Әріптес туралы сөз

0
2770

Өмір керуені баяу теңселіп бір тоқтаусыз алға жылжып бара жатыр… Бүгінде көзі тірі болғанда, әріптесіміз, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Минал Динейхан 75 жасқа келер еді. Бірге жүріп, бірге қызмет істеп, пікірлес болған азамат туралы өз ойымды білдіруді парыз деп білдім.

Мен Динейханды алғаш рет, ұмытпасам, 1984 жылдың жазында Ресейдің Дубна қаласындағы Халықаралық ғылыми орталық – Ядролық зерттеулердің бірлескен институтында (ОИЯИ) жолықтырдым. Бұл орталықта Еуропаның, Азияның сан алуан елдерінен келген ғалымдар ядролық зерттеулер жүргізіп, бірлесіп жұмыс істейтін. Біздер, сол кездегі аспиранттар бүкіл жазғы уақытымызды сонда өткізетінбіз. Орталықтың бай ғылыми кітапханасында жұмыс істеп, сол кездегі ең қуатты электрондық есептеу орталығында өзіміздің математикалық сандық есептеулерімізді жүргізетінбіз. Бір жолы сол Дубнада аспирантурада оқып жүрген Төребек Каипов маған осында Моңғолиядан келген бір қазақ азаматы жұмыс істейтінін айтып, таныстырды. Есімі Динейхан, аққұбаша келген әдемі жігіт екен. Аса тіл табысып кете қойған жоқпыз. Сөзге сараң, кекірейіп тұрып онша илікпеді. Мінезі солай ма, жоқ әлде ол кезде әр қимылыңды қалт жібермей сұр көзімен жіті бағып тұратын «үш әріптен» именді ме, әйтеуір әңгіме аман саулықтан арыға бармады…

Дүние төңкеріліп, қызыл империяның быт-шыты шығып, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Динейханмен өзіміздің физика факультетінің қабырғасында қайта жолықтық. Ол алғашқылардың бірі болып өзінің тарихи Отанына бет бұрған қандастарымыздың қатарында еді. Бұл кез білімнің берекесі кетіп, елдің бәрі қап-қап сабан ақша санап, саудагер бола бастаған кезең болатын. Орталықтан оқып келген болашағы бар жастардың көбі бизнеске кетіп, факультетте аға буынның артынан ерген бірен-саран ғана қатарластарымыз қалған кез еді ол. Динейхан ортамызға осы кезде қосылды. Ол бізге бірден сіңісіп кетті деп те айта алмаймын, алғашқы кезде оған, әсіресе ағаларымыздың тарапынан, сақтықпен, біршама тіксіне қараудың болғаны рас. Бұл заңды да еді, ол кезде физфакта әлі де болса аға буын өкілдері тірнектеп жинаған бедел-абыройдың жұрнағы бар болатын. Іргелі университеттік білімі, иә болмаса жоғары ғылыми атағы жоқ, сырттан келген бейтаныс кісілерді ол кезде факультетке алмайтын. Алыстағы аты белгісіз пединститутты әзер тәмәмдап, есеп шығара алмайтын болса да біреуге туыс-жұғыстығымен біздің физфакка келіп аға оқытушы болып, жастарды өзінің туысқани идеологиясымен улауға ағаларымыз ол кезде жол бермейтін.

Динейхан бізге осындай кезде келді. Ол факультетке орналасқан соң ешнәрсеге бой бұрмай ғылыммен айналысуын жалғастырды. Физфактың ескі ғимратындағы өзінің 305 лабораториясына ерте келіп, кеш қайтатын. Бөлмесінде академик Н.Н.Боголюбовтың үлкен портреті ілулі тұрушы еді. Динейхан ОИЯИ-дың теориялық физика лабораториясының (ЛТФ) түлегі. Ал, бұл Боголюбовтың тікелей басшылығымен құрылған лаборатория, сондықтан ол өзін белгілі дәрежеде Боголюбов мектебінің өкілімін деп есептейтін және мұнысы орынды да еді. Уақыт өте келе факультетте Динейхан өзінің кім екенін, қандай ғалым екенін бірте-бірте дәлелдеп, мойындатып шықты. Ғылыми көзбояушылықтан бойын аулақ ұстап, өзінің жетістіктерін беделді шетелдік басылымдарда жариялауда ол факультет ғалымдарының алдында болатын. Факультеттегі диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде елімізде әкімдер мен көсемдері жаппай ғылымға бой ұрып, диссертация «қорғай» бастаған кезде, факультетте қорғалатын жұмыстардың сапасы үшін жанын салып, бірді-екілі парасатты ағаларымен қосылып, ізденушілерге ең қиын сұрақтарды да қоятын осы Динейхан болатын…

