Қазақстанда жұмысшы мамандықтары біраз уақыт бойы төмен бағаланып келді. Өйткені, жоғары білім алу және басқарушылық қызметтерге ұмтылу басым болды. Бірақ, бүгінде посткеңестік елдерде жұмысшы мамандықтары қайта бағаланып, сұраныс артып келеді және олардың әлеуметтік мәртебесі де өсуде. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарды насихаттау, техникалық колледждерге қолдау көрсету арқылы аталған салада оң өзгерістер байқалуда.
Жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі басталды. Бұған Президенттің 2025 жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да жақсы әсер еткендей. Жалпы айтқанда, Мемлекет басшысының бұл шешімі жұмысшы мамандықтарының экономикадағы маңыздылығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Сондай-ақ, бұл қадам елдегі кадр тапшылығы, индустриализацияның дамуы және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру қажеттілігінен туындады.
Расында, өз жұмысын жетік меңгерген, бір салаға қалтқысыз қызмет етіп, елдің дамуына, халықтың қыста жылумен қамтылуына қызмет еткен жандар әр жерде бары сөзсіз. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Бейбіт Мақсұтов. Саналы ғұмырында жылу жүйесінде еңбек етіп отыр. Сондықтан да, жұмысшы мамандығы қашанда ардақты.

Бейбіт Қуанышбекұлы 1974 жылы 27 тамызда Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында дүниеге келді. Қырғызстанның Тоқмақ қаласындағы А. Гайдар атындағы №8 орта мектепті аяқтады. Жары екеуі бес ұлды тәрбиелеп, бес немере сүйіп отыр. Қазіргі уақытта Алматы қаласында орналасқан АлЭС энергожүйесінде Б. Оразбаев атындағы ЖЭО-1-де қазандық цехының бастығы қызметін атқарады.
Еңбек жолын 1995 жылы ЖЭО-2-нің шаң дайындау цехында 2-дәрежелі слесарь болып бастады. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс колледжін аяқтап, кейін Энергетика және байланыс институтына түсіп, оны 2012 жылы бітірді.
2003 жылы ЖЭО-2-нің турбина цехындағы қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша шебер қызметіне тағайындалды. 2010 жылы діріл мен реттеу зертханасында 1-санатты инженер қызметін атқарды. 2013 жылы ЖЭО-1-дің турбина цехына аға шебер болды. 2019 жылы ЖЭО-1-де негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу цехының бастығы болса, 2022 жылы қазандық цехының бастығы қызметіне кірісті.
Бейбіт Қуанышбекұлы 2017 жылы Алматы қаласы әкімдігінің Құрмет грамотасымен, ал 2023 жылы «Энергетикаға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейтін қазақ үшін мамандықтың жаманы жоқ. Әркім өз ісінің шебері бола білсе, Абай айтқандай, өмірге кетігін тауып қаланары кәміл. Осы орайда жұмысшы мамандығының мәртебесі арта түсуі жақсылықты жайттарға септесеріне сөз жоқ. Кезінде темірден түйін түйген деп дәріптеген токарь, балтасы мен балғасын серік еткен ағаш шебері, мұнараны қолдан құрастыратын темір пісіруші, құбыр бойының қыр-сырын білетін слесарьлар қазір де керек.
Қали ҚАМБАРОВ












