Биыл қазақтың рухани мәдениеті мен әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлға – ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиеті мен ұлттық әдеби тілінің негізін қалаушы, терең ойлы философ, сазгер, аудармашы және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Осы тарихи мерейтой аясында Сәбит Мұқановтың Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын жан-жақты талдаған зерттеу монографиясына арнайы тоқтала кетсек.
Кеңестік заманда Абайдың өлең жинақтары қатарынан екі рет басылым көрісімен-ақ ағымдағы баспасөздерде сын мақалалар жарыса жарияланып жатты. Алғаш жарияланған тырнақ алды сын мақала Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» («Еңбекші қазақ», 01.03.1923) деп аталатын мақаладан басталды. Кейін С.Мұқанов сол қате пікірлерінің орнын «Жарқын жұлдыздар» атты монографиялық еңбегінде түзетті. С.Мұқановтың Абай жөнінде сүбелі зерттеулер жасағанын «Жарқын жұлдыздар» (1964) монографиясы дәлелдейді.
«Бұл монографиялық еңбегімді 1945 жылы жазып бітірген ем. Ақындық шеберлігі баршамызға үлгі болған Абайды терең білу, оның мұрасын игеру ісін мен өзіме кезекті міндет тапқандықтан көлемді еңбек жазумен шұғылданып жүретінмін», – дейді.
«Абай – зор кісі. Ол – зор ақын да, зор ойшыл да, зор қоғамшыл да, зор күресшіл де. Оның осы бейнелерін түгел қамту, әрине, оңай міндет емес. Сондықтан Абайды толық зерттеу, толық ұғу бір жылдың, я бір ұрпақтың міндеті ғана емес, көп жылдардың, көп ұрпақтардың міндетті. Әйткенімен, әр ұрпақ өз қолына түскен материалға сүйене отырып, өз ой өрісі жеткен пікірді айтуға міндетті. Оқушылардың алдына ұсынып отырған менің бұл еңбегім әдебиеттегі рухани атамыз Абайдың, оның еңбектерін сүйіп оқушы халықтың алдына Абай туралы біраз жылдан бері жиналып қорытылған пікірді айту мақсатымен жазылды» дегенді айтып алуды айрықша қасиет деп тапқан.
Монографияда ақынның өскен ортасы, ата-тегі, өмір кезеңдері, дүниеге, сөз өнеріне көзқарасы туралы зерттеу жүргізеді. Абайдың қазақ фольклорынан өзінің шығармаларында өте көп қолданған бір тармағы – тақпақ, мақалдар, мәтелдер екенінде айта кетіп, қазақ өлеңіне енгізген өзгеріс-жаңалықтарына тоқталған.
Ақынның аударған шығармаларына келетін болсақ, С.Мұқановтың талдауы бойынша орыс ақындарынан 56 шығарма аударған, солардың сегізі Пушкиннен, он төрті Крыловтан, Мацкевич, Бунин, Полонскийден бір-бір өлеңнен, авторы белгісіз үш өлең, ал қалған 28 шығарма Лермонтовтан. Аударылған шығармалары жөнінде де ой өрбітеді. Зерттеуші ақын туындатқан шендестірулерге, ауыстыруларға, теңеулерге, әсірелеулерге ой сәулесін түсіреді.
С.Мұқанов ақынның композиторлық шеберлігіне де назар аударған. Ол музыка зерттеушісі А.В.Затаевичке Абайдың «Татьянаның Онегинге жазған хатын» өзі орындап, нотаға түсірткен. Ақындық жолда С.Мұқанов Ұлы Абай шығармаларын зерттеу үстінде өзі де одан көп ұлағат алады.
1945 жылы Абай туралы кесек монография жазған шығармаларына тән бір ерекшілікті айта кеткен жөн. Ол – Сәбиттің тарихи шежірелігі. Абайға байланысты айтылатын ой арқылы қазақ оқырманын өзінің тарихына тереңірек үңілдіре түсу, қызықтыра баяндауы осы монографияда анық көрінеді.
Зерттеушінің «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі арқылы қазақ халқымыздың Ұлы ақыны Абайдың өмірі мен шығармашылық әлеміне жол ашатын қазына. Бұл туынды арқылы оқырман ақынның ғұмыр жолындағы өнегелі кезеңдермен, рухани биігімен, ұлт әдебиетінде қалдырған өшпес ізімен жақынырақ таныса алады. «Жарқын жұлдыздар» – қазақ руханиятының алтын қорына қосылған құнды мұра.
Анар КӨШЕРБАЕВА,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі












