Қазіргі таңда заманға сай өнердің сан түрі пайда болды. Дегенмен, бұл өнердің түрлері классикалық өнерден бастау алады, сол негізден таралады. Заманауи өнердің құдіреті сол – өнерпаз туындысын виртуалды кеңістіктің атмосферасына лайықтап жасайды әрі осылайша көрермен бойындағы түрлі эмоцияларды оятады. Шығармашылық дегеніміз – еркіндік. Street art – заманауи өнер арқылы қоғамдағы құндылықтарға әсер етудің күшті механизмі.
Бүгінгі кейіпкеріміз – суретші, еліміздегі Digital art-тың (компьютерлік немесе сандық өнер) жарқын өкілі Алмас Сырғабаев. Ол Түркияның Стамбул, Бурса, Измит қалаларында жеке көрмелерін өткізген. Суретшінің туындылары еліміздің көптеген өнер музейлерінің (Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, т.б.) экспонаттарына айналды. Сонымен бірге, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, т.б. елдерде жеке адамдардың меншігінде сақтаулы.

«…ГРАФИКТЕРГЕ ҚИЫНДАУ»
− Алмас Болатханұлы, суретшілердің қоғамдағы рөлі қаншалықты маңызға ие? Бұл өнер өкілдерінің еңбегі өз бағасын алды ма?
− Суретшілердің қоғамдағы рөлі – қазір еліміздің әр түкпірінде салынып жатқан ғимараттар, үстіміздегі киіп жүрген киімдердің нобайы, тұтынатын заттар, тіпті, мініп жүрген көліктер бәрі-бәрі суретшінің қиялынан дамып, қолынан өтіп реали шындыққа айналады. Мысалы, көркем фильм, балаларға арналған мультфильмдер, заманауи плакаттар, көшедегі постерлер, жарнамалар барлығы суретші, дизайнер, заманауи өнер иелерінің ойының жемісі. Сол еңбектер кей жағдайда ескерілмей қалатыны өкінішті. Мәселе, таланты да, бабы да үйлескен кәсіби суретшілер бар. Бірақ, мұражайларда, арнайы орындарда жарқыратып көрме жасау үшін материалдық жағдайы болмауы да мүмкін.
− Сурет салуға арналған кәсіби құрал-жабдықтар бар. Оның қыр-сырын қарапайым халық біле бермейді…
− Суретке арналған құрал-жабдықтар, өзіңіз жақсы білетіндей қымбат тұрады. Майлы бояу, кенеп, жай ғана қылқаламның өзі кәсіби суретшіге кәсіби құралдар болуы шарт. Бір туынды ғасырдан ғасырға жетуі үшін, уақыты өткен соң сапасы бұзылып, кенебі шіріп кетпеуі үшін сапалысын алуды талап етеді. Кенептің материалының сапалы болуы, оған жағылатын майлы бояу кеуіп немесе ағып кетпеуі үшін бағасы жағынан суретшілер қымбатын таңдайды. Сәйкесінше, суретшілер де сол туындысын арзанға сата алмайды ғой. Сондықтан, мемлекет те осы өзекті тақырыпқа қолдау көрсетсе көптеген талантты әрі кәсіби суретшілердің мәселесі шешілген болар еді.
