Кітапхана ісі, ұлттық библиографияның дамуы мен күтілетін нәтижелер әр мемлекеттің рухани іргетасын қалайтыны мәлім. Кітапхана ісіндегі жаңашылдық, цифрландыру жұмыстары, мәдени іс-шараларды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер, алыс-жақын шетелдермен шығармашылық байланыс, қазіргі кітапханашы образына байланысты білікті маман, кітапханашылардың анасы әрі ұстазы Бақытжамал Қайырбекқызымен ашық әңгімелескен едік.

ӘРБІР ҮЛКЕН ЖЕТІСТІК ЖҮРЕКТЕГІ КІШКЕНТАЙ ҒАНА АРМАННАН БАСТАЛАДЫ
– Бақытжамал Қайырбекқызы, өзіңізді ұлттық кітапха ісіне еңбегі сіңген қайраткер ретінде танимыз. Сұхбатымызды осы қайраткерлік жолға дейінгі кезеңді, яғни, туған жеріңізден, балалық шағыңыздан бастасақ…
– Әр адамның өмір жолы туған жерінен басталады. Кітапқа және білімге деген менің қызығушылығым да бала кезімнен, өскен ортамнан бастау алады.
Мен кітапханашы мамандығын бекер таңдаған жоқпын – кітапқа деген сүйіспеншілік мені балалық шағымнан бастап осы ерекше әлемге жетеледі. Кітапхана мен үшін әрдайым тыныштықтың, шабыттың және жаңалықтың ордасы болды. Уақыт өте келе мен тек кітап оқумен шектелмей, оларды сақтау және адамдармен бөлісу сияқты үлкен істің бір бөлігі болғым келетінін түсіндім.
Мамандық таңдайтын уақыт келгенде, шешім қабылдау оңай болған жоқ. Сол кезде әкем маған кітапханашы мамандығына назар аударуды кеңес етіп, бұл кәсібің әйел затына ерекше жарасатынын айтты. Өйткені, әкем –сабырлы, ұқыпты, тәртіп пен білімді сүйетін жанға лайық мамандық деп түсіндірді. Әкем өте білімді адам болатын: ол заманда бір тұлғаның екі жоғары білімінің болуы сирек жағдай еді. Ол Ұлы Отан соғысын өткерген, көпті көрген азамат еді. Сонымен қатар, қиындықдықтарды жеңген батыл және әрдайым ақылға бай, парасатты кеңестерімен ерекшеленетін. Оның сөзі мен үшін әрдайым ерекше мәнге ие еді.
Әкем: «Кітапханашы – жай ғана кітап сақтаушы емес, ол – ағартушылықтың нұрын өзгелерге тарататын адам», – деп жиі айтатын. Дәл оның қолдауы, баға жетпес ақылы мен менің қабілетіме деген сенімі бүкіл өмірімді анықтап берген таңдауды жасауға көмектесті.
Бүгін өткен шаққа көз салғанымда, әкемнің сол кездегі кеңесінің қаншалықты дұрыс болғанын түсінемін. Кітапханашы мамандығы мен үшін жай ғана жұмыс емес, нағыз өмірлік құндылыққа айналды. Бір өкініштісі, әкем өмір жолында бағыт-бағдар бергенімен, менің жетістіктерімді, өзінің маған қатысты арман-тілектерінің орындалғанын, шындыққа айналған көре алмады.
– Бала армандарыңыз асқақ болғаны мәлім. Бүгінгі таңда болашаққа жоспар құратын жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Жастарға айтар ең басты кеңесім – арманнан қорықпау. Әрбір үлкен жетістік ең алдымен жүректегі кішкентай ғана арманнан басталады. Бірақ арман өздігінен орындалмайды, оған табандылық, еңбексүйгіштік және үздіксіз ізденіс қажет.
Қазіргі заман – мүмкіндіктер заманы. Жастардың алдында жол көп, таңдау көп. Ең маңыздысы – өзіңе не қажет екенін анықтап алу, өз қабілетіңді танып, соған сену. Кейде жол қиын болуы мүмкін, бірақ қиындық – өсуге мүмкіндік беретін сынақ.
Сонымен қатар, білімге деген құштарлықты ешқашан жоғалтпаған жөн. Үнемі оқып, үйреніп, жаңа бағыттарды меңгеріп отыру – табыстың кілті.
Тағы бір айтарым – жақсы адамдармен, шабыт беретін ортада болуға ұмтылыңыздар. Адамды алға сүйрейтін де, тоқтататын да – оның айналасы, күнделікті араласатын ортасы.
Ең бастысы – қандай мамандық таңдасаңыз да, оны жүрекпен таңдаңыз. Себебі, сіздің жүрекпен таңдап, көңілмен сүйген ісіңіз ғана шыңдайды, бақыт сыйлайды және өз жолын табуға көмектеседі.
– Еліміздің ұлттық библиографиясын қалыптастыруға орасан зор үлес қосып, ұсыныстық библиография және ақпараттық құралдарды құрастырушылық жұмыстарын орындадыңыз. ҚР Ұлттық кітапханасында 2024 жылы жарық көрген маңызды ақпараттық құрал жөнінде білеміз. Осы жайлы кеңінен айтар болсақ…
– Ұлттық библиография – кез келген мемлекеттің рухани болмысы мен ғылыми-мәдени дамуының айнасы. Сондықтан бұл саладағы жұмыс әрдайым үлкен жауапкершілікпен келеді. Ұлттық библиографияның негізгі міндеті – Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты іргелі библиографиялық мұраны қалыптастырып, ұлттық құжаттық қазынаны кеңінен насихаттау. Осы бағытта ретроспективтік, ұсыныстық және ағымдағы библиографиялық көрсеткіштер дайындалып, 2024 жылы жарық көрді:
Ретроспективтік библиография бойынша: мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, Қазақ КСР оқу халық комиссары Ораз Қиқымұлы Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ораз Жандосов (1899-1937)». Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бердібек Соқпақбаев (1924-1991)». Жазушы, аудармашы Г.К. Бельгердің туғанына 90 жыл толуына орай «Герольд Карлович Бельгер (1934-2015)»; Әдебиеттанушы-ғалым, сыншы Дандай Ысқақұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Дандай Ысқақұлы». Филолог-ғалым Ісмақова Айгүл Серікқызының өмірі мен шығармашылығына арналған «Айгүл Серікқызы Ісмақова» шықты.
«Қазақстан өнері» биобиблиографиялық сериясы аясында композитор, Қазақ КСР-нің халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжанның 65 жасқа толуына орай ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәуле Досжан»; ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Рафаэль Ниязбеков (1943-2021)» баспадан басылып шықты.
Ұсыныстық библиография бағытында жыл сайын қазақ және орыс тілдерінде басылып шығатын Қазақстан Республикасының 2025 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндерінің күнтізбесі.
Персоналды деректер базасына жазбаларды енгізу бойынша актер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Елубай Өмірзақовтың туғанына 125 жыл толуына орай; ақын, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинаушы Қимадиден Нығмановтың туғанына 100 жыл толуына орай; Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы, прозашы, сценариші, драматург Морис (Шамис) Симашконың туғанына 100 жыл толуына орай; Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай; геолог, Қазақ КСР ҒА және КСРО ҒА академигі, профессор Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай; жазушы, сатирик, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Оспанхан Әубәкіровтің туғанына 90 жыл толуына орай; тіл маманы, лингвист-түрколог, ҚР ҰҒА академигі, профессор Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай; ақын, аудармашы Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай; этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай мәліметтер қорына енгізілді.
Ағымдағы библиография бойынша «Қоғамдық ғылымдар» 7-серия және «Мәдениет. Тіл білімі. Әдебиет. Өнер» 6-серияларымен реферативтік журналдары электронды форматта шығарылды.


ҚАЗІРГІ КІТАПХАНАШЫ – АҚПАРАТТЫҚ-ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ МЕҢГЕРГЕН МЕДИАМАМАН
– Бұрынғы кезең мен қазіргі кезең арасында қоғамдағы кітапхана имиджі қандай, кітапханашы бейнесі қалай өзгерді?
– Бұрын кітапхана ең алдымен кітап қоры мен тыныш оқу залымен байланысты классикалық мәдени орталық ретінде қабылданатын. Оның басты миссиясы – ақпарат сақтау, оқырманға кітап беру, білім алуға жағдай жасау болатын. Кітапханашы көбіне кітаптың сақтаушысы, тәртіпті қадағалаушы, оқырманға қажетті әдебиетті тауып беретін маман ретінде танылды.
Қазіргі кезеңде кітапхана имиджі түбегейлі өзгерді. Бүгінгі кітапхана – тек кітап қоймасы емес, қоғамдық диалог алаңы, цифрлық білім беру орталығы, мәдени және әлеуметтік бастамалардың ұйымдастырушысы. Ол оқырманға заманауи технологияларды, мультимедиялық ресурстарды, онлайн қызметтерді ұсына отырып, қала мен қоғам өмірінің белсенді қатысушысына айналды.
Кітапхана ақпаратты классикалық кітап түрінде сақтау және тарату орны ғана емес, сонымен бірге қарқынды әлеуметтік-мәдени қарым-қатынас пен жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына жағдай жасайтын көпфункционалды орталыққа айналып келеді.
Бүгінгі оқырманды тек кітаптар ғана қызықтырмайды, оған жаңа мүмкіндіктер қажет. Сондықтан кітапханалар электронды каталогтар жасайды, кітаптарды цифрландырады, дерекқорлар қалыптастырады. Заманауи электрондық технологиялар оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтып, қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл – уақыттың талабы.
Сонымен бірге, кітапханашы бейнесі де өзгерді: қазіргі кітапханашы – ақпараттық-цифрлық сауаттылықты меңгерген медиамаман, мәдени ұйымдастырушы, кеңесші және қоғаммен байланыс орнатушы кәсіби тұлға. Ол оқырманға тек кітап емес, ақпаратқа қолжетімділік, цифрлық дағдыларды дамыту, білім мен мәдениетке апаратын көпір рөлін атқарады.
Қазіргі заманғы кітапханашылар – ақылды, кәсіби тұрғыдан сауатты, жан-жақты білімді, компьютерлік технологияларды еркін меңгерген, ақпараттың ұлан-ғайыр ағынынан ең қажетті, маңызды және пайдалы деректі таба алатын мамандар.
– Кітапхана саласында қайраткер ретінде мәдени іс-шаралар өткізуде ескеретін басты дүниелерді атап өтсеңіз…
– Кітапхана саласында мәдени іс-шаралар ұйымдастыру – тек оқырман тарту емес, қоғамның рухани қажеттілігін дәл сезініп, сапалы мазмұн ұсыну міндеті. Осы тұрғыдан кітапхана қайраткері ескеретін басты дүниелер мыналар:
– еліміздің мәдени өміріндегі жаңалықтарды оқырмандарға дер кезінде жеткізу,
– тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін,
– қазақ халқының көрнекті өкілдерінің мерейтойларын атап өту және қаламгерлермен кездесу кештерін,
– жаңа кітаптар тұсаукесерлерін өткізу арқылы құнды мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында мәдени іс-шараларды ұйымдастыру басты бағыттардың бірі.
Іс-шараның идеялық және мәдени маңызын анықтау. Оқырман аудиториясын терең зерделеу. Жас ерекшелігі, қызығушылығы, білім деңгейі, қоғамдағы өзекті тақырыптар – барлығы контент мазмұнын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, мазмұн сапасы мен кәсібилігі. Форматтың жаңашылдығы. Тек дәстүрлі кездесу емес, интерактив, пікірталас, көрме, шеберлік сыныбы, сахналық оқу, мультимедиялық элементтер, онлайн-трансляция сияқты заманауи тәсілдер іс-шараның әсерін күшейтеді. Ұйымдастырудың техникалық және логистикалық сапасы. Коммуникация және жарнама. Құндылық пен рухани әсер қалыптастыру. Мәдени шара тек ақпарат беру емес, тыңдаушыға ой, сезім, құндылық қалдыруы тиіс. Әсерлі сөз, көркемдік элемент, ұлттық болмыс пен заманауи көзқарасты үйлестіру – табыстың кепілі. Кері байланыс пен талдау. Шарадан кейін аудитория пікірін жинау, сапаны бағалау, келесі жобаларға қорытынды шығару – кәсіби қайраткердің тұрақты даму тетігі.
– Алыс-жақын шет елдермен шығармашылық байланыс орнатудың маңызы жайлы пікіріңізді білгіміз келеді…
– Алыс-жақын шет елдермен шығармашылық байланыс орнату – қазіргі мәдениет пен білім кеңістігінің ажырамас бөлігі. Бұл тек тәжірибе алмасу емес, елдер арасындағы рухани көпірді нығайтатын маңызды үдеріс. Оның маңызы бірнеше қырынан көрінеді:
Мәдени диалогты кеңейту. Әр халықтың руханияты – өркениеттің байлығы. Шетелдік әріптестермен байланыс мәдениеттерді жақындастырып, өзара түсіністік пен құрметті күшейтеді. Жаңашыл идеялар мен тәжірибелерді қабылдау. Әлемдік кітапхана ісі, өнер, білім, ақпараттық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелерді танып, оларды жергілікті ортаға бейімдеу кәсіби дамуға үлкен серпін береді. Бірлескен жобаларға жол ашу. Көрмелер, халықаралық форумдар, конференциялар, әдеби және білім беру бағдарламалары – барлығы кітапхана мен мәдениет мекемелерінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Қазақ мәдениетін әлемге таныту. Шығармашылық байланыс – ұлттық әдебиет, өнер, мұра, тұлғалар, тарих туралы әлемге кеңінен ақпарат таратуға мүмкіндік. Бұл – елдің мәдени брендін қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі. Кәсіби қауымдастықты нығайту. Шетелдік мамандармен тұрақты қарым-қатынас кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге ынталандырады. Жаңа ресурстар мен мүмкіндіктерге қол жеткізу. Шетелдік серіктестіктер гранттар, оқу бағдарламалары, тренингтер, бірлескен зерттеулер арқылы кітапхана саласына жаңа импульс береді.


«ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ» КІТАБЫМ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМ ҒАНА ЕМЕС, ЕСТЕЛІК-ТАҒЗЫМ ЕҢБЕК
– Бақытжамал Қайырбекқызы, өзіңіз әке-анаңыздың алдындағы перзенттік парызыңыз ретінде кітап жазғаныңыздан хабарым бар. Кітап өте әсерлі жазылған секілді…
– Рас айтасыз, ата-анаға құрмет – перзенттің мәңгілік парызы ғой. «Әкеге тағзым» – әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, өз дәуірінің абыройлы азаматы Есімтаев Қайырбек Есімтайұлының 100 жылдық мерейтойына арналған естелік-тағзым еңбек. Кітапты жазу барысында бір жағынан өткен күндерге қайта оралдым, басқа жағынан ата-анамның әр сөзі мен ісінің қаншалықты құнды екенін тереңірек түсіндім. Оқырманға әсерлі болып сезілуі де сондықтан шығар – ол шығармашылық жұмыстан гөрі жүрек сөзіне жақын дүние.
Бұл туынды – менің ата-анама деген перзенттік құрметім мен мәңгілік ризашылығымның бір көрінісі. Әкем мен анамның өмір жолы, еңбекқорлығы, адамдық болмысы мен үшін үлкен тағылым болды. Сол өмірлік сабақтар, отбасылық естеліктер, олардың маған қалдырған рухани мұрасы жүрегімде ғана емес, кітап бетінде де сақталсын деген ой болды. Әкемнің қарапайым ауыл баласынан елдің белгілі азаматына айналуы, адамгершілік қасиеті, әділдігі мен табандылығы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір.
Бұл – тек отбасы шежіресі ғана емес, әкемнің өмірге деген көзқарасын, мінезінің мықтылығын, ұрпақ тәрбиесіндегі жүрек жылуын жеткізетін әрі әкемнің жарқын бейнесін сақтайтын, оның өмірлік жолын кейінгі ұрпаққа аманат ететін рухани естелік.
– Сырлы сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК












