Ұлт ұстазы атындағы мектепте ұлықтау шарасы өтті

0
365

2025 жылдың 10 қыркүйегінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп базасында мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі» тақырыбындағы аудандық семинар өткізілді. Семинардың мақсаты – Ұлт ұстазының  рухани-мәдени мұрасын насихаттау, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысының тиімді үлгілерін көрсету және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың кәсіби тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Алматы қаласындағы  «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар, қолжазбалар бөлімінің қызметкері, шығыстанушы, түркітанушы, қолжазбатанушы және эпиграфика маманы Тимур Талғатұлы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің маманы Нұрсауле Толқын   «Қазақ тілі мен жазуының тарихы және Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы» атты  көне  кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ұлт көшбасшысы, бірегей ғалым Ахмет Байтұрсынұлының осыдан ғасыр бұрын жарық көрген оқулықтары, төте жазудағы мұралары, ғылыми еңбектерінің түпнұсқаларымен қоса, сол тұстағы өзге де әліппе оқулықтары, әріп реформасына қатысты құнды құжаттар мен қаулылар қойылды. Тимур Талғатұлы «Қазақ жазуының тарихы» атты ғылыми баяндама жасады.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы, ақын Әділет Ахметұлы  «Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй: Кеше. Бүгін. Ертең» атты қызықты баяндама жасады. Қатысушылар сан ғылымның сүрлеуіне даңғыл дара жол салған бірегей ғалымның ғұмырының соңында тұрған үйдің қиын кезеңдерден аман өтіп, ғалым ақталғаннан кейін мұражай санатын алып, бүгінгі таңда Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты сегіз музейдің бірі болып, ел іші-сыртындағы келушілердің тағзым жасап, тағылым алатын орталығына айналғанын баяндамашының әсерлі әңгімелерінен түсініп білді. Ел басына күн туған өткен ғасыр басында ұлттың теңдігі мен тілі, ғылымы үшін теңсіз заманда шейіт болған ғалымның өнегелі өмірі туралы баяндаманы ести отырып, көз жастарына ерік бергендер де болды. Ә. Ахметұлы музей-үй атынан мектеп ұжымына 20 кісілік музейге кіру билеттері мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» атты көлемді альбом кітапты сыйға ұсынды. Қаладан алыс ауылдардағы мектеп ұжымын Ахмет үйіне келуге билеттерді кәсіпкер азаматтар демеушілігімен сыйға ұсынып отырғанын, бұл жақсы дәстүр жалғасын табатынын жеткізіп, барлық қатысушыларды ұстаз тұрған ұлағаты мол үйге оқушыларды ертіп жиі келуге шақырды.  Сонымен  қатар, академик Шора Сарбаевтың кітапхана қорынан   музейге тапсырылған 1914 жылғы  жарық көрген, А. БАйтұрсынұлының «Әліппе»  оқу құралының түпнұсқасын мектеп кітапханасына сыйлады.  Ақын  өз қаламынан туған «Ұлы сағыныш» атты жыр жинағын да  мектеп директоры Назгул Дуйсеновнаға  зор ілтипатпен ұсынды. Жасалған  баяндамалар  мен сирек кітап, қолжазба  көрмесі келген қонақтарға,  мектеп оқушыларына қызықты болып, семинарға ерекше рең берді. Мектеп мұғалімдерінің өткізген ашық тәрбие сағаттары мен қойылған шағын концерттік бағдарламалары қызықты, тартымды болды. Осылайша, мектеп ұжымы да, аудандағы әр білімжайдан келген мұғалімдер де мағынасы кең, мазмұны бай кездесуден көптеген тың ғылыми білімдер, рухани шабыт алды.

Алдағы уақытта  ғылым саласындағы азаматтарымызбен өткізген кездесуіміз руханият пен білімге деген құрметті қалыптастырып, жас буындарға шабыт сыйлайтындығы сөзсіз.

Жазира  Жунусова,
А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп тарих пәнінің мұғалімі.

Саймасай ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here