Қазақ философия ғылымының бәйтерегі

0
2311

Қазақ философиясының тарихында есімі ерекше құрметпен аталатын тұлғалардың бірегейі – философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кішібеков Досмұхамед Кішібекұлы. Өзінің өмір жолы мен ғылыми еңбектері арқылы Досмұхамед Кішібекұлы ұлттық философиялық ойдың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.

Жастайынан жетім қалып тағдырдың тауқіметін көріп өскен Досмұхамед Кішібекұлы 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына алынды. 1943-1946 жылдары кеңес армиясының құрамында болып, Батийск қаласындағы ұшқыштар даярлайтын әскери-авиациялық училищеде оқыды. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО жоғарғы кеңесінің бұйрығына байланысты кеңес армиясы қатарынан мұғалімдік тәжірибесі бар әскерилер кері шақырылып, елге оралғаннан кейін Қызылорда пединститутының тарих факультетіне оқуға түседі. Досмұхамед Кішібекұлының бұдан кейінгі өмір жолы ғылыми-педагогикалық саламен ұштасты. Ол өзінің өмір жолындағы жетістігін сол сұрапыл соғыс жылдарынан алған өмір сабақтарының әсері деп есептеді. Институтты үздік бітіріп, сол оқу орнында ұстаздық қызметке қалдырылып, марксистік-лениндік философия пәнінен дәріс оқыды. Білімді меңгерсем, ғылымды игерсем деп бар ынтасымен құлшынған жас 1949 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының философия мамандығы бойынша жарияланған конкурстан жеңіп, аспирантурасына келіп түскенде оның ғалым ретінде қалыптасуына есімдері әлемге әйгілі Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев сынды ғалымдар мен профессор Г.Е.Глезерманның көмегі мен игі ықпалы мол болды. Қастерлі ғылым шыңын бағындыру жолында өзіне көмек көрсеткен аталған тұлғалар жөнінде Досмұхамед Кішібекұлы әрдайым ілтипатпен еске алып, алғысын білдіріп отыратын. 1950 жылы Қаныш Сәтбаевтың жеке жолдамасымен Мәскеуге КСРО Ғылым академиясының философия институтына жіберіліп, онда білімін жалғастырды. 1953 жылы аталған институттың ғылыми кеңесінде «Қала мен ауыл арасындағы қарама-қайшылықты жою» тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шығады. Досмұхамед Кішібекұлы 1953-1964 жылдары аралығында ҚазКСР Ғылым академиясының философия институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етіп, философия ғылымына тереңдеп енді. Ғылым академиясында одаққа белгілі ғалымдармен қатарласа еңбек етіп, отандық ғалымдардың шапағатын көрді, ғылым жолында өзіне мол азық жинап шыңдалды.

Қазақстан орталық партия комитеті 1964 жылдың 1 қыркүйегінде Досмұхамед Кішібекұлын Қазақ политехникалық институтының философия кафедрасына меңгеруші етіп жібереді. Осы кезеңнен бастап, өмірдің соңғы кезеңіне дейінгі Досмұхамед Кішібекұлының ғылыми-педагогикалық қызметі бүгінде халқымыздың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен тығыз байланыста өрбіді. Отыз екі жыл университеттегі философия кафедрасының меңгерушісі болды. Осында ұстаз және ғалым ретінде өсті. Бүкіл кеңестер одағына танымал ғалым болды. Осында докторлық диссертациясын қорғады, профессор атағын алды. 1972 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Ал, 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі болды. Университет ұжымы, магистранттар, студенттер мен болған кездесулерде өзінің өсіп-өркендеген ұжымын әрдайым ардақ тұтып: «Университетпен бірге өстім», «ҚазҰТЗУ – маған туған ұжым» деп құрмет сезіммен айтып жүрді.

Досмұхамед Кішібекұлы Қазақ политехникалық инстиутындағы ғылыми-педагогикалық қызметін бастаған кезі жөнінде: «Институттағы оқытушы-профессорлардың құрамы күшті еді. Академиктер О.А.Байқоңыров, А.С.Попов, В.Д.Понамеров, И.И.Бок, Е.Д.Шлыгин, ҚазКСР ғылым академиясының мүше-корреспондеттері, Лениндік сыйлықтың лауреаттары Г.Ц.Медоев, А.Ж.Машанов, Г.А.Кушев, профессорлар Л.В.Гульницкий, М.Г.Мильграм, К.Г.Войновский-Кригер, А.А.Лебедев, В.М.Кошульке, М.Құрманғалиев және тағы басқа ғалымдар еңбек етті. Бас оқу ғимараты, мұнай ғимараты болған жоқ. Студенттеріміз үш ауысымда оқыды. Ол кезде институттың материалдық техникалық базасы қазіргідей болмаса да, студенттердің оқуға деген ынтасы күшті болатын» деп, ілтипатпен еске алады. 

Досмұхамед Кішібекұлы ұлттық философия ғылымының жүйесін қалыптастыруда маңызы рөл атқарды. Оның еңбектері арқылы қазақ дүниетанымының ерекшелігі мен тарихи тамырлары терең зерттеліп, философиялық ойдың дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Оның негізгі зерттеу тақырыптары: қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, дәстүрлі дүниетанымы, көшпелі қоғамдардың өркениеті, әлеуметтік-философиялық мәселелері болды. Ол өзінің ғылыми-педагогикалық жолында 800-ге жуық еңбек жазды. Оның ішінде 70 жуық монография, оқу құралдары мен кітапшалар бар. «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең», «Мәдениет және өркениет», «Қазақстандағы өтпелі кезең: проблемалар мен қиындықтар», «Тарих философиясы және қазіргі кезең», «Ұлттық идея және идеология», «Тәуелсіздік философиясы» секілді ауқымды еңбектерін атап өтсек болады.

Ғылымның мехнатты жолын арқалаған Досмұхамед Кішібекұлы көшпелі қоғамның философиялық мәселелерін зерттеді. Көшпелі қоғамдағы өркениетті, мәдениетті жоққа шығарушылар тарапынан аяқтан шалушыларға да кезікті. Мәселен, 1974 жылы «Көшпелі қоғам» атты монографиясының қолжазбасына ҚазКСР ҒА философия және құқық институтының ғылыми кеңесі оң пікір беріп баспаға ұсынғанымен де, оны 10 жыл бойы баспаға жібермей ұстап отырды. Бұл жөнінде Досмұхамед Кішібекұлы: «Еңбекті жариялауға көмек сұрап Д.А.Қонаевқа жүгінгенімде Д.Қонаев былай деп жауап берді: «Қоғам О.Сүлейменовтың «АЗиЯ» кітабымен дүрлігуде. Бұл саланы Мәскеу бақылауда ұстап отыр. Мен  ештеңе істей алмаймын, жариялауды кейінге қалдыру керек». Осыдан кейін басқа амалым қалмағандықтан КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы К.Черненконың өзіне тікелей жүгіндім. Черненко ерекше назар аударып, Д.Қонаевқа мынадай жеделхат жіберді: «Д.Кішібековтың «Көшпелі қоғам» монографиясының қолжазбасын қарап, мәселені шешу және баяндау». Орындау мерзімі – 10 күн. Бұл 1984 жылдың мамыр айында болған еді. Сол жылы монография жарыққа шықты. Бұл менің ғылыми жолымдағы бетбұрысты сәт болды. Сол қиын уақытта мені қолдаған К.Черненко мен Д.Қонаевтың жарқын естеліктеріне шексіз ризамын, өйткені ол кезде идеологияда көшпелі қоғамға, жұмсартып айтқанда, теріс көзқарас басым болатын», – деп, сол бір қилы кезеңдегі басынан кешкен қиындықтарын да еске алып отыратын.

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің өсіп-өркендеу тарихында айрықша үлес қосқан тұлғалардың бірі – Досмұхамед Кішібекұлы. Ол институттағы партия ұйымының хатшысы болып істеген жылдары институт өміріндегі көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне мұрындық болды және қолғабыс тигізді. Қалалық партия органдарының алдында институттың материалдық-техникалық базасы мен мәдени-рухани өміріне қатысты мәселелерді батыл қоя білді. Институттағы партия комитетінің хатшысы болып істеген жылдары вокалды-аспапты «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылуына жәрдемдесті және студенттің институттағы 1 курстан 5 курсқа дейінгі бүкіл оқу кезеңін қамтитын «Саяси тәрбие жұмысының бірізді перспективалық жоспарын» жасаумен елімізде бірінші болып айналысты.

Институт өміріндегі өзіндік орны бар, институттың рухани айнасы болған «Инженер кадрлар үшін» газетінің алғашқы редакторы академик Евней Бөкетов болған болса, одан кейін газеттің 20 жылдай редакторы Досмұхамед Кішібекұлы болды. Досмұхамед Кішібекұлының басшылығында газет жаңа сатыға көтерілді. Газет институттың профессор-оқытушылары мен студенттерінің үні болды. Институт ұжымын, студенттерді толғандырып отырған көкейтесті мәселелер газет бетінде көтеріліп, назарға алынып өз шешімін де тауып жатты. Газеттің редакторы бола жүріп, публицистика жанрында шыңдалды, публицист ғалым болды. Жасы 90-нан асып 100-ге тақағанға дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Қоғамымызда болып жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани шараларға ақсақалдық салиқалы пікірлерін білдірумен қатар, өз тұжырымдарымен ой бөлісті. «Досмұхамед аға, мақалаңызды оқыдым, жақсы ойлар айтыпсыз» деп, газет-журнал беттерінде жарияланған мақалалары жөнінде айтқанымда көңілі көтеріліп, алғысын айтып жатушы еді.

Досмұхамед Кішібекұлы туралы айтқанда, оның ұстаздық жолына тоқталмай кету мүмкін емес. Педагог-ғалымның жетекшілігімен 5 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты даярланды. Ғалымның жетекшілігімен дайындалған шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында ғылым мен білім саласында еңбек етіп келеді. Осылайша, Д.Кішібеков мектебі еліміздегі философиялық ойдың сабақтастығын қамтамасыз етті. Педагог-ғалымға 1974 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі алқасының жарлығымен «Қазақ КСР Жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағы берілді. 2014 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Университетіміздегі өзім басқарған тарихи-танымдық және тәрбиелік «Мұрагер» клубының ұйымдастыруымен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты тақырыппен өткен кездесуге Досмұхамед Кішібекұлын шақырып, студенттермен кездесу өткізген едік. Шара барысында кеш қонағы өзінің үлгі-өнегеге толы өмір жолы мен еңбек жолы жайында 1 курс студенттеріне кеңінен әңгімелеп берген болатын. Сұхбаттасу кезінде бір студенттің «Өміріңіздегі қызықты кезеңдердің бірін баяндап берсеңіз?» деген өтінішіне «Өмірімнің бәрі қызық» деп жауап берген еді. Иә, өресі биік, таным кеңістігі кең, абыройлы азаматтың өмірінің барлық кезеңі қызық. Кейінгі ұрпақ үлгі аларлық ғибратқа толы. Оның өмірі елге, ғылымға адал қызмет етудің символы. Педагог-ғалымның қалдырған ғылыми мұрасы мен рухани ілімі қазақ философиясының дамуына қосылған мәңгілік үлес болып қала бермек.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған Қазақ философия ғылымының бәйтерегі 2024 жылы маусым айында дүниеден өтті.

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here