Несіпбек Айтұлының айтулы ақын екендігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. «Бостандық жырының боз жорғасы» атты кітапта аталмыш ақынымыз жайлы әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген түрлі тақырыптағы жазбалар топтастырылып берілген. Онда қазақ әдебиетінің қалам ұстаған үлкенді-кішілі өкілдері ақынның өлеңдері туралы тебірене ой толғайды. Олардың бәрі де Несіпбек Айтұлы бауырымыздың ақындығы жайында ағынан жарылып әділдігін айтады. Оның өлеңдерінің өзгешелігі, ерекшелігі, тілінің шұрайлылығы, отаншылдық рухтағы құлашы кең эпик ақын екендігі жан-жақты сөз болады. Ақынның ақындығын олардан асыра айту мүмкін емес. Осылай бір қауым қаламгерлердің ерекше ықыласына бөленген Несіпбек ақын шын мәнінде де қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген аса талантты ақындардың бірі әрі бірегейі десек еш артық айтқандық емес.
Иә, ол шыға шапқан жүйріктей жыр жаза бастағаннан-ақ өлең деген қасиетті өлкеге өр көңілмен еш жасқанбай еркін қадам басты.
Жалындап жастық құшамын,
Көңілдің жоқ қой тояры.
Естимін көкте құс әнін,
Желпінтіп жанды жеткен бе,
Жазымның жақсы қонағы?! – деп басталады көктемгі даланы көз алдыңа елестеткен өлеңінде. Ондағы тапқыр теңеулер жалындап тұрған жас ақынның жүрегін тебіренткен алғыр ойдың, сергек сезімнің жемісі екендігін анық байқауға болады.
Ал «Жыр десе…» деген өлеңінде ол:
Балалық бекетінен шапшаң өттім,
Жыр десе жүрегімді шақпақ еттім.
Алдыма салмасамда еншімді әлі,
Ат жалын тартып мінер шаққа жеттім.
Кей сөзім келмесе де иініне,
Шабыттың шыдамадым күйігіне.
Бір тайды маңдайыма жазған шығар,
Жүген ап кірдім жырдың үйіріне, – дейді. Ақынның осы өлеңінен-ақ Несіпбектің алысқа шабатын тұлпар текті талантты ақын болатындығы аңғарылып тұрған еді. Осылай алғашқы өлеңдерінен-ақ жыр сүйер қауымды елең еткізген жас ақынның жалынды, жақсы өлеңдері мерзімді басылым беттерінде бірте-бірте жиі жарық көре бастады. Ол жырлардың барлығын оны білетін өлеңқұмар қауым қаға беріс қалдырмай таңдай қаға, тамасана оқығаны да шындық.
Ақынның сол алғашқы өлеңдері басылған шағын жыр жинағы «Қозы көш» деген атпен жарық көргенде Ақылбек Манабаевтай Ертістің Семей өңірінің өмірден ерте кеткен ерке ақыны: «Алғашқы өлеңдері газетімізде жарық көріп, жұртқа танылған жас талапкер Несіпбек Айтұлының тұңғыш жинағы қолымызда тұр. Ол «Қозы көш» деген атпен «Жазушы» баспасынан жуырда ғана жарық көрді. Тырнақалды туындыларын оқығанда автордың болашағынан үміт күтуге болатындығын аңғарған едік. Мына жұқалтаң кітап сол үмітіміздің отын үрлей түскендей болды», – деп ағынан жарыла жазды.
Ақылбек Манабаев онда «Табиғат – өмір сүретін орта» екендігін айта келіп, жас ақын табиғаттың әсемдігін көріп әсерленгенде, сұлулығынан сыр түйгенде ерекше сезімталдығымен риза етеді. Бұл орайда ол Несіпбектің көргендерін көз алдына елестетіп тізе бермейтіндігін, табиғаттың тамаша көріністерін көкірегіндегі ойдың күмбіріне бөлеп жеткізетін шеберлігіне тоқталады. Осы ретте жас ақыннның тілге ерекше көңіл бөліп, аса бір жауапкершілікпен қарайтындығын, жанарына іліккен жақсы суреттерді кестелі сөзбен жеткізетіндігін айтады.
Оқырман қауым қазақ жырының құлагері іспетті Мұқағали Мақатевтың қысқа ғұмырында бір ғана жас ақынның тұсауын кесіп, сәт сапар тілегенін біледі. Иә, жарықтық жыр жүйрігі, өнер дүлдүлі Мұқағалидай ақын ағамыз 1972 жылғы 28 қаңтардағы республикалық «Лениншіл жас» газетіндегі жариялаған тұсаукесер тілегінде: «Өлең өнерімен әуестенуші жастарымыз баршылық. Алайда шынайы шын поэзияны жай ғана еліктеушіліктен айыра білу қажет-ақ. Әр түрлі, әр үндес ақындардың дүниеге келуі қуанышты. Мен Несіпбек өлеңдеріне осы тұрғыдан қараймын. Оның жырларынан жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсы бір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі. Жасқанба жас адам, жақсы-жақсы жырлар жаз! Мұқағали Мақатев», – деп жазған еді.
Осы бір шынайы жүректен шыққан шағын ақжолтай тілекке қарағанда Мұқағали Мақатаевтың: «Туады, туады әлі нағыз ақын» деген өлеңі де өзгеге емес, дәл осы ақын ініміз Несіпбек Айтұлына арналғандай. Иә, дауылпаз Мұқағали Несіпбектен, оның ойлы да отты өлеңдерінен көп үміт күткен еді.
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, – деп басталатын «Қара өлең» жайлы жырында дауылпаз ақын қазақтың дәл өзіндей қарапайым қара өлеңінің қасиетін, оған бас иетінін ағынан жарыла айтады.
…Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.., – дейді Мұқаң. Ғажап, данышпан ақын қазақтың қара өлеңіне бас иіп қана қоймай оның қасиетінен нәр алғанын, оның сұмдық сырына үңіліп, өзіне пір тұтқанын жасырмаған.
Осы тұста Несіпбек те ұстаздық жайлы сұраған бір тілшіге берген жауабында «қазақтың қара өлеңі ұлы ұстазым» деген ойды білдіргені бар. Осы жайды нақтылай түссек «Алғашқы ұстазым – әкем деуіме болады. Жұмыстан келген соң, кешке қара домбырасын көлденең тастап, қара өлеңді бірінен кейін бірін төгіп-төгіп айтатын. Әкемнен дарығаны шығар, қара өлеңді көп білем. Бір таңға отырып айта аламын. Ақселеудің қара өлеңдер жинағында менің де атым бар, көптеген қара өлеңді мен бергем. Осыған қарағанда, ең ұлы ұстазым – қара өлең», – дейді ақын. Байқап отырсақ Мұқаң да, Несіпбек те қазақтың құдіретті қара өлеңін қастарлейтінін айтады. Осыған қарап екеуіде қазақтың қара өлеңінен мейірі қанған, ұлылықтарында ұқсастық бар ақындар деп айтуымызға болады.
Несіпбектің туған топырағы Аягөзден басталып, Алтай, Сауырға дейін ұласатын шәуешектің солтүстігіндегі Тарбағатай тауының күңгейіндегі ең шеткі ауыл Теректі, Қызбейіті. Жоңғардан босағаннан кейінгі кезеңде осы өңірге қоныстанған қазақтың қаймағы бұзылмаған ескі қорда ауылдарының бірі. Біздің халықтың басқа да барлық ауылдарындай онда да жұртымыздың салт-дәстүрі бәз-баяғы қалпында сақталған. Әсіресе, той-думандарда айтыс өткізу бұл ауыл адамдарының арасында да кең етек алған. Той болса болды ауылдың айтыс өнерінен дәмелі қыз-жігіттері екі-екіден отыра қалып айтысты бастап жіберетін.
Сондай айтыстарға үлкендер жағы қызық көріп, өлең құмар, құйма құлақ Несіпбекті де сан мәрте қосқан көрінеді. Бұл арада қара өлең дегенің өз жаныңнан шығарып, суырып салып айтатын шығармашылық өлең емес екендігін білуіміз керек. Дегенмен, қара өлеңде қарсыласың айтқан өлең сөздің ыңғайына қарай сенің айтқаныңда қабысып жатуы тиіс. Яғни, айтушы екі жақта дөйдалаға кетпей қарсыласының айтқанына жауап беріп қайымдасып айтысуы керек. Бұл енді оңай емес. Сондықтан, айтысушы қалайда қара өлеңді көп білуі, оның қорын мол меңгеруі керек. Несіпбек ақын бала күнінде міне осындай мектептен өтіп, қара өлеңнің уызынан мейлінше қанып ішкендігін көреміз.
Қара өлеңнің уызынан қанып ішкен Несіпбек ақыры сөз патшасы ақындық жолға түсті. Жас кезінен бастап жалынды, ойлы, мазмұнды жақсы жырлар жаза бастады. Келе-келе таланты толыса түскен ол кемел ойлар толғайтын қазақтың қабырғалы ақынына айналды. Жиырмадан астам жыр жинағын шығарды. Отыздан астам поэма, көптеген толғаулар мен дастандар жазды. Қазақтың ән өлеңінің сөзін жазуда да Несіпбек ерекше көзге түсті. Оның әнге жазған сөздері ерекше әсерлілігімен, көңілге қонымдылығымен, жүрекке жақындығымен ерекшеленеді. Ол сондай-ақ Әлшер Науаидей әйгілі шығыс шәйірінің шығармаларын туған тілімізге аударды. Оның қаламынан туған осындай әрбір туынды оқырман жүрегінен жылы орын алды. Ал енді ол осы жолға қалай түсті, заңғар жетістіктерге қалай қол жеткізді. Бір ауылда, бір ауданда, бір өңірде өскендіктен оның бәрі күні кешегідей біздің көз алдымызда.
Ол кезде Бұрынғы Семей (қазіргі Абай облысына қарасты) Баршатас деген ауылда С.М. Киров атындағы орта мектеп болды. Осы мектептен әр жылдарда Хасен Әдібаев, Мыңбай Рәшев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Төлек Тілеуханов, Төлеуғали Сүлейменов сынды біршама қаламгерлер шықты. Несіпбек Айтұлы да сол бір талай-талай тарландар шыққан мектепте оқыды. Алдыңғы толқын ағалары сияқты аталмыш мектептегі өнегелі, тағылымды тәрбие орталығынан өтті. Ол – осы мектепте үздіксіз жұмыс жасаған әдебиет үйірмесі еді. Сол үйірменің әр кездері аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ.
Несіпбектер қалам тербей бастаған тұста жұмыс жасаған үйірменің аты «Жас қалам» еді. Оны ұйымдастырған және оған жетекшілік жасаған сол кездері жарқылдап көзге түскен жас талапкер ақын Оразғали Мұхиев болатын. Жазғандары баспасөз беттерінде жиі жарық көріп жүрген ол онда оныншы сыныптың оқушысы еді. Ол жетекшілік жасаған үйірменің тоқсан сайын «Жас қалам» деген қол жазба журналы шығып тұрды. Несіпбек те сол «Жас қалам» үйірмесінің аталмыш қол жазба журналына алғашқы өлеңдерін жариялады. «Жас қаламда» шыққан жақсы дүниелер аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланатын. Солардың алғашқыларының бірі болып Несіпбек Айтұлының «Балалық» атты өлеңі жарияланды.
Несіпбекті мен одан біраз ертерек таныдым. Ұмытпасам 1963 жылғы маусым айының алғашқы күндерінің бірі болар. Баршатастың орталық көшесінің шығысынан бастысына қарай құлдап келе жатып кейінтінде аудандық кеңес атқару комитетінің ғимараты болған үйдің шарбағында байлаулы тұрған екі атқа көзім түсіп, солай бұрылдым. Бірі қылаң, бірі баран екі аттың қасында тойған қозыдай томпиған, шамасы он екі-он үштер шамасындағы бір бозбала тұр. Үстіне киген киімі жылы. Басында малақай, аяғында құрым етік. Соған қарағанда алыс сапарға сайланып шыққандай сыңай танытады.
Суыртпақтап сыр тартып, әңгімелесе бастадым. Екі аттың бірі атақты бәйге нарқызыл екен. Енді ғана танысқан бозбала өзін сол нарқызылмен Аягөздің «Батпақты» деген жерінде өтетін ат жарыста бәйгеге шабатын шабандоз Несіпбек Айтұлы бауырымыз еді. «Қазақ сұраса келе қарын бөле шығады» дегендей, екеуміз жақын туыс болып шықтық. Осыдан кейін оқта-текте ұшырасқанда Несіпбек екеуміз аға-бауыр ретінде шүйіркелесе қалатынбыз. Ол – Баршатаста, мен – бұрынғы Киров колхозы, кейіннен «Горный» совхозы атанған «Үш қызыл» тауының баурайындағы Байқошқар ауылында оқыдым. Оқудан қысқы, жазғы демалысқа шыққан кездерде, аталмыш шаруашылықтың шалғайдағы елді мекенінде мал бағатын үйімізге бару үшін аудан орталығы арқылы жүретінбіз. Сондай кездерде біздер кездесіп, жүздесіп жүрдік.
Несіпбек заманында жауырыны жерге тимей атақ-даңқы алысқа кеткен палуан әкеміз Айттың баурында өскендіктен еркетотай, тентектеу болып өсіпті. Теректі мен Қызбейітіде бетінен ешкім қақпаған ол жаңа жерде де ешкімді жел жағына шығарғысы келмей Баршатастың өзіндей тентектерімен басы бірікпей текетіресіп жүрді. Анда-санда басымыз қосыла қалғанда бізді арқаланып ауылдас балаларға жон арқасын күдірейтетін. Шіркін балалық-ай десеңші. Ондайда біз де тартынып қалмай Несіпбек нұсқаған тентектердің талайымен арпақ-құрпақ болып, шеке ісіріскен кездеріміз болды. Кейінде солардың талайымен дос, жолдас, қимас, сыйлас ағайын болып кеттік.
Алайда Несіпбек есер емес, елмен араласа білетін, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола алатын, кіммен де болсын тіл табыса білетін ақылды, есті тентек болды. Әсіресе, көненің көзіндей көпті көрген ескі көз қарттарға үйірсек болатын. Қолы қалт еткен сәттерде солардың қасынан табылатын. Олармен дойбы ойнап, бұрынғының ескі әңгімелерін тыңдауға тым құмар-тын. Көне көз қарттар да оны ерекше жақсы көретін. Сөйтіп жүріп, ол қариялар арқылы бір кездері ауылдары аралас, қойлары қоралас отыратын Абай мен Бегештің, Тышқанбай, Құрымбайдың сыйластығы, бірлерін-бірлері ерекше құрметтегендігі, Абай мен Қуандықтың жарасты сөз қағыстырғаны, Уәйіс пен Төлеу тәрізді замандас ақындардың екеуара айтысы, әсіресе Шакерім қажының ол кездері ел арасында жасырын айтылатын өлеңдеріне ерте қанықты.
Несіпбектің қазыналы қарттармен мұндай қарым-қатынасы оның ерте есейіп, ескінің есті сөздерін көкейіне түйіп өсуіне әсер етті. Ұлы Абайдың өлең жинағымен ертерек жақын танысуына жол ашты. Абай және оның айналасы жайлы мол мағлұмат беретін Мұхтар Омарханұлы Әуезовтей ғұлама жазған әйгілі «Абай жолы» эпопеясын бас алмай құныға, құмарта оқуына ықпал етті. Сол кезде Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романымен, Ілияс Жансүгіровтың шығармаларымен, Қасым Аманжоловтай дауылпаз ақынның жырларымен де танысты. Әсіресе, Қасымның жырлары болашақ ақынға ерекше әсер еткені соншалық, ол сол кезде «Қасым ақын былай жырлапты», – деп оның кейбір өлеңдерін жатқа айтып, оны тап бір өзі шығарғандай ерекше сезімде, көтеріңкі көңіл-күйде жүретін.
Сонымен бірге «Халықтық жырлар, қара өлең – алғашқы таңдайымызға тамған уыз», – дегенді айтқан Несіпбек бесік жырынан бастап, көнеден келе жатқан «Лироэпостық жырлармен, шығыс поэзиясының жауһарларымен ерте сусындады. Қашан көрсең қолынан кітап түспейтін Нескен аудандық кітапхананың қорын дерліктей ақтарып, халықтың асыл қазынасына айналған рухани байлықты түгелге жуық оқыды. Олардан өзіне өшпес өнеге, нәр алды, жан-дүниесіне рухани мол азық жинады. Оған өзі өскен өңірде әр кезеңдерде өмір сүрген Бодау, Әзімбай, Жазық, Уәйіс пен Төлеу тәрізді ақындардың жырлары қосымша қор болды. Сол тұста жазғандары жұрт көңілінен шығып, елді елеңдетіп жүрген Төлеубек Жақыпбайұлы мен Төлеуғали Есімжанов, Төлеужан Сәрсембаев пен Тұрдыбек Алшынбаев, Әбдікәрім Рахманов пен Айтқали Кененбаев сынды ағаларының қасында жүріп, қаламын қалыптастырды.
Несіпбектің ҚазМУ-да оқып жүрген кезінде жазғы демалыстарда елге келуі балаң күндерде құлынтайдай тебісіп бірге өскен біздер үшін есте қалар мереке болатын. Өзімізше бас қосып, мәре-сәре болып, бір жасап қалатын едік. Ондай отырыстарда ол өзі жазған жаңа өлеңдерін оқитын. Біз де біріміз ән айтып, енді біріміз домбыра тартып отырысты қыздыра түсетінбіз. Бірде Несіпбек біздің үйде отырып «Шығармашылығың қалай? Бірдеңе жазып жүрсің бе» деп сұрады. Мен сәл бөгеліңкіреп едім, Ахметқан деген досымыз іліп әкетіп, «Ақаң биыл жеңістің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық жыр бәйгесінде соғыс тақырыбына арналған цикл өлеңдері үшін бірінші орынды жеңіп алды. Солардың біріне лайықтап ән де жазды» дегені. Оған Несіпбек елең етіп, «Кәне әніңді айтшы», – деп қолқалады. Мен тағы да бөгеліңкіреп едім. Ахметқан қолындағы баянын құлаштай тартып әлгі әуенді бастап кеп жіберді. Үй толы жора-жолдас қосыла шырқады.
Әлі есте, есте ол күндер,
Оранған отқа торғын жер, – деп басталатын мәтінге лайықталған әуен аяқталған сәтте Несіпбек «Әуен де, сөз де жақсы екен. Алайда әуенге басқа сөз жазу керек сияқты. Себебі, біз соғысты көрген, оның ауыртпалығын сезінген ұрпақ емеспіз. Сондықтан, бізге ол тақырыптан да өзіміздің шуақты өмірімізді жырлағанымыз дұрыс болар. Ақа, ренжімесең мына әуенге мен жаңа сөз жазсам деймін, – деді. – Ортамыздан шыққан от ауызды, орақ тілді ақынымыздың айтқанына бәріміз де келістік.
Дереу ықылас жасалып, дастархан жиналды. Несіпбектің сұрауы бойынша оның қолына қағаз бен қалам берілді. Ақын бауырымыз сонда біздің көз алдымызда айналасы жарты сағат уақыт болар-болмаста «Бақанас біздің балалық» деген осы өлеңді жазып шықты.
Ұл едік онда, қыз едік,
Бір емес едік, жүз едік.
Бақанас деген өзеннің,
Бойында өскен біз едік.
Олай да кешкен біз едік,
Бұлай да кешкен біз едік.
Бұрымын сыйпап бал қыздың,
Жұпарын жұттық жалбыздың.
Бақанас өзі жұбатты,
Жабырқап қалсақ жалғыз күн.
Адамның жастық ғұмыры,
Шапқан бір аттың дүбірі.
Құлағымда әлі жүр менің,
Қыздардың тәтті күбірі.
Оралса ойға кейде осы,
Жыртылар көңіл жейдесі.
Жүрегімде әлі жүр менің,
Қыздардың уыз бейнесі.
Ұл едік кеше, қыз едік,
Алысқа бетті түзедік.
Балалық деген өзеннің,
Бойынан көшкен біз едік.
Олай да кешкен біз едік,
Бұлай да кешкен біз едік.
Жаңа мәтінді сол күні түннің бір уағына дейін бәріміз қайта-қайта айтып, жаттап алдық. Осыдан кейін «Бақанас біздің балалық» атты бұл ән бала күндерімізді, бұла күндерімізді бірге өткерген біздің буынның бас қосқанда ылғида шырқап салар әніне айналды. Келе-келе ол ауыл, одан соң бірте-бірте сол өңір адамдарының кейбірінің сүйікті әндерінің біріне айналды. Оны өрістегі төрт түлікті төлімен өсірген малшы да, шабындықтағы шөпші де, ел ырыздығын маңдай терлерімен еселеп жүрген диханшы да, сапардағы жолаушы да бала кездерін еске алғанда осы әнді түрлендіре айтып жүретін болды.
Жалпы, Несіпбек арқасы қозып, шабыты келген кездерде ойына оралған өлеңді қағаз бетіне шапшаң түсіретін, тіпті табан астында суырып салып айтатын алғыр да айтқыш ақын болды. Оған өз басым талай мәрте куә болып, көз жеткізгенім бар. Мысалға бір жолы шопандар тойында аудан басшылары тойға жақсы табыспен, мол тартумен келген шаруашылық, мекеме басшыларына арнап мадақ жыр айтсаңыз деп Несіпбекке өтініш жасады. Сонда Несіпбек тізімдегі азаматтардың атына қарап тұрып көптің көзінше суырып салған тамаша арнау жырларымен жұртты таң қалдырғаны бар. Осындайда маған Несіпбек ақынның өн бойынан киелі өлең өріп жүретіндей көрінетін. Иә, дәл солай болатын 1977 жылы аудандар ірілендіріліп Аягөз, Шұбартау аудандары қосылған тұста бұрынғы атқарған қызметіме шақырылған мен жаңа жерге баруға біраз тартыншақтағаным бар. Сонда Еркеғали Рахмадиев, Қабдеш Жұмәділов, Мұхтар Мағауин, сол кездегі Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы болған Мәулемғазы Масалимов ағаларымызбен бірге осы Несіпбек бауырым Аягөзге баруыма кеңес бергені бар. Оның себебі аягөздік ағайындар ақ пен қызыл айқасқан, елді күштеп бір орталыққа шоғырландырған, қолдан жасалған ашаршылық пен жақсыларды жазықсыз қудалап, елден, жерден айырған алмағайып заманда әйгілі ақын-жырау Дулат Бабатайұлы бабамыздың қайда жерленгендігін естен шығарып алған. Содан біреу – анда, біреу – мұнда деумен нақты жатқан жері кейінге дейін белгісіз болған. Соған байланысты жоғарыдағы зиялылар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сен осы Аягөздің мәдениет бөлімінің басшылығына барып, Дулат бабамыздың жатқан жерін анықтауға үлес қосуын керек дегенді айтты.
Сонымен ағаларымыздың айтқан ақылымен Аягөзге келіп қызмет істей бастадым. Ол кезде жағдай бүгінгідей емес, өтпелі кезеңнің өте ауыр уақыты болатын. Қайда барсаң да жүдеген елді мекендер, тоз-тозы шығып тозығы жеткен ғимараттар. Әсіресе, мәдениет ошақтарының жағдайы мүлде сын көтермейді. Уақыттың талабына сай адамдары оңды-солды қысқартылып қараусыз қалған ғимараттардың көбінің тас-талқаны шыққан. Тіпті, жаңадан салынып пайдалануға беріліп үлгермеген кейбіреулерінің талапайға, талан-таражға түскендігі соншалық, орны да қалмаған. Елді мекендерді аралап, елмен таныса жүріп солардың аянышты жағдайларын көзбен көрдік. Ауыл әкімдеріне өтініш жасап, олардың орнасы барларының есік-терезелерін кірпішпен бітеттірдік. Сол жұмыстармен бірге Дулат бабамыздың мәңгілік мекенін сұрастыра жүруді де ұмытпадым.
Сөйтсек, ақын бабамыз ежелгі ата қонысы «Лебайдың Қызыл ағашы» деген жерде жатыр екен. Оны сол кезде тоқсан жастан асқан Аягөздің байырғы тұрғыны, қарт шежіреші, абыз ақсақал Қабдылахмет Шәкеровтен сұрап білдік. Қабдылахмет осы өңірдің тарихын өте жақсы білетін, Дулат Бабатайұлы мен Әріп Тәңірбергеновтың көп өлеңдерін ел басына күн туған алмағайып заманда қызылдардан жасырып, көзінің қарашығындай қорғап, сақтаған қария екен. Орайы келіп ол кісімен әңгімелесе келе Дулаттың 96 жастағы көзі тірі Шәрбан деген туысы барлығын анықтадық. Осы жайды жоғарыдағы ел ағаларына айтып телефон шалдым. Ерағаң елден тысқары жерге іс сапарға бара жатқандығын, Мұқаң жазудан қолы босағанда кейінірек баратындығын айтты. Ал, Қабаң ести сала сол күні пойызға отырып, ертесінде таңертең Аягөзде болды.
Қабаңды қарсы алдық. Ағамыз дастархан басына отырар-отырмаста Дулат бабамыз жайлы білетін қарияның жағдайын сұрады. Мен ол кісінің жасы тоқсаннан асқанымен тың екендігін, қаланың «Миясо комбинат» деген жерінде тұратынын айттым. Сөйлесудің мүмкіндігі бола ма деп сұрады. Ақсақалдың телефоны үнемі төсегінің жанында тұратындығын айттым. Сол-ақ екен Қабаң алдына келген асты, қолына алған басты қоя тұрып, дереу қариямен сөйлесті. Аудан басшысы Айбек Каримов қарияға машина жіберіп, біз отырған жерге алдырды. Ертеңінде Қабдылахмет ақсақал бастап, қалғанымыз қостап, «Ақшатау» кеңшарының «Қоңыртау» деп аталатын өңіріндегі «Лебайдың Қызыл ағашы» аталатын жердегі Дулат Бабатайұлы бабамыздың басына барып зиярат еттік. Бабаның жатқан жерін түйе бойламайтын қалың қараған басып кеткен екен. Қабаң Дулат бейітіне өз қолымен тас белгі қойып, бізге оның айналасын бұта-қарағаннан тазартуды тапсырды.
Бұдан соң бірнеше күн бойына жазушы жазып жүрген «Прометей алауы» атты жаңа шығармасына арқау болған Аягөз жерінің панорамасын тағы бір мәрте көз алдынан өткеріп Алматыға қайтып кетті. Оған дейін жазушының жанында жүріп қолым тимегендіктен Қабаң кетісімен елдегі осы жаңалықпен Несіпбекті де құлағдар етіп, қуантқан едім. Себебі, бұл жағдайға көптен бері көңілі алаңдаулы жүрген жанның бірі Несіпбек еді. Ақын ініміз дереу Аягөзге жетті. Ертесінде жырау жатқан жерді бетке алып тағы да жолға шықтық. Аягөзден алпыс шақырымнан астам жердегі Қоңыртауға содан кейін екі күн қатарынан барып, ондаған азаматтың күшімен ескі қорымдарды қалың бұта қарағаннан тазарттық. Дулат бабамыз жатқан тас бейіттің ішінде он адам жерленіпті. Баба қабырының басына қойылған тасқа таңбаланған жазу арқылы жыраудың жатқан жері анықталды.
Келесі жылында Дулаттың жаңа кесенесі көтерілді. Ақынын әспеттеген ел Дулаттың 200 жылдық тойын дүркіретіп өткізді. Осынау дүбірлі той қарсаңында Несіпбек бауырымыз халқымен қайта қауышқан әйгілі ақын жайлы елдің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде және басқа да басылым беттерінде тебірене ой толғап, жыраудың жас толқынға өнеге болар өмірі, мәңгі өлмес мұрасы жайында ауқымды мақалалар жариялады. Терең толғамды қалам иесі оларда отаршылдарға, оның жандайшаптарына қарсы күрескен, қазағым деп күңіренген от ауызды, орақ тілді ақынның жүрек жұтқан батылдығы мен батырлығын тіліне тиек етті. Халыққа қиянат жасаған ел билеушілерін іремей сойды. Оған қосымша ақын мерекесі өтіп жатқан күндерде оның мәдени іс-шараларының жоғары деңгейде өтуіне белсене қатысты.
Бір бұл ғана емес, елдің өміріне етене араласудың талай рет тамаша үлгісін көрсеткен ақын бауырымыз Несіпбек Айтұлы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күмбезі неге құлазиды?», «Абайдың бас шәкірті», сонымен қатар «Ер Жәнібек неге ескерусіз?», «Төлеуғали» тәрізді Аягөз бен Шұбартау, Жарма өңіріне қатысты көптеген жазбалары арқылы көптің көкейіндегі мәселелерді көтергені бар. Осылардың барлығы елде атқарылған игі істерге септігі тиген, басшыға да басқаға ой салған дүниелер екендігі белгілі. Несіпбек жалпы ақындығын айтпағанның өзінде ҚазМУ-ды бітірген журналист ретінде де кәсіби мамандығына адал болған қаламгер. Оған қаламгердің «Сарайымнан шыққан сөз» деген қалың томы нақты дәлел. Оның бұл еңбегі қазір қалам тербеп жүрген журналист қауымының қай-қайсысына да үлгі боларлық.
Қорыта айтқанда, Несіпбек Айтұлы өзінің өнегелі өмірінде халқына барын берген, нәрін берген тарлан талант, заңғар тұлға. Оның жазғандары, соңында қалған мәйекті мұралары туған халқымен мәңгі бірге жасайды.
Ақаш КӨКСЕГЕН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Абай облысы, Аягөз ауданы.












