Алаштан бастау алған тәуелсіздік

0
2911

Қазір біз дірдектеп тоңып жүрген осы желтоқсанның сары аязында елімізде талай оқиғалар орын алған. Солардың ең алғашқысы – осыдан 108 жыл бұрын, 1917 жылы 12 желтоқсанда Алаш автономиясының құрылуы. Толығырақ айтқанда, сол жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында Екінші қазақ-қырғыз съезі өтеді. Сол съездің қорытындысы бойынша 12 желтоқсанда Алашорда үкіметі құрылып, Алаш автономиясы жарияланды. Сөйтіп, қазақ халқының өз алдына дербес ел болсам деген арманы орындала бастады.

ТУ ТҰҒЫРЫНДАҒЫ ТАРИХ

Осы бір қуанышты хабарды Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетіне былай деп баяндайды:

«…Желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаш баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» («Сарыарқа», 1918 ж., 22 қаңтар).

Алаш автономиясы 2,5 жылдай өмір сүріп, 1920 жылы Кеңес үкіметі тарапынан біржола таратылды. Алаш автономиясын құрған тұлғаларға кешірім жарияланды, алайда 1930 жылдары Алашордаға қатысы бар қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, жаппай жер-жерге айдала бастады. Ал 1937 жылы зиялы қауымның көпшілігі «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кетті. Осылайша патшалық билік құлағаннан кейінгі қазақ халқының ең алғашқы азаттыққа деген ұмтылысы Алаш зиялыларынан бастау алған болатын.

ЫЗҒАРЛЫ ЖЕЛТОҚСАНМЕН КЕЛГЕН ЖЕҢІС

Иә, осындай қуаныштың бастауы болған желтоқсан айында, 1986 жылы, Алматы көшелері қанға боялды. Бұл – сол кездегі санасы ояу қазақ жастарының «қазақты қазақ басқарсын» деген талабынан туындаған жағдай еді. Алайда бұл жолы да қаншама құрбандар кетті. Советтік билік жастарды қанша жерден жаншып тастаса да, шындығында Желтоқсан көтерілісі елдің еңсесін көтеріп тастады. Ұлттық жадымыз жаңғырып, халқымыз өз алдына ел болуды аңсай бастады. Бұл дүмпу кеңестік билікті алаңдатып, одақтағы басқа ұлттардың оянуына да әсер етті десем, артық айтқандық емес. Желтоқсан көтерілісі сол уақытта шатқаяқтап тұрған кеңес үкіметінің арада бес жыл өткен соң ыдырауына алып келген алғашқы факторлардың бірі болып тарихта қалды.

Қазақ халқы ғасырлар бойы күткен азаттықтың ақ таңы ақыры дәл осы желтоқсан айында келді. 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқы біржола өз алдына ел болып, Тәуелсіздігін алған болатын. Алайда осы жолда қаншама боздақтар жанын беріп кеткенін біз ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Біз осыны түсінуіміз керек.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ӘРБІРІМІЗГЕ АМАНАТ

Біздің алдымыздағы аға буын азаттықтың қалай келгенін біледі. Себебі, олар 86-дағы Желтоқсан көтерілісін бастан өткізіп, 91-дегі Тәуелсіздікті алғаш болып қарсы алғандар еді. Сондықтан, олар бүгінгі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді және оны бағалайды.

Ал біздер ше? Тәуелсіз елдің төл перзенттері, Тәуелсіз елдің ұрпақтары. Туған күннен бастап азаттықпен бірге жасап келе жатқан жастар – біз басымыздағы осы бір бақытты қаншалықты сезінеміз? Қаншалықты бағалаймыз? Тәуелсіздігімізді шынайы қастерлеп, қадір-қасиетіне жете алып жүрміз бе? Әлде, жаңа жылдың әсерімен анда-мында шапқылап, Тәуелсіздік күні келмей тұрып тұрғызылған шыршаларға тамсанып, бұл күнді елеусіз өткізіп алып жүрміз бе? Қалай өзі?

Мен өз замандастарыма, жастарға, Тәуелсіз елдің ұландарына айтарым:

Бүгінгі басымыздағы бақыттың, бейбіт күннің қалай келгенін сезініп, оны бағалай білу үшін бір сәт артымызға қарап, тарихтан тағылым алуға тиіспіз. Осы жолда талай боздақтардың құрбан болғанын ұмытпайық. Дәл солар сүйгендей ұлтымызды сүйіп, дәл солар қызмет еткендей елге адал қызмет етейік.

Тәуелсіздік – әрбірімізге аманат. Бұл елдің тыныштығы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Тарихымызды оқиық, одан сабақ алайық. Өз тарихымызды өзіміз білмесек, сырттан келіп ешкім бізге тарихымызды түсіндіріп бермейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Желтоқсан – қазақ тарихында терең ізі қалдырған, тарихи оқиғаға толы ай. Егер 1917 жылы Алаш автономиясы құрылмағанда, 1986 жылы жастар алаңға шықпағанда, 1991 жылы Тәуелсіздік алуымыз да неғайбыл еді. Бүгінгі ұрпақ соны ұмытпауға тиіс.

Серікбол НАЗАРБЕКҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here