Құбыр кек қайтарудың құралына айналды ма?

0
2762
Фото: ria.ru

Қара теңіздегі Ресей-Украина соғысының эскалациясы тағы да Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына кері әсер етті, ал бұл консорциум арқылы әлемдік нарыққа тек ресейлік қана емес, сонымен бірге қазақстандық мұнай да түседі. Бұған дейін Украина оған әр-әр жерінен шабуыл жасаған болатын. Мәселен, биыл ақпан айында Солтүстік Кавказдағы мұнай айдайтын станцияларға және қыркүйекте Новороссийскіде КҚК кеңселеріне соқтықты. Алайда 29 қарашада мұнай терминалының теңіз тиеу-түсіру құрылғылары соққының астында қалып, мұнай экспортын жалғастыруда күрделі мәселелер туындады.

Соғыс салдары: Құбыр кек қайтарудың құралына айналды ма?

КҚК ЖҰМЫСЫ ТОҚТАСА КІМ ҰТЫЛАДЫ?

Украина әскерлерінің көзқарасы тұрғысынан алғанда КҚК бар болғаны Ресейдің мұнай инфрақұрылымының бір элементі болып қана көрінуі мүмкін, сондықтан да олар үшін бұл шабуылдар РФ экспорттық кірісін төмендетіп, Украина энергетикасына жасалған Ресей соққысына жауап ретінде лайықты саналады. Алайда шынайы әсері мүлдем басқаша: мұндай шабуылдар Ресейге соншалықты шығын келтірмейді, есесіне бұған Украина серіктестерінің көңілі толмайды.

КҚК шынында да Ресейдің Солтүстік Кавказда өндірілетін мұнайын әлемдік нарыққа тасымалдайды. Бірақ, 2024 жылы оның үлесіне айдалған мұнайдың жалпы көлемінің бар болғаны 15%-ы ғана тиді (күніне сол кездегі қуаттың 1,2 млн-ның 200 мың барреліне жуығы). Қалғаны – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі Каспий кен орындарындағы қазақстандық мұнай. Бәрі де күрделі және өңдеу жағынан қымбатқа түседі, оларды ExxonMobil, Chevron, TotalEnergie, Eni, Shell және басқа да әлемдік ірі компаниялар қатысатын консорциумдар пайдаланады.

Бұл жобалар сомасы жағынан Қазақстанның мұнай экспортының 80%-дан астамын қамтамасыз етеді (яғни елдің экспорттық кірісінің 40%-ға жуығы). Іс жүзінде бұл көлемнің бәрі әлемдік нарыққа КҚК арқылы түседі, ол Теңіз кен орнынан басталып, Новороссийск маңайына барады.

КҚК иелері – «КҚК-К» және «КҚК-Р» компаниялары, Қазақстан мен Ресейде жұмыс істейтін, әрқайсысы күрделі акционерлік құрамы бар екі компания. Негізінен бұл батыс мұнай-газ компаниялары қазақстандық кен орындарындағы өңдеу жұмыстарымен айналысады. Қазақстанға 30% тиесілі, тағы 24% – ресейлік «Транснефть» үлесінде. Ақырында батыспен бірлескен кәсіпорындар арқылы ресейлік мұнай-газ компаниясының аз ғана үлесі бар.

Мұндай күрделі құрылым көбіне КҚК мәні тасымалдан пайда табуда емес, жай ғана акционер компаниялардың әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етуінде деп түсіндіріледі.

Нәтижесінде, КҚК жұмысының толық тоқтауынан Ресейдің болашақта бататын шығынын есептеп көрсек, онда шығын толық алынбаған дивиденттер мен консорциум пайдаланғаны үшін түсетін салықтан, сонымен қатар Солтүстік Кавказдан Новороссийскіге теміржолмен күніне 200 мың баррель мұнай жеткізуден келеді.

2024 жылы КҚК-ның жалпы түсімі 2,3 млрд АҚШ долларына теңесіп, оның 1,3 млрд долларын дивиденттер төлеп, 200 млн долларға жуығы салықтан түскенін ескере келе бірінші элементі 0,5 млрд долларға жуық болды. Теміржол тасымалы үшін қосымша шығындарға тағы 100-150 млн доллар қосылады.

Жалпы сомасында бұл Ресейдің шығынын жылына 0,6-0,65 млрд долларға көтереді, бұл әрине соншалықты аз емес, бірақ КҚК тоқтағаннан Қазақстан мен онда жұмыс істейтін халықаралық мұнай компаниялары жылына шамамен жоғалтатын 27 млрд доллардың қасында еш салыстыруға келмейді.

Оның үстіне олар өзінің бұл шығыны үшін Киевті кінәлайтын болады. Себебі, КҚК-ның сорғы станцияларына жаппай шабуылдар кезінде берілген соққыны байқаусызда болған деп есептей салуға әлі де болса, онда Новороссийскідегі негізгі порттан бес км қашықтықтағы тиеп-түсіру терминалына теңіз дрондарын жіберу негізгі нысан КҚК болғанына күмән қалдырмайды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Украинаның шабуылдарын тоқтатуға шақыратын шағымға толы арызын жариялады. Оған жауап ретінде Украина Сыртқы істер министрлігі іс жүзінде соққыларды мойындады, Қазақстанның Ресеймен қатынасында принципті позициясының жеткілікті еместігіне тиісті және өз шабуылдарынан Ресей аумағында болған шығынды әбден лайықты санайтынын тұспалдап жеткізді.

Сонымен қатар, Қазақстанның мұнайын экспорттауда агрессор елмен өзара іс-қимылға түспейтіндей, баламалы бағдарларды табуға уақыты жеткілікті болғаны туралы пікірлер де айтылуда. Ал егер Қазақстан мұны әлі күнге істемесе, онда бұл өзінің кінәсі және жеке мәселесі. Алайда бұл шын мәнінде солай ма? Ойланатын, ойласатын сұрақ осы.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАЛАМА БАҒЫТТАРЫ БАР МА?

Алдымен Каспий кен орындарының мұнайын қайда және қалай сату керектігін тек Қазақстан ғана шешпейді. Ол іс халықаралық компаниялармен арнайы келісімшарт жағдайында әзірленеді, сондықтан тасымалдау бойынша шешімді де оператор компания қабылдайды. Экспорттық құбырлар желісі құрылысына да солар ақша салады.

Оған қоса Қазақстан – өз географиясының тұзағында қалып отыр. Мұнай экспорты үшін оңтүстік бағыт шын мәнінде жабық, яғни Өзбекстан мен Түркіменстанның да, одан әрі оңтүстікке қарай жатқан Иранның да өздерінің өндіретін мұнайы жеткілікті, ал Ауғанстан нарығы аса үлкен емес. Үнді мұхитына осы елдер арқылы шығу қиындап кеткен, бұл бағдарда биіктігі 6 мың метрден жоғары тау жоталары бар. Соңында Иран мен Ауғанстан арқылы экспорттаудың саяси тәуекелдері бірнеше жылдар бойына әсіресе батыс компаниялары үшін қолайсыз болып келеді.

Қазақстан мұнайының бір бөлігін Қытайға экспорттайды, 2000 жылдары осы бағытта қуаттылығы жылына 400 мың баррель болатын құбыр желісі салынған. Оған елдің орталық және шығыс бөлігіндегі шағын кен орындарынан мұнай жинап, Қытайдың мұнайға сұранысы аз шеткі батысына жеткізеді.

Бұл бағыттағы мұнай экспортын арттыру үшін Қазақстандағы және Қытайдағы қолданыстағы құбырларды айтарлықтай кеңейту, сондай-ақ бірнеше км тасымал төлемін төлеу керек болар еді. Бұл ретте барлық салынған күш Қазақстанды да, онда жұмыс істейтін халықаралық компанияларды да жалғыз сатып алушыға тәуелді етіп қояр еді.

Сонымен тағы бір бағдар, Әзербайжан арқылы Жерорта теңізіне шығу жолы бар. Бакуден Түркияға Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр желісі бар, ол Әзербайжанның теңіз кен орындарынан мұнай тасымалдау үшін салынған. Ондағы кіріс азаюда, сондықтан құбырда бос орын бар, алайда бәрібір ол қазақстандық өңдеу ауқымы үшін жеткіліксіз. Басты мәселе Қазақстаннан Бакуге мұнайды сол баяғы Ресейдің аумағы арқылы жеткізу болады, бұған Мәскеу келісе қоюы неғайбыл, болмаса танкерлер арқылы жеткізу жолы бар. Бірақ, Каспий теңізінде қазір көлемі 8 мың және одан аз су сиятын бар болғаны 20-ға жуық танкер бар. Ал Қазақстанның негізгі мұнай порты Құрық күніне тек 200 мың баррель жөнелте алады.

Теориялық тұрғыдан Қазақстан Әзербайжанға дейін теңіз құбыр желісін сала алар еді. Оның үстіне 2018 жылы Каспий теңізінің заңи мәртебесі туралы Тұжырымдама қабылданғаннан кейін бұған енді жағалаудағы мемлекеттердің келісімі қажет етілмейді. Дегенмен, бәрібір де теңіз-көлде тиісті ауыр құралдардың жоқтығымен байланысты көптеген техникалық мәселелер сол күйі сақталып қалып отыр. Қалай болғанда да мұндай жобаны үш жылда  жүзеге асыру мүмкін болмас еді.

МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Қазақстан және компаниялар – қазақстандық мұнай жобаларының операторлары КҚК мәселелерімен таяу жылдары ұшырасты, яғни 2022 жылы көктем-жазда мұнай тиеу ол жақта төрт рет тоқтатылды. Алайда ол кезде мұның артында Ресейдің әрекеті тұрды, олардың қадағалау органдары аяқ асты КҚК-ның тиеу-түсіру құрылғыларынан көптеген техникалық мәселелер тауып, көрші ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен жарылмай қалған снарядтар қаупінен сақтанды.

Ресей сол кезде санкциялар мұнай саудасының көлемін бірден азайтарынан қауіптенді, сондықтан өзінің басқа да жеткізушілерге ықпал ету тетігі бар екенін көрсетіп қалғысы келді. Мәселен, егер әлем Ресей мұнайы тапшылығы мәселесінен айналып өтуге сенім артқан болса, сонымен бірге күніне миллион баррель болатын қазақстандық мұнай да кететінін түсінуі керек еді. Оның үстіне ірі батыс мұнай компанияларының саудасын санап тауыса алмайды.

КҚК арқылы Қазақстан экспортының тоқтауы 2025 жылы да Ресей үшін оң жамбасына келеді. Мұндай жағдайда Үндістан, Қытай, Түркия Ресей мұнайын төмен жеңілдікпен, қуана-қуана сатып алады, ал бағаның жалпы деңгейі арта түседі, бұл санкцияны айналып өтуде анағұрлым тартымды ете түседі. Ал бұған Ресейдің өзі емес, Украина кінәлі болатыны Мәскеудің позициясын анағұрлым жайлы ете түседі.

Украинаға жақтас елдердің мұнай газ компаниялары мұны жүрекке жақын қабылдауда. Себебі, өндірістің 20 пайызын беретін Chevron Kazakhstan – АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Бұл компаниялардың лоббисттік ресурсы қазір олардың үкіметін Киевтің шабуыл жасауын тоқтатуға көндіруге бағытталған. Мұндай жағдай жыл басында КҚК бойынша соққылар кезінде де болды, сондықтан компания үшін қазір Киев бәрін түсінетін, оларға айтарлықтай шығын келтіретін және мұны саналы түрде жасайтын болып көрінуі керек. Болып жатқан жайлар Қазақстанда да Украинаның сүйкімін арттыра қоймайды.

Бәлкім, Киев өз мүддесін қорғауда көпке белгілі емес әрекеттерге дайын болу және шешім қабылдағыштығын жария ету мақсатында осы шабуылдарды қолдануды көздейді. Бұл сонымен қатар өзіне назар аударту және соғыс тек Украина мен украиндықтарға ғана емес, сонымен бірге бейбітшілік үшін көп күш салуға итермелей отырып, өзге елдерге де қолайсыздық тудыруы үшін жасап жатқан қадамдары болуы мүмкін. Қалай болғанда да, тіпті осындай сценарий болады дегеннің өзінде де қолайсыздықты сезінгендер де Украинаны таяуда болмаса да, анағұрлым әділ әлем құруға мәжбүрлемейтініне сенім жоқ.

КОДЕКСТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Сенат көмірсутек пен уран өндіру және барлау жолын жаңартатын «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстегі өзгерістерді мақұлдады. Заң «аз зерттелген аумақ» ұғымын және оларды игеру үшін жаңа типтік келісімшарт енгізеді, ал геологиялық зерттеуді қаржыландыратын инвесторлар қатысуға басымдықты құқық алады. Жер қойнауын пайдалану құқығын бөлу үшін электронды аукциондар енгізілуде, бұл ретте құқық беру комиссиясы болмайды, ал телімдерді кеңейтіп, келісімді ұзартуға болады. Заң ұлттық уран компаниясының рөлін күшейтеді: уран аймақтарындағы барлауға лицензия енді шектеулі, компания өңдіруге басымдық алады, ал құқықты еншілес құрылымдарға беруде оның үлесі 50%-дан 75%-ға артады. Уран табылған жағдайда мемлекет телімді қайтып бере алады немесе басымдықты сатып алумен қамтамасыз етеді. Соған қоса уәкілетті орган стратегиялық телімдер тізімін бекітеді, көмірсутек бойынша келісімнің алғашқы үш жылында үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады, күрделі газ жобалары үшін типтік келісімшартқа ауысу шарты оңайлатылады, ал жеке инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін жағдай бірдей болып қалады.

Бүгінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Каспий құбыр консорциумына шабуыл салдарынан келген шығын есептеліп жатқандығын жеткізді.

Ерлан Құдайбергенұлының сөзінше, консорциум халықаралық заңнамаға сәйкес құрылған, оның акционерлерінің басым бөлігі – Еуропа, АҚШ және Қазақстан компаниялары. Ал КҚК аз ғана үлесі ресейлік компанияға тиесілі.

«Қазіргі уақытта есептеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның одан әрі қалай өрбитініне байланысты түсініктемені Сыртқы істер министрлігі береді деп ойлаймын. Ал Энергетика министрлігі тарапынан саяси мәлімдемелер жасалмайды, себебі біз энергетика саласындағы саясатты жүзеге асырамыз», – деді 46 жастағы министр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

КҚК-ға жасалған шабуылдар Ресейдің мұнай экспортын әлсіретуден гөрі, Қазақстанның экономикалық жүйкесін жұқартуда. Мұнайының негізгі бөлігі бір ғана құбырға тәуелді ел үшін бұл – миллиардтаған шығын ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қатер. География мен саясат қысқан жағдайда балама бағыттар қағаз жүзінде бар болғанымен, іс жүзінде қолжетімсіз. Сондықтан, КҚК маңындағы әрбір соққы соғыс шебінен тыс жатқан Қазақстанға да ауыр салмақ түсіріп, энергетикалық тәуелсіздік мәселесін кейінге шегеруге болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here