Газет бағасы және елдік жауапкершілік

0
499
Инфографика: Айнұр Қайратбекқызы

Соңғы уақытта фейсбукте 2026 жылғы жазылым бағасына азаматтардың қатты алаңдаушылығы байқалады. Шынында, дәстүрлі БАҚ-ты оқитын қауым газет-журналдың жаңа құнынан шошып, «Бұл қалай?» деп сұрай бастады. Ең қызығы, қайбіреулер «Осы өсімге «Қазақ газеттері» кінәлі» дегенді ашық мәлімдеп жүр. Сонда қалай болғаны? Өнімінің тез және кең көлемде өтуіне мүдделі тарап бұйымына (газет-журналға) жоғары баға қоя ма? Жалпы бізде баспасөз бағасын кім белгілейді?

Осыны оқырманға түсіндіре кетсек.

Біріншіден, қазір жыл өткен сайын БАҚ-тың жағдайы қиындап келеді. Бұл – әлемдік үрдіс. 30 млн. халқы бар Өзбекстанның бас газеті тиражы – 15 мыңдай, ал өздерін «140 миллионбыз» дейтін Ресейдің бас газеті тиражы – 130 мың… Дәстүрлі баспасөз осы жағдайға қарамай алға жылжиды.

Екіншіден, қағаз бағасы, типография шығындары екі еседей өсті. Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» дейді, елдің экономикалық жағдайын терең түсінген, басқа да қиындықтарды сезінген 11 газет-журналдан тұратын ұжымымыздың берекесі, түсіністігі көпке үлгі боларлықтай дер едім.

Осы қиын-қыстау кезде Мәдениет және ақпарат министрлігі де барынша қолдау көрсетіп келеді. Бұрынғы қатып қалған біраз нормативті бірлесіп өзгертіп жатырмыз. Мысалы, тираж түскен жағдайда сайтқа мемлекеттік тапсырыс алу жайын кеңесіп отырмыз.

Қымбатшылық газет-журналды тасымалдау ісінің дағдарысына әсер етті. Былтырдан бері «Қазпошта» бағаны күрт өсіріп, бәріміз есеңгіредік. Нақты айтсақ, 2025 жылғы газет-журналдарға жазылу кемінде 50 пайызға қымбаттап, кейбірінің құны 170 пайызға дейін өсті.

«Қазпошта» бағаны биыл тағы көтерді. 2026 жылға жазылу бағасы жеке тұлғалар үшін 42%-94% (балалар басылымдары 48%-71%), ауылдық жерлердегі заңды тұлғалар үшін – 42%-128%, қалалардағы заңды тұлғалар үшін – 30%-62% өсті.

«Баға неге өсті?» дегенге «Қазпошта» калькуляторын басып қап: «Газет тасымалдауға берілетін үкімет субсидиясы түгенше миллиард қысқарды» деп ресми жауап береді. Субсидияны қысқартқан – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

«Қазпошта» АҚ мәліметінше, 2020 жылы ауылдық елді мекенге газет жеткізуге субсидия – 3,3 млрд, 2021 жылы – 2,7 млрд, 2023 жылы – 2,05 млрд теңге болған. 2024 жылы «Қазпошта» АҚ-ын субсидиялау 600 млн теңгеге дейін қысқарған. «Бұл газетті тасымалдау құнын арттырды» дейді олар.

Біз бұған не істей аламыз?

Осы ақпарат (қымбаттау) шыққанда «Қазпоштаға» баға өсіруін құптамайтынымызды бірден айтқанбыз. Бұл қадамның ауыр салдарын дәйектеп, субсидияны қысқартпауды сұрап, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне де хат жолдағанбыз.

Өкінішке қарай, субсидия мәселесі шешілмей, «Қазпошта» бағаны бәрібір өсірді. Олар: «Субсидия бермесе, біз шығынға ұшыраймыз. Бұрынғы бағаны ұстау үшін кем дегенде қосымша 10-12 млрд керек» деп табандап тұр. Еуропаның көп елінде мемлекеттік басылымдар халыққа қажетті азық-түлік санатында субсидияланады. Бұйырса, ондай күн де туар.

Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде бірде-бір өнім, қызмет түрі мерзімді баспасөздің бүгінгі бағасындай орасан көлемде өспепті.

Қалай дегенде әділетті әз тұтқан Қазақстан үшін дәстүрлі БАҚ-тың жолы да, жөні де бөлек. Әлсіреген құндылықтар газет-журнал арқылы күшейеді, толығады.

Газет-журнал оқымаған бала, жас азамат, ата-ана, маман, мемлекеттік қызметкер ешқашан кітап оқымайды.

Президент Қ.К.Тоқаев: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет» деп, бүгінгі және болашақтағы баспасөздің темірқазық тұжырымдамасын айқындап берді.

Әлемде дәстүрлі мерзімді басылым шығынды сала болғанмен, мемлекеттің орасан зор ағартушылық, ақпараттық саясатын жүзеге асырып, оқитын ұлт, жасампаз ұрпақ қалыптастырады.

«Қазпоштаның» бағаны қымбаттатуы салдарынан біз ұзақ жылдар қалыптасқан оқырман ортасын, дәстүрін жоғалтып, тираждан да айырылатынымыз анық.

Біз, қоғам мен атқарушы билік, БАҚ қауымдастығы мен Парламент күш біріктіріп, үкіметтің қаржы, экономика саласына газет-журнал шығару ісі – бизнес-үдеріс емес, аса маңызды елдік-ағартушылық, саяси-мәдени жұмыс екенін түсіндіре білуіміз керек.

Түсіністік дағдарыстан шығарады.

Амандық, жақсылық болсын.

Айнаға емес, айтопырға қарап жүргендерге парасат тілейміз.

Заманы қалам ұстатып, көсемсөзші еткен Әлихан Бөкейхан айтқандай, «ұлт ісі бірлікпен орнына барады».

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here