Әли БЕКТАЕВ: Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін дұрыс пайдалану мәселесі де сұхбат күн тәртібіне шықты

0
964

Сенат депутаты Әли БЕКТАЕВ Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатына орай Facebook әлеуметтік желісінде өз ойларын ортаға салды. Онда былай делінген:

Жыл сайын баспасөз құралдарына арналған сұқбаттарында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев дәстүрлі түрде жылды қорытындылап, болашаққа басымдықтарды белгілейді. Бұл дәстүр – мемлекетімізде жаңа саяси тәжірибені қалыптастырып келеді.

Жаңа 2026 жыл да осы дәстүрмен басталды. 5 қаңтарда «Turkistan» газетінің бас редакторы Б.Бабажанұлына берген ауқымды сұқбатында, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде, инфляция, салық реформасы, олигополиялармен күрес, парламенттік реформа сияқты өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Президент өз сөзінде,  еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын, Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастағанын, қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңыздылығы туралы нақты түсінік қалыптасқанын, сонымен қатар, болашақ үшін тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керектігін атап өтті.

Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табатынына сенімділігін білдірді Қ.К.Тоқаев. 

Президент жұрт назарында жүрген салық реформасына тоқталды. Өз жауабында, бұл реформа қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта жүктеу болып табылатынын, салық реформасының басты міндеті – тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және оның нәтижесін биыл көреміз, – деп жауап берді.

Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады, салық төлеу енді отаншылдықтың озық үлгісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады – деп нақтылады жауабын.     

Сұқбатта тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылмағаны, қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылымның тозғаны, энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің ескіргені көтерілді. Тозығы жетіп, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіздігі, жұмыс тәсілін өзгерту, ол үшін салаға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны аталды.

Мемлекетіміздің дамуы үшін көлік және логистика саласының жағдайына да назар аударылды. Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразияның негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерінде орналасқанын дұрыс пайдалану қолға алынбақ. Сондықтан мемлекетіміз Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыруды жоспарлап, ол үшін көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналатыны айтылды.

Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін дұрыс пайдалану мәселесі де сұқбат күн тәртібіне шықты. Сапалық тұрғыдан дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстарға, соның арқасында қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, бұл салада қазіргі таңда кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесі қарастырылуда. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады, деп айтты Президент.

Сұқбатта Президентіміз қазақстандық жастарға үндеу жолдап, дарынды, білімді және ынталы жастарға деген сенімін білдіріп, оларды жасампаздыққа, сындарлы ойлауға, еңбекқорлыққа, ізденімпаздық пен тәртіпке шақырып, немқұрайлылық пен нигилизмнен, сондай-ақ бөтен идеялардан сақ болуға шақырды.

Бұл Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың халықшыл бейнесін көрсететін ашық және терең мазмұнды, еліміздің болашақ стратегиялық дамуының басым бағыттарын айқындаған сұхбат болды деп есептеймін.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here