ҚазҰУ-да Абай мұрасына берілген ғылыми баға

0
720

Ұлт руханиятының асқар шыңы – Абай мұрасы уақыт өткен сайын тереңдеп, қоғамдық сананың өзегіне айнала түсті. Ұлы ойшылдың 180 жылдығы – өткенге тағзым ғана емес, келешекке бағытталған кемел қадам. Осы мерейтой аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кеңейтілген ғылыми кеңес отырысы өтті. Жиынға қатысушылар Абай ілімін жүйелі зерделеу, білім беру мен қоғамдық кеңістікке орнықтырудың жаңа белесін айқындады. Ғылым және білім өкілдері бас қосқан алқалы жиында Абай философиясының бүгінгі Қазақстан үшін мәні, «толық адам» тұжырымдамасының тәрбиелік қуаты жан-жақты талқыланып, нақты ғылыми әрі институционалдық шешімдер қабылданды. Бұл басқосу – Абай мұрасын ұлттық идеологияның тірегіне айналдырудағы маңызды қадам.

Жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Махан, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты. Сонымен қатар, кеңес отырысына Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, еліміздің әр өңірінен келген ішкі саясат басқармасының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері жиналды.

Алғашқы болып сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткен ғылыми, мәдени және ағартушылық іс-шаралардың қорытындысын кеңінен баяндады.

Ректор өз сөзінде Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасына ерекше тоқталды.

– Президент: «Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуы тиіс. Біз Абайдың “Қара сөздерін” ЮНЕСКО-ның “Әлем жады” деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», – деп атап өткен болатын. Осы стратегиялық бағыт аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Абайдың кісілік кодексі» және «Абай ілімі» атты оқу пәндері әзірленіп, білім беру процесіне енгізілді. Университет ғалымдары дайындаған «Абайдың кісілік кодексі» оқу корпустары мен студенттік жатақханаларға орналастырылды. Бұл тағылымды әрі мазмұнды бастаманы еліміздің өзге де жоғары оқу орындары мен мектептерінде кеңінен жүзеге асыру ұсынылды. Сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымдарының тікелей қатысуымен «Абайтану.Таңдамалы еңбектер» сериясының 1-50 томы, «Абайтану антологиясы» сериясының 1-10 томы жарық көрді. Бұдан бөлек, «Абайтану антологиясы» атты цифрлық форматтағы интеллектуалдық электрондық ресурстар базасы қалыптастырылды. Аталған ауқымды ғылыми жобалардың барлығы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тарапынан жүзеге асырылды, – деп пікір білдірді ректор Жансейіт Қансейітұлы.

Ғылыми кеңес отырысында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қазіргі ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы 127 жоғары оқу орнында 727 мыңнан астам студент білім алуда.

Вице-министр университеттің басты миссиясы азамат қалыптастыру екенін атап өтті.

«Абайдың философиясына сәйкес, жоғары білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – “толық адамды” тәрбиелеу. Бұл ұстаным ең алдымен мектеп қабырғасынан бастау алады. Мектепте оқушының бойында адал азаматтың қағидаттары қалыптасса, университетке түсіп, заңды дипломын қолына алған сәтте ол толық адам ретінде үлкен өмірге қадам басуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Абай философиясының маңызы айрықша», – деді Гүлзат Ізбасарқызы.

Өз кезегінде оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Абай шығармашылығын қазіргі заман талаптарына сай зерделеу қажеттігін атап өтіп, ойшылдың философиялық, этикалық және қоғамдық көзқарастарын білім беру үдерісіне енгізудің маңыздылығына тоқталды. Ал, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Махан ҚазҰУ базасында әзірленген «Абайдың кісілік кодексінде» ойшылдың терең мағыналы, тағылымды ойлары жинақталғанын атап өтті.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Абайдың жауапкершілік, еңбек адамы туралы ой-толғамдары «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасымен үндес екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Абай мұрасы – бағасы өлшеусіз рухани қазына. Оны сақтау мен дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз”, – деп атап өткен болатын. Осы мақсатта Алматы қаласында Абайдың 180 жылдығы философиялық-рухани, мәдени-ағартушылық және тәрбиелік бағыттарды қамтыған кешенді жоспар аясында аталып өтті. Түрлі ғылыми конференциялар, форумдар мен семинарлар ұйымдастырылды», – деп пікірін білдірді Абзал Нүкенұлы.

Жиында Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғалым Жанғара Дәдебаев институттың атқарған жұмыстары мен ғылыми нәтижелерін таныстырды. Ғылыми кеңес мүшелері мен арнайы шақырылған сарапшылар Абай мұрасын заманауи қоғамдық санада жаңғыртудың өзектілігіне тоқталып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ғылыми кеңес шешімімен университетте әзірленген «Абайтану антологиясы» электронды зияткерлік ресурстар базасы, «Абай ілімі» оқу пәні, Абайдың кісілік кодексі мен Абай таксономиясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зияткерлік меншігі ретінде бекітілді. «Абай ілімі» оқу пәні жоғары білім беру бағдарламаларындағы жалпы білім беретін пәндер циклы бойынша таңдау компоненті ретінде қабылданды.

Жиын соңында Абайдың кісілік кодексі мен Абай ілімі Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтарын іске асырудың инновациялық құралы ретінде айқындалып, оларды білім берудің барлық деңгейінде, мәдени-ағартушылық және қоғамдық кеңістіктерде кеңінен пайдалану жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билікке ұсыныстар жолданды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Ғылыми кеңес отырысы – мерейтойлық жиын ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған мазмұнды ой алаңы болды. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттың рухани тұтастығы, адамгершілік өлшемдері әлсіреп, материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шыққан тұста Абай іліміне қайта үңілу – уақыт талабы. Абай айтқан «толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі білім беру жүйесі үшін жай теория емес, тұлға тәрбиелеудің нақты философиялық негізі болуға тиіс. Ғылыми кеңесте бұл идеяның мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі үздіксіз тәрбие жүйесіне енгізілуі – ел болашағына салынған инвестиция екені айқын көрінді. Қорыта айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Ғылыми кеңес Абай мұрасын ұлықтаудың мерекелік шеңберден шығып, ұлттық даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Абай ілімі – әділетті қоғам құрудың, саналы ұрпақ тәрбиелеудің және рухани тәуелсіздікті нығайтудың сенімді жолы. Ең бастысы, бұл ілім қағаз жүзінде қалмай, нақты іске, өмірлік ұстанымға айналғанда ғана өз миссиясын толық орындайды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here