Токио төріндегі келіссөздер: Қазақ-жапон байланысының жаңа дәуірі басталды ма?

0
248

Сенбі, 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған үш күндік ресми сапары мәресіне жетті. Бұл жай ғана формалды сапар емес, екі елдің келешек қарым-қатынасын айшықтаған маңызды бастама болды. Ресми қабылдаулар деңгейі, ауқымды экономикалық келісімдер, жоғары деңгейдегі келіссөздер – бәрі қазақ-жапон байланысының жаңа дәуірі басталғанын көрсетеді. Шын мәнінде, екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз тереңнен тамыр тартады. Екі ел білім және ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм салаларында өзара тығыз ықпалдастық орнатты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Астана Токиомен қандай келісімдерге келгеніне тоқталады.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдап, екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

ЖАПОН ДИПЛОМАТИЯСЫНАН БІР ДАҒДЫ

«Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің жазуынша, Жапония символикаға ерекше мән беретін ел, мұндай өзгешелік сыртқы саясаттағы ұстанымынан айқын сезіледі. Қай елмен қандай қатынаста екені, кімді жақын тартып, кімге сенім артатыны дипломатиялық ишарасынан аңғарылып тұрады. Бұлай айтуымызға, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары кезінде байқаған протоколдық элементтер итермеледі. Мысалы, Мемлекет басшысының жұмыс бағдарламасы императорлық аудиенциядан басталып, Император Нарухито атынан ресми қабылдау ұйымдастырылды.

Мұндай аса жоғары құрмет жапон дипломатиясында тек саяси салмағы бар көшбасшыларға көрсетіледі. Демек, Күншығыс елі Қазақстанды Орталық Азиядағы ең сенімді серіктесі көреді әрі жапондық бизнес өкілдеріне жаңа бағдарды нұсқады деген сөз.

Тағы бір қызығы, жапон тәжірибесінде мәртебелі қонақ үшін бір күнде екі ресми қабылдау ұйымдастыру сирек жағдай. Алайда бұл үрдіс бұзылып, Мемлекет басшысы бір күнде Императормен де, Премьер-министрмен де жолықты. Әсіресе, бара сала Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен өткен кездесуде сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы байланыстың егжей-тегжейі талқыланды.

– Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді 64 жастағы Жапонияның Үкімет басшысы.

Саясатта тұспалсыз сөз айтылмайды, оның үстіне жапондардың халықаралық қатынас мәнерінде әрбір сөйлем билік ұстанымымен шегеленіп отыратыны бар. Сондықтан, Премьер-министрдің еліміздің Орталық Азиядағы рөлі туралы ойы, стратегиялық қарым-қатынас орнатуға деген ниеті Жапонияның ресми позициясы деп түсінуіміз керек.

САММИТ ТАЛҚЫСЫ: АТОМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС, ЖАҢА ИНВЕСТОР ҺӘМ ЖАПОН ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары «Орталық Азия – Жапония» саммитімен түйінделді. Бұл жиын қос мемлекет үшін тарихи маңызға ие. Себебі, 2004 жылы Жапония алғашқылардың бірі болып «С5+1» форматын ұсынды. Кейін ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптап, Күншығыс елі ұсынған халықаралық байланыс моделі қарқын алғаны мәлім. Президент «Орталық Азия – Жапония» саммитінде сөз басын Жапонияның ашық диалогке қосқан үлесінен бастауды жөн көріпті.

Мемлекет басшысы жиында Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстан энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты біршама ой айтты. Әсіресе, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенін білдірген. Оған қоса, атом энергетикасында екіжақты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік көп. Қазақстан болашақ АЭС жұмысына достас елдің технологиясын пайдалануға ниетті әрі ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау ісіне қызығып отыр.

Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры сақтаулы. Аймақ мемлекеттері бұл ресурсты таза әрі қуат үнемдейтін өндіріске айналдырғысы келеді. Осы орайда Қазақстан Next-Generation SmartMining Plus жобасын бастамақ.

– Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз. Сондықтан, Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады, – деді Президент.

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында да жапон компанияларын көруге ынталы. Бізге Күншығыс елінің ресурс үнемдеу технологиясы, шөлге төзімді дақылдар селекциясы, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесі ауадай қажет. Сондықтан, Президент су саласындағы Зерттеу платформасын құру, Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің кездесуін өткізу, Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеу қажет деп санайды. Бұл жұмыстарға жапон ғалымдары мен сарапшылары тартылмақ.

Жапония туралы сөз болса, цифрландыру мен ЖИ-ді атамай кетуге болмас. Саммитте Орталық Азия мен Жапонияның цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект дамуы сөз болды. Қазір Токиода Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша серіктестік орнату жөніндегі бастама бар. Президент аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап – «Astana Hub» және халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыру мәселесін алға тартты. Қысқаша айтсақ, бұл алдағы жылдары Орталық Азияда ЖИ индустриясы қарқын алады дегенді білдіреді.

«Central Asia + Japan» диалогінде еліміз өзіне қажетті саланы толық қамтуға тырысты десек артық емес. Жапония билігіне Қазақстанда университеттер мен білім орталықтарының бөлімшісін ашу, Бірыңғай туристік маршрут әзірлеу, виза рәсімдерін жеңілдету туралы ұсыныстар жеткізілді. Бастысы, жиынға қатысқан көшбасшылар келесі «Орталық Азия – Жапония» саммитін Қазақстанда өткізетін болып тарқасты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Күн шығыс елінің бірнеше соғысты бастан кешсе де, ХХІ ғасырдағы ең бай әрі ең қуатты мемлекет екенін адамзат көрді. Тек алпауыт державалармен иық тірестіріп, экономикалық әрі саяси жағынан дес бермей келе жатқан Жапонияның ұстанған саясатына қазақ қоғамы бүгін көз салған жоқ. Бұған дейін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш үкіметі де қызықты, зерттеді, зерделеді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов небәрі 20 жасында жазған «Жапония» атты мақаласында Күншығыс елінің 1861 жылы жүзеге асырған әйгілі «Мэйдзи» реформасын терең талдап, Алаш жұртына мықты идеология ұсынды. Сондықтан да, біздің жапондардан үйренеріміз көп. Әлихан Бөкейхан өсиет еткен жапон елінің үлгісін пайдалануымыз керек.

Қали ҚАМБАРОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here