Жарық жұлдыз: Шоқан Уәлихановтың туған жеріне қатысты деректер

0
2434

Шоқанды орысың да, қазағың да аққан жұлдыз деп жазыпты. Сәбит Мұқановтың ол туралы романы да «Аққан жұлдыз» деп аталады. Ғалымның құрметіне ұйымдастырылатын көрмелер мен экспозициялардың атауын «Аққан жұлдыз» немесе «Промелькнувший метеор» деп жазғанын күнде көзіміз көріп жүр. Менің ойымша, Шоқан аққан жұлдыз емес, қазақтың көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз.

Шоқанның: «Есть круговая жертва-айналмақ, жертва три раза обходит существо, для которого люди (это) делают. Так, схватывают птицу, окружают три раза вокруг головы и отпускают. Она берет все мое несчастье и болезни на себя. Для выражения любви они говорят айналайын-обойду вокруг», – деген жолдарын оқығаннан кейін барып Олжас ақын да «Айналайын» өлеңінде:

«Кружись, айналайын, Земля моя!
Как никто, я сегодня тебя понимаю,
Все болезни твои на себя принимаю», – деп азаматтық асқақ үнін шығарған болатын.

Қазақстанның оқу комиссары болған С. Сәдуақасов «О значении вуза для Казахстана» деген баяндамасында Ыбырай мен Шоқан туралы деректерді мысалға келтіреді:  

«Бізде Алтынсариннен білімі де, атағы да бір кем емес тағы бір қазақ болған, ол – Шоқан Уәлиханов. Шоқан орыстың Шығыстағы отарлау саясатын жүргізуге шын көңілімен араласты. Уәлиханов патша өкіметінің әскери-соғыс министрлігі үшін мәлімет жинау мақсатымен жасырынып Қашғарияға барып қайтқан. Ол Түркістанды бағындырған атақты генерал Черняевтің отрядында әскери (түпнұсқада – офицер. – А.Ш.) болып қызмет істеген. Осы Уәлихановтың өмірі қалай бітті дейсіздер ғой – оның өмірі де Алтынсарин өміріне өте ұқсас. Өмірден қайтар алдында Уәлиханов өзінің орыс достарының бәрінен бас тартты. Орыс армиясының сырбаз офицері болған Уәлиханов әскери киімін тастап, қазақтың кең қолтық шекпенін (біздің ойымызша, шекпен емес, шапан, аудармадан жаңсақтық кеткен болуы керек. – А.Ш.), саптама етігін киіп, алыстағы қазақ ауылында дүниеден өтті.

Сібір ғалымдарының басшысы Ядринцев «Шоқан Уәлихановтың қайғылы өлімі еуропалықтар үшін ызбарлы ескерту болуға тиіс» деп жазды Шоқанға арналған некрологта. Ол «орыс адамдары бұл жерде қатты ойлану керек» деп жазды.

Меніңше, қазақ халқының ұлттық санасының ояну дәуірінің басында мәдениетті Еуропамен байланыста болған қазақтардың қалай жұмыс істегені жайында осы екі мысалдың өзі-ақ жеткілікті болар» (Смағұл Сәдуақасұлы. Үш томдық шығармалар жинағы. 3-ші том. Астана, 2013 жыл, 332-335 беттер). Бұл баяндаманың орыс тіліндегі нұсқасы да осы кітапта жарық көрген (277-278 беттер).

Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрында туды деген дерек Шоқанның қызметі жөніндегі Ресей мұрағатындағы формулярлық тізім арқылы тілге тиек болғаны белгілі. Академик Әлкей Марғұлан Шоқан туралы очеркінде: «1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, содан былай ол Құсмұрын округі аталды», – деп жазады.

Шыңғыс Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып 1834 жылдың 30 тамызында сайланған. Яғни, Күнтимеске ол осыдан кейін барып қыстау салдырған. «Осы жерде тағы да архив документтері көмекке келер еді, – деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы, – 1891 жылы Омбыда округтік штаб баспаханасынан есаул Путинцевтің кұрастыруымен «Сібір қазақ әскерлері тарихынан алынған хронологиялық тізбе» деп аталатын шағын кітапша жарық көрді. Онда 1789 жылдан 1839 жылға дейінгі бір ғасыр бойы өткен елеулі оқиғалар жайында қысқаша деректер мен түсініктемелер берілген. Қазақ даласына, жеке тұлғаларға қатысты қыруар кұнды мәліметтерді жинақтаған сол құжаттың 1834 жылға арналған бөлігінен көптен ойда жүрген дүдәмалдың жауабы да табылып еді. Сонда «Аманқарағай сыртқы округі Құсмұрын дуаны болып қайта құрылды», – деп тайға таңба басқандай анық көрсетіпті.

Шоқан өз қолымен сызған картасында Күнтимес қыстауын дәл көрсетіп, оның бетіне араб әрпімен: «Біздің үй» деген белгі соққан. Ғалымның «Елдің жайлағанда қонған жерлері» (1852 жыл) деп атаған картасында осы маңайдағы Қараоба және басқа елді мекендер де анық көрсетілген.

«Күнтимес, күндік жерден көрінесің,
Балқытып тұла бойды жібересің», – деген жолдарды Шыңғыс Қараобада Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып сайланғанда Уақтың Ықылас атты биі айтыпты деген сөз бар.

Ал кейінірек Шыңғыс аға сұлтандықтан түсіп, Сырымбетке көшерінде Зейнеп ханым:

«Керей-Уақтай ел қайда,
Күнтиместей жер қайда?!» – деп жылаған екен.

Қадыр Мырза Әлі де Күнтиместе болғанда Шоқанның осы жерде туғанына көзі жеткені туралы жазып кеткен.

Шоқанның әуелгі есімі Мұхамед-Қанапия екенін білеміз. Оған бұл есім атақты Сегіз сері (Мұхамед-Қанапия) Шақшақұлының кұрметіне берілгенін философия ғылымының кандидаты, ғалым Төлеш Сүлейменов «Өнер» баспасынан 1991 жылы жарық көрген «Сегіз сері» тарихи-ғүмырнамалық хикаятында нанымды баяндаған: «Сегіз сері Тобыл өзенінің төңірегіндегі (дұрысы: Обаған бойындағы) Керей елінің шеткі ауылдарына ноябрь айының бас кезінде жетіп, мейман болады. Сегіз сол жерде жолдастарының көпшілігін қалдырып, өзі аз ғана адаммен Қаршығалы деген орманды мекен етіп отырған Өсіп Өзденбайұлының ауылына келіп конады. Күнтимес деген қоныстағы Аманқарағай дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханұлының үйіне келіп түседі. Шыңғыс пен Сегіз жақсы дос болатын. Сегіз ол арқылы Омбыдағы генерал-губернатордың не істемекші болып жүргенін біліп қайтуды көздеген. Сегіз Шыңғыстың үйінде мейман болып жатқанда, оның келіншегі Зейнеп тұңғыш баласына толғатып, ұл тапқан еді. Әйелінің қиналмай аман-есен босанғанына, оның үстіне алғашқы нәрестенің ұл болғанына қатты қуанған Шыңғыс елін жинап, шілдехана жасағанда жас сәбиін оның атымен Мұхамедқанапия деп атаған. Сері келгенде баласының тууын ырымдаған Шыңғыс: «Ұлым өскенде осы Сегіздей жігіттің гүлі болар ма екен?» – деп ойлап, Мұхамедқанапия деген есімді қазақ халқының болашақ ғалымына қойған екен».

Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында Шоқан туралы жазған зерттеуінде: «1822 жылы М.Сперанскийдің (1722-1839) «Сібір қазақтарын басқару» деп аталатын Ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жабылып, қазақтары Құсмұрын (алғашқы аты Аманқарағай), Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға (округ) бөлініп кетеді. Бұл дуандардың басында аға сұлтан деген атпен қазақ тұрады да, орыс әкімшілігінен оған жәрдемші беріледі. Әдетте мұндай жәрдемшілер майор шеніндегі офицерлерден берілетін болған. Олар дуан орталығын төңіректеп салынған қамалдарда әскер бөлімшесін басқарған, аға сұлтандар істі жәрдемшілерінің еркімен атқаратын болған. Дуан ішіндегі ел ру тәртібімен болыстарға бөлініп, оларды кіші сұлтандар, яғни, болыстар басқарған», – деп жазады.

Сәбең Күнтимес аталатын қалың ағаштың ығында Шыңғыстың қыстау салғанын, оны кетерде Өзденбайдың Өсібі деген байға сыйлап кеткенін айтады. Өсіп болыстың қабірі қазіргі Күнтиместе. Сарыкөл өңіріндегі (Сарыкөл ауданындағы) бір кездері «Краснодон» жылқы зауытының бөлімшесі болып есептелінген ауыл жанындағы бейітте. Қабір басында Шыңғыс сұлтан Көкшетаудан арнайы алдырып, Өсіптің басына қойдырған құлпытас әлі тұр.

Марат Сәбитұлы Мұқанов академик Әлкей Марғұланның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Этнический состав и расселения казахов Среднего жуза» («Ғылым» баспасы, 1974 жыл, 81-ші бет) атты кітабында тарихи деректерге сүйене отырып, Құсмұрын округі қырқыншы жылдардың аяқ кезінде құрылғанын жазады.

Осы кітапта керейлер мен уақ ауылдарының Обаған бойын мекен қылғаны да айтылған. Абылай ханның сүйікті ақыны Тәтіқара осы өңірде туып-өскен. Барақ батыр, Асаубай шешен, Шоқай би, Шәнкі шешен, Әлібек батыр, Мырзахмет қожа секілді біртуар тұлғалар осы арада туған. Аманқарағай дуанының орталығы Қараоба да Сарыкөлден алыс емес. Қара казан көтерілген, сары қымыз сапырылған, әруақ қонып, нар шөккен қасиетті, құтты мекен.

Дана Шоқанның өмір жолын білгендей бала Шоқанның өткен жолдарын көз алдымызға әкеле аламыз ба? Бүгінде тарихымызға ешбір қатысы жоқ орыс тіліндегі атаулармен алмастырылған Тойсай, Тайсойған секілді аттардың өзі (бұл ауылдар Ұзынкөл ауданы аумағында орналасқан) әрбір әрпіне дейін көздің қарашығындай сақтайтын көзі тірі тарихымыз емес пе?! Ақын Мағжан жырына арқау болған, батыр Баян ат суарған («Арқада бір өзенді дер Обаған, сол жерді батыр Баян қоңыс қылған»), Тәтіқара жырау жыр толғаған Сарыкөл атауы да өзінің заңды тарихи орнын алып, тәуелсіз еліміздің картасына алтын әріптермен жазылды.

«Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде жарық көрген Ирина Стрелкованың кітабында «Первенец султана Чингиса и Зейнеп родился в ноябре 1835 года, точно день не известен, в крепости Кушмурун» деген сөйлемін де оның көз майын тауысып тапқан немесе нақты құжаттан алған дерек деп пайымдауға болмайды.

«История Казахстана в русских источниках ХVІ -ХХ веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 143 стр) кітабындағы 24-ші санмен көрсетілген құжаттарға жүгінсек, онда: «Чингис Валиханов, султан, 29 лет. Умен и скромен. Достаточен. Уваковской волости, рода и отделения янсаринского. Старшим султаном Аман-Карагайского окружного приказа – с 1834 г., августа 30-го дня, состоит оным и доныне. Был награжден чином майора в 1838 г. Под судом не был, предан. Летние кочевки при реках Ишим и Акан-Бурлук, от 70 до 80 верст на юго-восток, зимние – на урочищах Куньтимес, Куян, в 40 верстах на восток от приказа», – деп көрсетілген. Осы деректен кездескен Күнтимес қонысы қыстау болса, Шоқан қараша айында жайлауда тууы мүмкін емес қой.

И.Стрелкова Құсмұрынды да, Күнтиместі де көрген емес, тіпті Қостанай жеріне келген емес. Ал аталған кітабында Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Г.Потанин, Н.Ядринцев секілді ғалымдар еңбегін пайдаланып, соларға сілтеме жасаған. Стрелкова тарихшы да, зерттеуші де емес, өзіне дейінгі мәліметтерді пайдаланып, сұрыптаудан өткізіп, көркем шығарма жазушы. Осы жағдайды ешуақыт естен шығармаған лазым.

Осыған орай кезінде өз басым осы мәселенің анық-қанығын ашып беру үшін Алматыға хат жолдап, тиісті жауабын да алғанмын.

Енді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев, осы институттың қызметкерлері, Шоқанға байланысты зерттеу еңбектерінің авторы, тарих ғылымының кандидаты Е.Уәлиханов пен С.Өтениязовтың қолдары қойылған хаттың мазмұнын түгелдей келтірейік: «Қазақ халқының ұлы ғалымы Ш.Ш.Уәлихановты Құсмұрында туған деп жазғандар оның алғашқы биографтары Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцевтер болатын. Бұл дерек (1895 ж.) Ә.Марғұланға дейін өзгеріссіз айтылып келеді. Өзіңіз білесіз, біздің ғасырымызда ең ірі Шоқантанушы Әлекең қазақ ғалымының өмірі мен ғылыми мұрасының көп қыр-сырларын ашты. Сондай-ақ Әлекең ұлы ғалымның туған жері мен туған жылы туралы бұрын айтылған деректерді өзгерткен еді.

Соның ішінде ғалым Шоқанды Күнтиместе туды деп атап көрсеткен-ді. Шындығында да, архив құжаттарына қарағанда Аманқарағай округі 1834 ж. 30-тамызда ашылды, оның аға сұлтаны болып 1835 жылдың күзінде Шыңғыс Уәлиев сайланды (ЦГАРК қор -338, жазба 1, іс.31. 746), яғни Ш.Уәлиханов дүниеге келген кезде жаңадан ашылған Аманқарағай округінің орталығы Күнтиместе болатын-ды. Құсмұрын бекінісі ол кезде жоқ еді. Сонда Шоқан Күнтиместе тумай қайда тууы керек?

Құсмұрынға көшу мәселесі 1840 жылы басталды, ондағы мектеп салынған жылдары – 1842-1843 ж.ж. (ЦГАРК, қор-374, жазба.1, іс 1083).

1844 жылы Құсмұрын бекінісіне Аманқарағай округі көшірілген себепті округтің аты да «Құсмұрын округі» болып өзгерді (Г.Н.Путинцев құрастырған «История Сибирского казачьего войска» атты (Омск, 1891) кітабын қараңыз). Міне, сондықтан да 1844 жылға дейінгі барлық құжаттарға Аманқарағай округі болып жазылса, содан кейінгі жылдарда Құсмұрын округі болып жазылады.

Күнтимес те, Құсмұрын да – Шоқанның балалық шағы өткен жер. Құсмұрында Шыңғыс мектеп ашып, өз балаларымен қоса қазақтың талай баласына жан-жақты білім берді. Айтылған елді мекендер Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Бірінде қазақтың ұлы ғалымы дүниеге келсе, екіншісінде балалық шағы өтті. Сондықтан дау туғызатындай ештеңе жоқ. Шоқан мұрасы жыл өткен сайын халқымыздың игілігіне қызмет ететін болады».