− Кескіндеме мен графика жайлы сөз қозғасақ…
− Кескіндеме мен графика − бейнелеу өнерінің екі түрлі жанры. Қаламмен, тушьпен, акварельмен орындалатын жұмыстарды графикаға жатқызамыз. Кескіндеме (живопись) көбінесе жақсы жарнамаланады. Живопись графикаға қарағанда жақсы насихатталады, жақсы сатылады, маркетинг жағынан жақсы өтімді. Портретті көпшілік сыйлау үшін арнайы жазғызады. Осы тұрғыдан графиктерге қиындау, тіпті, кей жағдайда обал болады. Графика – суреттің атасы ғой. Бүкіл сурет бірінші қарындаштан басталады. Қарындашпен салып, әбден қолы жаттыққаннан кейін живописьтік және одан бөлек этаптарға өтеді. Тіпті, мүсін де қарындашпен салынып, эскиздер жасалады. Мыңдаған эскиздер жасалып, соның ішіндегі ең сәтті деп танылған эскиздерді таңдап, мүсінші оны мүсінге айналдырады. Графиканың салмағы мықты. Батыста, Еуропа елдерінде, Ресейдің өзінде жоғары бағаланады, көрермен, сыншылар жоғары баға береді. Өз аудиториясы бар. Біздің елімізде керісінше. Мақым Қисамединов, Батырбек Кәметов секілді графиктер қандай керемет графикалар, құбылыстар жасаған. Өнімді жұмыс істеген графиктерге бұрын арнайы көрмелер ұйымдастырып, графиканы басатын жаңа станоктар, кәсіби жабдықтар алынған. Суретшілер одағы осыған көңіл бөліп, графикаға салмақ салған.


«ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕЛЕРІН НЕГЕ КӨРСЕТПЕЙМІЗ?!»
− Кез келген өнер иесі өз өнерімен, шеберлігімен сол дәуірдің сөзін сөйлейді деп ойлаймын. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
− Әрине, өте орынды пікір, өзекті сұрақ. Өйткені, өнер иесі өзі өмір сүрген ортасын, қоғамын жақсы көреді. Сол кезеңдегі киноны, сол тарихты, сол сәттегі әсерді сыртқа шығарып, жарық дүниеге әкелуі шығармашылық адамына тән ғажайып құбылыс деп есептеймін. Мен алғаш Астанаға жолдастарыммен келдім. Сол кезде АЛЖИР, КарЛаг мұражайларына барып, тарихымен тереңдеп таныстым. Бұрын әкем маған тарихтағы тұлғаларды, оқиғаларды көп айтатын. Бала кезден бойға сіңіріп өскендіктен, сол тарихты көзбен көру маған өте әсерлі болды. Кейінірек, мықты алаштанушылармен араласып, түрлі шаралардың бәрінде бірге ат салыстық.


– Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев бейнелері сіздің қаламыңызда заманға сай түрленді. Бұл тізім жалғаса береді. Алаш тақырыбы сіздің шығармашылығыңыздың басты өзегі…
− Біздің кезең өліара кезеңіне сәйкес келді. Бұрын мүлде басқаша өмір сүрдік. Өнердің дамуы да соған сай болатын. Кейіннен интернет пайда бола бастады. Мысалы, ғаламтор желісінде Ахмет Байтұрсынұлының туған күні болса, ол тұлғаның түрмедегі қиын күндеріндегі бейнесі, яғни, арнайы нөмірленген қырынан, алдынан түсірілген суреттері, түрме киімімен, жүзінен нұр кетіп, өңі қуарған келбеті, мұң мен қайғыға толы суреттерін архивтен тауып желіге жүктей бастады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин секілді біртуарларымыздың сол кездегі суреттерін халық сақтап алып, туған күндері мен мерейтойларында жариялай бастады. Туған күні мен мерейтойлары бір жағынан тұлғаны еске алуға бағытталады ғой. Мен сол кездерде қалайша осындай бейнелерімен жариялауға болады деп таң қаламын. Жоғарыда аталған қазақтың маңдайына біткен перзенттерінен бөлек талай таланттар өтті. Олардың басынан өткен бақытты күндері, ұмытылмас сәттері болмады дегенге сенбес едім. Тұлғалардың осындай жарқын бейнелерін неге көрсетпейміз деген ойды біраз уақыттан бері ойланып жүрдім. Ойымның жемісі шындыққа айналып, толғанып, зерттеуімді жалғастырдым. Тіпті, өзіңіз білетіндей кейбір тұлғалардың бір ғана сапасыз суреті сақталған. Оның өзі сапасыз. Кейбірінің суреттері де қалмаған. Осы тақырыптарды ойлана келе, алғаш рет графикалық портреттерін жасадым. Барлығын бір стильге келтіріп, жан-жақты ойластырдым. Шамам келгенше отызға тарта портреттер жасадым. Осы нәтижелердің басын қосып алғаш рет көрме жасадым әрі осы көрмем көпшілікке ұнады. Көрермен, өнер сыншылары жақсы пікірлерін айтып, жоғары бағасын да берді.
− Заманауи дизайн саласы елімізде дамып келеді. Сіз осы жаңа бағытта шығармашылық жұмысты жандандырып жатырсыз. Осы саланың артықшылықтары жайлы айтар болсақ…
− Сөзіңіздің жаны бар. Компьютердің керемет мүмкіндіктерін біз әлі күнге толықтай пайдалана алмай келеміз. Мысалы, иллюстрация жасауға арналған түрлі программалар пайда болды. Соның бәрін үйренген адамға, ұмтылған, қызыққан адамға өз жұмбақ әлеміне жетелей береді.


«ҚЫЗЫМА СЕНІМ АРТАМЫН»
– Дұрыс айтасыз. Digital art – бейнелеуге ғана емес, мүсін өнеріне де дендеп еніп келеді. Мүсін мен сурет құстың қос қанатындай егіз ұғым ғой…
– Әрине. Заманауи өнер мүмкіндіктерінен біз қанша алыстағымыз келсе де алыстай алмаймыз. Жасанды интеллект барлық салаға дендеп еніп келеді. Мойындау керек, заманауи бейнелеу өнерінде де осының көріністері бар. Адамның жұмысын он есе жеңілдететін дүниелер бар. Тек зияны ғана емес, пайдалы тұсына да назар аударуымыз қажет.
Мысалы, 3D мүсін жасауды алайықшы. Бұрын саз балшықпен қаншама нобайлар жасалып, соншалық еңбек күші кететін. Ал қазір көп адамның жұмылып істейтін ісін қазіргі 3D принтерлер, мүсін жасайтын арнайы құрылғылар алмастырып жатыр. Бұл қуанарлық жайт. Жалпы ТМД-да, тіпті Еуропаның өзінде мүсіннің заманауи бағыттарын меңгерген мамандар аз. Республикаға танымал, еңбегі сіңген мүсінші Мұрат Сыдықов ағамыз өзі мүсінші болғандықтан осы бағытты зерттеп, бейнероликтерді көріп, көп уақытын арнап меңгеріп алған. Сізге қызықты бір оқиғаны айтып берейін. Президентіміз Кореяда Абай мүсінін ашады деп жоспарланыпты. Бұрын тонналап, ауыр бюстті жеткізген болса, қазір олай емес. Заманауи формат дамығаны сонша, Мұрат ағаның жасаған 3D мүсінін файлды жіберіп, ғаламтор мүмкіндіктерін пайдаланыпты. Кореяда дайын электронды файлды 3D принтермен шығарып, бояй салған. Мүсін дайын. Ешқандай ауыр жүк ретінде тасып, шекарада келеңсіз оқиғалар болмаған. Нәтижесінде Мемлекет басшысы ұшып барып, мүсіннің ашылу салтанатына қатысты. Мінекей, заманауи өнердің құдіреті.
Кореяда белгілі бір университет аллеясында әр елдің ұлы тұлғаларына арналған арнайы орын бар екен. Сол жерде Абай Құнанбайұлының мүсіні бой көтерді. Қазақ суретшілері, қазақ мүсіншілерінің осындай деңгейге көтеріліп, жетістікке жеткеніне өте қуаныштымын.
– Сіз ескіліктің де қаймағын бұзбай әрі XXI ғасыр форматына ілесіп келе жатқан суретшісіз. Ал ұл-қыздарыңыздың бойында осы өнер бар ма?


