Ұлт ұстазы дүниеге келген күн айрықша аталып өтті

0
592

Алатауды жастанып жатқан мың жылдық тарихы бар Алматы қаласының ең көрікті жерінде Алаш жұрты үшін аса маңызды күн айрықша аталып өтті. Баршаға белгілі, 5-қыркүйек – Ұлт ұстазы, Алаш көшбасшы, ғалым, ағартушы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының жарық дүние есігін ашқан күні. Осыдан 153 жыл бұрын дәл осы күні киелі Торғай даласында шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Ол ғаламдық деңгейдегі қазақ ғалымы, Алаш арысы А.Байтұрсынұлы еді!

2017 жылдан бері елімізде ұлы ағартушының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні ретінде дәстүрлі түрде аталып келеді. Бұл жолы да Ұлт ұстазының рухына тағзым жасалып, ғалым мұрасын ұлықтау мақсатында өткен дүбірлі шараны Алматы қаласы Мәдениет басқармасы, Алматы қаласы Тіл басқармасы, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұйымдастырды. Ұлт ұстазын ұлықтау шарасы ғалымның өзінің атындағы саябақта, еңселі ескерткішінің алдында өтті. Таңғы 08:00-ден бастап Ұлт ұстазы үйінің маңына жиналған жанкүйер көпшілік, шараның басталуына дейін де ғалым жәдігерлерімен танысып, көрмеге дайындалған тарихи суреттерді тамашалады.

Тағзым жасау шарасы, бағдарламаға сай, 09:00-да Ахмет Байтұрсынұлы саябағына жүздеген адам жиналды.

Салтанатты жиынның сөз тізгінін белгілі тележүргізуші, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тілшісі Мейрамбек Таубалдиев ұстады. Жүргізуші ұлы ғалым жарық дүниеге келген күннің маңызына тоқталып, келушілерге алғысын білдіріп, құрметті қонақтарды таныстырды. Тағзым жиынына: А.Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы, А.Байтұрсынұлының інісі Мәшен қажының немересі Серік Самыратұлы, Байтұрсынның ағасы Қалидан тарайтын ұрпақ Шынболат Назарұлы, А.Байтұрсынұлының немерелес ұрпақтары Шаймерденовтер отбасы қатарлы ғалымның бүгінгі жақын-жекжаттары келді.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Бауыржан Нұрбекұлы Байділда, Алмалы ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас инспекторы Аслан Қайратұлы Тұрлығазы қатарлы қонақтар іс-шараға қатысты. ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары тағзым шарасының айбынын асырды.

Ұлықтау шарасына ақпараттық қолдау білдіріп, Алматы ТВ, Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасы, «Қазақ», «Ана тілі», «Алматы ақшамы» газеттері қатарлы БАҚ өкілдері атсалысты.

Сондай-ақ, тағылымы мол ауқымды шараға алаштанушы ғалымдар, тіл жанашырлары, университет ұстаздары мен студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, музей-үйдің тұрақты жанкүйерлері болып жүздеген адам қатысты.

Ғалымның еңселі ескерткішіне гүл қою арқылы Ұлт көшбасшысына деген ұлы махаббатын, ізгі ниеттерін, асқақ құрметтерін сап түзеп, бірге білдірген қонақтар тобын жазбай, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі гүлзарындағы тұлға бюст-ескерткіші маңына қайта оралды. Жиын «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты дөңгелек үстелге ұласты, шараға соңыра қосылған жұртшылық «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты көрмені аралады. Көрмеге А.Байтұрсынұлы портреттері мен арыстардың ұжымдық фотолары, А.Сырғабаев және басқа да әуесқой суретшілердің Алаш тақырыбындағы суреттері қойылды. Көпшілік Алаш арыстарына қатысты тарихтан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.

Көрмеден кейін А.Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы шараның басталу сөзін сөйлеп, жиналған көпшілікке алғысын білдірді.

Дөңгелек үстелде ғалымдар баяндама жасады, Ахметтің туыс ұрпақтары лебіздерін білдіреді. Ахмет өлеңдері оқылды.

Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ахметтанушы Қапалбек Сейсенбекұлы Бижомарт тағылымы мол баяндама жасап, ұйымдастырушыларға ағынан жарыла алғыс білдіріп, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» мен төте жазу әліпбиінің және әдістемелік құралдарының өміршеңдігін тұжырымдап түсіндіріп берді. Ахметпен замандас орыс ғалымдарының еңбектерінде ғалымға берілген ғылыми бағалардан үзінді оқи отырып, тыңдаушылардың ықыласына бөленді.

Шара аясында А.Байтұрсынұлының музей-үй қоры құнды жәдігерлермен толықты. А.Байтұрсынұлының 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығының түпнұсқасы Абдолла Әбдірахманұлының жеке кітапханасында ғасырға жуық сақталғанын тілге тиек еткен ақсақалдың немересі, домбыра жасаушы шебер Ержан Нұрланұлы құнды кітаптың түпнұсқасын музей-үй қорына сыйға ұсынды.

А.Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Оқу құралы. Қазақша алифба» оқулығының 1991 жылы сол қалпында қайта басылған нұсқасын музейге сый ретінде академик Шора Сарыбаевтың қызы – Майра Сарыбай да сыйлады. Майра апай әкесі Шора Сарыбаевтың бірнеше жазба мұрасын музей-үй мамандарының оқып, зерттеуіне берді.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Қажыбек Ақмарал Маратбекқызының туындысы «Алаш партиясы. Ахмет Байтұрсынұлы» картинасы да маңызды күнде киелі үйге табысталды. Жас суретші Ақмаралдың ұстаздары да сөз алып, шәкіртінің көлемді туындысының қыр-сырына тоқталды.

Алмалы ауданы әкімдігі уәкілі, білікті ұстаз Гүлшара Есетқызы өзі ұстаздық ететін 36 мектеп-гимназия шәкірттері ақын өлеңдерін жатқа оқып, тыңдармандарын сүйсінтті.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология факультетінің деканы Алуа Василийқызы, «Ахмет Байтұрсынұлы орталығы» жетекшісі Роза Бақберген, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Филология факультетінің деканы Айгүл Амантайқызы, кафедра оқытушысы Тыныштық Ермекова қатарлы ғалымдар қысқаша баяндама жасады.

Т.Ермекова ұстазы академик Ш.Сарыбаевтың өзінің туған күнін тойламай, әр жылы сол күнде жас студенттерге театр, концерт билеттерін көптен сатып алып сыйлайтын ғажап әдетін дағдысына айналдырып әр жылғы туған күнінде университеттегі шәкірттеріне ғалым музей-үйіне билет алатынын жеткізді.

Ұлт ұстазы дүниеге келген күн жарқын жаңалықтармен басталған болатын. «Шалқар» радиосының жүргізушісі Гүлмира Нәлібай таңғы бағдарламада Асхат Сәлиұлы атты жас ақынның А.Байтұрсынұлына арнаған «Алаштың Бек Арысы» атты өлеңін эфирде беріп, дайындық жұмыстарымен қарбаластап жүрген музей-үй ұжымын бір желпіндірген еді. Енді сол толғаудан үзінді ұсынсақ:

«…Халқы деп соққан Жүрегі
Мамыражай Өмір-Тілегі
Көкірек Көзі-Шамшырақ
Қайыспаған Құрыш Білегі
АЛАШТЫҢ БЕК АРЫСЫ!

Біртуар Дара-Тұлғасы
Тоқыған Азамат-Мұңдасы
«Қызыл оттан» қайтпаған
Әлихандар-Сырласы
АЛАШТЫҢ БЕК АРЫСЫ!

«Жәдитті» терді жаңаша
Танымымен Ұлттың санаса
«Тіл-құрал» мен «Әліппе»
Қаламынан шыққан қыр аса
АЛАШТЫҢ БЕК АРЫСЫ!»

«Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп ғасыр бұрын аса бір өр сеніммен ант беріп кеткен ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні Алматыдағы музей-үйінде жоғары деңгейде өтті.

Ұлт көшбасшысының антының ақиқатқа айналғанына куә болып һәм Алаш арысының ізгі ісін алға дамытатын өрелі ұрпағымыз көп болсын деп тілейміз.

Әділет АХМЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here