Өсер елдің перзенті болған Шоқан жиырмадан енді ғана асқанда Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Орыстың атақты ғалымдары оны мойындады. Омбының кадет корпусын бітірген, бір-екі жылдай ғана Петербург университетінің тарих-филология факультетінде дәріс тыңдаған, қалған білімін өз ынтасымен, өз бетімен жетілдірген ғалымның кез келген академиктен артық біліміне таңдай қақпасқа шара жоқ. Ыстықкөл өңірінің фаунасы мен флорасын зерттегенде ғалым керемет коллекция жинап, өз қолымен жүрген жерлерін картаға түсірсе, Қазақстан мен Орта Азияның географиясы мен этнографиясына қосқан үлесі де қомақты.

Ал туған елінің ауыр жағдайын көзбен көргеннен кейін Шоқан өз жерлестеріне қалайда жақсылық жасағысы келіп, Атбасар округі бойынша аға сұлтандыққа таласып, сайлауға түседі. Бірақ, білімді азаматты бұл жолы білектілер жығады, Шоқан қайтадан Омбыға кетіп қалады.

Шоқанның өмірінің соңғы жылдары Черняев экспедициясында өткені мәлім. Әулиеатаны қанға бөктіріп, қанқұйлы саясат жүргізген қаныпезер генералмен, әрине, демократ-ғалым әрі гуманист жазушы қатар жүре алмас еді. Міне, сондықтан да Шоқанның Тезек төренің ауылына келуі орыстың сол тұстағы озбыр саясатын мақұлдамауы және жат жұртқа білім қуып кеткен ұлдың туған даласына, өз ошағына оралуы деп те түсінгеніміз абзал.

Ауылдастары атақты Абылай ханнын шөбересі деп құрметтеген, әріптестері орыс армиясының офицері деп марапаттаған Шоқан есімі қазақ елінің тарихына халқымыздың кемеңгер перзенті, ұлы ғалымы есебінде алтын әріптермен жазылды. Сегіз қырлы, бір сырлы дегенді Шоқанға байланысты айтатын болсақ, сексен қырлы жігіттің арқалаған ауыр жүгін тұтас институттар мен академиялардың өзі қабырғасы қайысып көтерер еді. Шоқанның бір өзі қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының энциклопедиясы. Этнограф, топограф, географ, суретші, жазушы, зерттеуші, көсемсөзші Шоқан қамшы сабындай қысқа ғұмырының ішінде қазақтың киіз үйінен бастап моласына дейінгі тұрмысын суретке салып бейнелеп, көркем сөзбен шолу жасап, қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресін де, қазақ даласындағы билік жүйесін де, Азия қалаларының біразының сипаттамасын да, Ислам дініне көзқарасын да жазып үлгерген. Қазақтың ежелгі қарулары қандай болған? Музыка аспаптары қандай? Олардың алғашқы орындаушылары кімдер болған? Даладағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қандай? Осылардың бәріне ғалым еңбектерінен жауап табуға болады. Тілді халықтың басты ерекшелігі деп есептеген ғалым қазақ халқының ертегі-аңыздары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, дастандары, мақал-мәтелдеріне таңдай қағады.

«Өгіздің мойыны жаман, орыстың ойыны жаман» деген мақалды естігенде, оған: «Пословица «У вола шея плоха, а с русским шутка плоха» явно говорит, что она родилась у кайсака, когда мы приобрели влияние в степи», – деген түсініктеме береді.

Шоқан қазақ халқының тұңғыш кәсіби ғалымы ғана емес, тұңғыш кәсіби суретшісі, қазақ әдебиетінде алғаш рет эпистолярлық жанрды қалыптастырған, көптеген тамаша хаттар мен күнделіктер, жолжазбаларын аманатқа қалдырған көсемсөз шебері.

Халық қол өнерінің мұрасын жинаушы есебінде де Шоқан мен оның әкесі Шыңғыс сұлтан қандай қошеметке де лайықты. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы ғалым еңбегі бір төбе. Шоқан салған суреттер, Шоқан жинаған құжаттар, халықтық бұйымдар кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұра.

Шоқанның әрбір сөзін ой елегінен өткізіп, астын сызып, оқуымыз қажет. Мәселен, айтыс ақындары туралы ол: «Кайсацкий импровизатор не соединяет в себе наших понятий о поэте. Он, несмотря на свое дарование, не смотрит на него как на достоинство, которым возвышается превыше самих султанов, напротив, смотрит как ремесло, данное ему для добывания подарков», – дейді. Ұлы Абайдың: «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, мақтау өлең айтыпты әркімге арнап, әр елден өлеңменен қайыр тілеп, кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» – дегені де ғалым ойымен сабақтас. Естігенде кол соғып, айтыс бітіп, той тарқағаннан кейін құлағында бір ауыз сөзі де қалмайтын айтыс ақындарын қазір де көріп жүрміз.

Әуелі қазақ халқын, содан кейін Сібірді, Ресейді, барлық адамзатты сүйген Шоқан шын мәнісінде әлемдік дәрежеге көтерілді. Шоқанның тұстастары оны қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы деп атады.

Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында: «Шоқан шын мағынасындағы академик, оның білімі-энциклопедиялық білім», – деп жазды.

Шоқанды қазақ халқы төбесіне қалай көтерсе, «Манастың» тұңғыш зерттеушісі есебінде қырғыз халқы алғысын айтты, ол қытай мен ұйғыр, моңғол тілдерінің зерттеушісі есебінде де тіл ғылымының көкжиегін кеңейтті, ал орыс тілінде жазылған зерттеу шығармалары қатарын молайтып, бұл бағытта мүлде жаңа арна салды. Даладан шыққан, көшпенділер тілін ұққан, оларды барлық жан-тәнімен жақсы көрген, сонымен бірге надандығына күйінген ғалым туған халқы үшін түн түнегін түріп тастап, найзағайдай жарқ еткен жасын ғұмыр кешті.

Әулиекөлдегі Ханжатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының болашақ ұлы перзентінің денесін шілде суымен жуған жері. Осындай тамаша адамды өмірге әкелген Күнтимес жері қасиетті топырақ, киелі мекен екенін ешуақытта жадымыздан шығармауымыз керек.

Бірақ, «Ер Төстігім бір төбе, тоғыз ұлым бір төбе» деп анасы айтқандай Күнтиместің орны бөлек. Ендеше, бұл ауыл ел ағылып келіп көретін, тұрмысы жайнаған, еңбегі қайнаған мекен болуы керек. Сол үшін жергілікті әкімқаралар барлық жағдайды жасап, шаруашылығын өркендетіп, жұмыс орындарын ашып, жан-жақты көңіл бөлінуі қажет.

Көш басшысы ғылымның болғаныңды білем мен,
Мол егінін білімнің орғаныңды білем мен,
Ғасырларға үңілген томдарыңды көрем де,
Тарихымды бүгінмен жалғарыңды білем мен.
Қастерлеген тұмардай арманыңды білем мен,
Шырқау көкте қырандай самғарыңды білем мен.
Орда бұзар отызда жарық жұлдыз секілді,
Қараңғыны қақ тіліп жаңғаныңды білем мен.
Жаным сенің нұрыңа мәңгі-бақи бөленсін,
Ғұмыр бойы жырласам, сарқылмайтын өлеңсің.
Алатауы бар елдің тауларындай биіксің,
Қарт Каспийі бар елдің теңізіндей тереңсің.
Жүрегіңде бабамның тұнып жатқан мұңысың,
Ақ ниетті адамның ақтарылған сырысың.
Мұхиты жоқ, тауы жоқ Қостанайдың шыңысың,
Арманы көп, әні көп бар қазақтың ұлысың.

Ақылбек ШАЯХМЕТ,
ақын, публицист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here