Таяуда, 17-18 қыркүйекте Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Әлемнің әр түкпірінен ділі мен діні бөлек болса да, ниет-тілегі бір рухани көшбасшылардың басын бір ортада қосып, «бейбітшілік пен келісім» атты адамзатқа ортақ құндылықты дәріптеуге бағытталды. Әлемге мейірім мен махаббаттың, толеранттылық пен татулықтың дәнін сеуіп жүрген съездің миссиясы мұнымен тоқтамақ емес. Делегаттар, бұйыртса, 2028 жылы Елорда төрінде тағы да кездесуге уағдаласып, дәстүрлі декларация қабылдады.

ОРТАҚ ИДЕЯЛАР МЕН ҰСЫНЫСТАР КӨРІНІС ТАПҚАН ФОРУМ
Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезін қорытындылады.
– Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шын мәнінде, салмақты және сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі.
– Сіздер бүкіл әлемге көрегендік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар. Геосаяси тұрақсыздық белең алған күрделі кезде мұның мән-маңызы айрықша. Форум бүгінде діндер мен мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты дамытудың, барша адамзаттың жарқын болашағы үшін ынтымақтастықты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пленарлық және секциялық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияларда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көшбасшылар форумында көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Сіздер деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырдыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар. Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады, – деді Мемлекет басшысы.


ДІНДЕР СЪЕЗІ – САЛМАҚТЫ ДИАЛОГ АЛАҢЫ
Президент жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуға тиіс деп санайды.
– Екі күн ішінде сіздер Съезд жұмысының басты бағыттары мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға бірдей қағидаттарын қалыптастыру туралы Съезд Хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын. БҰҰ Өркениеттер альянсының сессиясын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді.
– Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізу Орталық Азия аймағында аталған мәселе үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Жас діни көшбасшылар форумы өскелең ұрпақтың сабақтастықты сақтауға, диалог пен өзара түсіністік жолын жалғауға ұмтылатынын байқатты. Яғни, әлемнің келешегі бар деген сөз. Сарапшылардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен түсінуде ғылым мен діни ілім синергиясы маңызды екенін танытты. Бұл бағытты халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде күшейту қажет деп санаймын. Съезде дін көшбасшыларының бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, бейтарап, саяси реңк бермей, ортақ үн қату идеясы талқыланды. Осы арқылы жаңа, анағұрлым орнықты әрі әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосуға болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан барлық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және Съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті.
– Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Съезд табысты өтті. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Игі мақсат жолындағы ынтымағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Түйіндей айтсақ, съездегі әлем жұртшылығын, саяси көшбасшыларды бірлікке, қантөгіссіз бейбіт өмірге шақыру бастамалары құр ұран күйінде айтылмады. Делегаттар небір ойды ортаға салды, қағазға хатталды, ол ұсыныс-пікірлер декларация болып қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымына жолданды. Яғни, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің қатысушылар қабылдаған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады. Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Онсыз әлем қауіп-қатерден арылмайды. Тыныштық пен татулықтың жаршысындай болған ресми Астана келесі съезді қарсы алуға да дайын екенін көрсетті.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ









