылым жобаларына қажетті макроклиматты қалыптастырып отыр.
Қазір Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 44 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Бұл – тарихи меже.
Қытай – Қазақстандағы ірі инвестор мемлекеттің бірі. Бүгінде Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл – еліміздің геосаяси маңызын айқын көрсететін дерек.
ШЫҰ саммиті Қазақстанның аймақтағы ғана емес, жаһандық саясаттағы салмағын тағы бір мәрте дәлелдеді. Инвестиция, жасанды интеллект, су қауіпсіздігі Тоқаев көтерген мәселелердің әрқайсысы елдің болашағына бағытталған стратегиялық қадамдар. Қазақстан өз мүддесін қорғап қана қоймай, аймақтық тұрақтылық пен халықаралық ынтымақтастыққа да үлес қосып отыр.
Қазақстан – Қытай серіктестігі жаңа онжылдықта экономикалық қуатқа, технологиялық жаңғыруға және өңірлік тұрақтылыққа қызмет ететін стратегиялық мақсатқа айналды. Тоқаев ұсынған үш бастама – инвестиция, ЖИ және су қауіпсіздігі – осы мақсаттың тірек бағандары. Оңтайлы стратегия – терең экономикалық интеграция мен саяси-институционалдық дербестікті қатар ұстау. Осы теңгерімді сақтай отырып, Қазақстан «алтын 30 жылдыққа» нақты жобалар, өлшенетін нәтижелер және көпбағытты серіктестікпен қадам басады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, іргелес отырған көршісін ерекше қадір тұтқан елміз. Шығыстағы көршімізбен барлық салада ауқымды келісімдер жасалғанын көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Атап айтқанда, Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитінде 20 құжатқа қол қойылды. Арасында Тяньцзинь декларациясы, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту жол картасы, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласын 2025-2026 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялау туралы шешімі бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстан мен Қытай көрші мемлекеттер болғандықтан, жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, түрлі саладағы ынтымақтастықтың бағыттарын кеңейту, сезімтал мәселелер бойынша диалогты жалғастыру және туындайтын мәселелерді бірлесіп шешу – екіжақты қатынастарымыздың болашақ басымдықтары болып қала беруі тиіс.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы










