«Бал тұзағы» (новелла)

0
1906

Неге екені қайдам, шетелден қоныс аударып келген осы бір қараторы қандасымыздың соңғы төрт-бес жылдағы жүріс-тұрысы көпшілікке күдік, күмән тудыра бастағандай. Есім-сойы – Өлікқан Бақатай. Жарық дүниеге келген кезде әкесі өліп қалғандықтан, анасы баласын осылай деп атаған екен. Еліміздегі құқық қорғау органдарының бірінде үп-үлкен жауапты басшылық қызмет атқарады. Шені капитаннан подполковникке дейін өскен.

Күндердің күнінде оны толыққанды танып-білудің де амал-айласы табыла кеткен. Арнайы қызмет өкілдері әлгі офицерді Н. есімді әдемі қызбен теория жүзінде Жасырын агент ретінде таныстырып, бақылау орнату мақсатында жасырын камера арқылы видеоға түсіріп алады. Сырттай ақпарат, досье жинап, сөйлесулерін, кездесулерін, әрекеттерін құжаттайды. Осылайша сыртынан тәтті, бірақ ішінен зиян «Медовая ловушка» – «Бал тұзағы» деп аталатын арнайы операция басталған. Бұл – біреуді тәтті уәде, махаббат, сұлулық, ақша арқылы қызықтырып, кейіннен алдау, жеке кек, бопсалау немесе шантаж жасап, тұзаққа түсіру әдісі. Интернеттегі танысу арқылы адамды арбап, кейіннен ақша талап ету де осыған жатады. Көбіне арнайы қызметтер немесе алаяқтар бұл әдісті адамнан құпия мәліметтер алу, бопсалау мақсатында қолданады. Сонымен барлаушы немесе тергеуші қыздың анықтап тапқандары мына төмендегілер болып шыққан.

2020 жылдың сәуір айында қылымсыған Жұпаркүл есімді қызбен танысып, тіл табысқан Өлікқан қарашада оған үйленіп те алған. Той да өткізген. Қызықтың көкесі алғашқы неке түнінде болған. Келіншегін аялау, аймалау деген жоқ, төсекке сүйреп, шашынан тартып, жағына шапалақпен салып қалған. Бірден бассалып осындай дөрекі іс-әрекетке көшкен жігіттен зәресі қалмай шошыған қыз дірілдеп қорқа бастайды. Ұрып-соғып, теуіп шаруасын бітірген күйеу жігіт жайына кетеді. Еңіреп жылап қыз қалады. Содан кейін Жұпаркүл әлгі бәлені қасына жолатпауға, қойнына жатпауға әрекет жасаған.

Екі-үш айдан кейін үйіне мас болып келген күйеу жігіт жата сала қорылдап ұйықтап қалады. Енді бір сәтте ұялы телефон безілдеп қоя береді. Амалы таусылған келіншек оны қолына алып, ватсабын ашып, тыңдайды:

– Өлікқан қайда?

– Күйеуім үйде. Қызметтен келген. Ұйықтап жатыр.

– Қайдағы күйеу?! Не деп шатып тұрсың? Ол менің басыбайлы байым ғой. Құдай қосқан қосағымнан қос қызымыз бар.

– Ммм.

– Сен сайқал араласпа. Бұл – біздің жеке шаруамыз.

– Әй, Өлікқан, қайдасың? Мені қойшы, мынау қос қызыңды да ұмытқаның ба? Олар сені сағынып, іздеп, күтіп жүр ғой. Неге хабарласпай кеттің? Қашан келесің?

Қатты шыққан дауыстан шошып оянып кеткен күйеуі телефонын тартып алып, келіншегін сабай бастайды. Түкке түсінбеген Жұпаркүл аң-таң болып қалған. Қолында неке куәлігі бар. «Әлгі әйел кім болды сонда?» деген қалың ойға шомған. Кейін белгілі болғанындай, ол күйеуінің азаматтық некедегі алғашқы әйелі – Әлия екен.

Өлікқан пен Жұпаркүл екеуі бір жылдай уақыт бірге тұрған. Басқа мекенжайға кетерінде бұл үйдің тіркелімінен әдейі шықпаған. Ажырасқан жағдайда үй өзіме қалады деген мысықтілеу ойда болған.

Сол бір оғаш оқиғадан кейін келіншек күйеуін қойнына мүлде жолатпай қойған. Етеккірі тоқтаған. Аяғы ауыр. Ғайыптан тайып, бала көтеріп қойыпты. Екіқабат екен. Наша шегіп, арақ ішетін алқаш, тиран, маньяк, жәлеп күйеуі қарны қампиған қатынын қорлауын жалғастыра берген. Талай мәрте ішін тепкілеп, қатты ұрып-соққан. Жағын айырып, тістерін сындырған. Бірнеше мәрте достарын үйіне ертіп келіп, солардың көзінше келіншегін зорламақшы да болған.

Сөйтіп жүргенде қос аяғы қисайған Қасымхан есімді жарымжан сәби дүниеге келген. Онысы екі аяғын еркін баса алмайды. Тілі мүкіс болғандықтан, еркін сөйлей алмайды. Қатыгез жауыз әкесі баласына бірнеше мәрте пышақ оқталып, әбден қорқытып, зәре-құтын алған. Төрт жыл бойы мүгедек баласына ешқандай моральдық және материалдық көмек көрсетпеген. Жылына екі рет баратын емдеу шараларына да бір тиын да бермеген. Жұпаркүл қаншалықты қиналса да, күйеуінің осындай қиғаш мінез-қылықтары жайында ешкімге жақ ашпаған. Тіпті, өзінің ата-анасына да айтпаған.

Күйеуінің кеңесі бойынша ерлі-зайыптылар әртістікке салынып, өздерінің орынсыз іс-әрекеттерін сырт көзге байқатпауға әрекет жасаған. Керісінше, «Бізде бәрі жақсы, бақыттымыз!» – деп дүйім жұртты алдап, арбап жүрген. «Басыма салды, жалғыз балам үшін бәріне көнемін!» – деп табан тіреген қыз күйеуінің бейәдеп іс-әрекеттерін кешіре берген, кешіре берген, кешіре берген. Түзелер, адам болар деп үміттенген. Керісінше, екеуі бір мекемеде қызмет істегендіктен, оған қолынан келгенше қолдау көрсеткен. 20 гектар егістік жер, 10 жылқы сатып әперген. Қыз өзінің көрген азабы жайында, тіпті өзінің ата-анасына да тіс жарып, ештеңе айтпаған. Төркіні мен туған-туыстары «Қызымыз бақытты ғұмыр кешіп жүр», – деп ешқандай алаңдаушылық танытпаған. Өлікқанды әдепті күйеу бала деп санаған.

Міне, осындай еркінсудің салдарынан Өлікқан ойына келгенін істей берген, істей берген. Хатшы қыз Алина есімді басы бос ойнасқор орыс қызбен байланысып қалған. Оған өзінің әйеліне әпермеген қымбат бағалы Айфон телефонын сыйға тартқан. Жұмыста, іссапарда жүрмін деп қаңғыбастыққа салынған. Жезөкше бірінен кейін бірін саунаға шақырған. Наша шегіп, арақ-шарап ішіп, карта ойнаған. Сауық-сайран салып, армансыз көңіл көтерген. Сөйтіп жүргенде өкінішке орай құмар ойыннан оңбай ұтылып қалып, су жаңа бес бөлмелі үйі мен қымбат бағалы шетелдік автокөлігін сатып жіберуге мәжбүр болған.

Оны айтасыз, психотроптық зат қолданды деп, шетелден қонаққа келген туған інісін де құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұстатып жіберген. Сотты болған ол туған жеріне қайтып барған соң азапталып өлтірілген. Еріккен Өлікқанның істемеген жаман істері қалмаған. Өзі тұрған үйдің төртінші қабатынан құлап, қос аяғын сындырып та алған. Тағы бірде үстіне керосин құйып, өзін өзі өлтірмекші болғанда оны мейірімді жандар құтқарып қалған.

Шетелде қызмет істеп жүргенде өзінің жасаған ауыр қылмысы үшін сотталып кетуге шақ қалған екен. Әупірімдеп жүріп, әзер дегенде атамекенге қоныс аударған. Мұндағы істеп жүрген тірлігі анау. Ал, өзінің туған елінде оны хабар-ошарсыз кеткен, тіпті өлдіге санап жүр. Онда барса, өзінің аман қалмайтынын білетін қандасымыз туған жеріне мүлде аяқ баспай қойған. Анасы ауырып жатқанда оның хал-жағдайы мен көңілін сұрауға келіншегі мен баласын жіберген.

Күйеуінің осындай қисық қылықтарына кешіріммен қараған Жұпаркүл бәрін ішіне жұта берген, жұта берген. Жұбайының туыстарына айтып көргенде олар: «Келінім, кешіре гөр. Біз саған дән ризамыз. Туабітті тентегіміз түбінде бір түзелетін шығар», – деп жұбатып жүрген. Ал, ол болса тентектік тірліктерінен әлі күнге дейін тыйылар емес. Талай азап пен тозаққа түсіп, мазаққа қалып, бостан-босқа таяқ жеген Жұпаркүл күйеуімен ажырасып, өзгелер секілді емін-еркін, бақытты өмір сүргісі келеді. Өлікқанның өтініші бойынша сотта алимент талап етуден бас тартқан. Әкелік құқығынан да айырмаған. Өзі мен балаларына ешқандай қысым көрсетпесін, зорлық-зомбылық жасамасын деген тілхат та жаздырып алмаған. Жанашыр адамдардың ақыл-кеңесіне құлақ аспаған. Сол себепті ол баласын бауырына басып, құшақтап қысқан күйі басы ауған жаққа қарай кете барған.

Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі,
республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент қаласы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here