Бүгін, жылқы жылының 29 қаңтарында Алматы қаласындағы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде «Сауат ашқыш – 100 жыл» атты танымдық дәріс өтті. Шараны музей-үй ұжымы атынан ғылыми қызметкер Жансая Сман ұйымдастырды.
Дәрістің негізгі баяндамасын белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің ұстазы Жұбай Орынай жасады. Ғылыми жиынға ҚазҰУ-дің «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде практикадан өтіп жатқан студенттері қатысып, сұрақ-жауап, слайдтық таныстырылымдар арқылы семинар мазмұнын байыта түсті.

Музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбет Ахмет Байтұрсынұлының ғасыр бұрын жарық көрген мұрасының бүгінгі алаштану ғылымындағы орнын атап өтіп, құрметті қонақтар Орынай Сағынғалиқызы мен Марат Рыскуловқа алғыс білдірді.
Дәрісті жүргізу тізгіні зерттеуші Әділет Ахметке тапсырылды.
Баяндамасында Жұбай Орынай Ахмет Байтұрсынұлы жасаған ұлттық әліпби – төте жазудың Алаш өркениеті мен қазақ руханиятындағы айрықша маңызын, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы латын әліпбиіне көшу үдерісінен кейін қазақтың жазба мұрасына келген олқылықтарды ғылыми деректер негізінде талдап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі мен оқыту әдістемесіне негізделген оқулықтардың өміршеңдігі де жан-жақты сөз болды.
Тағылымды дәріс мазмұнының тереңдігімен ерекшеленіп, жастарға айрықша рухани серпін берді.
Шара соңында қонақтарға құнды кітаптар табысталды. Әділет Ахмет өз атынан, Болатбек Керімұлымен бірлесіп жазған, «Телегей» баспасынан жарық көрген заманауи, интерактивті, ұлттық құндылыққа негізделген электронды оқулық — «Әдемі әліппені» сыйға тартты.









