Конституция жобасы ұзақ мерзімді дамуға бағытталған

0
359

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын көпшілікке ұсынды.

Аталған құжат азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар тарапынан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты саралау, ашық форматтағы қоғамдық талқылаулар өткізу, сондай-ақ жаңа құқықтық нормалар мен қағидаларды терең әрі мұқият әзірлеу нәтижесінде дайындалды.

Конституциялық реформаның негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы жатыр. Бұл ұсыныс Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында айтылып, елдің саяси жүйесін кешенді түрде жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруге бағытталған еді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының реформасы жаһандану мен цифрландыру үдерістерінің қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси, институционалдық және мәдени-рухани салаларына тигізген ықпалына берілген жауап болды. Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміз қалыптасу кезеңінен өтті. Қазіргі таңда ел алдында егемендікті одан әрі күшейту, мемлекеттік билікке деген қоғамдық сенімді арттыру және азаматтардың басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту міндеттері тұр.

Конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты — орталықтандырылған басқару жүйесінен билік өкілеттіктері нақты бөлінген әрі өкілді институттардың маңызы артқан теңгерімді модельге көшу. Бұл тұрғыда Парламенттің құзыреті кеңейіп, оның заң шығару қызметі мен бақылау функциялары күшейтілуде. Үкіметтің өкілетті органдар алдында есепті болуы биліктің бөліну қағидатына сай келеді. Мұның барлығы қоғамның әділеттілікке, биліктің ашықтығы мен есептілігіне, сондай-ақ заң үстемдігінің нақты қамтамасыз етілуіне деген сұранысын айқындайды.

Экономикалық-құқықтық блок аясында қаржы саласын қоса алғанда, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Қоғамдық талқылауларда бұл норма Астана халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласымен байланыстырылды. Бұл ретте әңгіме мемлекеттік құрылымды өзгерту туралы емес екені, сондай-ақ мұндай ерекше режимдер Конституцияның негізгі қағидаттарына сәйкес және нақты құқықтық негізде жүзеге асырылуы тиіс екені ерекше атап өтілді. Сонымен қатар мүліктік және коммуникациялық кепілдіктерге арналған блок ұсынылып, жеке меншік пен банктік құпияны конституциялық деңгейде қорғауды күшейту, сондай-ақ жеке және іскерлік келіссөздердің, оның ішінде цифрлық байланыс арналары арқылы жүргізілетін қатынастардың қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Алғаш рет Конституция деңгейінде цифрлық құқықтарды тану, зияткерлік меншікті қорғау, сондай-ақ ғылым, білім, мәдениет пен инновацияның мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторлары ретіндегі маңызы айқындалады. Мұндай көзқарас ел дамуының ресурстық-шикізаттық моделінен біртіндеп бас тартып, жаһандық технологиялық трансформация жағдайында шешуші рөл атқаратын адами капиталды дамытуға басымдық беруді білдіреді.

Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген.

Сонымен қатар жоба сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды.

Реформа шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және сот жүйесінің Адам құқықтары мен бостандықтарының тәуелсіз кепілі ретіндегі рөлін арттыру ерекше маңызға ие. Конституциялық бақылаудың қосымша тетіктерін құру мемлекеттің ресми нормаларға емес,  азаматтардың мүдделерін нақты қорғауға негізделген құқықтық жүйені құруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Жаңа Конституцияда мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы әлеуметтік жауапкершілігі едәуір күшейтіледі. Білім беру адам құқықтарының негізгі құрамдас бөлігі әрі мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындалады. Осыған байланысты мемлекет білім берудің барлық деңгейінде оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге қажетті жағдайларды жасауға міндеттенеді. Азаматтардың тегін орта білім алу құқығы конституциялық деңгейде бекітіліп, сондай-ақ тегін техникалық және кәсіптік білім алуға жағдай жасау мемлекеттің тікелей міндеті ретінде нақтыланады.

Жоғары білім беру саласында Конституция білім беру ұйымдарының академиялық еркіндігін, ғылыми-зерттеу қызметін және институционалдық дербестігін кеңейтуді көздейді. Бұл өз кезегінде жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға және оны халықаралық білім беру кеңістігімен тиімді ықпалдастыруға құқықтық негіз қалыптастырады.

Конституциялық реформаның мәні тек билік институттарын жаңғыртумен шектелмей, сонымен қатар жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын ерекше атап өткен жөн.

Жаһандық тұрақсыздық, геосаяси сын-қатерлер мен цифрландыру үдерістерінің қарқынды дамуы жағдайында Конституция елдің орнықты дамуының негізгі тірегі болып қала беруі тиіс. Реформаның табыстылығы енгізілген өзгерістердің мазмұнымен ғана емес, олардың нақты өмірде тиімді жүзеге асырылуымен өлшенеді. Конституция нормалары азаматтардың құқықтық санасына сіңіп, қоғамның күнделікті тәжірибесіне айналған кезде ғана толыққанды жұмыс істей бастайды.

Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық мақсаттарына толықтай сай келеді. Ол Қазақстанның орныққан мемлекеттілік негіздерін нығайта отырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген басқару үлгісін жүйелі түрде іске асырады. Құжатта бекітілген нормалар мемлекет пен қоғам дамуының жаңа эволюциялық кезеңіне жол ашады және елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған.

Жаппар ЖҰМАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here