Құпияға толы тағдыр: Шоқан Уәлиханов өмірінің кейбір деректері

0
3655
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Қазақта «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды» деген тәмсіл бар. Бұл сөз адам баласының өсу жолдарын: өмірге келу миссиясы мен уақытты пайдалану мүмкіндігін сипаттап тұрғандай. Ел тарихында бар-жоғы отыз жыл өмір сүріп, орданы да бұзған, қамалды да алған жандар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов. Биыл тұлғаның туғанына – 190 жыл, ал мезгілсіз өмірден өткеніне – 160 жыл. Екі мүшел ғана ғұмыр кешкен қайраткер қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты баға жетпес тың деректерді хатқа түсіріп кетті. Бір басына жетіп артылатын энциклопедиялық білімінің арқасында ғалым шығыстану, фольклор, әдебиет және тарих ғылымдарына өлшеусіз үлес қосты. Оның бірегей тарихи, әдеби мұрасы тек қазақтар туралы ғана емес, бауырлас басқа халықтар туралы мәліметтерді де қамтиды. Осынау ғажап жанның ғылыми мұрасы қаншалықты нақты болғанымен, жеке өмірі соншалықты құпияға толы. Бүгінгі мақаламызда даңқты тұлға Шоқан әулетінің тағдыр жолына үңілеміз.

ШОҚАННЫҢ АРТЫНДА ІЗІН ЖАЛҒАР ҰРПАҚ ҚАЛДЫ МА?

Ғылымға қалтқысыз қызмет еткен текті тұлғаның артында ізін жалғар ұрпақ қалды ма? Бұл сұрақ – көпшіліктің көкейіндегі ең өзекті сұрақтардың бірі. Жақында Exclusive.kz сайтында Шоқанның жеке өміріне қатысты танылмаған ұрпақ туралы мақала жарияланды. Онда автор М. Сүгірбаева ғалымның жеке өмірі жайында тың мәліметтерді ортаға салады. Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы айларын қазіргі Жетісу өңіріндегі Алтынемелде – сол кездегі Көшентоған алқабында өткізген. Сол жерде Шоқан Тезек төренің немере қарындасы Айсараға үйленеді. Қазақ ғалымы қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай этнограф А.К. Гейнс Уәлихановтың жесірін кездестіреді. Бұл туралы ол былай дейді: «Жесір әйел мұңға батқан, бірақ сынбаған, жыламады. Оның жүзі өте мейірімді».

Шоқан мен Айсараның бақыты ұзаққа созылмады. Соңғы сәттерін сезген Шоқан әкесі Шыңғыс Уәлиұлына – Көкшетау округінің аға сұлтанына хат жазғанын академик Әлкей Марғұлан келтіреді. Хатында ол ауруының өзін қалай титықтатқанын, тері мен сүйектерді құрғатып, өмірінің жібін үзуге жақын қалдырғанын суреттейді. Ол Айсараны қараусыз қалдырмай, Уәлихановтар әулетінің кіндік қаны тамған жеріне қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы ауыл – Сырымбетке апаруын сұрайды.

Шоқанның әлі ресми танылмаған шөбересі Дулат Мәліковтің осы жағдайға қатысты өз пікірі бар. Оның айтуынша, бұл оқиға Айсараның күйеуінің туыстарына жүкті кезінде келгенін білдіреді. Әмеңгерлік неке қию салты бойынша жесір әйел қайтыс болған күйеуінің жақын туыстарына ғана қайта тұрмысқа шығуға міндетті болған. Ондағы мақсат – марқұмның отбасындағы тегін және ұрпақтарын сақтап қалу, сондай-ақ жесір әйелі мен балаларына материалдық һәм әлеуметтік қолдау көрсету. Егер бұлай болмаса, оның туыстары марқұм күйеуінің ауылына сапарға шығуға рұқсат бермес еді. Айсара Сырымбетке келіп, Шоқанның інісі Жақыпқа тұрмысқа шыққан. Ол Мәлік атты ұлды, одан кейін Рабиға және Мәриям атты қыздарды дүниеге әкелген. Бұл үшеуі де Жақып шежіресінде берілген.

1895 жылы археолог және шығыстанушы, академик Александр Веселовскийдің өтініші бойынша Сырымбетке Шоқанның курстасы – Омбыдағы Сібір кадет корпусында бірге оқыған Григорий Потанин келеді. Шоқан Уәлиханов шығармаларының бірінші басылымына жазған алғы сөзінде оны «шығыстанудың жарқыраған жұлдызы», «керемет құбылыс» деп атап, ғалымның мезгілсіз қайтыс болуы «әлемді түркі халықтары туралы ұлы жаңалықтардан айырды» деп өкінішін білдіреді. Потанин досының өмірінің соңғы айлары туралы мәлімет жинауы керек болды. Өйткені, әйелінің ағасы ауылында – Алтынемелде жүргізген Шоқанның күнделік жазбалары жоғалып кетеді. Тарихшылар оның бір жыл бойы ондағы қызметі туралы достары мен туыстарына жазған хаттарының үзінділерінен ғана біледі. Потанин Сырымбетте Айсарамен кездесуді ұйғарады, бірақ өзінің күнделіктерінде қандай да бір себептермен бұл кездесуді жарияламайды. Әйтсе де, ол келген кезге дейін Шыңғыс Уәлиханов Айсараны Жақыптан ажырастырғанын, оған Шоқанның сүйікті әжесі Айғаным үйінің жанынан жеке үй салынғанын атап өтеді. Шоқанның шығармашылық өміріне қызыққанымен, көпшілік оның жесірі туралы еске ала бермейді.

Уәлихановтар отбасын зерттеуге арналған тарихи еңбектерде бұндай дерек жазылмағанымен, бірақ замандастары Жақып әйелі Айсараға дөрекі қарым-қатынас жасағанын еске алады. Дулат Мәліков бұндай әрекетті марқұм ағасының қызғанышының бір айғағы шығар деп есептейді. Себебі, Шоқан өз заманының көрнекті зиялыларының бірі болса, Жақып жай ғана сауатсыз, менмен болған деседі. 1865-1866 жылдары қазақ даласында шаруашылық жүргізу ерекшеліктерін және қазақтардың әдеттегі құқығын зерттеген этнограф, Императорлық армияның генерал-лейтенанты Александр Гейнс Жақып туралы осындай естеліктерді өзінің «Қырғыз очерктерінде» қалдырады. Онда тағы мынадай жолдар да бар: «Сібір әкімшілігі Шоқанды олардың араласуынсыз Петербургте патшаға таныстырып, оған жақсылық жасағанына ренжіп қалды. Бірқатар қорлаулар мен қулықтар басталып, ақыры Шоқанның осы жылы өліміне әкелді».

Дулат Мәліков былай дейді: «Егер Мәлік шынымен Жақыптың ұлы болса, Шыңғыс ұлы мен келінін ажырастыру сияқты түбегейлі қадамға бармас еді. Григорий Потаниннің Сырымбетке барған соң жазған жазбаларында Шоқанның әкесіне жазған соңғы хатын көрсеткені, бірақ белгілі бір себептермен оның орыс тіліне аударылғаны айтылады. Менің ойымша, онда кейбір деректер жасырылған, атап айтқанда – Мәліктің Шоқанның ұлы болғаны. Олар мұны жасырды, өйткені 1868 жылы қызметтен кеткеннен кейін Шыңғыс Уәлиханов үшін жақсы уақыт болған жоқ».

«ШОҚАННЫҢ ТІКЕЛЕЙ ҰРПАҒЫ ЕКЕНІМІЗДІ НҰРКЕШ АТАМНАН ЕСТІГЕНМІН»

Дулат Мәліковтің айтуынша, оның арғы атасы Мәліктен жеті бала – ұлы Қабдош және алты қыз дүниеге келген. Олардың үшеуі 1920-30 жылдардағы ашаршылықтан аман қалмаған, ал тірі қалғандардың ұрпақтары Астана, Көкшетау, Павлодар және Петропавл қалаларында тұрады.

Шоқанның шөбересі былай деп еске алады: «1941 жылы шілдеде Қабдош майданға аттанғанда әкем Серғали небәрі алты айлық болса, үлкен ағасы Ербатыр үш жаста еді. 1942 жылдың басында атамнан суреті қоса берілген хат келді. Бұл оның соңғы хабары еді – ол сол жылы күз басында Сталинградта қайтыс болды. Мәлік атамның Жақыптан туған қарындастарын жоғарыда айтып өттім. Мәриям 1920-1930 жылдары хабарсыз кеткен. Рабиғадан Нұрмұхаммед – Нұркеш дүниеге келді (коллаждағы Шоқан Уәлихановтың қасында тұрған сол кісінің суреті, – ред.). 1940 жылы әскерге шақырылған кезде, ол анасын немере ағасы Кабдоштың, менің атамның отбасында қалдырды. Нұркеш майданға Қиыр Шығыстан аттанып, сол жерде қызмет етті. 1944 жылы ол демобилизацияланып, Сырымбетке оралды және әмеңгерлік дәстүрін ұстана отырып, Сталинград маңында қаза тапқан Кабдоштың ұлдары Ербатыр мен Серғали жетім болып өспеуі үшін менің туған әжеме үйленді. Шоқанның тікелей ұрпағы екенімізді Нұркеш атамнан (1990 жылдары әкем Серғалидың қолында қайтыс болған) бір емес, бірнеше рет естігенмін. Одан бөлек, Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановтың тұсында қызмет еткен адамдардың айғақтары бар. Сырымбеттегі Айғаным атындағы тарихи-этнографиялық мүлік мұражайының негізін қалаушылардың бірі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлпан Хайруллина олармен сұхбаттасып, менің арғы атам Мәлік Шоқанның баласы екенін айтты. Ол кезде ұялы телефондар да, бейнекамералар да болмағандықтан, осы маңызды айғақтарды Шыңғыс Уәлиханов кезінде аталары, тіпті әкелері қызмет еткен – Шоқанның, Мәліктің көзін көрген адамдардың қолтаңбаларымен растап, жазып алған».

Патша тұсында да, әсіресе Кеңес өкіметі тұсында да Шыңғыс әулеті үшін өз билігін жариялау қауіпті болды. 1822 және 1824 жылдары хан билігін жоюға және Ресей империясының мүддесі үшін Қазақстанда аумақтық басқару жүйесін енгізуге бағытталған Сібір, содан кейін Орынбор қырғыздары (қазақтар) туралы жарғылар енгізілген кезде, төрелер (Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын ұрпақ, – ред.) бірінші болып соққыға ұшырады. Бұл туралы Дулат Мәліков былай дейді: «Мүмкін, Шыңғыс Уәлиханов қорғану мақсатында императорлық әскерге қызметке барған шығар. Ол Шоқан қайтыс болғаннан кейін Көкшетау болысының аға-сұлтаны қызметінен бас тартқанда, билігімен бірге ықпалынан да айырылды. Кеңестер билігі орнай бастағанда, халық хандар мен сұлтандарға қызмет еткен қазақ руы төлеңгіттерді шыңғызидтардың құлы болған деп айта бастады. Бірақ, шын мәнінде, олардың дәрежесі жоғары шенеунік деңгейінде болды. Ханның немесе сұлтанның қасындағы қызметке дипломатиялық келіссөздер жүргізу қабілеті бар сауатты, іскер адамдар қабылданды. Қызметке кірген кезде олар ақпаратты жария етпеуге ант берді. Ал қуғын-сүргін жылдарында менің Шыңғыс аталарым өздерінің тегін өзгертуге және шығу тегін жасыруға мәжбүр болды. Егер осындай қиын саяси жағдай болмаса, онда мен Мәліков емес, Уәлихановтың фамилиясын алып жүрер едім».

Шоқан Уәлиханов Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ғана ресми түрде көрнекті этнограф деп таныла бастады. Бірақ, мұндай мүмкіндік пайда болған кезде, ертерек жетім қалған Кабдоштың балалары Ербатыр мен Серғали Шоқанмен тікелей туыстығын дәлелдей алмады.

Дулат Мәліковтің айтуынша, кейбір туыстары бұл нұсқаны әдейі қолдап, жалған ақпарат бере бастаған.

«Шежіреде Мәлік – Жақыптың ұлы ретінде жазылған. Мұндай жағдайлар өте көп. Қазан айында Көкшетауда Шоқанның 190 жылдығына арналған халықаралық форум өтеді. Басында мені сол жерге шақырды, содан кейін ұйымдастырушылар онымен туыстық қатынастың тікелей фактілері жоқ екенін айтты. Шыңғыс, Шоқан, Жақып, Айсараны есте сақтаған адамдардың қолжазба куәліктері аз болып шықты. Бірақ, егер Қабдош Мәліков сол соғыстан тірідей оралса, онда туыстары Шоқанның тікелей ұрпақтары жоқ деп айтуға батылы бармас еді», – дейді ол.

Оның айтуынша, өзімен бірге Жақыптың Рабиға мен Мәриямнан тараған екі ұрпағы Астанаға ДНҚ сараптамасына шақырылған. «Егер ол үшеуінің ортақ арғы атасы болса, сәйкестік пайызы максималды болар еді. Бірақ олар келмеді», – деген Дулат Мәліков өзінің кез келген уақытта қан тапсыруға дайын екенін, тек бәрі объективті әрі әділ болғанын қалайды.

Тарих ғылымдарының докторы, шоқантанушы Жарас Ермекбайдың айтуынша, патша және кеңес заманында төрелер өздерінің шығу тегін жарнамаламай, әдепкі қалпы бойынша өмір сүрген. Ғалым Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпақтары қалды деген нұсқамен келіседі. Десе де, ДНҚ-ны талдауға байланысты, Шоқанның шөбересі Дулат Мәліковке оны өткізудің қажеті жоқ деп санайды. Өйткені, оның Шыңғыс әулетінен екені күмән тудырмайтынын айтады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде Алтынемел жотасының етегіндегі Тезек сұлтанның ауылында қайтыс болды. Ол өзінің өмірінде ерекше рөл атқарған екі империя – Ресей мен Цин империяларының шекарасында, 30 жасқа толар қарсаңында дүние салды. Оның өлімі қауесеттерге толы, көптеген сұрақ туғызды. Бұл жас әрі жігерлі адам (ауыр науқас болса да) қайтыс болған кезде әрқашан орын алатын құбылыс. Әсіресе, замандастарының есінде қалған Шоқан Уәлиханов сияқты сырлы тұлға туралы сөз болғанда аңыз бен ақиқат бірге жүрері орынды. Айсараның тұңғыш баласы Шоқаннан деген аңыз жиі айтылады. Әйтсе де, бұл аңыз нақты дәлелмен расталмаған.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here