13 жастағы қазақ қызы Әлем чемпионы атанды

0
2619

12-13 қарашада Абу-Даби қаласында (БАӘ) джиу-джитсудан Әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзілік дүбірлі додада «Сағадат батыр» спорт клубының сапында сынға түсіп жүрген Лашын Нұрмағанбет қарсыласына шақ келтірмей, топты жарды. Осылайша, 13 жастағы қазақ қызы джиу-джитсудан Әлем чемпионы атанды.

Джиу-джитсудың хас шеберлері әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Бұл – бәсекелестік деңгейі аса жоғары болды деген сөз. Соған қарамастан, Лашын іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, 4 қарсыласын артта қалдырды. Мамандар оның әр жекпе-жегін турнирдегі көрнекті белдесу деп бағалады. Ол Абу-Дабиден таңғы 3:30-да ұшып келгеніне қарамастан, ешқандай сылтау айтпай, өзінің сүйікті ісі – джиу-джитсу жаттығуын жалғастырып кетті. Міне, спортқа деген адалдық осындай болса керек.

Қазақ қызы джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы атанды

Шынайы чемпион – тек медаль үшін емес, ол өзінің жолын таңдаған және осы жолда тынымсыз еңбек етуді өмірінің мәні деп түсінген спортшы. Лашын дәл сондай адам. Спортты, әсіресе джиу-джитсуды шын жүректен жақсы көреді. Еңбек пен тұрақтылықтың арқасында биік шыңдарды бағындырып жүр. Өзі үшін жұмыс істеп, тек жеңіс емес, үнемі даму мен жетілу жолында жүрген жас чемпион.

Бұл – тек жеке спортшының ғана емес, тұтас ел спортының үлкен жетістігі. Әсіресе, «Сағадат батыр» спорт клубы үшін бұл үлкен мәртебе мен жетістік. Мұндай спорт клубтарының бағыты – жас чемпиондарды тәрбиелей отырып, табанды еңбек пен үздіксіз жаттығудың нәтижесінің жемісі – еліміздің жеңісі екенін халықаралық дәрежеде мойындаттыру. Бапкерлердің кәсіби қолдауы мен отбасының сенімі де үлкен рөл атқарды. Оның жетістігі көптеген жас спортшыларға үлгі болып, алға ұмтылуға жігер береді.

Бапкері Нариман Дауылбаевпен бірге.

«Әр күнгі жаттығу, әр ақыл-кеңес, отбасымның, достарымның қолдауы – бәрі менің әлемдік деңгейге шығуыма ықпал етті. Әсіресе, бапкерім Нариман Дауылбаевқа шын жүректен алғыс айтамын. Олардың сенімі, маған артқан үміті үлкен рөл атқарады. Әлем чемпионатына қатысуым осы қолдаусыз мүмкін болмас еді. Бұл медаль – әрқайсыңыздың еңбегіңіздің нәтижесі әрі менің маңдай терімнің өтеуі», – дейді спортшы.

Лашын Нұрмағанбет оқу мен спортты қатар алып жүр. Ол – Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназиясының 8 сынып оқушысы. Алға қойған мақсаты – айқын. Өз кезегімізде спортшыға бағындырар белесі көп болуын тілейміз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here