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сөз бар. Соңғы жылдары ол ғылыми топ құрып, шәкірттер тәрбиелеуге көп күш салды. Динейханның тікелей әрекетімен және аса парасатты азамат, ғалым Қайрат Қамалұлы Қадыржановтың қолдауымен біздің факультетті бітірген бір топ жастар Дубнадағы Халықаралық ядролық орталыққа қызметке орналасты. Оның бергі жағында оның тікелей араласуымен Дубна университетімен бірлесе маман даярлауға қол жетіп, теориялық және ядролық физика кафедрасындағы «ядролық физика» мамандығының бір топ студенттері қос диплом алу дәрежесіне ие болды. Кейбір «өзімнен басқаны болдырмаймын» дейтін қамқоршы ағаларының жасанды кедергісіне қарамастан ол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын табуда, Қазақстанның әр түкпірінен келген қаракөздер Ресейден білім алып қайтуда.

Динейханмен соңғы жылдары етене араластым. Ол менің Дубнаға бес жылға қызметке баруыма септігін тигізді. Өзі де Сәуле екеуі кішкене ұлы Әлібекпен бірге бүкіл жазғы уақытын Дубнада өткізетін. Жанұясымен жаз бойы жемісті еңбек етіп, оның нәтижесін ғылыми семинарларда баяндап, бір-екі ғылыми мақалаларын Еуропаның белді журналдарына өткізіп қайтатын. Сол Дубнада болған кездерде зертханада күні бойы көзіңнің майын тауысып шыққан соң кешкі қоңыр салқынды бетке алып, Волганы жағалап көп жүретінбіз. Кейде орыс орманының ішіндегі соқпақ жолмен бір ауық жерге велосипедпен серуендеп те қайтатын едік. Осы сәттерде көп әңгімелесіп, пікірлестік. Сол кезде мен оны азамат ретінде тереңірек таныдым. Мүмкін, туған жерден тысқары өскендігінің салдары ма екен білмедім әйтеуір, онда бір жасандылықсыз Отаншылдық бар еді. Қазақстанның титтей де жетістігін көрсе балаша қуанатын. Артымыздан желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектер өссін, терең білім алсын деген жақсы ниет болатын және соған еш даңғазасыз бар күш-жігерін салатын. Қазақстандағы жалпы білім деңгейінің төмендегеніне күйініп, кейбір билік басындағы азаматтардың пендешілік әрекеттеріне налып, жағасын ұстайтын. Бірақ, түбінде бәрібір Қазақстанның болашағы рухани таза, білімді жастармен байланысты болатынына сенімді еді.

Жақында физика-техникалық факультетте Минал Динейханның 75 жылдық мерейтойы атап өтілді. Үлкен ғылыми семинар ұйымдастырылып ол жерде әлемнің түкпір-түкпірінен (Ресей, Моңғолия, Сингапур, т.б.) ғалымдар баяндамалар жасады. Осы семинарға Динейханның қанатының астынан шыққан жас ғалымдардың үлкен тобы Дубна қаласынан келіп қатысты. Олардың көбі бүгінде өз бағытында белгілі талантты жас ғалымдар. Олардың ішінде сол Дубнадағы институт басшылығында қызмет істейтіндері, ғылыми топ немесе зертхана басшылары да бар. Ұстаз еңбегінің өтеуі осы болар. Бұл өткен шараның студенттерге, осында еңбек етіп жүрген жастарға тәрбиелік мәні зор болды.

Оңласын Имамбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here