Желтоқсан – намыс пен ерліктің күні

0
1927

Ұлы Абайдың рухынан қуат алып, Алаш рухымен астасқан Абай университетінде Желтоқсан рухының да жатқаны анық. Сол бір сын сағаттарда қасиетті қарашаңырақтың ұстаздары мен студенттері де мемлекет іргетасына сына қағылған сәттерде ұлт ісі жолында болғаны анық. Солардың біразы әлі күнге дейін университетте қызмет істеп келеді. Олар ешқашан кеуделерін соғып көрген емес, жай қарапайым ғана азамат ретінде жұмыстарын істеп жүр. Осы орайда, бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Түлектер қауымдастығы орталығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыровты сөзге тартқан едік. 

«Қала үстін қаптаған ызғар адам сүйегіне дейін өтіп тұрған шақ еді. Бірақ 1986 жылдың 16 желтоқсанында суықтан бұрын жастардың жүрегіндегі намыс қатты болды. Таңертең алаңға бет алған студенттер бұл күннің тарихқа айналарын білмеді. Қорқыныш пен үміт бетпе-бет келді. Кеңестік өктем жүйе ұлттық ой мен еркін пікірді мойындаудан бас тартқан тұста, жастар үнсіз қалмады. Олар ел тағдырына бейжай қарамай, болашағы үшін алаңға шықты. Сол күнді бастан өткергендер үшін бұл жай оқиға емес, өмірдің ең ауыр сынағы, адамдық пен азаматтықтың өлшемі болды» деп еске алады сол күндердің куәгері, 1986 жылы алаңға шыққан студент, бүгінде Абай университетінің доценті, суретші, этнодизайнер Болатбек Нұрбатыров.

Жас ұрпаққа білім беріп жүрген ұстаздың Желтоқсан көтерілісіне қатысты естеліктері жүрегінде мәңгі өшпестей боп сақталған. Алғашында бейбіт түрде жиналған екі мыңға жуық студент қолдарына ұран жазылған плакаттар ұстап, өз пікірін білдіргенін, бірақ көп ұзамай алаңда қоршауға алынғанын былай деп суреттейді:

– Әуелі алаңды жауып тастады, сырттан келгендерді кіргізбей қойды. Артынша милиция мен әскер қысым көрсете бастады. Сол сәтте жүректе қорқыныш та, намыс та қатар оянды. Қашқымыз келмеді, бірақ қорғануға да дәрмен жоқ еді.

Куәгердің айтуынша, алаңмен ғана шектелмеген жастарды қудалау жатақханаға дейін жалғасқан. Сол кездегі студенттердің бір-біріне көмектесіп, жанындағыларын қорғауға тырысуы – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Әрбір қанға боялған студент – тек жеке оқиға емес, сол буынның ерлігі мен тағдырын көрсететін сәт екені даусыз.

– Бір уақытта жатақхананың есігі тарс етіп ашылып, ішке қанға боялған студенттерді сүйреп әкелді. Біз топ болып, жараланған студентті қолтықтап, қауіпсіз жерге апардық. Сол сәтте әр адамның өмірі бір-біріне тәуелді екенін түсіндік. Қайсарлық пен бірліктің шегі жоқ екенін сол кезде сезіндім, – дейді.

Болатбек Боданұлы Желтоқсан көтерілісінде студент қыздардың батылдығы мен қайсарлығы ерекше әсер еткенін айтады. Олар қорқынышты жеңіп қана қоймай, ерлермен бірге ұран көтеріп, алға ұмтылған. Бұл – тек физикалық ерлік емес, моральдық батылдық еді.

Қиын-қыстау кезеңде университеттегі қамқорлық танытқан ұстаздар қауымына да сол кездегі студент ризашылығын білдіреді. Шәкірттерін өз баласынан кем көрмей қорғаштап, тарихи әділеттілік орнатуға оқытушылардың да үлесі мол болды дейді желтоқсаншы.

«Қақтығыс күн мен түнге ұласты. Әрбір қадам – өмір мен өлімнің арасында өтті. Бірақ сол зұлмат күндер жастардың жүрегіндегі бірлік пен әділдікке деген сенімді өшіре алмады. Әрбір әрекет – қарапайым студенттердің бойындағы азаматтық пен намыстың көрінісі болды» дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Абай университетінің қабырғасында Болатбек Нұрбатыровтан басқа да Желтоқсан көтерілісіне қатысқан куәгерлер еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, Еркін Ермұханов, Гүлнара Сабденалиева, Мұрат Жақсыбаев, Зульфия Унербаева, Жанатбек Ішпекбаев, Камил Малдыбаев, Гаухар Ибатова, Дәулен Ыдыросов, Венера Рыстыгулова, Болатбек Нұрбатыров, Раушан Канапьянова, Болат Шарақымбай, Азия Жұмабаева, Ерсайын Молдасанов, Жайнагүл Садықова, Есен Құлжабаев, Марат Әбдірахманов, Мәлік Қайдаров, Серғазы Жаманқараев бар.

Демек, Абай университетінің қабырғасында Алаш рухымен бірге Желтоқсан көтерлісінің де ізі жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ұлтымыздың егемендік жолындағы қастерлі қадам болып қала бермек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here