Міржақыпқа апарар жол немесе сөйлеушілер тыңдай да білуі керек

0
2626
Бидайықта Міржақып кесенесінің жанында.
Бидайықта Міржақып кесенесінің жанында.

Туған жерім – Торғай өңіріне биыл үш рет бардым. Кейінгі сапарымның негізгі мақсаты – Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған шараларға қатынасып, белгіленген конференцияда сөз сөйлеу еді.

Бұл жолы бұрынғыша өзім Астанаға дейін пойызбен барып, машинамды балам Айбек техникалық тексеруден өткізгеннен кейін ертерек жібергенмін. Жол ұзақ болған соң, інілерім кезек жүріп, ерте шығып, кештетіп жетіпті. Ертеңіне мені қарсы алып, қаладағы баламның үйінде бір күн дем алдырып, келесі күні Бурабайдан әдейі келіп, күтіп жатқан Болат Мұқанов екеуімізді Торғай жаққа алып жүрді.

Бұл жаққа шыққан жолаушылар жол азабын мейлінше тартатынын бұрыннан біледі. Бірақ, нақты жүре бастағандағы қиналыстары күткенінен әлдеқайда ауыр екенін көргенде, талай рет өз шешімдеріне өкінішпен қарайтындары да шындық. Сол жағдайды басынан талай өткізгендердің бірі осы өзіммін.

Даланың батпақтататын қара жолын былай қойғанда, асфальт жолдардың өзі біресе кеңейіп, біресе тарылып, кейде дірілдетіп, кейде тақылдатып, бірде көтеріп тастап, бірде теңселтіп діңкеңді құртады. Мысалы, Атбасар жақтан Державинскке жақын жиырма шақты шақырымдай жолдың жөнделіп жатқанына үш-төрт жылдан асты. Бірақ, әлі сол жерді машинадан түсіп, жаяу өткің келе береді. Ал, Арқалық пен Торғай арасының асфальті өте жұқа әрі көп жерден тесіліп қалған. Оның әуелден жер бедерінің ой-шұңқырлары тегістелмей салынғандығынан мінген көлігің, теңізге салған қайықтай, жиі секіріп, басыңды машинаның төбесіне талай соғып үлгересің.

Оның сыртында, қанша ерте шықсаң да алдыңдағы жолың жыландай ирелеңдеп, біресе батысқа, біресе оңтүстікке, біресе қайта шығысқа бұрылып, бағытың 7-8 рет өзгеріп, жүрген жолың мен уақытың екі-үш рет ұзарып, барар жеріңе шаршап-шалдығып, түнделетіп әрең жетесің.

Жол машақатын көп көрген біздің өңірдің халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынғалы жатқан тура Астана – Батыс Қазақстан күре жолына үлкен үмітпен қарайды. Бірақ, осы шешім жоқ жерде орындаушы мекеме қызметкерлерінің талқысына түсіп, ырың-жырың көбейіп кетті. Оны алдымен біреулер Ұлытау жаққа бұрып әкеткісі келді. Одан үлкен шу шығып, ол әрең басыла бергенде, жолдың бірегейлігін сақтамай-ақ, әртүрлі категорияға жатқызу арқылы бөлшектеп, жеңіл әдіспен орындау варианты тықпаланып жатыр деген хабар шықты. Онда жолдың Арқалық – Торғай бөлігі жоғарыда келтірілген кемшіліктері мен күре жолда ауыр жүк машиналары көп жүретініне қарамай, жаңартылмай, сол қалпында дайын жол деңгейінде есепке алынуы тиіс екен. Ал, Торғай мен Ырғыз арасына ешқандай жолдың жоқтығы ескерілмей, реконструкция деген шара белгіленіпті. Көпшілік даланың қара сүрлеуіне арналған бұл жұмыс қандай нәтиже беретінін түсінбей әлек болып жатыр.

Біздегі осы оқиғалар, мемлекеттігіміз бен басқару жүйеміз басқа болса да, Ресей патшасы Бірінші Николайдың Санкт-Петербург пен Мәскеудің арасына салынатын темір жолды ең қысқа бағытпен, тіпті Новгород қаласына бұрмай, тура жүргізуді бекітіп бергені, оны іске асырушылар патшаларының жарлығын бұлжытпай орындағанын еріксіз еске түсіреді.

Жолға байланысты көңіл аударатын тағы бір мәселе – оның бойында жылдамдықты реттеу құралдарын орналастыру ісі екен. Бұл жұмысты жүргізуде полиция ықпалы өте көп екені айдан анық. Мысалы, оларға 140 шақырымдық жол жағдайына 80, ал оның 100 шақырымдық бөлігіне 60 не 40 белгілерін орната салу, ол белгілердің күші қай жерде бітетінін көрсетуді ұмыта салу, «сергекті» көрінген жерге іле салу түк емес екен. Ал, бұл жұмыстардың заңды-заңсыздығын сырттан тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Жол бойы осыларды көріп, көп уақытымды қазіргі замандағы жылдамдықтың маңызын ойлауға кетірдім. Тіпті, ол туралы бір мақала жазу да керек шығар деген тұжырымға келдім.

Сонымен күні бойы жүріп, кештетіп, бірақ қараңғы түспей, Амангелді ауданының орталығына ат басын тіредік. Бұрын қызмет ретіне байланысты асығыс жүріп, Қызбелге жетпей тоқтамаушы едім. Бұл жолы олай істемедім. Ауылдың шетінен қарсы алған Нұрлыбек Бөгетбайұлы Әлмағамбетовтің үйіне барып, сонда қонып шықтық. Ол көргені көп, тәрбиелі отбасында өскен, сөзге шешен азамат екен, тік тұрып қызмет көрсетті. Қазіргі кезде аудандық мәслихат төрағасы болып істейтін көрінеді. Түнделетіп аудан әкімі Қанат Уәшұлы Кеделбаев та келіп, сәлемдесіп кетті.

Ертеңіне Нұрлыбекке, олай-бұлай талай асығыс жүріп, әкелі-балалы Сатыбалды – Файзолла ишандардың күмбездеріне соға алмағанымды айтып едім, ол сонда ертіп барып, дұға оқытып, тәу еттік. Файзолла ишанның Ахаңмен де, Жахаңмен де өте сыйлас болғанын, оларға арнап шығарған өлеңін оқыған да едім.

Одан кейін аудан орталығындағы Амангелді ескерткішіне тағзым етіп, мемориалдық мұражайға соғып, оның негізгі экспозицияларымен таныстық. Тап-тұйнақтай ғимаратта көп мәлімет жинақталған екен, көңіліміз толды. Әсіресе, музей басшысы Кәмшат Жарылғапқызы Абжанова С.Ш. Әлшоринмен бірге дайындаған «Тарихтың тауқыметті жылдары – 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған амангелділіктер» деген кітапшасын бергенде, қуанып кеттім. Өйткені, осы сапарыма дайындық кезінде қаншама кітаптарды сүзіп өтіп, өзім туып-өскен Қызбел ауылының тұрғындарынан алашшылар, халық жаулары ретінде азап көрген, атылып кеткен 21 адамның атын анықтаған болатынмын. Бұл кітапшадан бір ғана ауданнан 886 адам жазаға тартылғанын көріп, қайран қалдым. Сұмдық қаралы ақпарды шолып шығып, жағамды ұстадым. Бірақ, Жангелдин ауданы бойынша мұндай ізденіс болған-болмағанын сұрауға уақытым жетпеді.

Түске жақын қатарымыз едәуір өсіп қалды. Жезқазғаннан Берік, Астанадан Қайрат Сейдахметовтер келіп қосылды. Бұл екеуі Міржақыппен құрдас әрі мақсаттас Сейдәзім Кәдірбаевтың туған інісінен тараған жігіттер. Қостанайдан профессор Кәрбоз Жапарұлы келді.

Бәріміз Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев атындағы мектепке соғып, оның ескерткішінің қасында суретке түстік. Орнатылғанына 25 жылға жақындаған ескерткішті жаңғыртуға біраз көмек керек болып, оған үлкен ұлым екеуіміз де жәрдем беріп едік, әп-әдемі деңгейде дұрысталыпты.

Осы істің басы-қасында болған Руслан Таңатқанұлы ініме ризашылығымды білдіріп, жиналған туыстармен сонда тұратын қарындасымыз Ләззат пен күйеу жігіт Жанболаттың үйінен дәм ауыз тиіп, Әнуардың рухына құран бағыштадық.

Түс ауып, бесін мерзімі жақындаған кезде Қызбелді бетке алып, жолға шықтық. Оған жақындаған сайын ойым әр саққа жүгіріп, ауылда не өзгеріс бар екен деп, көруге асықтым. Өйткені, бұдан жарты жылдай бұрын жазушы Қайсар Әлім екеуіміз Міржақыптың 140 жылдығына байланысты облыс әкіміне жіберген ұсыныстарымыздың біразы жалпы дайындық барысында ескеріледі деген жылы жауап алған болатынбыз.

Ұсыныстарымыздың ең негізгісі Қызбел мен Бидайыққа баратын жолды жөндеу, реті келсе оларға асфальт төсеу еді. Бірақ, үлкен жолдан Тоқанайға келіп, Қызбелге бұрыла бергенімізде, алдымыздан бұрынғы көтерме жолымыз шыға келді. Оған қиыршық тастар төселіп, тегістеліпті.

Машиналар сирек те болса, кедергісіз ерсілі-қарсылы жүріп жатыр. Өйткені, біз барған кезде күн ашық болды. Бірақ, бұл жақта жауын жауған сайын көлік атаулы екі-үш күн қозғала алмай қалады. Бірін-бірі сүйретіп, трактор шақырып, жолды тілім-тілім қылады. Оны әр жаңбырдан кейін қайта қалпына келтіруге де едәуір күш пен уақыт кетеді.

Оның сыртында жазғытұрымғы тасқын жолды ылғи бірнеше жерінен шайып кетіп, қатынасты айлап тоқтатып тастайды. Өкінішке орай, оны жаңбыр сайын жөндеп, жыл сайын дұрыстап қыруар қаржы жұмсаудың орнына, бір рет түбегейлі жұмыс жүргізу әлде қайда тиімді екенін ешкім осы күнге дейін түсінгісі келмей отыр.

Жолда Амангелдіден шыққаннан тоқтамай жүріп, тек Қызбелге жақын жердегі Асқар күздігіне бір-ақ аялдадық. Онда екі киіз үй тігіліпті. Бұл Міржақып Дулатұлы туған, оның кіндік қаны тамған жер.

Дәл сол кезде тағы бір топ машина қасымызға келіп, тоқтай қалды. Ішіндегі кісілер Гүлнәр Міржақыпқызы апайымыздың Дина, Нұрлан, Жанна, Ерлан деген ұл-қыздары мен немере-шөберелері болып шықты. Оларды жақын туыстары Бақберген Өтеулин бастап келеді екен. Бәрін көптен білетін едім, шүйіркелесіп амандасып, қуанысып қалдық.

Сол жерден дәм татқан соң, бұл кісілер тура Бидайыққа жүріп кетті. Ал, біз Қоңыраулының шығыс жағындағы қалың қорымға, онда алыстан бір-бір уыс топырақтары әкелініп, шағын ескерткіштер орнатылған Сейдәзім Құлмухамбетұлы Кәдірбаев пен әкем Байзақ Бәзікенұлына, онда жерленген басқа туыстар мен ауылдастарға дұға оқыдық.

Одан кейін өзен жиегіндегі Хайдар Бәйекенұлы атамның үйіне соғып, шәй ішіп, құран оқып, көпірден өтіп, ауыл орталығына бардық. Онда көз қуантатын өзгерістер едәуір екен, ішім жылып қалды. Облыстық, аудандық, ауылдық әкімдіктер бірігіп, көп жұмыс атқарыпты. Мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, біраз оқуға қажет құралдар жаңартылыпты. Тротуарлар төселіп, көшелер бойы үйлер жағынан біркелкі шарбақтар тұрғызылыпты. Мәдениет үйі де еңселі күйге келіпті. Интернет үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қай жерлермен де байланыс қалыпты деңгейде жасалып жатыр.

Кейбір көшелерге асфальт төсеу басталыпты. Жұмыс уақыты аяқталғандықтан болар, қалтарысты жерлерде жол жасайтын құралдар тоқтатылыпты. Оларды көріп, тек осы шара өткен соң тарап кетпей, істі аяғына жеткізе алса жақсы болар еді деген ой мен күдік көңіліме жиі орала берді.

Кешке сондағы кафеге Берік пен Қайрат Сейдахметовтер аталарымыз Сейдәзім Кәдірбаевке арнап дайындатқан асқа бардық. Өйткені, бұл кісіге де биыл 140 жыл толды. Әрі ол Міржақыппен Ыбырай мектебінде бірге оқыған, мақсаттас, алаш қозғалысының ірі қайраткері болған адам.

Бұл асқа балаларымен Қайсар Әлім де келіп үлгерді. Ол жергілікті тұрғындар мен мектепке «Міржақып Дулатұлы» ғұмырнамасы мен Сейдәзім Кәдірбайұлы туралы «Атылуын күткен алты күн» романын сыйға тартты.

Оған қоса аталған азаматтар жергілікті мәдениет үйі мен мектепке едәуір ақшалай-заттай сыйлық табыстады. Марат пен Ерден де бәріміздің атымыздан мектепке Сейдәзім Кәдірбаев пен Мырзағазы Есболовтың портреттерін, мәдениет үйіне арнайы тіктірілген сахна шымылдықтары мен терезе перделерін сыйлады.

Сол күні Қызбелде қонып, ертеңіне Бидайыққа бардық. Мұнда Міржақып Дулатұлының 1992 жылы Карелиядан әкелінген сүйегі жерленген. Бұрын да бұл жерде талай болғанмын. Қызбел қыраты үстінде нәтижелі жұмыс істеп тұрған үш (Қызбел, Алтынсарин және Бидайық) кеңшарлардың бірі еді. Қазір үш-төрт-ақ үй қалыпты.

Биыл Міржақып өмірден өткеніне 90 жыл толды. Оның 57 жылы бөтен, қалғаны туған жерінде өтті. Бірақ елсіз, жолсыз айдалада жалғыз жатыр.

Барған бетте Міржақып күмбезінің жанына жиналып, Шоқан Әмірханұлы қажыға құран оқыттық. Ішіне кіріп тағы да тәу еттік. Оның қасындағы шағын музейді де аралап, көрдік.

Күмбез де, шағын мұражай да әп-әдемі жөндеуден өткізіліпті. Бұл істі түгел мойнына алған Міржақып Дулатұлының жақын туысы Бақберген Өтеулин екен. Оның алыстан келген жиендерінің қасында жүргенін жоғарыда жазғанмын.

Бидайыққа кіре беріс пен кесене бойына «Г» әріпі үлгісімен, жалпы ұзындығы бір шақырымдай, ал ені 7-8 метр асфальт төселіпті. Сол асфальттің кесенеге қарсы жағына 11 киіз үй тігіліпті. Оның екеуі біздің туыстардың атынан бірі Міржақыпқа, бірі Сейдәзім мен Мырзағазы Есболовқа арналып тігілген.

Сағат онға қарай Бидайыққа жиналған жұрт бір жерге шоғырланып, олардың алдында аудан әкімі Дінмұхамет Серікұлы Бидашев, Нұрлан Әбенұлы (Гүлнар апайдың баласы) Сатыбалдин, Қайсар Әлім төртеуіміз сөйледік. Дәл сол кезде бәріміздің Торғайдағы шаралардың ашылуына үлгермейтініміз хабарланып, сол жаққа аттана бастауымыз керек екені хабарланды. Оған жиналған халық аса қозғала қоймай, Астана мен Қостанайдан келетін басшыларды күтті.

Бұдан кейін нұсқау күшейе түсіп, айтылған хабар жиі қайталанды, тез Торғайға беттеуіміз талап етілді. Одан соң жан-жақтан келген жұрттың бәрі аудан орталығына қарай жол тартты. Сондықтан Астанадан келген ресми қонақтарды көріп, Бидайықтағы құттықтау сөздерін ести алмадық.

Біз сол бетімізбен Торғайға сағат он екі шамасында жеттік. Той төбеде қос қатарланып 70 киіз үй тігіліпті. Музыка ойнап, ән айтылып жатыр. Сәл әріректе жарау сәйгүліктерге мінген жігіттер ат ойнатып жүр. Халық көп. Араларынан облыс мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанұлын, облыс әкімінің орынбасары Арман Тарғынұлын, генерал-лейтенант Абай Тасболатов мырзаны, бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасеиновті, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановты, Павлодар мен Жезқазған университеттерінің ректорларын, Қостанай облысына белгілі кәсіпкер Абайды кездестіріп, бір киіз үйде түстеніп, дәмдес болдық.

Бұл мерейтойға Торғай өңірінің келелі мәселелерін жиі көтеріп, оларды шешу жолдарына көп күш салып жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бейсенғалиев және Қазыбек Иса мырзалар да келді деп естідік. Бірақ, ол кісілермен кездесудің реті келмеді.

Бидайықта Міржақып кесенесінің жанында.
Конференцияға қатысушылардың бір тобы.

Конференция басталатын уақыт таяп қалған соң, Болат Мәжитұлы екеуіміз аудан орталығындағы мәдениет үйіне бардық. Сол кезде тойтөбеге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов пен облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов келіп, көпшілік алдында сөз сөйлеп, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығымен құттықтапты. Бірақ, бұл кісілер ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатқан жерге соқпады.

Конференцияның жұмысы күндізгі екі жарым кезінде басталды. Оны Қостанай облысының әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетұлы ашып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Аманжолұлы Әбіл жүргізіп отырды. Өзімнің негізгі мақсаттарымның бірі осы жиында сөз сөйлеу болатын. Ол үшін алдын ала «Алаш тарихына қомақты үлес қосқан Торғайды түлету – мезгілі жеткен мәселе» деген мақала дайындап, «Қазақ» (02.09.2025, №35-36) және «Қостанай таңы» (10.09.2025, №97) газеттеріне жария еткен болатынмын. Онда Ахаң мен Жақаңның Алаш қозғалысындағы ерекше орнын, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ойдағы деңгейде өтпегенін, осы күнге дейін оларды қолдап, соңына ерген, талай жылдық тозақтан өткен, азаптан өлген жүздеген кісілер айтылмай, аталмай қалғанын тек Міржақып Дулатұлының өзі туған ауылы Қызбелдің тұрғындарының мысалында айта келіп, Торғай елінің бостандық жолындағы күреске қосқан үлкен үлесіне көңіл аударғанмын.

Алашшыларды ел есіне қайтаруға байланысты қазіргі үнсіздік жеке басшыларға қарата айтсақ – олардың кісілігіне зор сын, ал тұтас қоғамға қарата айтсақ – оған үлкен мін дегенбіз.

Оның сыртында мақаламызда соңғы кездердегі Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Торғайға байланысты айтқан жылы сөздері мен қабылдаған шешімдеріне үн қосу мақсатында Қазақстанның қақ ортасында орналасқан бұл өңірді шетқақпай қыла беруді тоқтатып, оны дамыта түсуді қолға алу керектігін және оның кейбір жолдары туралы біраз ойларымызды да келтірген едік. Бірақ, оның бәрін көпшілікке айтып, жеткізу мүмкін болмады. Өйткені, конференциямыз классик жазушымыз Төлен Әбдіктің әуелгі мәнді құттықтау сөзінен кейін қатардағы кітап тұсаукесеріне айналып жүре берді.

Негізгі баяндаманы Үкімет делегациясының құрамына кірген, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Мәмбет Қойгелдиев жасау керек болатын. Бұл кісіні Ұлттық ғылым академиясындағы қызметі кезінен танитынмын. Әрі Алаш мәселелерін көптен зерттеп жүрген ғалым ретінде білетін едім. Сондықтан өзім де, басқа жиналғандар да одан Міржақып туралы көп жаңа тұжырымдар естиміз деген үмітте едік. Бірақ, олай болмай шықты.

Ол сөз алғаннан бастап конференция тақырыбына жанаспайтын, басқа автормен бірге шығарған жаңа кітабын жарнамалап, бар уақытын соған кетірді. Міржақып Дулатұлы туралы жазғандарын төс қалтасынан шығарып, «мынада бәрі жазылған» деп, өз орнына отыра бергенде, бір жергілікті жауапты қызметкер келіп, Төлен Әбдікұлы екеуін жетектеп, басқа жаққа алып кетті. Өзім бұған алғашқыда аса көп мән бермей, көпшілікке қажет орынға барған шығар деген ойда болдым. Бірақ, олар қайта оралмады. Ал, оның себебін не жүргізуші, не өздері залдағы жұртқа айтуды қажет деп есептемеді.

Сонымен конференция бастала бере президиумдағы орындардың жартысы үңірейіп, бос қалды. Біз аң-таң болдық. Бұрын мұндай жиындардан кейбір менмен басшылар ғана өз сөздерінен кейін, жұмысбастылықтарын сылтау етіп, ерте кетіп қалып жататын. Бұл жолы Міржақыптың 140 жылдығына арналған ресми конференцияны бас баяндамашылардың өздері аяқасты қыла жаздады. Залдағы тыңдаушылардан олар үшін мен ұялдым. Өйткені, сөйлеушілердің басқаларды да тыңдай білуі көпшілікке белгілі қағида.

