Тұлға, ұстаз, ғалым

0
1402
Әлімхан Ермеков жұбайы – Рақия және балалары – Мағауия, Рауилмен бірге. 1929 жыл.

Ғұлама ғалым ӘбуНасыр әлФараби бабамыздың: «Тарихты білмейөткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деген қанатты сөзі бар. Қаншама ғасырлар бұрын айтылса да, ғұлама ғалымның пікірі бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы орайда, жақында ғана Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мейрам Бегентаев «Казахстанская правда» (18 желтоқсан, 2025 ж.) газетінде жарық көрген «Ұрпақтар сабақтастығы – Satbayev University тірегі» атты мақаласында 90 жылдан астам тарихы бар, республикамыздағы техникалық жоғары оқу орындарының тұңғышы әрі қара шаңырағы бүгінгі Сәтбаев университетінің өсіп-өркендеу жолындағы тарихы жөнінде ой өрбіте отырып: «Ұрпақтар сабақтастығы – университетіміздің басты стратегиялық ресурсы. Ол жоғары оқу орнымызға өз тамырынан ажырамай, заманауи болуға мүмкіндік береді. Біз отандық инженерлік мектептің негізін қалаған тұлғаларың рухани мұрасын және естелігін сақтаймыз», – деп өте орынды атап көрсетеді.

Мейрам Мұхаметрақымұлы мақаласында Satbayev University құрылып, болашаққа қадам басқан алғашқы кезеңде, оның қабырғасында еңбек етіп, университетіміздің құрылып, қалыптасуында үлкен еңбек сіңірген халқымыздың маңдайалды тұлғасы, қоғам және мемлекет қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, педагог-ғалым, қазақтың тұңғыш математика профессоры Әлімхан Әбеуұлы Ермековті терең құрметпен атап  өтеді.

Әлімхан Ермеков Әлкей Марғұланмен

ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы – күрделі, қайшылыққа толы, жеңістер мен қиындықтардың шиеліністі кезеңі. Сол тарихтың маңызды беттерінің бірінде Әлімхан Ермеков – ұлттың рухани өрісін кеңейткен жарық жұлдыздай жарқырап көрінді. Ол тек білімді ғалым ғана емес, ұлт мүддесін қорғаушы, мемлекеттік шекарамызды ғылыми дәлелдер арқылы бекіткен заңгер тұлға. 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Бөріктас өңірінде дүниеге келген Әлімхан Ермековтің тегі Арғынның Қаракесек руынан шыққан. Атасы Ермек ақсақал халқымыздың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеге қажылыққа барған, ал әкесі Әбеу өз заманының сыйлы, ойы терең, білімді адамы болған. Сол тәрбие мен рухани ортаның әсерімен жас Әлімханның бойына ерте жастан оқуға құштарлық, ізденімпаздық және ұлттық сезім терең сіңген еді.

Ә.Ермеков 1912 жылы Семей гимназиясын алтын медальмен бітіріп шыққаннан кейін, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданады. Бұл қазақ қоғамы үшін техникалық интеллигенцияның алғашқы қадамы ретінде тарихи маңызы зор оқиға болды. Институттың бесінші курсында оқып жүргенде 1917 жылы болған қос төңкеріс оқиғалары оны саяси күрестің бел ортасында болуына алып келді. 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 күндері аралығында болған жалпы бүкілқазақтық съезде Алаш автономиясы құрылғаны белгілі. Съездің шешімімен «Алашорда» үкіметінің төрағасы болып Ә.Бөкейхан сайланса, үкіметтің құрамына А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, М.Дулатұлы, М.Шоқай, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков және тағы басқалар кірді. Яғни, Әлімхан Әбеуұлы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен бірге тұңғыш қазақ ұлттық автономиясының іргетасын қалаушылардың бірі болды. 1918 жылы Алаш автономиясы жөнінде Кеңес өкіметінің басшылары В.Ленин, И.Сталин және Сібір үкіметімен жүргізілген келіссөздерге қатысты.

КСРО Ішкі Істер министрлігінің Әлімхан Әбеуұлы Ермековке берген анықтамасы.

1919 жылы Алаш автономиясының Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ қайраткерлері Кеңес өкіметі жағына шыққан болатын. Олардың қатарында Әлімхан Әбеуұлы да болды. Кеңестік билік жағында әртүрлі қызметтерге тартылды. 1919 жылы шілде айында құрылған «Қырғыз(Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің» құрамына кіріп, алда құрылғалы жатқан Кеңестік негіздегі Қазақ автономиясының шекарасын анықтап, Қазақстан кеңестерінің құрылтай съезіне ұсыну кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Әбеуұлы бастаған Алаш қайраткерлері қажырлы жұмыстар атқарып, еліміздің шекарасын айқындауда болашақ ұрпақ үшін үлкен еңбек сіңіргенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Қазақ автономиясының шекарасын айқындау ісінде Алаш қайраткерлерінің көптеген кедергілермен ұлы орыстық шовинизммен күресуіне тура келді. Соған қарамастан, Алаш қайраткерлері бұл жолда бастарын қатерге де тікті, бар білімі мен күш-жігерін жұмсап, аянып қалмады. Қазақ автономиясын құруға дайындық барысында үлкен талас тудырған мәселенің бірі – жер мәселесі болды. Жер үшін талас, айтыс-тартыс В.Лениннің тікелей қатысуымен, 1920 жылы тамыздың 12, 14, 17 және 24 күндері өткен мәжілістерінде қызу талқыға түсті. Мәселенің алғашқы мәжілістерде-ақ шешімін таппай, кейінгі талқылауларға қалдырылуынан-ақ өте күрделі жағдайда өткенін байқауға болады.

Сонымен, комиссия отырысының 17 тамызда өткен мәжілісінде Қазревкомның 1920 жылы 18 мамырдағы қаулысы бойынша №2043 мандат берілген Әлімхан Ермеков «Қазақ өлкесінің жағдайы және оның шекарасын белгілеу» жөнінде баяндама жасайды. Өз баяндамасында Ресей империясы кезінде өзен-көлдердің маңы мен құнарлы жерлердің жергілікті халықтан тартып алынғанын, Ертіс бойындағы он шақырымдық алаң, Каспийдің солтүстік жағалауындағы он шақырымнан басталып, кейін 70 шақырымға дейін созылған «миллиондық қор» деп аталатын алаң – барлығы да ежелгі қазақ жері екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп береді. Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық алаң 1904 жылы орыс-жапон соғысының алдында қабылданған сенаттың қаулысы бойынша, Сібір казактарының пайдалануына беріліп, ол жерді мекен еткен қазақтарды ата қонысынан айырды. Соның негізінде олар ежелден өздері иелік еткен жерді мал жайылымы ретінде пайдаланғаны үшін орасан зор көлемде ақша төлеп, тез арада сіңірі шыққан кедейге айналғанын айтады (Ә.Ермеков. Естеліктерінен үзінділер. «Қазақстан коммунисі». 1990. №4. 43-44 беттер). Осылайша, Әлімхан Әбеуұлы 5,5 миллион халық қоныстанған ата-бабамыз «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғап, өз ұрпағына мирас етіп қалдырып кеткен 3 467 922 шаршы шақырым қазақ жерінің шекарасын қорғап шықты. Кеңестік негіздегі Қазақ мемлекеттілігінің бастамасы болған Қазақ автономиясының шекарасын айқындау, шегелеу ісінде аянып қалмады, бар білімі мен біліктілігін пайдаланды, күш-жігерін жұмсады әрі тарихи әділеттіліктің орнауын табанды түрде талап етті де. Нәтижесінде, 1920 жылы 26 тамызда Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасының шекарасы ресми түрде бекітілді, бұл шешім қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының шекарасының қалыптасуына іргелі негіз болды.

Әлімхан Әбеуұлы өмірінің жарқын белестерінің тұтас бір кезеңі оның ғылыми-педагогикалық еңбегімен ұштасып жатыр. Қайраткер ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірмен қатар, білім, ғылым, рухани-мәдени өмірге белсене араласып, өзінің өнегелі өмір жолымен тарихымызда терең із қалдырған тұлғалы ұстаздардың бірегейі. Әлімхан Әбеуұлының ғылыми-педагогикалық жемісті жұмысының бір белесі Қ.Сәтбаев университетімен байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес. Сол кезеңдегі Қазақтан шыққан инженер-техникалық зиялы қауымның көш басында тұрған Әлімхан Әбеуұлы, ел арасындағы әңгімелерде Қаныш Сәтбаевты Томск Тау-кен институтының ректоры Усовпен таныстырып, геология саласын меңгеруде бағыт-бағдар берген еді деген пікір кең тараған. Өзінің ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, француз, неміс, араб, итальян тілдерін еркін білген ол Қазақстанда ең алғаш рет жоғары оқу орындары ашыла бастағанда ұстаздық қызметке ауысып, еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының аяғынан тік тұрып кетуіне өзінің лайықты үлесін қосты. 1929-1935 жылдары аралығында Қазақ педагогикалық институтында және Алматы мал дәрігерлік институтында оқытушы болып қызмет етті.

1933 жылы 20 қазанда Қазақ тау-кен және металлургия институтын ашу туралы КСРО Халық комиссарлар кеңесінің шешімі шыққаннан кейін, республикамызда тұңғыш техникалық жоғары оқу орны өзінің есігін айқара ашып, 1934 жылы 19 қыркүйектен өз жұмысын бастады. Институттың материалдық-техникалық базасын жабдықтау, сонымен қатар, профессор-оқытушылармен қамтамасыз ету алғашқы кезеңде өте қиын жағдайда жүрді. Тау-кен және металлургия институты ашылғаннан кейін Әлімхан Әбеуұлы маман ретінде институтқа шақырылып, 1935 жылы сәуір айында математика және  қолданбалы механика кафедрасының профессоры, артынан сол кафедраның меңгерушісі болды. Әлімхан Әбеуұлының институт қабырғасында еңбек еткен жылдары ғылыми-педагогикалық саладағы жемісті жылдары болды.

1935 жылы оның жоғары техникалық оқу орындарының студенттеріне арналған «Ұлы математика курсы» (орысшасы – «Курс высшей математики») атты еңбегі қазақ тілінде жарық көрді. Математик-ғалым жазған көлемі 10 баспа табақтан тұратын бұл кітаптың редакторы қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушылардың бірі лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов еді. 1935 жылы қараша айында Мәскеуде орыс ғалымы Г.М.Крижановскийдің төрағалық етуімен өткен Жоғарғы аттестациялық комиссияда Әлімхан Әбеуұлы профессор атағын сәтті қорғап, қазақ халқының зиялы қауымының ішінде тұңғыш рет математика профессоры деген ғылыми атаққа ие болды. Қайраткер 1936 жылы ұстаздық қызметті ғылыммен ұштастыра отырып «Қазақ тілінің математика терминдері» түсіндірме сөздігін шығарды. Бұл еңбек математикалық терминологияны қазақ тілінде жүйелеуге бағытталды, яғни тек оқулық жазумен шектелмей, терминологиялық қорды ұлттық тілдік жүйеге енгізу жұмысы жүзеге асырылды.

Қуғын-сүргін жылдары жалған саяси жалалармен істі болған Әлімхан Әбеуұлының бұл кезеңдегі әрбір қадамы жасырын түрде ОГПУ тыңшыларының бақылауында болған еді. Олардан қалыспай ішкі партиялық басқылау да «қырағылын» танытып жатты. Мәселен, Тау-кен және металлургия институты партия комитетінің хатшысы Е.Коробов өзінің Әлімхан Әбеуұлының ғылыми-педагогикалық қызметіне берген мінездемесінде: «Математика кафедрасының профессоры. Бұрын мал дәрігерлік институтта жұмыс істеген. Өз пәнін жақсы білумен қатар, жақсы сабақ береді. Студенттер арасында үлкен беделге ие. Институтта 1935 жылдың сәуір айынан бері жұмыс істейді. Бұрынғы Алашордашы. Мамандығы бойынша тау-кен инженері, Томскінің технологиялық университетін бітірген» деп жазыпты (Қазақстан Республикасы Президентінің архиві. 141-қор, 17-т, іс -1031. п. 10).

Әлімхан Әбеуұлы өзінің белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен Тау-кен және металлургия институтының іргетасын қалаушылардың бірі болды. Оның ұсынысы бойынша 1936 жылы Тау-кен және металлургия институтының бірінші-екінші курс студенттеріне арналған жалпытехникалық факультет ұйымдастырылды. Институтта ашылған жалпытехникалық факультеттің алғашқы деканы да Әлімхан Әбеуұлы болатын. Бұл факультетте ауыл мектебінен келген қазақ жастары үшін жоғары математика, физика, теориялық механика, химия және жоғары курстарда өтілетін арнайы пәндердің негізі оқытылды. Ауыл жастарының орыс тілін жетік меңгермегендігі ескеріліп, сабақ негізінен қазақ тілінде жүргізілді.

Әлімхан Әбеуұлы өз ісінің жетік маманы ретінде ҚазТКМИ-дің студенттері арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Жастарға сапалы білім беруде өзінің күш-жігері мен білімін аямай еңбек етті. Қайраткердің басына күн туып, жазықсыз қудаланғанда жастар одағының басшысы Волков бастаған студенттер өз бастарына төнген қауіпке қарамай, өз ісіне берілген, профессор, ары таза, қамқор декан ретінде оны жалпы жиналыста қорғап сөйлеген еді.

Бойындағы күш-қуаты мен біліктілігін көрсетіп, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты құлшына орындауға кіріскен қайраткердің өкінішке орай мұндағы жұмысы ұзаққа созылмады.

Әлімхан Әбеуұлы 1937 жылы елімізде жаппай қуғын-сүргін басталғанда оған алдымен іліккендердің бірі. Осы жағдай жайлы ол былай деп жазады: «… Отызыншы жылдардың орта кезінде профессор міндетін атқаратын атақ алдым. Алматының тау-кен және металлургия институтында математикадан сабақ бердім. Кафедра меңгердім. 1937 жылы күзге қарай «Халық жауларын» күні-түні әшкерелеп, тұтқындау күллі еліміздегі тәрізді, Алматының да үрейін ұшырап тұрды. Бұрын Қазақстан комсомолының көрнекті жетекшісі болған, кейін Промакадемияны бітіріп, тау-кен институтына директор болған Әшірбек Бүркітбаев басты оқытушылардың көбісі шетінен қамалып жатқанда, өз тағдыры да қыл үстінде тұрған шақта, бір күні мені кабинетіне шақырып: «Әлеке, маған енді өкпелемеңіз. Бұдан әрі сізді қорғауға шамам келетін емес. Ыңғайыңыз келсе бір жаққа кетіп қалыңыз. Аспан асты қуыс қой», – деді. Солай келістік. Өз сұрауым бойынша деп Әшірбек інім бұйрық берді. Рақмет! Көп кешікпей Ә.Бүркітбаевтің өзі де қамалды. Мен Самараға, Куйбышев қаласына кетіп қалдым. Сондағы мемлекеттік жоспарлау институтына математика кафедрасының меңгерушісі, профессор болып орналастым. Беделді болдым. Жұмысымды жақсы істеп жаттым».

Алайда, сол кездегі «жағымпаз-жендеттер» ол жақта да ізіне түсіп, арызданып Әлімхан Әбеуұлын қаматады. 1938 жылы наурыз айында РКФСР, Куйбышев облыстық НКВД-ы Қазақстандық НКВД-нің сұратуы бойынша Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтындағы жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып істеп жүрген жерінен Әлімхан Әбеуұлын «антисоветтік, ұлтшыл» ұйымның мүшесі ретінде тұтқындап Қазақстанға этаппен жібереді.

1937-1939 жылдары елімізде жүргізілген жаппай қуғын-сүргін кезеңінде тергеушілер, тергеу істерін азаптау, қорлау, ұрып-соғу, бір-біріне қарсы айдап салып, арандату тәсілдерімен жүргізді. Соған сәйкес, тергеу барысында «халық жауларының» бастарынан да әртүрлі жағдайлар орын алды. 1938 жылы 6 мамырда жүргізілген тергеуде қайраткер: Алашордашыл болғанын, Жапонияның пайдасы үшін оларға жұмыс істеген агент екенін «мойындапты».

Тергеу 1938 жылы 22 қазанда аяқталған. Бірақ, Әлімхан Әбеуұлы тергеу ісі аяқталған хаттамаға қол қоюдан және оған дейін берген жауаптарынан бас тартқан. Сот мәжілісі кезінде Әлімхан Әбеуұлы өзін кінәлімін деп мойындамаған (ҚР ПА. 20 қ. 1 т. 6007 іс. п. 139). Әлімхан Әбеуұлы тергеу барысында НКВД жендеттері тарапынан ұрып-соғу, азаптау және тағы да басқа өрескел заң бұзушылықтар туралы Қазақ КСР Ішкі істер наркомы С.Реденстің атына 1938 жылы 17 мамыр және 28 мамыр күндері жазған арызында ашып жазады. Бірақ, бүкіл кеңестік заңдық-құқықтық жүйені қамтыған азаптау мен қорлау одан әрі жалғаса берді.

