Әлқисса. 1925 жылдың қақаған қысында, 8 желтоқсанда кешегі еркін заманда Қоқан шаһарында билік жүргізген мың әулетінен ақырып теңдік сұраған Сұраншы, Саурық батырлардың қанды көйлек сардарларының бірі болған Пұсырман әулетінің кенжесі Батырбектің шаңырағында бабалар мұрасын арқалар перзент дүние қақпасын ашады. Тағдырдың тауқыметіне шараң барма, Мүштай әкесі Батырбектің қазасының қырқында дүниеге келіпті. Бұл кезең қазақ даласына бұрын-соңды болмаған зұлматты зобалаң жылдарды тарих сахнасына шығарған тұс болатын.
Әкеден жетім қалып, жоқшылық пен ажалдың шеңгелінен аман қалған қаршадай Мүштайдың санасында халықтың осынау қасіреті өшпестей хатталып қалғаны даусыз. Сол бір азалы зұлмат жылдар Мүштай Батырбекұлының балалық шақтан қасірет пен жоқшылықтың қарыған табымен өріліп азаматтық болмысына негіз болды.
Мүштай Батырбекұлы өз естелігінде: «Көргеніңді көсіліп айта алмайтын, қасіретің мен қайғыңды үнсіз көңілге түйетін жылдар еді…» – деп, еске алатын… Жетім қалған балалар, өлі ананың жанында жылап отырған нәрестелер, аштықтан есі ауған адамдар… Мұндай көріністерді кішкентай Мүштайдың да көзі шалғаны анық. Өйткені, ол Алматы қаласында туғанымен, ел ішіндегі қасіретті көрмей қалуы мүмкін емес.
Бұл тек жеке тағдыр емес, ұлт тағдыры еді. Бала санасына өшпес із қалдырған сол зұлмат жылдар болашақта оның мінезінде төзімділік, сабыр және қайсарлықтың ұрығын септі. Аштық пен жоқшылықты басынан өткерген ұрпақ үшін өмірдің әр сәті – күрес, әр табыс – жеңіс болатын. Мүштайдың да кейінгі қызметінде елге қызмет етуді парыз санауының бір түп-тамыры осында жатса керек.
Мүштайдың балалық шағы осындай қасіретті көрумен, үнсіз куәгер болумен өтті. Оның ауылдасы, көршісі, туысы – бәрі де босқындықтың зардабын тартты. Көшкен жұрттың соңында қалған қаңыраған үйлер, қаңырап қалған қыстақтар, бос қалған мектептер бала жүрегінде ауыр із қалдырды. Мүштай осындай зұлмат пен зорлықты көріп өсті. Сол себепті оның бойында әділетсіздікке төзбеушілік, қайсарлық, ұлты үшін күресуге деген іштей дайындық ерте қалыптасты.
1930-40 жылдар қазақ даласына тек аштық емес, қуғын-сүргіннің де қара бұлтын әкелді. Мыңдаған зиялы қауым өкілдері, оқымыстылар, елдің бас көтерер азаматтары «халық жауы» атанып, атылды, түрмеге жабылды, айдалды. Жазықсыз жапа шеккендердің ішінде Алаш арыстары да, жаңа қалыптасып келе жатқан жас зиялылар да бар еді.
«Жұт жеті ағайынды» дейді халқымыз. 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы жасөспірім Мүштайдың жігіт болып қалыптасқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Елдегі әр отбасы майданға азамат болып жетіле бастаған ұлдары мен отбасы отағасыларын да жіберді, әр үй қаралы хабар алды. Алматы көшелерінде әскери киім киген сарбаздардың қоштасып, майданға аттануы, қара жамылған аналардың көз жасы – бәрі жас жүрекке қатты әсер етті.
Майданға аттанған Мүштай Батырбекұлы Ташкент маңындағы Шыршық қаласында әскери училищеде дайындықтан өтіп тікелей соғыс жүріп жатқан Беларусь жеріне жіберілді. Әскери барлау тобында жүріп қанды майданның барлық сұмдықтары мен қасіретін көзбен көріп, баспен кешкен Мүштай Батырбекұлы соғысты сонау чех елінің астанасы Прага түбінде аяқтады. Қайсар мінез, от жүректі қазақ сарбазы соғыс майданында талай көзсіз ерліктер жасап, мелекеттік орден-медальдармен марапатталды. Осы арада айта кететін бір жәйіт, Мүштай Батырбекұлы қанды соғыс жылдары мен соғыс аяқталған соң үш рет әскери жоғары оқу орындарына жіберілді, тіпті Кремльдің күзет батольонына алынды. Бірақ, елге деген махаббаты мен халқыма қызмет етсем деген арманы үстем болды. Әртүрлі себеп-салдарлармен әлгі оқу орындары жабылып қалып, басқа оқу орындары мен басқа мекенге орын алмасулары себеп болып Мүштай Батырбекұлы 1950 жылы әскерден босап елге оралды.
Соғыс жылдары оның жүрегіне сабыр, шыдам, төзім сіңірді. Бұл кезең оның рухын шыңдаған ең үлкен мектеп болды. Ашаршылық – балалық шағын, соғыс – жастық шағын шыңдады. Осы екі зұлматтан аман өткен ұрпақ қана кейін елдің өркендеуіне үлес қоса алды. Мүштай Батырбекұлы да сол «ең ауыр сынақтан өткен» буынның өкілі болды.
Армия қатарынан босап, елге оралғаннан кейін өзінің еңбек жолын Қазақтың тау-кен және металлургия (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) институтында бастады. Еңбекшілерге арналған кешкі мектепке тіркеліп сабақ ала бастады. Табиғатынан алғыр, соғыста шыңдалған, әскери училищелердің базалық білім циклдерін тамамдаған Мүштай Батырбекұлы кешкі мектеп бағдарламасын тез игеріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетіне сырттай оқуға түседі. Студенттің білімге құштарлығы мен талантын байқаған университет басшылығы Мүштай Батырбекұлын университетке ғылыми хатшы қызметіне жұмысқа қабылдайды. Жұмысы жемісті болған Мүштай Батырбекұлы саяси экономия кафедрасының кабинет меңгерушісі, аға оқытушы, СОКП тарихы кафедрасының доценті қызметтерін атқарады.
1962 жылы Мүштай Батырбекұлын алғаш рет ашылған жалпытехникалық факультеттің деканы қызметіне тағайындайды. 1963 жылы Мүштай Батырбекұлы кешкі-сырттай оқу бөлімінің проректоры қызметіне көтеріледі. Осы кезден бастап Мүштай Батырбекұлының ұлтқа қызмет етсем деген бала күнгі арманы шынайы жарыққа шығып, жүзеге аса бастады. Алматыдағы жоғары оқу орындарында техникалық және инженерлік ғылымды өркендетуге қызығып, елдің индустриясын дамытуға үлес қосуды мақсат етті. Ғылымды халыққа қызмет ету құралы ретінде қабылдайды.
ХХ ғасырдың 50 жылдары республикада техникалық өндіріс орындары қарқынды дами бастаған кезең. Осынау үрдіске қазақ жастарын мейлінше көптеп тарту Мүштай Батырбекұлының басты арманы болды. Ол қай жұмыста істемесін, қандай қызмет атқармасын бар мүмкіндігін осынау арманды жүзеге асыруға бағыттады. Осы кезеңде Мүштай Батырбекұлы Қазақ политехникалық институтының партия ұйымына төрағалық етті. ҚазПТИ республикадағы бірден-бір техникалық оқу орны болатын.
Бұл кезеңде Қазақстан алып өндіріс ошақтары қарқынды даму көшін бастаған жойқын күрес майданына айналған тұс болатын. Өндіріс орындарының қарқынды дамуы кәсіпорындарда білікті мамандардың жетіспеушілігін қалыптастырды. Білікті мамандарсыз кәсіпорындар кең қанат жая алмайтындығы белгілі болды, мамандар тапшылығын шешу қажеттілігі кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Міне, осынау күрделі мәселені дер кезінде көтеріп, оны шешудің тиімді жолдарын ұсыну Мүштай Батырбекұлын осынау білім майданының көреген көшбасшысына, теңдессіз тарланына айналдырған жеңісті де жемісті жылдарының бастауы болды.
Бір айта кететін жағдай, осы жылдары Қазақ политехникалық институтының ректоры қызметінде қазақтың ұлтжанды біртуар азаматы, ғұлама ғалым, биік парасат иесі академик Өмірхан Айтмағамбетұлы Байқоңыров болатын. Тағдыр Мүштай Батырбекұлына осынау жанды ұлағатты ұстаз етіп ұсынғандай еді. Өмірхан Айтмағамбетұлының ағалық һәм ұстаздық қамқорлығының арқасында Мүштай Батырбекұлы техникалық ғылымның қыр-сырын, әкімшілік-басқару ісін терең меңгеріп алды. Мүштай Батырбекұлы өзінің естелігінде: «Мендегі бар азды-көпті жұрт игілігіне жаратар қасиеттер болса атам Медеуден, содан соң сүйікті ұстазым Өмекеңнен жұққан болар» – деп, еске алуы тектен-тек болмаса керек.
Мүштай Батырбекұлы Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыровпен ұзақ жылдар қызметтес болды. Байқоңыров инженерлік-техникалық ғылымның өркендеуіне бағыт беріп, ақыл-кеңесін аяған емес. Әуелі ректор кезінде, сонан соң Қазақстан ғылым академиясының академик-хатшысы, кен ісі институтының жетекшісі, қазақ политехникалық институтының кафедра меңгерушісі ретінде қашанда ұлағатты ұстаз, сенімді серік, тәжірибелі кеңесші ретінде қасынан табыла білді.
Осы арада кішірек шегініс жасап, Мүштай Батырбекұлының естелігінде еске алған Медеу атасы туралы бірер сөзді тілге тиек етсек. Медеу сөз басында айтылған Сұраншы батырдың үзеңгілес сардарларының бірі Пұсырманның ортаншы ұлы. Кәсіпкерлігімен елге танылған Алаш ардақтыларының бірі. Кіші Алматы аңғарындағы бүгінгі «Медеу» мұз айдыны мен «Медеу» қонақ үйі оның үйінің орнына салынған. Ол белгілі архитектор А.П. Зенковпен жақсы қарым-қатынаста болды. А.П. Зенков Медеудің қала ортасында салынған (қазір Масанчи және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында) ағаш үйінің жобасын сызып береді. 1900-1907 жылдары діни ағарту саласында жұмыс жасаған. 1906 жылы Медеу Меккеге қажылыққа барған. Қаланы көгалдандыруға белсене атсалысып, түрлі қайырымдылық істерге қатысқан. Медеудің ұлы Ахмет Медеуұлы Мүштайға әке орнына әке болып, оған әкелік қамқорлығын жасаған жан. Медеу туралы әулеттің қаншама тағылымы мол, тәрбиелік ғибраттары Мүштай Батырбекұлының тұлғалық қалыптасуына кең ықпал еткен.
«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дейді дана халқымыз. Өмір жолы қаншалықты қиын болса да, тағдыр Мүштай Батырбекұлын соншалықты кемеңгер жандармен кездестіріп, біріне бала, біріне сарбаз, енді біріне іні-шәкірт етіп қолдап, қуаттап келген екен.
Жоғарыда атап өтілгендей, өткен ғасырдың 60 жылдары Қазақстан өндіріс орындарының алып құрылыс майданына айналған еді. Республика күн демей, түн демей өзінің бар әлеуетін осынау саланы дамытуға күш салып, тынбай еңбек майданын бастан өткеріп жатты.
Мүштай Батырбекұлы 1963 жылы Қазақ политехникалық институтында кешкі және сыртай оқу жүйесінің тұңғыш проректоры болып тағайындалды. Бұл тағайындалу тектен тек емес еді. Бұған дейін айтылғандай, Қазақстанның кен байлығын өндіретін өнеркәсіп орталықтарында мамандар тапшылығы, даму қарқынына кәдімгідей тұсау болып тұрғаны айқындалған. Мүштай Батырбекұлының ұсынысымен 1959 жылы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының базасында Рудный қаласында Қазақ политтехникалық институтының филиалы ашылып жақсы нәтиже көрсете бастаған. Бұл үрдісті жалғастыруды экономиканың қарқынды дамуы күн тәртібіне қойып, талап ете бастаған болатын.
Мүштай Батырбекұлы политехникалық институттың келесі филалын Таулы Алтайдағы Риддер қаласында ашуды ұсынды. Бұл ұсыныс осынау өлкеде кен өндірісін дамытуға ерен еңбек сіңірген Д.А. Қонаевтың қолдауына үміттеніп жасалғанын біреу білсе, біреу білмес.
Риддер қаласы түрлі-түсті металдардың кен орындарымен, су және орман, құрылыс материалдарын өндіру қорларымен қамтамасыз етілген. Түрлі-түсті металдар кен орындарының ішінде алтын араласқан қорғасын-мырыш кендері, күміс, кадмий, сүрме, күшәлә, қалайы, темір, күкірт және басқа элементтер басым өлкеде орналасқан. Құрылыс материалдарының ішінде кірпіш шикізаттары, түйіршек-құмқоспалары және құмдар мол. Жер бедері таулы болғандықтан шаруашылық мақсатында кеңінен пайдалануға қиындық келтіреді, кәсіпорындарда білікті мамандардың мұқтаждығы айрықша сезілетін. Мұнда қорғасын, күміс, алтын өндіретін және түгелімен қол еңбегіне негізделген бірнеше ұсақ кеніштер мен қуаты шамалы балқыту зауыты жұмыс істеген. Кеңес үкіметі және Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары жаңа техникамен жабдықталған қуатты кеніштер мен байыту және балқыту зауыттары салынды. Риддер Қазақстандағы түсті металлургияның ірі орталықтарының бірі болды. Қалада қорғасын, мырыш және сирек металдар өндіретін кеніштер (Сокольный, Быструшин, Андреев, Тишинский), екі байыту комбинаты, балқыту зауыты жұмыс істеді. Соғыс жылдарында мұндағы кендерден дұшпанға атылған оқтардың 80 пайызы шығарылды деген дерек те бар. Міне, осында инженерлер дайындайтын политехникалық институт филиалын ашу замана талабы болатын.
1964 жылы Қаратауда қазақ политехникалық институтының филиалын ашу туралы шешім қабылданды. 1963 жылы кен байыту фабрикасы іске қосылды. ХХ ғасырдың 60-90 жылдары, КСРО және республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған Қаратау қаласының гүлденген шағы да осы уақыттармен байланысты болды. Осынау кен байыту фабрикасы жанынан ҚазПТИ филиалын ашу осынау мақсатқа айтарлықтай үлес қосты дейміз.
Осыған іле-шала, келесі филиалды 1965 жылы Өскемен қаласында ашу мәселесі көтерілді. Осы жылы Өскеменде титан-магний комбинаты толық пайдалануға ұсынылған болатын. Инженер мамандарға сұраныстың күн тәртібіне бірінші кезеке шыққаны даусыз еді. Өскемен қаласында инженер-технолог мамандары түсті металлургия саласына маманданған ірі өнеркәсіп орындарында – Үлбі металлургия зауытында және Өскемен титан-магний комбинатында үлкен сұранысқа ие болды. Бұл кәсіпорындар титан, магний, мырыш, қорғасын, мыс, сондай-ақ уран мен бериллий материалдарын өндірумен айналысады. Сондай-ақ, инженер-технологтар машина жасау саласындағы, тау-кен жабдықтарын және халық тұтынатын тауарларды шығаратын кәсіпорындарда, сондай-ақ өндірістік үдерістерді жобалау мен оңтайландырумен байланысты басқа да салаларда жұмыс істей алатын.
1962 жылы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде батыста мұнай-газдың мол қоры барлығы анықталғаны белгілі. Сол кезде Хрущёв бұл аумақты Түрікменстан мен Әзербайжанға бергісі келді, өйткені олар мұндай кен орындарын игеру тәжірибесіне ие еді. Алайда академик Шахмардан Есенов Мәскеудегі отырыста Маңғышлақты Қазақстан құрамында қалдыруды қорғап шықты. Ол республика бұл өңірді өз күшімен игере алатынын нанымды түрде дәлелдеді.
Мүштай Батырбекұлы Шахмардан Есенов командасының белді мүшелерінің бірі болды. Маңғыстау мен Атырау облыстары – Қазақстандағы ең бай табиғи ресурстар шоғырланған өңірлердің бірі. Екеуі де Каспий маңы ойпатында орналасқандықтан, жер қойнауы мұнай мен газға, сондай-ақ басқа да пайдалы қазбаларға өте бай. Айталық, Маңғыстауда мұнай мен газ Жетібай, Өзен, Қаражанбас, Қаламқас, Теңіз, Дунга, Қарақия сияқты кен орындарында өндіріледі. Уран – Маңғыстау уран өндіретін маңызды аймақтардың бірі (Қызылқұм, Солтүстік Қаратау маңы). Фосфорит – Батыс Қаратау және Тасшұқыр өңірлерінде бар. Ас тұзы (галит) – Қарабұғаз маңы мен Каспий маңы ойпатында мол қоры бар. Бор және әктастар – Құрылыс материалдары ретінде көп мөлшерде өндіріледі. Бентонит және каолин саздары мұнай-химия және құрылыс саласында қолданылады. Атырау облысын айтатын болсақ: Мұнай мен газ-ең ірі кен орындары: Теңіз, Қашаған, Қайраң, Қаламқас-Теңіз, Қарашығанақ (шекаралас). Күкірт-мұнай өңдеу және газ айыру барысында алынады (Теңіз және Қашаған кен орындарында өте көп). Тұз және гипс – Индер көлінде және айналасындағы тұзды алаңдарда бар. Бор және әктас – Индер мен Махамбет аудандарында кездеседі. Фосфорит және цементтік шикізат-құрылыс материалдары ретінде қолданылады.
Мұның бәрін өндіретін кәсіпорындарға білікті мамандар, соның ішінде қазақ мамандар даярлау мәселесімен Мүштай Батырбекұлы айналысты.
1976 жылы Ақтау қаласында, 1977 жылы Атырау қаласында Қазақ политехникалық институтының филиалдары мен жалпытехникалық факультеттер ашылып, өнеркәсіп орындарына қажетті инженер мамандарды даярлай бастады. Мүштай Батырбекұлы аталған оқу орындарының әр қадамын, өсіп-өркендеуін ұдайы қадағалап отырды. Осы жолда ол өзінің бар білімін, таным-тағылымы мен еңбек тәжірибесін аямай сарп етті.
1978 жылы инженерлік-техникалық білімді дамытудағы бай тәжірибесін мойындаған партия басшылығы Мүштай Батырбекұлының республика жоғары және арнаулы білім министрлігінің жоғары оқу орындары басқармасының бастығы қызметіне тағайындады. Жоғары білім басқармасын табаны күректей 7 жыл басқарған Мүштай Батырбекұлының ерен еңбегі, кәсіби біліктігі, жаңашыл-бастамашылдығы бүгінде аңызға бергісіз естеліктер ретінде зиялы қауым өкілдері арасында кең тараған. Бір кездері Мүштай Батырбекұлы Қазақ политехникалық институтының филиалы ретінде ашқан оқу орындары кейіннен өз алдына жеке институттар болып қайта құрылды. Олар қатарында Ақтау, Атырау, Өскемендегі филиалдар бүгінде еліміздің іргелі жоғары оқу орындарына айналған. Министрліктегі қызметінен соң алтын ұясы бүгінгі Сәтбаев университетіне проректорлыққа қызметке қайта оралып, проректорлық қызметін жалғастырады, осылайша қазақ техникалық білімін өркендетуге жұмсаған 60 жылдық еңбек жолының 50 жылын осыну оқу орнының өсіп-өркендеуіне арнады. Әсіресе, осынау жылдардың ең жемісті де жеңіске толы 22 жылын проректор ретінде техникалық білімнің қазақ болмысына сіңіп кетуін қамтамасыз етуге қызмет етті. Мүштай Батырбекұлының тікелей басшылық жасауының арқасында жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп орындарының арасында тікелей байланыс орнап, нығая түсті, осынау жылдар барысында 20 мыңнан астам инженерлік-техникалық мамандар өсіп жетілді.
