Қытайда қазақша баяндама жасаған қазақ

0
3119

Зырылдап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші. Бүгінгі кейіпкерім Нәбидолла Ақанұлы Кикебаевпен таныс-біліс болғаныма да ширек ғасырдан асып қалды. Осы кезең ішінде оның бойындағы азаматтық, іскерлік, тұлғалық және басқа да қасиеттеріне әбден көзім жетті. Осындай ұлы бар қазақ халқы бақытты деген түйінге келдім. Қарап отырсам, ол 70 жасқа толғалы отыр. Алайда оған мұндай жасты бере қоймайсың. Ойы да сергек, қимылы да ширақ. Атқарған қызметі де өзгелерге үлгі боларлықтай. Жуырда онымен емен-жарқын сөйлесіп, өткен мағыналы өмір жолдарына әбден қанықтым. Енді бәрін де басынан баяндағанды жөн көрдім.

Алғашқы кездесу есімде

Кезінде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін аяқтап, тағдырдың жазуымен солтүстікте жатқан Қостанай шаһарына келіп, облыстық газетте еңбек жолымды бастадым. Сонда өзіме рухани аға болып кеткен әріптесім Жанұзақ Аязбекұлымен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Тіршіліктегі қуаныш та, қайғы да ортақ-ты.

Жәкеңді елімізде білмейтіндер жоқ шығар. Ол халқымызға танымал журналист әрі қаламгер. Бірнеше кітаптардың авторы. Осы ел мақтанышына айналған тұлғаның 50 жылдық мерейтойында бірқатар зиялы азаматтармен таныстым. Соның бірі – бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Нәбидолла Ақанұлы еді.

Сол жылдары ол Қостанай облысының Заречный ауылында орналасқан «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры болып қызмет атқарып жатты. Оның үстіне, біз бір жылдың төлі болып шықтық. Құрдастығымыз жарасып, тез араласып кеттік. Өзі де кісіні жатырқауды білмейтін, менмендігі жоқ, көпті көрген азамат болып шықты.

Алғаш көрген шақтан бастап жиі кездесіп жүрдік. Сондай тығыз байланыстың арқасында оның туған жері, өскен ортасы, аяқтаған оқу орны, арман-мақсаттары жөнінде де білдім.

Өзінің айтуына қарағанда, Нәкең 1956 жылы 9 қаңтарда Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы «Дегерес» деп аталатын елді-мекенде дүниеге келіпті. Дәл сол кезеңдерде мұндағы жылқы зауытының атақ-даңқы күллі Одақта дүрілдеп тұрды. Бұл ұжым тікелей Мәскеуге қарайтын. Міне, соның атақ-дақпыртын өзі әлі ойын баласы болса да, бойына әбден сіңіріп өсті. Адамды орта тәрбиелейді деген рас. Әрине, ол уақытта бұл болашақта жылқы шаруашылығын зерттейтін танымал академик боламын деп ойламаған да шығар-ау. Бірақ, өмір соған алып келді.

Әлгі жоғарыда аталған ауылдың барша тұрғындары Кикебаевтар әулетіне айрықша құрметпен қарайтын. Өйткені, шаңырақтың иесі Ақан ағамыз өте қадірлі, бір сөзді, тиянақты ісімен жергілікті ағайындардың арасында беделі жоғары болатын. Өзі ғұмыр бойы энергетика саласында қызмет атқарды. Білікті маманды кәсіби шеберлігі үшін айналасындағы адамдардың бәрі де өздеріне өнеге тұтты.

Осы айрандай ұйыған отбасының алтын діңгегі Бибіш Кәрібайқызы да 11 бала тәрбиелеген алтын құрсақты ана еді. Ол отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады. Қалған уақытының бәрін де үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздарын тәрбиелеуге арнады.

Сол жанұяны шаттыққа бөлеп, бақытын шалқытқан перзенттерден қазір бесеуі бар. Бәрі де үйлі-баранды, ұрпақтарын заман талабына сай оқытып, солардың қызығын көріп жатыр.

Осы аталған бауырлардан қазіргі таңда ағасы Шарифолла зейнеткер, ел ағасы. Ол зайыбы Гүлзия екеуі қалған іні-қарындастарына ақылшы, жапырағын тереңге жайған бәйтерек. Інісі Бақытжан да жұбайы Ұлбосын екеуі өз қатарының арасында абыройлы. Ал, қарындастары Гүлжан мен Күләш отағалары Жақсылық және Айдармен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқаны әулет үшін үлкен мақтаныш. Олар да ұл-қыз өсіріп, солардың келешегінен үлкен үміт күтеді.

Зеректігі оқушы кезінен басталды

Кейіпкерім аралас орта мектепте тиянақты білім алды. Сол шақтың өзінде оның білімге деген ерекше қабілетінен болашақта парасаты кемел азамат атанатындығы айқын көрінді. Екі тілге бірдей жүйрік-ті. Сондықтан, айналасындағы өзге ұлт өкілдерімен бірден тіл табыса кететін.

Барлық пәндерді жетік меңгерген үздік оқушылардың қатарында есімі әрқашан жиі аталатын. Әсіресе, математикаға деген құштарлығы дәріс беретін ұстазға келешегінен үміт күттіретін. Өйткені, талай олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Сол сәттерді әлі күнге дейін қимастық сезіммен еске алады.

Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Білім ордасындағы барлық дерлік көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Мұның руханиятқа деген өте жақындығы сол кездің өзінде жарқырап көрінді. Осындағы қойылған спектакльдерде басты рөлдерді сомдап, актерлік дарынын да таныта білді. Оның қазіргі кездегі сөз саптасынан, әзіл-қалжыңға шеберлігінен, комедия жанрына өте бейім болғандығын әсте байқау қиын емес.

1973 жылы жаз айында бұның қатарлары соңғы қоңырауды өткізіп, қолдарына көптен күткен кәмелеттік аттестат алды. Сол кезде оның алдында «Кім боламын?» деген үлкен мақсат тұрды. Бастапқыда Алматы қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі – политехникалық институтқа түсуге бел буды. Алайда, ойлана келе мал шаруашылығы кадрларын дайындайтын зооветеринарлық институтына құжатын тапсырды.

Өзім өткен кезеңнен түйгенім, Нәкең қандай істі қолға алмасын оның түбіне жетпей қоймайтын сондай асыл қасиеттері жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезде де айқын сезілді.

Ол күнделікті дәрісті жетік меңгеріп қана қоймай, ғылыми жұмыстарға аса ден қойды. Студенттің осындай талпынысын өзінің тәлімгерлері болып табылатын профессорлар қауымы да дер кезінде көре білді. Бос уақытын барынша тиімді пайдаланатын бозбала түрлі деңгейдегі конференцияларға қатысып, «Генетикалық код», «ДНК» және басқа да өзекті тақырыптарға байланысты тынымсыз зерттеулер жүргізіліп, баршаны тәнті етті.

Өзінің болашаққа деген ұмтылысымен ұстаздарының назарын аударып, оқуда бес жыл бойы курстастарының алды болған ол институтты 1979 жылы үздік аяқтады. Қызыл дипломды жігіт білімін одан әрі жалғастыруды мақсат тұтып, оған аспирантураға жолдама берілді.

Міне, осындай жан-жақтылығымен қаншама мүйізі қарағайдай атақты ғалымдардың үмітін ақтауға құлшынған замандасымыз сол жылы тәлімгерлерінің ақыл-кеңесін басшылыққа алып, Қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы институтының жылқы бөліміне зоотехник болып қызметке орналасты.

Ұлтымыздың маңдайына біткен кіл мықты ғалымдар жұмыс істейтін ұжымда аспирант болумен қатар кіші, уақыт өте аға ғылыми қызметкер атанды. Осы жерде бөлім басшысы деңгейіне дейін көтерілді. Ал, көз майын тауыса ізденген жұмысы өз нәтижесін берді. Ол Ресейдің Рязань қаласында Бүкілодақтық жылқы зерттеу институтында ұлтымыздан қазақ жылқысын зерттеген алғаш ғалымы. Осы сала бойынша кандидаттық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғап шықты. Бұл кезде Нәбидолла Ақанұлы небәрі 28 жаста еді.

Ондағы атақты жылқы зерттеуші – ғалымдар Ю.Барминцев пен Н.Анашиналар Нәкеңнің алғырлығын мойындап, Одақтағы жылқы институтының бөлім басшылығына ресми түрде шақырды. Алайда, осы уақытқа дейін жинақтаған бай тәжірибесі мен түйгенін қазақ елінің игілігіне жұмсауды ұйғарды.

Ал, докторлық диссертациясын 2006 жылы 50 жасында бұрынғы астана Алматы қаласында қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы атанды. Бұл оның ғұмырындағы ең айшықты кезеңдердің бірі.

Жалпы, оның ғылымдағы әкесіндей болып кеткен жетекшісі, академик Игорь Николаевич Нечаев. Осынау жүрегі қазақтың кең жазира даласындай болып кеткен көрнекті тұлғаны республикамызда білмейтіндер жоқтың қасы. Ол дүниеден өткенше өзінің шәкіртімен сыйласты. Қазақ тілін жетік біліп, еркін сөйлейтін азаматтың жақсы қырларын Нәкең әлі күнге дейін сағынышпен айтып отырады.

Өткен жылдарда іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мол ғалым осы кезге дейін қаншама жауапты да лауазымды қызметтерді атқарды. Бір мақалада олардың бәрін моншақтай тізбелеп шығу да мүмкін емес. Дегенмен, солардың бірқатарына қысқаша тоқталып өткенім орынды секілді. Себебі, Нәбидолла Ақанұлы өзіне сенім артылған қызметтердің бәрінде де аянбай еңбек етті.

Мысалы, ол Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасының «Алтын тұлпар» ат спорты кешенін басқарды. Содан кейін ол өз саласын жетік білетін білікті маман ретінде аталмыш басқарманың Қостанайдағы Заречный ауылындағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына директор болып тағайындалған шағынан бастап қаншама игілікті істер атқарды. Тұлғалық, азаматтық, біліктілік жақтарымен баршаның ыстық ықыласына бөленді.

Осы тұстарда мен де қолына қалам ұстаған журналист ретінде аталған жылқы зауытында жиі болып, ұжымдағы жылқы шаруашылығын өркендетуге бағытталған жиындарына қатыстым. Басқа да жетістіктеріне әбден қанықтым. Арнайы жолығып, бірқатар беделді басылымдарда сұхбат та жарияладым. Осы мақалаларда Нәкеңнің өз мамандығына шын берілген адал жан екендігіне көзім жетті.

Ізденіспен өткен жылдар

Академик Нәбидолла Кикебаев қызмет бабында қарамағындағыларға тек бұйрық беріп отыратын қатал басшы болған жоқ. Әрдайым «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы ұстанды. Үнемі жиындарда сабырлылық, қарапайымдылық, жауапкершілік секілді қасиеттерімен дараланды. Қолынан келгенше қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барын салды. Алайда, ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл емес» деген өсиетін үлгі тұтты.

Әріптестері басшыларының адалдығын, мәселенің мәнісіне жетпей бос сөйлемейтін жайсаң мінезін, өмірде кездесетін қиындықтарда қол ұшын беруге дайын тұратын кісілігін әлі күнге дейін жасырмай айтып жүреді.

Сонымен 1888 жылдан келе жатқан жылқы зауытының келбетін түбірімен өзгертуге барын салды. Ол өмір бойы жылқыны зерттеп келе жатқан білікті ғалым. Мұнда өз қолтаңбасын қалдырды. Жаңа мекеме «Қазақ тұлпары» деп аталды. Бұлар айтуға ғана жеңіл. Мұның бәрін де жергілікті халық көріп, лайықты бағасын берді. Осы Заречныйда басшылық қызметте жүргенде ол ат спортын, ұлттық ойындарымызды жаңғыртуға тікелей мұрындық болды. Сонау Шымкенттен бірнеше дүркін Кеңес Одағының чемпионы, шабандоз Оразқожа Сейдахметовты шақырып, қазақтың ежелден келе жатқан көкпарды сеніп тапсырды. Орекең де мұны ұятқа қалдырған жоқ. Басқа да ұмытылуға шақ қалған дәстүрлеріміз қанатын кеңге жайды.

Сөздің реті келгенде, сонау 2004-2007 жылдар аралығында Нәбидолла Ақанұлы басқарған «Қазақ тұлпары» зауытының командасы таза қанды импортты жылқылармен қатал бәсекелестік жағдайларда көптеген айтарлықтай жүлделі орындарға ие болды. «Тайбурыл – 2004» мамандандырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымды жылқылардан 70 жылқы қатысып, Бота атты жылқы «Абсолютті чемпион» атағына ие болып, Бас жүлдені жеңіп алғаны жұртшылықтың есінде болар. Әсіресе, ол Қостанай облысының ат спорты федерациясына жетекшілік еткен кезеңдердегі атқарған еңбегі орасан. Айта берсек, бұл жылдарда да жүзеге асырылған спорттық сайыстар жетерлік.

Әрбір ғалым өзінің тың ізденістерін көрсетуге ғұмыр бойы талпынатындығы айдан анық. Мақаламызда өзек болып отырған жылқы саласы білгірінің есімі Мұғалжар жылқы тұқымының авторы ретінде мәңгілік қалды. Таратып айтар болсақ, оның осы саланы дамытуға байланысты жазған ғылыми жұмыстары да баршылық.

Оның руханиятта да қалдырған өзіндік орны бар. Бұл қыры жылқыға, ат спортына арналған, атбегілік өнерін танытатын, тұлпар тұяғымен жазылған тарихты тарататын ең алғашқы екі тілдегі көп бояулы журналдың Бас редакторы болған жылдары да көрінді. Сол кезеңде оның редакциялық алқасында Жағда Бабалық, Игорь Нечаев, Елсияр Қанағатов, Сәдібек Түгел, Ахмет Тоқтабаев және басқа да азаматтар болды.

Танымал ғалымның бірқатар шетелдердегі айтулы басқосуларға қатысқанын біреу білсе, біреулер білмес. Осы жайлы да бірер сөз. Ол Қытайдың астанасы Бейжіңдегі съездер сарайында қазақ жылқысы мен ат спорты жайында қазақ тілінде ғылыми баяндама жасады. Осы кез келген ғалымға қатысу бұйыра бермейтін үлкен жиында сөз сөйлеуі, жылқы саласын қорғаған ғылым докторы, профессордың үлкен беделін көрсетсе керек.

Сондай-ақ, ол өзге де мемлекеттерде болып, қазақ елін танытты. Бұл орайда Тәжікстанда «Қазақстанның жылқыларының генетикалық қорын сақтау, дамыту» тақырыбында әріптестерінің алдына шығып, сөз сөйледі. Басқа да жылқы шаруашылығын өркендетуге байланысты айтарлықтай іс тындырды.

Нәбидолла Ақанұлы «Қамбар Ата» республикалық жылқы өсірушілер қауымдастығының президенті ретінде де көптеген алқалы жиындарда жарқын ойларын ортаға салып, өзінің бұл саланың нағыз майталманы екендігін дәлелдеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын Қазақ жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері. Өзінің ізін басып келе жатқан жас ғалымдардың тәлімгері десек артық болмас.

Қазақ «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демей ме? Бұл орайда көрнекті ғалым өзін бақытты санайды. Өйткені, өткен жылдарда тек өзімнің шыққан тауым биік болсын деген жоқ. Ғылымға бейімі бар ұлтымыздың жастарына дер кезінде бағыт-бағдар беріп, жетекшілік етті. Олар жайлы жылы лебіз естісе, жаны марқайып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.

Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз жөн болар. Мысалы, кезінде талапты бойжеткен Индира Бейішова аспиранты болды. Өзінің таудай талабы мен зерделігінің арқасында генетика саласын зерттеуде биіктерді бағындырып үлгерді. Ол бұл күндері Орал қаласындағы жергілікті беделді университетте зертхананы басқарады.

Сондай-ақ, тағы бір келешегінен үміт күткен Гүлмира Бейсенова да мұның сенімін ақтады. Бұл күндері ол елордамыз Астанада қызмет атқарады. Ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты. Ғылымда өзінің өрнегі бар қазақ қыздарының бірі.

Замандасымыздың есімі ұлтын сүйген азамат, қоғам қайраткері ретінде де жұртшылыққа кеңінен танымал. Ол «Қазақ тұлпары» зауытын басқарып тұрған кезінде халық қалаулысы атанып, Қостанай аудандық мәслихатына екі рет депутат болып сайланды. Бұл да болса, оның азаматтық тұлғасын барынша асқақтата түсетіндігі белгілі.

Оның туған елге деген сүйіспеншілігі жер-су атауларын өзгерту кезінде де байқалды. Сол жылдарда қазіргі Тобыл қаласының орталығындағы Калинин көшесін Тәуелсіздік деп атауға атсалысып, өзінің ұсынысын батыл білдірген еді. Сөйтіп, жиналған жұртшылық алдында егемендігіміздің өркен жаюына, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге лайықты үлесін қосқандығын айтып өткенім ләзім.

Ол тіліміз бен дініміз, діліміздің нағыз жанашыры. Егер ана тіліміз жайында сөз бола қалса, ерекше бір жанашырлықпен: «Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, ана тілді меңгеру, сөйлеу және жаза білу әрбір исі қазақтың міндеті. Ұрпақтарымызды қазақ балабақшасы мен мектебіне беріп, өзгелерге ең алдымен өзіміз үлгі көрсетуіміз керек», – дейді.

Орындалған арман

Мен білетін зиялы қауым өкілдері Нәбидолла Кикебаевтар әулетін «Ғылым қонған шаңырақ» деседі. Бұл айна қатесіз шындық. Өйткені, профессордың жан жары Айман Ақатайқызы да ғылым кандидаты. Қос ғалымның шаңырақ көтергендеріне жарты ғасырға жақындап қалды.

Зайыбы Жамбыл облысы Шу ауданының тумасы. Айман да зиялы Рысалдиндер отбасында өсіп, жастайынан білімге құштар болды. Жоғары білімді маман жылдар өте ғылым жолына түсті. Еңбегі жанып, тың ізденістің арқасында диссертациясын ойдағыдай қорғады.

Әдетте, әрбір беделді азаматтың артында парасатты әйел тұрады деп босқа айтылмайды. Жаны нәзік, адамгершілігі мол, кішіпейіл қазақ қызы отағасының ғылымда қол жеткізген табыстарына әрдайым тілекші болып, қолдау көрсетті.

Ерлі-зайыптылар өмірде де, ғылымда да қол ұстаса бірге жүріп, әулеттің ынтымақ-бірлігін асқақтатты. Кейінгі жастар бұл сыйластығы жарасқан жанұялардай болсақ деп еліктейді.

Бұл күндері Нәкең мен Айманның жарасымды шаңырағында Алмас және Зейнолла есімді ұлдарына тәлімді тәрбие берді. Тұңғышы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының түлегі, банк саласының қызметкері. Кішісі заңгер, құқық қорғау саласының маманы.

Осы қос ұлдарынан жеті немере сүйді. Бұларды ата-әже атандырған Еркежан студент. Немерелерінің ең кенжесі Сара кішкентай сәби. Осы ұрпақтары үйлерінде бас қосқанда үлкен қуанышқа кенеледі.

Адал еңбек бағаланбай қоймайды. Нәбидолла Ақанұлының елі мен халқына сіңірген еңбегі өзінің жемісін берді. Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ғылым докторы, профессор. Оның кеудесіне тағылған «КСРО өнертапқышы», Тәуелсіздігіміздің 10, 20, 25 жылдығына арналған мерекелік және «Мұғалжар жылқы тұқымына 25 жыл» медальдары, «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және басқа да мәртебелі төсбелгілерімен марапатталды.

Алдағы уақытта мерейлі жасқа толғалы отырған бауырымыз сонау мектеп қабырғасында жүргенде кітап пен газет-журналдарды көп оқып, зердесіне әбден түйді. Сол шақтары жазу-сызуға, көркем әдебиетке ден қойғаны соншалықты, өсе келе журналист болуды армандайтын.

Игіліктің ерте-кеші жоқ деген рас екен. Жүрегінің бір түкпірінде жатқан асыл арманы 60 жасында жүзеге асты. Қазақтың маңдай алды оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін қызметтен қол үзбей жүріп, сырттай оқып бітірді. Дипломдық жұмысын «Этножурналистика» тақырыбында қорғады. Оған қатысқан ғалымдар мұның ізденімпаздығына тәнті болып, өздерінің жоғары бағасын берді. Сондықтан, оны біз әріптес ретінде де мақтан тұтамыз.

Онымен дидарласып, сөйлескенде жан дүниең түлеп, ғажайып көңіл-күйге бөленесің. Бұл әрине, құрдасымыздың жан-жақтылығын, жан-сарайының кеңдігін, адамгершілігін, заманға сай кемел азамат болып қалыптасқандығын көрсетеді.

Оразалы Жақсанов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here