1939 жылы 28 ақпан күні өткен ҚазКСР НКВД шекара және ішкі әскерлерінің әскери трибуналының Ә.Ермеков ісі бойынша жабық сот отырысында сот сұрақтарына Ә.Ермеков былай деп жауап береді: «Бөкейхановты мен жақсы білемін. Ол Алаш-Орда партиясының мүшесі. Ол мені жақсы білді, өйткені маған үлкен үміт артылған еді әрі олардың барлығы ең алдымен маған сенді. Ал, менің алдын ала тергеу кезінде өзімді жапон барлауының резиденті Като деген адаммен байланыста болдым деп көрсетуіме келсек, мен мұны тек тергеушілердің мәжбүрлеуімен, зорлауымен жаздым. Тергеу кезінде мені ұрып-соқты, демалуға да, тамақ ішуге де мүмкіндік бермеді. Мен сондай күйге жеткізілдім, сол себепті тергеушілер талап еткеннің бәрін жазуға мәжбүр болдым. Мен жазғанның бәрі – шындыққа жанаспайтын, жалған мәлімет. Тіпті мен көрсеткен кейбір фамилиялар да мүлде жоқ, оларды өз ойымнан шығарып жаздым. Жапон резиденті Като деген адамды да ойдан шығардым, яғни мұның бәрін тергеуші Марковтың диктовкасымен жаздым. Мені 20 сәуірден 24 сәуірге дейін, төрт тәулік бойы демалдырмай, тамақ бермей тергеді. Мен тік тұрып жауап беруге мәжбүр болдым және шындықта жоқ нәрселерді айтуға әрі жазуға мәжбүрлендім. Осы жайттардың бәрі туралы мен наркомға бірнеше рет арыз жаздым, бірақ жағдай сол күйі өзгеріссіз қалды», – деп НКВД жендеттерінің озбырлықтарын ашық айтқан болатын («Алаш Орда ісі. 1920-1940 ж.ж. Құжаттар мен материалдар». «Алашорда үкіметінің мүшелері мен осы ұстанымдағы тұлғаларды жою шаралары. 1933-1938 ж.ж.», Алматы: «Kitap», 2023. 532 б.).

1939 жылы 28 ақпанда НКВД-ның әскери трибуналы РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 1а, 8, 11 тармақтары бойынша Әлімхан Әбеуұлын айыпты деп тауып,  10 жылға бас бостандығынан айырады. Профессор Ә.Ермековке тағылған айыптар бірін-бірі жоққа шығаратын, шындыққа мүлде жанаспайтын, ойдан шығарылған зұлымдық жала болатын.

Әлекең абақтыда жүргенде де заңсыз жаламен жабылғандығын дәлелдеп, арыздануын тоқтатпады. Осының нәтижесінде ол ақталып, 1947 жылдың басында тұтқыннан мерзімінен бұрын босанып шықты. Сол жылдың 15 тамызынан Әлімхан Әбеуұлы Шымкент технологиялық институтының математика кафедрасын басқарып, қайтадан ұстаздық қызметін жалғастырды. Өкінішке орай, көп кешікпей ол жалған жаламен тағы да НКВД түрмесіне жабылады. Сол кеткеннен мол кеткен Әлімхан Әбеуұлы 1955 жылы 7 наурызда КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен босатылып, 1957 жылы 26 қарашада толық ақталады. Содан кейін өмірінің соңына дейін Қарағанды политехникалық институтында ұстаз болып еңбек етті.

Әлімхан Әбеуұлы Қарағанды политехникалық институтында еңбек етіп жүрген жылдары жазған естелігінде бүгінгі халқымыздың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаев есімін иеленіп отырған университетіміздің алғаш құрылып, қалыптасу кезіндегі жағдайын, онда қызметтес болған әріптестерін, студенттер қауымын терең тебіреніспен еске алады. Сол кезеңдегі елдің экономикалық жағдайының қиындығына қарамастан үлкен күш-жігер жұмсай отырып, алғашқы техникалық жоғары оқу орнының аяғынан қаз тұрып кетуі жолында аянбай еңбек еткен институттың алғашқы директоры Ә.Бүркітбаев пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, профессорлар В.Глазковский мен А.Коктовтың қажырлы еңбегіне тоқтала отырып, Әшір Бүркітбаев жөнінде: «Жас, бойында күш-қуаты бар, белсенді директор Ә.Бүркітбаев күшін де, денсаулығын да аямай бар ынтасымен жұмысқа кірісті. Ол уақытпен санаспай күндіз де, түнде де жұмыс істеді. Былайша айтқанда, жұмыста жалындап жанды. Ол өзінің жастығына қарамастан, өзінің төңірегіне үлкен педагогикалық және ғылыми тәжірибесі бар адамдардарды топтастыра біліп, оқу процесін қамтамасыз ету үшін кафедралар, лабораториялар, кабинеттер құруға жұмылдырды», деп жазады.

Институт қабырғасында бірге еңбек еткен профессорлар: В.Л.Глазковский, Г.В.Ключенский, М.Ю.Юрьев, Воловик, Бутов, П.А.Рыжов сынды әріптестерінің ғылыми-педагогикалық саладағы еңбектеріне жоғары баға берумен қатар, өзінің есінде қалған студенттері: Шарипов, Байқоңыров, Колебаев, Харитонов, Спицин, Ибраев, Волков, Бралин, Ақжанов, Абишев, Мильгрем, Қарамуллиндердің де есімдерін мақтанышпен атап өтеді. Қайраткер тұлға: «Қазақтың тау-кен және металлургия институты бүгінде көптеген факультеттері мен мамандықтары бар, жоғары дәрежелі инженерлер мен ғылыми қызметкерлері дайындайтын республикамыздағы қуатты ғылыми-техникалық орталық қазақтың политехникалық институтына айналып отыр», – деп аяқтапты өз естелігін.

Ақталғаннан кейінгі жылдары шәкірттері мен әріптестері Ермековтің өткен азапты жолын көп айта бермегенін еске алады. Ол ешқашан түрме мен лагерьді өзінің басты тақырыбына айналдырмаған, керісінше, «уақыт өтті, енді білім беру керек» деген ұстанымда болған. Ю.Попов сияқты шәкірттерінің ескеліктерінде Әлімхан Ермековтің дәріс кезінде ерекше жинақылығы, артық сөзге бармай, пәннің мәнін терең ашуға тырысатыны айтылады. Тіпті, бор салынған қалтаны үнемі өзімен алып жүретін әдеті де – оның ұстаздық болмысының бір белгісі ретінде суреттеледі.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Әлімхан Ермековтің ғылыми және тарихи бейнесі тұтас күйінде қайта қарастырыла бастады. Архивтердің ашылуы, Алаш қозғалысына қатысты зерттеулердің көбеюі, қуғын-сүргін құрбандарының ақталуы оның өмір жолына жаңа көзқарас әкелді. Бұрын тек математик, профессор ретінде ғана айтылып келген Ермеков енді ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуына, инженерлік білімнің негізін салуға үлес қосқан ірі тарихи тұлға ретінде бағаланды. Оның Мәскеудегі келіссөздердегі рөлі, қазақ жерінің тұтастығын қорғаудағы еңбегі, жоғары техникалық білімді ұйымдастыруға қатысы бір арнада қарастырыла бастады.

Осылайша, Әлімхан Ермековтің қызметі бір ғана саяси күреспен немесе шекара мәселесін шешумен шектелмей, кеңестік кезең жағдайында қазақ қоғамында инженерлік-техникалық ойлаудың, ғылыми кадр дайындаудың және жоғары техникалық білімді институционалдық тұрғыда қалыптастырудың бастауында тұрған көпқырлы тарихи құбылыс ретінде көрінеді. Ол инженер мамандығының ел болашағы үшін стратегиялық маңызын ерте түсініп, өндіріс пен ғылымды ұштастыру қажеттігін күн тәртібіне қойған санаулы қазақ зиялыларының бірі болды.

Әлімхан Әбеуұлы халық құрметіне, үлкен ылтипатқа лайықты тұлға. Ол жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті адам еді. Кеңестік сұрқия биліктің ұзақ жылдарға созылған қудалауына қарамастан жасымаған, мойымаған, қайсар рухты тұлға болды. Тұлғаның өзі талай жыл еңбек етіп, терең із қалдырған, іргетасын қалаған бүгінгі Қ.Сәтбаев университетінің үлкен дәріс аудиториясына оның есімі берілуімен қатар, ескерткіш тақта орнатылып, лайықты құрмет көрсетілсе өте орынды болады деп ойлаймыз. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындау. Осы тұрғыдан алғанда Әлімхан Әбеуұлының саяси қайраткерлер тұлғасы, ғылыми педагогикалық еңбек жолы бізге үлгі-өнеге болып табылады. Кезінде аты Алты алашқа әйгілі болған тұлғаның есімін қай жағынан құрметтесек те лайықты.

Досалы Салқынбек,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
 Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.

Ермахан Қалмұрзаев,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің аға оқытушысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here