Қазақтың күй дәстүрі өңірге қарай әуені де әртүрлі сарында болып келеді. Қазақ музыка саласының мамандары қазақ күй мектебін жеті мектепке бөліп келген. Қазір Шыңжаң өңірінің Алтай, Тарбағатай, Іле күйлерін бір мектеп ретінде қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп болып қалыптасу үшін де көп жұмыстар жасалуы керек екені сөзсіз.
Биыл көктемнен бастап Алтай, Тарбағатай, Іле күйлерін насихаттау үшін бар күшін салған Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясы «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің сыбызғышысы, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Шығыс Маханұлы ағамыз бел шешіп кірісіп, түрлі кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе отырып, Тәуелсіздік күні қарсаңында 2025 жылдың 8-ші желтоқсанынан 12-ші желтоқсанына дейін сексенді алқымдаған Долда Кенешұлы ағамыздан бастаған, жетпісті желкесінен тұқыртып ұстаған Ауданбек Жұмабайұлы ағамызбен Бейсенбек Оханұлы ағаларымыз қостаған 18 күйші, домбырашыны елордасы Астанаға шақырды.
Жеті атасынан күй дарыған күйшілеріміздің шабыты ерекше болды. Өйткені, қазақ алтын қорына күй беру көбіміздің арманымыз еді. Сол арманға жетіп шектеуі жоқ еркін көсіліп, күйлерді орындағанымызға шабыттанбай тұра алмадық. Осы арқылы «Қазақ» радиосы, «Шалқар» радиосының әуе толқынын күймен тербеп, «Абай» телеарнасын күймен көмкердік.
Долда Кенешұлы ағамыз Тайыр Белгібайұлының «Салкүреңіне» қамшы басса, Бейсенбек Оханұлы ағамыз Қайрақбай Шәлекенұлының «Мол қоңырын» аяңдатып, Ауданбек Жұмабайұлы ағамыз «Дайынкөлді» толқытты. Қызырбек Жанасылұлы ағамыз «Бұлғын сусарды» бұлқытса, Назарбек Сәбенұлы ағамыз халық күйі «Желмаяны» желдіртті. Сарқытбай Қалиұлы Бәзқалам Айқынбайұлының «Жолаушысымен» жолға шықса, Кенжехан Абдуллаұлы Әубәкір Серібайұлының Зуқа батырдың «Жырық құласын» ойқастатты. Ынтымақ Қыдырханұлы «Қыдырханның кер жорғасын» жорғалатса, Нұрбол Сіламбекұлы Әтіқан Исаұлының «Қос келіншек» күйін былқылдатты. Шығыс Маханұлы халық күйі «Ертіс толқынын» толқытып, «Жылып өткен дүниені» сыбызғымен тербетсе, Адақ Бәдешұлы Қыдырмолла Ақайұлының күйі «Тас бұлақты» тастан құлатты. Нұртай Мұқанайұлы халық күйі «Сұр мергенді» нысанаға алса, Аршын Кәсімбайұлы Кәсімбай Құсайынұлының «Шабыт шақыру» күйімен шалқытты. Мақсат Сәутайұлы Әліпбек Мәлікұлының «Іле тұлпарын» дүбірлетсе, Елесбүбі Әмзебекқызы Құрманжан Зікрияұлының күйі «Әсетті» әуелетті. Сағын Қапанұлы «Жібек жал, серке санның жетекте кеткенін» жетектесе, Қайрақпай Шәлекенұлының тіке ұрпағы Келсін атасы Қайрақбай Шәлекенұлының күйі «Бұтабайға кеңесі» мен кеңесті. Мақат Қинаятұлы атасы Болмас Төлемісұлының күйі «Мұсабаланың» рухымен рухтандырса, Мұхтар Әділұлы Әшім Дұңшыұлының күйі «Ботамды» боздатты.
Бұл күйшілердің басты ерекшеліктері орындаған күйлері «Абай» теле арнасына тың тақырып болды.
«Абай» теле арнасының продюсері әрі редакторы Гауһар Төлекбай былай дейді:
– «Абай» телеарнасы күй өнерін насхаттауға арналған «Қос алқа» бағдарламасында жобаның үш бөлімін осы үш өңірге арнады. Телеарна ұжымы қолға алған жаңа жоба «Қос алқа» бағдарламасы халқымыздың күй қазынасын насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге жас таланттарды, орындаушыларды елге таныстырамыз. Жобада күй мамандары сарапшы бола отырып, күйдің тарихы, болмысы, орындау шеберлігі, сонымен бірге күйдің зерттелуі жайында пікірлерімен бөліседі. Әр шығарылым қазақтың әр күй мектебіне арналады. Біз бұған дейін Батыс күйшілік мектебін, Жетісу күйшілік мектебін, Арқа күйшілік мектебін түсірдік. Жобаның үшінші бөлімін Алтай, Тарбағатай және Іле күй мектептеріне арнап отырмыз. Сондай-ақ Алтай, Тарбағатай, Іле күйлері өздері үшін жаңалық болғандығын да жасырмады.
Осы жолғы сапарымыз біз үшін үлкен мәдени алмасу болды. Қазақ музыка мәдениетін, күйін жоғары деңгейде көтеріп жүрген Қазақ оркестрінің бас дирижері, композитор, күйші, домбырашы Айтқали Жайымов ағамызды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, ұлағатты ұстаз, домбырашы Ермұрат Үсенов ағамызды, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясы «Сары арқа» Халық музыка ансамблінің жетекшісі Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Тоғжан Жақин мырзаны, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, мәдениет саласының үздігі, өнер тану ғылымдарының магистрі Нұрбаева Динара Аманкелдіқызы қатарлы музыка танушылардың бағасын алып, өзіміздің олқы жерлерімізді толықтырдық.
Көп жылдардан бері қазақ халқының ұлттық өнері күй мұрасын насихаттап келе жатқан күйші, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбай «Қазақ» радиосының алтын қоры таптырмас құнды мұрамен толыққанын айта келе біз білмейтін күйлердің үлгілерін осы жолы жазып алдық деп ағыннан ақтарылды.
18 күйшіні Астана төріне шығарып, арнаулы қонақ үйге орналастырып, тамағын қамтамасыз етіп, жүрген көліктеріне дейін, барып қайтқан ұшақ билеттерін алып беріп көмек көрсеткен ағаларымызбен, інілеріміздің де еңбегі өз алдына бір төбе. Маслихат Тусен ағамыз сүбелі жұмыстардың басы қасында жүретін, ұлттың толғақты мәселелеріне көңіл бөлетін, басшы мен халықтың арасын жақындата алатын, ауызы дуалы, сөзге шешен, айтқан сөзіне ел тоқтайтын көсем бола алатын кәсіпкер ағамыздың «Нұр Арқа» ЖШС басшысы Нұрдаулет Нұбаракұлы мен «Құт медия» компаниясын ұйымдастырып алтын қорға күй жазуға барлық күйшілердің тұрмысына көмектесті.
Осы азаматтардың көмегінің арқасында Қазақ радиосына, «Абай» телеарнасына жалпы 218 күй жаздық.
Арқада арқа сүйеріміз бар екенін біліп, біз арқаға арқамызды сүйеп қайттық.
Аршын Кәсімбайұлы,
күйші, композитор, Алтай, Іле, Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі









