Алматы қаласының жастары чемпиондармен кездесті

0
1508

Медеу ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жастарға арналған маңызды кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – есірткі, психотроптық заттар және олардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Кездесуге Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Масақбаев Ізбасар Берікқұлұлы, Алматы облыстық мәслихат депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері, грэпплингтен Азия чемпионы, «Сағадат Батыр» спорт клубының негізін қалаушы Орынбасаров Нұрсұлтан Жұмабайұлы, кәсіпқой боксшы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам, сондай-ақ кәсіпқой аралас жекпе-жек шебері, Naiza және Nomad лигаларының чемпионы Жұман Жұмабеков қатысты. Өте әсерлі өткен жиынды Абай атындағы ҚазҰПУ, Әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов жүргізді.

Осы кездесуді ұйымдастырушы, Медеу ауданының прокуроры Ізбасар Берікұлы салауатты өмір салтын насихаттау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

«Жастарды есірткі мен басқа да зиянды әдеттерден қорғау – біздің қоғам үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі кездесудің мақсаты – студенттерге заң талаптарын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар олардың бойында салауатты өмір салтына деген қызығушылықты арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жастардың денсаулығын сақтау мен олардың дұрыс таңдау жасауына жағдай жасауды ерекше атап өтті. Біз де осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, әр жас азаматтың болашағы жарқын болуы үшін қолдау көрсетеміз», – деді аға әділет кеңесшісі Масақбаев.

Шара барысында жастарға есірткінің денсаулыққа, қоғамға және болашаққа тигізетін орасан зияны түсіндірілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған жастардың денсаулығын қорғау және зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру жөніндегі бастамалары да тілге тиек болды.

Чемпиондар өздерінің өмір жолы мен спорттағы тәжірибесін бөлісе отырып, жастарды мақсатқа жету жолында табандылық танытуға, спортпен айналысуға және салауатты өмірді таңдауға шақырды.

«Чемпиондық Рух» жобасының жетекшісі, бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров бұндай шаралар болашақта өз жемісін береді деп есептейді.

«Есірткі бұл қоғамның дерті. Керек десеңіз ғасыр дерті. Есірткімен күресу әрбір адамның парызы. Спортшы болған соң, бапкер болған соң жастардың болашағына алаңдайсың. Зиянды заттардан аулақ жүрсе дейсің. Осындай шараларда қолымыздан келгенше үлесімізді қосуға тырысамыз. Медеу ауданының прокуратурасына рақмет. Бұл шара өз жалғасын табарына сенімдімін. Мемлекет басшысы да кешегі Жодауында бұқаралық спорттың маңыздылығын, есірткінің зияндылығын айтып, оған жұрт болып, ел болып жұмыла күресуімізді атап өтті. Атқарылатын алда қыруар істер күтіп тұр», – дейді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Танымал боксшы Қанат Ислам мен жекпе-жек шебері Жұман Жұмабеков спорттың адам өміріне тигізер ұшын-теңіз пайдасын айтып, жастарды зиянды әдеттен аулақ болуға шақырды.

Кездесу соңында студенттер прокурорға және спорт саңлақтарына сұрақ қойып, пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың дұрыс таңдау жасауына ықпал етіп, саналы әрі мықты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here