– Заманға сай пайдалы дүниелерді іске асырып, оң жамбасымызға келетін дүниелерді жарқыратуымыз керек. Бұл бүгінгі күннің талабы. Қазір біз тек қана бір бөлігін ғана білеміз. Бұл өнердің қат-қабат қатпарлары көп. Жастар осы мүмкіндіктерді толық меңгерсе деп армандаймын. Өзім де күннен-күнге жаңашылдыққа ұмтылудамын. Қазір қызым сурет өнеріне ерекше қызығады. Бала кезінен бастап табиғаттағы құбылыстарды зерттеп, сезімтал болып өсті. Пейзаждар салып, кейде менімен бірге табиғатқа шығатын кездер болады. Жалпы, отбасымызда барлығы дерлік шығармашылыққа жақын. Бір-бірімізді оңай түсініп, тілсіз-ақ ұғысамыз. Қызым Жәния осы жолды таңдады, болашақ суретші, дизайнер. Өзінің композициялары бар, онда қоғамға айтар ойы, көзқарасы қалыптасып келе жатыр. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің портретін салғанда жанымда болып, процессті бақылады, өзі де ұқсатып көруге тырысты. Қызыма сенім артамын. Сапалы туындылар дүниеге әкеліп, өз жолын тапса екен деген әкелік тілегім бар.
− Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай сіздің логотипіңізді ЮНЕСКО бекітіп, барлық ақпараттарда портрет-логотипін қолданған болатын. Ал тұлғалардың бейнесін заманауи форматта бейнелеу идеясына не түрткі болды?
− Ахмет Байтұрсынұлының логотипін ЮНЕСКО бекітіп, сол жылы осы логотипті қолданғаны рас. Мен үшін жақсы жігерлендіру болды. Сонымен қатар, конференцияға Ш.Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» атты кітабының мұқабасын дайындадық. Алаш қайраткерлерінің тұлғаларын жасаған кезде неге осы бейнелерді заман талабына сай жасап, көпшілік қауымға ұсыну және оны қолданысқа енгізбеске деген ой келді. Солайша, ол қайраткерлерге жеке-жеке көңіл бөліп, әрқайсысының портреттерін, мінезін ашатын тұстарын да бейнеледім. Насихаты өте жақсы болды. Баспалар да қызығушылық танытты. Алаштануға қатысты түрлі шараларда менің туындыларым арнайы лэд экрандарда көрсетілді. Себебі, кез келген жерде алып жүруге жеңіл. Электронды нұсқасын флэш картаға салып, барған аймағыңдағы ауыл болсын, қала болсын қалаған өлшемде шығарып, көрерменге ұсынуға да оңай. Бұл заманның тағы бір ғажайыбының бірі – тәуелсіздіктің жемісі болып көрінеді. Электронды нұсқасы өшіп кетпейді, сақтап қоюға да қолайлы. Мысалы, үйлердің, ғимараттардың сыртында мурал ретінде де пайдалануға болады. Солай да біраз бейнелерді ауыл, қала, мегаполистердің ғимараттарына бейнеледік.
Алаштықтар бейнесі, басқа да қоғам қайраткерлері, ақындар, зиялы қауым бейнесі енді ғана басталған сүрлеу. Бұл жол әлі де жалғасын табады. Үлкен соқпаққа, дара жолға айналатынына сенемін. Қаза берсең таусылмайтын құнды қазына, мазмұнға бай кітап секілді, қызығына, тұңғиығына тарта беретін ерекше әлем. Алаш тақырыбы – бейнелеу өнерінде мені шабыттандыратын, толғандыратын, тарихына терең бойлағым келетін тақырыпқа айналып кетті.


«БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ТІЛІНЕ АУДАРМА КЕРЕК ЕМЕС»
− Қазір елімізде көше өнері де (street art) даму үстінде. Оның басты бөлшегі заманауи муралдар…
− Орынды байқағансыз. Мурал – бейнелеу өнеріндегі ерекше жанрлардың бірі. Бұл да ұлттық идеологияның қызметін атқарады. Әсіресе, қалалық жерлерге пайдалану аса тиімді. Ескі ғимараттарды жандандырып жіберуге де қажетті әдіс. Мысалы, Абай атамыздың көшесінде бір үйдің қабырғасында өзінің портретімен бірге, қанатты сөзі, өлеңі жазылып тұрса қандай ғанибет? Ұрпақ, жастар сол тұлғаны танып өседі. Бұл әрбір тарихи тұлға үшін қажет деп ойлаймын. Себебі, мурал жайдан жай жасалмайды. Әрбір портретте өзінің шешімі, ұлттық колорит, сөздің салмағы болады. Кейіпкердің бір сөзін болсын санаға сіңіріп, көрген сайын есте қалатын дүние. Тас қабырға болып жай тұрмайды. Ғибратқа, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталады. Қазір заманға сай бояудың небір түрлері шықты. Суретшілер тәуелсіздік кезеңінен былай қарай бұрын айта алмай жүрген ойларды қанық түстермен, айқын іздермен бейнелеуге бет бұрды. Бұл бағыт бұрынғы кезеңде де болған. Ол кезде өзінің ерекшеліктерімен көрініс тапқан.
Қазір Алаш қайраткерлеріне арнап жасалған ғажайып муралдарды әр қаладан көргенімде шабыттанып, бойымды қуаныш кернейді. Өйткені, ол өскелең ұрпақты тәрбиелейтін құрал. А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан секілді тарихи тұлғалардың бейнесін жиі көремін. Мурал – ескі ғимараттарды жаңартып қана қоймай, суретшінің ойын, көзқарасын ашық көрсете алатын қасиетке ие.
– Сіздің аты көп аталмайтын Алаш қайраткерінің бірегейі Әлімхан Ермековті көп зерттегеніңізді білеміз…
– Астана қаласында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп бар. Сол мектептің қабырғасына осы тұлғаның муралын арнайы жасаған болатынбыз. Алдымен, әдеттегідей портретін дайындап, содан кейін ғана бекітілген нұсқасын қабырғаға салдық. Бастапқыда бұл мектепке Әлімхан Ермековтің портрет композиция жасағанмын. Сол идея мектептің сыртына ұласып, қазір бірегей тұлғаның бейнесі муралға айналды.
– Отандық суретшілердің еңбектерін әлем сахнасына шығарсақ, қалай бағалануы мүмкін?
– Өнерде белгілі бір елдің мәдениетін, әдебиетін, тарихын көрсететін, мысалы өлең, тарихи туынды, әдеби әрі көркем шығармалар, оның ішінде романдар, көлемді туындылар болады. Әдеби туындыларды, киноны, тарихты аудармаға айналдырмаса өзге елдерге насихаттау қиын болады. Ал, бейнелеу өнерінің тіліне аударма керек емес. Оны жарқыратып көрме ретінде ұйымдастырсаң жеткілікті.
Біздегі бейнелеу өнері, сурет өнері өкілдері реализмді шыңына шығарған ежелгі грек, Италия суретшілері, одан кейін ресейлік майталмандар. Бейнелеу өнерінің мақсаты – гиперреализм емес, реализм емес. Оның өзінің айтатын ойы, сөйлейтін тілі, адамға жеткізетін мақсаты, көңілге әсер ететін бояудың сан түрлері бар. Сондықтан, әлемдегі Пикассо, Ван Гог секілді құбылыс жасаған суретшілердің деңгейінде біздің суретшілер де бар. Жоғарыда бірнеше ғажайып суретшілерді атап өттік қой. Бұл қатар көбеймесе сиремейді. Бексейіт Түлкиев, Ерболат Төлепбай секілді бейнелеу өнерінің ірі өкілдері өздерінің жаңашылдығымен, қазақи колоритімен келген суретшілер. Біздің жалпы колоритіміз шығыс сарынында, даланың түстері болады. Оны көрген, сезінген суретшілер ғана жүрекпен жеткізе алады деп ойлаймын.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК












