Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды

0
174

Қазақстанда Нобель сыйлығы жайлы әңгіме шықса, тіл ұшына ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі еске түсетін-ді. Жылдар бойы оның төңірегіндегілер «бейбітшілік үшін Нобель алуы мүмкін» деген саяси пиар жасап, бірнеше рет бейбітшілік сыйлығына ұсынғанын білеміз. Олар антиядролық риториканы да Назарбаевтың атымен байланыстыруға тырысты. Бірақ, Қазақстанда Нобельге шын мәнінде бір табан жақын тұрған тұлға мүлде басқа адам. Ол «Невада-Семей» қозғалысын бастап, Семей полигонын жабу ісінде халықты соңына ерткен Олжас Сүлейменов.

Жақында жасылдар партиясы «Байтақ» Олжас Омарұлын Нобель сыйлығына ұсынғанын жариялады. Себеп ядросыз әлем үшін күрестегі еңбегі. «Невада-Семей» қозғалысының тарихын көзбен көрген, сол командада бірге жүрген адамдар оның рөлін жақсы біледі.

1989 жылы полигон іс жүзінде тоқтап, 1990 жылы ресми жабылу жолына түскенде, бұл үрдістің алдында саясаткерлер емес, ақын бастаған зиялылар, ғалымдар, журналистер, атом бомбасынан зардап шеккен қарапайым халық тұрды. Мыңдаған белсенді, миллиондаған жақтаушы бар нағыз ұлттық қозғалыс болды.

Уақыт өте келе, Назарбаев осы күрестің саяси «капиталын» өзіне жазып алғысы келді. Антиядролық бастамалардың негізгі авторы ретінде Назарбаевтың есімін алға шығаруға тырысқан әрекеттер байқалды.

Нобельге ұсыну талпыныстары да осы ақпараттық саясаттың бір бөлігі болғанын білеміз.

Бірақ, халықаралық комитеттің көзі соқыр емес қой. Олар Назарбаевтың авторитарлық басқару режимін, «Казахгейт» сияқты атышулы жемқорлық жанжалдарды, Назарбаев биліктің ұзақ жылдар бойы билікті бір қолға шоғырландырғанын жақсы біледі. Мұндай әрекеттердің фонды Назарбаевтың бейбітшілік сыйлығын алуы ұят қой.

Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі халықаралық саясатта маңызды қадам екені даусыз. Алайда Нобель үшін тек саяси декларация жеткіліксіз. Комитет көбінесе қоғамды қозғаған, тәуекелге барған, ұзақ жылдар бойы күрес жүргізген адамдарды бағалайды. Ал, Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысы дәл сондай феномен болды. Халықты оятты, ядролық сынаққа қарсы әлемдік күн тәртібін өзгертті, басқа елдерге үлгі көрсетті. Семей полигонының жабылуы дүниежүзіндегі ядролық сынақтарға мораторий идеясын күшейткен мысалдардың бірі саналады. Сондықтан, «Нобельге кім жақын болды?» деген сұраққа қарапайым жауап шығады. Назарбаев сыйлықты ұзақ армандады, бірнеше рет оның атын ұсынуға тырысты, бірақ халықаралық қауымдастық оны қабылдай қойған жоқ.

Олжас Сүлейменов болса, көп айтпай-ақ, нақты ісімен ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың бет-бейнесіне айналды. Бүгін оны Нобельге ұсыну бастамасы кеш те болса, тарихи әділдікке ұмтылу ретінде қабылдауға болады.

Нұрлан ЖҰМАХАНОВ.

РЕДАКЦИЯДАН:

2018 жылы Олжас Сүлейменов «Qazaq» газетінің редакциясында қонақта болып, газеттің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев, бас редакторы Жасұлан Мәуленұлымен кездесіп еді. Сондықтан, бейбітшілік үшін күрескен тұлға Олжас Омарұлын Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын біз де қолдаймыз. «Жолға шық, жол өзі апарады» деген Румидің сөзімен айтсақ, бір жақсы қадамның өзі көптеген жетістікке жол ашады. Бір күні торқалы тоқсан жастағы Олжас Сүлейменов Швеция астанасы Стокгольмдегі үлкен сахнада Нобельдік дәрісін оқып тұрмасына кім кепіл? Лайым солай болғай!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here