Мүштай Батырбекұлының өмір жолын айтқанда ерекше мән беріп айтатын бір өзекті мәселе, ағаның ғұмыр бойы техникалық білімге адами-болмыстық сипат беруге деген талпынысы.
Мүштай философиялық, қоғамтану және тарих саласында білім беру жүйесін жетілдіруге атсалысты. 1961 жылы Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуын көрген Мүштай ғарышқа жеткен адамзат арманының рухани әсерін бүкіл болмыс бітімімен сезінді. Сол уақытта Қазақстанда Семей полигонының сынақтары халыққа ауыр зардап әкелді. Ғалымдар үшін бұл – халыққа адал қызмет ету мен ғылыми жетістік арасындағы күрестің көрінісі еді. Мүштай ғалымдықты тек техникаға ғана емес, халықтың амандығына қызмет ету деп санады. Ғарышқа ұшу мен полигон тәжірибесі оның азаматтық болмысын айқындады. Ол ғылым мен техниканы халқына қызмет етуге бағыттады. Проректорлық кезеңде жастарды білімге тартты, елдің рухани дамуына үлес қосты.
Техникалық білімді дамытудан алдын гуманитарлық білім алғанын сөз басында айтып өткенбіз. Қазақ политехникалық институтында қызмет ете жүріп қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі Ахмет Ержановтың жетекшілігімен тарих ғылымының кандидаты дәрежесін қорғаған еді. Өмір бойы осынау гуманитарлық білімге деген құштарлығын техникалық білімнің өзекті мәселелерімен терең ұштастыра өрбіткен көрнекті ғалым да бола білді.
Сондай-ақ, Мүштай Батырбекұлы Өскемен жол-құрылыс, Павлодар индустриалды, Алматы көркем сурет, Семей технология институтттарының да алғашқы кірпішін қалаған адам. Елінің ертегіге бергісіз жарқын болашағын армандаған ғалым, білікті басшы, талантты ұйымдастырушы, кәсіби қызметкер ретінде Мүштай Батырбекұлы жоғары білім жүйесінде қырық жылдан астам үздіксіз еңбек ете жүріп, жеті жоғары оқу орнының, тоғыз ЖОО филиалының шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, керегесін кеңге жаюына қолдан келген мүмкіндігінің бәрін сарп етті. Мүштай Батырбекұлы жоғарғы білікті мамандарды дайындау ісіне сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақстан жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қызметкері», «КСРО жоғарғы мектебінің үздігі» құрмет белгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» атағымен, Ы.Алтынсарин және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Қазақстан Республикасы жоғарғы мектебі Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі болды.
Мүштай Батырбекұлының теңіздей терең, сайын даладай шетсіз де шексіз ғұмырнамасындағы атқарған еңбектерін тізіп шыққанның өзі бірнеше кітапқа жүк болары даусыз. Біз осынау шағын естелігімізде толқыған теңіздің жағаға шығарған көбігіндей көңілде жүрген кей естеліктерді ғана еске сала алдық. Қартайып қайраты қайтқан тұста да Мүштай Батырбекұлы техникалық білім мен гуманитарлық білімнің біте қайнасып бір арнаға тоғысатындығын, олардың адам деген ұлы азаматты қалыптастыруда бірінсіз бірінің дамымайтындығын дәлелдеумен еңбектеніп өтті. Мүштай Батырбекұлының ғалым ретінде тарих және қолданбалы әлеуметтану саласына қосқан үлесі де өзінің қомақтылығымен санаға таңданыс нұрын төгеді. Ол соңғы жылдары он жыл бойы университет жанынан құрылған өндірістік-социологиялық лабораторияға ғылыми жетекшілік етті. 18 монографияның 150-ден астам ғылыми мақаланың авторы болды. Ғалымның әсіресе Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары жазған 9 кітабының жарыққа шығуы, ондағы көтерілген мәселелер әлі күнге өзінің актуалдылығын жоймағандығы еріксіз таңдандырады.
Тарих табалдырығынан аттаған үшінші мыңжылдықта адамзат баласын не күтіп тұр, оның адамгершілік болмысы, рухани өрісі, ғылымы мен білімі қандай болмақ деген сұрақтар Мүштай Батырбекұлының талғамы бөлек танымына талай толғаныстарды тудырғанын осынау еңбектерден көреміз. Шығармашылық жылдарында әйгілі тарихшы Ахмет Ержанов пен қемеңгер философ Досмұхаммед Кішібековпен достық қарым-қатынасы, философ-ғалым Ұлықпан Сыдықовты дос һәм шәкірт тұтуы Мүштай Батырбекұлының өмірге философиялық терең толғаныспен қарауына кәдімгідей ықпал етті деп айта аламыз. Бұл мәселе әсіресе тәуелсіздікті бекемдеуге, әлемдік қауымдастықта өз орнын тауып орнығуға ұмтылған, осыған орай батыл түрде әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани реформаларды қолға алған Қазақстан үшін аса маңызды екенін жүрегімен сезінді. Осынау күрделі құбылыстарды нәтижелі түрде игеру, ілгері басу, түптеп келгенде, бүгінгі ұрпаққа, олардың біліміне, кәсіптік дайындығының деңгейіне, отан сүйгіштігіне тікелей байланысты екендігін толғана жазды. Сондықтан Республика басшылығы білім саласының, әсіресе жоғары білім беру ісінің сапалы жоғары сатыға көтеріліп, әлемдік талап-деңгей тұрғысынан көрінуіне бас назар аудару қажеттілігін ескертуден бір танбады. Сол себепті де, Қазақстан жоғары мектебінің қалыптасу жолын, жеткен жетістігін, бүгінгі ахуалын, болашақ бағдарын зерттеу, саралау, дәйекті түйіндер жасау ғылым үшін де, практика үшін де аса үлкен маңызға ие екендігін дәлелдеп өтті. Осы орайда Мүштай Батырбекұлының 1998 жылы «Қазақстан жоғары мектебіндегі тұлғалар» атты тарихи энциклопедиялық еңбегі айрықша құрметке лайық еңбек екенін айтып өткіміз келеді. Бұл еңбек негізінен Қазақстандағы жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуын, инженерлік білімнің іргетасының қалануы мен өркендеуін талдауға арналды.
Елімізде қалыптасқан игі дәстүрлерді, баға жетпес тәжірибені таныстыруға, жоғары мектептің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ұстаздардың өмір жолын насихаттауға бағытталған бұл кітап көпшілік оқырман тарапынан зор ілтипатпен қабылданды.
Елінің ардақты перзенті Мүштай Батырбекұлының еңбектері қашанда жоғары бағаланып келеді. Оның «Рауан» баспасынан жарық көрген «Қазақстанның жоғары мектебіндегі тұлғалар» («Высшая школа Казахстана в лицах». Книга вторая. Издательство «Рауан», Алматы, 2000, 51 баспа табақ) атты еңбегінің екінші кітабының орны ерекше.
Автор бұл еңбегінің алғы сөзінде кітаптың мақсатын айқындай отырып былай деп жазады:
«Онда бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық, еліміздің ғылымы мен мәдениетіне, денсаулық сақтау мен білім беру ісіне ерен еңбектері сіңген айтулы тұлғалар туралы материалдар топтастырылған. Бұл кісілердің өмір жолы мен еңбектерін бүгінгі тарих игілігіне айналған өнеге мектебі десе де болады».
Шынында да, осы тарихи-энциклопедиялық еңбекте қамтылған ғылым мен білім беру саласының көрнекті қайраткерлері өз заманының шынайы еңбек майталмандары еді. Сол тұлғалардың қажыр-қайраты мен ізденістерінің арқасында бүгінгі жоғары мектеп ұстаздарының ғылыми және педагогикалық өрісі кеңейіп, жаңа биіктерге көтеріліп келеді.
Жоғары білім беру саласында уақыт талабына сай атқарылып жатқан тың бастамаларды ескере отырып, автор бұл еңбектің жалғасы ретінде үшінші кітабын – «Высшая школа Казахстана в лицах». Книга третья (Алматы, 2001, 45, 5 баспа табақ) – 2001 жылы жарыққа шығарды. Бұл еңбек Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналды.
Мүштай Батырбекұлы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігімен ел жадында қалған қаһарман. Майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай-ақ Кеңес Одағының отызға жуық медалімен және алты мәрте айрықша белгімен марапатталған.
Ерлік пен еңбек – Мүштай Батырбекұлының өмірінің қос қанаты еді. Оның өмір жолы – ашаршылық пен қуғын-сүргін куәсі, соғыстың шыңдауы, жер аударылған халықтармен танысу, ғылыми ортада қалыптасу, ел ағалары ғұлама-ғалымдарымен бірлескен еңбек, студенттік мәдениет пен шығармашылықты қолдау, ғарыш дәуірі мен полигон зардабын болмыс бітімімен сезіну – бәрі де біртұтас сабақтастық. Мүштай Батырбекұлының бейнесі – елдік мұратқа адал қызмет етуге шақыратын тұлға, ғылым мен азаматтық борыштың үйлескен үлгісі.
Мүштай Батырбекұлы жаны жайсаң, мінезі байсалды, жүрегі кең, кішіпейіл азамат болатын. Сондықтан да, оны университет ұжымы, әсіресе ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан көне көз ұстаздар мен қызметкерлер ерекше құрмет тұтты.
Мүштай Батырбекұлы өзінің «Өмір. Жылдар. Кездесулер» деп аталатын естелік кітабында өзінің өмір жолы, замандастары мен әріптестері жайлы сыр шертеді. Бұл еңбекте ол өткен жылдардағы жоғары мектептің қалыптасу кезеңдерін, ғылым мен білім саласындағы күрделі де жауапты міндеттерді, сондай-ақ сол дәуірдің ұлағатты тұлғаларының еңбегін үлкен ілтипатпен баяндай келе университет қабырғасында ұзақ жылдар бірге қоян-қолтық еңбек етіп, әріптес сыйлас әрі өзіне інідей болған осы жолдардың авторларының бірі Ұлықпан Есілханұлы туралы: «Осындай адаммен қызметтес болып, бірге жұмыс істеген тағдырыма ризамын» деп жүрек жарды сезімін және әріптес інісіне құрметін білдіреді.
Біз де ұстазымыз, ұстаздық жолында рухани дем берушіміз болған Мүштай Батырбекұлымен бірге болған қызметтік тағдырымызға ризамыз.
Мүштай Батырбекұлының адамгершілік қасиеттері, парасатты болмысы – ғибрат аларлық үлкен мектептің үлгісі болды. Ол әрдайым өзімен қызметтес, бірге жүрген адамдарға шапағат нұрын төгіп, барынша қарапайым қалыпта жүрді.
Сөздің шын мәнісінде, ол «сегіз қырлы, бір сырлы» терең ойлы, ізгі ниетті, үлкен парасат иесі еді. Оның өмірі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді.
Ұлықпан Сыдық,
ф.ғ.д., профессор, академик.
Досалы Салқынбек,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры.
Ермахан Қалмырза,
аға оқытушы.












