8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жиынға халық қалаулылары қатысты. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Президенттің Жолдауына қысқаша тоқталады.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ ҚҰРЫЛАДЫ
Президент қазіргі министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды.
«Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті премьер-министрдің деңгейіндегі маман басқаруы керек», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айнал дыру міндеті тұрғанын да айтты.
Мемлекет басшысы елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік екенін ашық айтты.
– Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс. Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ, мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс. Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкімет цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады.
– Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
КӨЛІК ДӘЛІЗДЕРІ – ЭКОНОМИКА ДРАЙВЕРІ
Мемлекет 2029 жылға дейін халықаралық маршруттар құрамына кіретін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолын жөндеуден өткізуді жоспарлайды. Халықаралық және ішкі жүк ағындарын тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін халықаралық дәліздерді модернизациялау да – басым бағыт.
Жалпы алғанда, Қазақстанның көлік-логистика бағытын дамыту, түрлендіру бойынша алдына қойып отырған міндеттері өте ауқымды. Президент айтқандай, жалпы ішкі өнім құрылымындағы транспорттық-логистикалық үлесті 9 %-дан кем емес деңгейге жеткізу – оңай міндет емес. Мемлекет басшысы Жолдауда транзит мәселесін де көтерді.
– Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек. Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі.
– Біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ, инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керектігін баса айтты.
– Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды. Біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік. Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар. Алайда, жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп. Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда. Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек. Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылатынын атап өтті.
– Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс-Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» жобаларын уақытылы жүзеге асыруға тиіс. Себебі, аталған жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.
ТОРҒАЙ ӨҢІРІ ҚАЙТА ТҮЛЕЙДІ
Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолы салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы көктемде Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Үкіметке осындай маңызды тапсырма жүктеген еді. Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керектігін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тағы айтты.
– Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады. Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталатынын айтты.
– Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міне, тарих қойнауындағы Торғай өңірі қайта түлейді. Ол Үкіметтің ерекше назарында болады. Оны Президент қадағалайды.
ПРЕЗИДЕНТ БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ ҚҰРУ ТУРАЛЫ БАСТАМА КӨТЕРДІ
Өткен 30 жылда Сенат аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып шықты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өткен 30 жылда Сенат аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып шыққанын айтты.
– Бүгін мен еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы ойымды ортаға салғым келеді. Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын. Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз. 2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсетіп берді.
– Дегенмен, бір жерде тоқтап қалуға болмайды. Біз еліміздің және кейінгі ұрпақтың болашағын тереңнен ойлауымыз керек. Менің жылдың басында «Ана тілі» газетіне ауқымды сұхбат бергенімді білесіздер. Онда «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деп айттым. Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан, мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылғанын еске салды.
– Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастамасын көтеріп, оны 2027 жылы жалпыұлттық референдумда халықтың өзі шешетінін айтты.
– Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан, маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескере отырып, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлайтынын жеткізді.
– Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің атап өтуінше, бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім.
– Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.
– Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе? Бірақ, мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін. Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз, – деді Президент.
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУДА ТАҒЫ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРДІ?
- Қасым-Жомарт Тоқаев тағы екі атом электр станциясының (АЭС) жоспарын әзірлеуді тапсырды.
- Жаңа Құрылыс кодексі жыл соңына дейін қабылданады.
- Тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын үш кәсіпорын іске қосу тапсырылды.
- «Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек».
- Енді салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалады.
- «Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық».
- Билік құрылымдары инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті.











