«Таудан биік, теңізден терең әкем,
Елге еткен еңбегің ерен екен.
Адамзаттың асылы – Әз Пайғамбар,
Одан кейін тұрады менің әкем» деген шумақта баланың әкеге деген ыстық махаббаты, бала алдында әкенің биіктігі жатыр.
Бұл сезім – қазақтың әрбір баласының бойына ананың даналығымен сіңірілетін, әкенің мейірімімен бекітілетін керемет тылсым. Айтпағым, отбасында әке моделі болуы керек. Бала алдында ата-ананың қай-қайсысының да мәртебелі болуы – мүлтіксіз құрметтің қалыптасуының алғышарты. «Алғашқы тәрбие ата-ананы сыйлаудан басталады», – дейді Ыбырай Алтынсарин. Ал, қазіргі жаңа заманда отбасындағы әке орны қандай?
Көп жерде әке баланың мектеп шаруасына, жеке қызығушылықтарына, тұлғалық қалыптасуына аса қатыспайтын кейіпкер ретінде қарастырылады. Қысқаша айтқанда, қаржылық қамтамасыз етуші орган – банк рөлін сомдайды. Әкелердің бар міндетті ананың мойнына артып қоюы әке мен бала арасындағы алшақтықты тудырады. Әкенің ата-аналық қадірі біртіндеп жойылады.
«Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ел ішінде баланың жақсылығын да, жағымсыз әрекеттерін де әке-ата тәрбиесімен байланыстырған. «Әке көрген оқ жонар» деген. Жаңа ғасырдың жас отбасыларында әке мен ананың рөлдері біршама факторлар бойынша ұқсастықтарға ие, дегенмен әкенің беретін тәрбиесін ана, ананың беретін тәлімін әке бере алмайды.
Бала бойындағы батылдық, өжеттілік, сабырлылық пен салмақтылық сынды қасиеттер әкенің тік мінезі, кейде суықтығы, өз үлгісімен көрсеткен жақсы әдет-ғұрыптарының оңтайлы нәтижесі. Болашақтың айқын болуы саналы ұрпақ тәрбиелеуден басталады емес пе? Саналы ұрпақ – үлкенге құрмет, кішіге ізет, қорғансызға қолғабыс, мықтыға қолдау көрсете алатын, білім мен дамуды өмір бойғы миссиясы ретінде қабылдайтын болашақ адамдары. Жарқын болашақты мақсат ететін әр ересек отбасына барынша көңіл бөліп, баласының тәрбиесімен тиянақты айналысуы қажет.
Ата-бабаның жастар тәрбиесіндегі ұстанымдары тарих талқысынан сүрінбей өткен, дәстүрлі тәліммен шыңдалған ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс мұра. «Тарихты білу – тек өткенді тану емес, сол арқылы бүгінгі ұрпақты парасаттылыққа тәрбиелеу» дейді дана қазақ.
Осы тұста Абай мен Құнанбай туралы айту керек. Құнанбай қажы тек бай, болыс емес, қазақтың хәкім Абайының тұлғалық қалыптасуына еңбек сіңірген адам. Абайдың жастайынан білімге ден қойып, жасөспірім шағынан әділдік етіп, ел ісіне араласуына әкесі түрткі болған. «Абай жолы» романының бірінші оқиғасынан-ақ сол замандағы әке беделінің асқақтығын аңғарамыз. Абай аналарына амандасуға таяғанда шешесі бірінші әкесіне нұсқайды да, алғашқы сәлемін әке отауына кіріп береді. Үлкен жиындарда сөйлемес бұрын жас Абай айтар сөзін әбден қорытып, пішіндейді. Әкелік мыстан сескенеді, әке алдында оқыс сөз айтудан сақтанады.
Әке – қамалдай қорған, қиындықта панаң, жақсылықта тілекшің әрі өмірлік ұстазың!
Нұршапағат ӘСІМХАН,
Жаратылыстану-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 Е сынып оқушысы
Астана қаласы
Қолданылған деректер:
- https://informburo.kz/kaz/aza-otbasynda-ken-orny-anday-bolan-azr-anday.html
- https://massaget.kz/shayra/bala-tarbiesndeg-akenn-rol-36900/
- https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts&category_id=6&tag_id=1236









