Парламенттік реформа: соңғы шешім – халықта

0
2331

Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы бұл құнды құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап қана қоймай, саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Мемлекет басшысы ел алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтіп, ұлттық дамудың стратегиялық басымдықтарын жариялады.

Ең алдымен, Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, парламенттік реформа мәселесі жұртшылық арасында бұрыннан бері жан-жақты талқыланып келеді. Президентіміз мемлекет тағдырында түбегейлі маңызы бар мәселеде бүкіл халық болып шешім қабылдайтынын мәлімдеп «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына адалдығын тағы да дәлелдеп отыр. Біз бұл ұсынысқа жауапкершілікпен және түсіністікпен қараймыз.

Парламенттік реформа – бұл тақыр жерден пайда болған шешім емес, терең талдауға негізделген, логикалық тұрғыдан тексерілген қадам және соңғы жылдардағы барлық саяси қайта құрулардың заңды жалғасы. Сондықтан бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында және, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқыланатын болады. Бұл бастаманың алқалы жиында айтылғаны аса маңызды. Президент оны қоғаммен, сарапшылармен және саяси партиялармен ашық диалог аясында талқылауды ұсынып отыр. Яғни, осы мәселені қазіргі Парламентте талқылағаннан кейін ғана шамамен 2027 жылы референдум өткізілуі мүмкін. Бір палаталы Парламентті партиялық тізімдер бойынша құру форматының өзі өмір сүруге құқылы, өйткені бұл жаңа жас партияларға мүмкіндік береді. Сонымен қатар саяси бәсекелестікті күшейтеді және парламентті шын мәнінде өкілді етеді. Мемлекет басшысы осындай тағдыршешті мәселелер бойынша жалпыұлттық референдум өткізу қажеттігін және біздің барлық саяси реформаларымыз бірыңғай институционалдық жүйенің ажырамас бөлігіне айналатынын тағы да көрсетті. Әзірге Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығарылғанға дейін және жаңа парламенттік сайлау өткізілгенше өз жұмысын әдеттегідей жалғастыра беретін болады. Біздің негізгі міндетіміз – Мемлекет басшысы белгілеген барлық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету. Тиісті заңдар уақтылы әзірленіп, қабылдануы керек. Жолдауды ескере отырып, Сенаттың IV сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары пысықталатын болады.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маңызына орай Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдырудың стратегиялық міндетін қойды. Парламенттің алдында тиісті заңнамалық база құру жөнінде маңызды міндет тұр. Біз Цифрлық кодекстің сапалы қаралуын және уақтылы қабылдануын қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Құрылыс кодексін және Банктер туралы заңды қабылдауымыз керек.

Сондай-ақ, Alatau city дамыту үшін арнайы заң қабылдау тапсырылды. Жолдауда Мемлекет басшысы инвестиция тарту жүйесін толық қайта қарау қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік секторды реформалау, қоршаған ортаны қорғау және су үнемдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Болашақта біз осы бағыттарда нәтижелі жұмыс жасаймыз деп үміттенеміз.

Амангелді НҰҒМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here