Осыдан кейін Міржақып Дулатұлының өмір тарихын көп зерттеген Марат Әбсеметов те айтар ойын бір сөйлеммен бітіріп, орнына отыра салды. Тіпті, конференцияны жүргізіп отырған ғалым, құттықтаушылардың қатарына ерте тіркеліп қойған маған да, сөзді әркіммен ымдасып, ақылдасып барып, зорға берді.

Иә, елге белгілі екі тұлға да Қостанайда Міржақып Дулатұлына қойылған ескерткішті ашуға қатынасып, Бидайықта оның күмбезіне тәу еткені анық. Бірақ бұл – көпке ортақ азаматтық, кісілік іс. Ал, олардың сол күнгі кәсіби негіздегі борышы – Алаш көсеміне арналған конференцияға бас-көз болып, оның жоғары деңгейде өтуі мен тиянақты аяқталуына ат салысу емес пе.

Арнайы келген соң басқа сылтаулармен одан бас тарту ретсіз іс. Осы тұрғыдан қарағанда бұл кісілер үйлеріне мақсаттарымызды толық орындап оралдық дей алмауға тиіс.

Бір жақсысы кейінгі сөз алған кісілер конференция жұмысын қалыпты арнаға түсірді. Жазушы Қайсар Әлім, Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Ердембекұлы Тлешов, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбира Иманбаева, жас алаштанушы Данияр Ихсан тың ойларын ортаға салды. Мысалы, олар ағартушылық миссиясы көбіне Шоқан мен Ыбырайға, Абайға тән екендігіне, ал Міржақып жөнінде сөз айтқанда оның еңбегінің ағартушылық жағын алға шығара беру дұрыс бағыт деуге келмейтініне, ол көрнекті ақын, жазушы, журналист, заманының жалпыұлттық жаңашыл дауылпазы, атақты Алаш көсемі, әрі көсемсөз шебері ретінде танылуы керек екендігіне баса көңіл аударды.

Бұл топ Дулатұлының мерейтойына үлкен жоралғы да жасады. Қайсар Әлім көпшілікке жоғарыда аталған екі кітабын таныстырды. Міржақып Дулатұлы туралы ғұмырнамасын баспадан шығаруға қаражат бөлген, әрі оны ағылшын және түрік тілдеріне аударуға жол ашып, жәрдем жасаған облыс әкімі Қ.І. Ақсақалов мырзаға ризашылығын білдірді.

Мен алашшылар ретінде азап көрген, атылып кеткен кісілер туралы ақпарларды жинап, қол жетімді «Азалы кітап» топтамаларын шығару, Астанада Ұлттық тарихи-танымдық Алаш орталығын ашу, Торғай өңірін дамытуға көңілді көбірек бөліп, оны дәстүрлі шаруашылық бағыттарын ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйенген этномәдениет үлгілерімен байланыстыра жүргізу мәселелерін көтердім.

Данияр Ихсан мен Елдос Тоқтарбай Міржақыптың бұрын шыққан алты томдық жинағына кірмей қалған өлеңдері мен мақалаларын тауып, оларды «Қазақ тарихы» атты жинақ етіп шығарғандарын, осы себепті оның көптомдығын қайта бастыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жария етті.

Сәбира Иманбаева сөзін бірқатар ұсыныстармен аяқтады. Ол, мысалы, Арқалықта салынып жатқан аэропортқа Міржақып Дулатұлының атын беру туралы, Алаш тарихы бойынша көп ғылыми ақпар қалдырған Гүлнар Міжақыпқызын есте сақтауға байланысты шешімдер де қабылдау керек екенін айтты. 

Өзім жоғарыда айтылған ел жаққа жасаған үш сапарымның да өмірден өткен жайсаңдарымыз бен жақындарыма арналғанын есіме алып, осы Міржақып Дулатұлына арнаған жолымның сәтті болғанына, екі газетте мақала жариялап, көпшілік алдында екі рет сөйлегеніме, асықпай жүріп туған жерде мәңгі орын тапқан аруақтарға тәу еткеніме іштей қуанып, үйіме көтеріңкі көңілмен оралдым. Сондықтан да, бұл жолжазбама символдығы мен нақтылығы бірдей ат таңдап алып, адами борышын орындағысы келген кісіге жол қиындықтары кедергі бола алмайтынына көптің көңілін аудардым.

Сәбит Байзақов, ҚР ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here