Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубына барды.
Сапар барысында вице-министр клубтың қызметімен танысып, жүзеге асырылып жатқан бастамалардың өзектілігіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі жастарды дамытуға және армияның жауынгерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

– Бұл ранымен де сұранысқа ие әрі заманауи бағыт. Қорғаныс министрлігі мұндай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын. Бұл жұмыс Қарулы Күштердің кәсіби деңгейін арттыруға қомақты үлес қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті Дархан Ахмедиев.
Вице-министр джиу-джитсудан жас чемпиондарға алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік тілеп, Қазақстан намысын әлемдік аренада лайықты қорғауға шақырды.
Кездесу барысында «Sagadat Batyr – QTT» клубының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Sarbaz Plus» пилоттық жобасына ерекше назар аударылды. Жоба аясында Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тактикалық джиу-джитсудан тұрақты жаттығуларға кірісті.
Мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін жаттығуларды джиу-джитсудан қара белбеу иегері, клубтың бас жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров пен қоңыр белбеу иегері Нариман Дауылбаев өткізеді. Жоба әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Алматы облыстық мәслихатының депутаты және клубтың бас жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров атап өткендей, заманауи армия тек техникалық жарақтандырумен ғана емес, сонымен қатар әрбір жауынгердің жеке кәсібилігімен де мықты болуы тиіс.
– Тактикалық джиу-джитсу шектеулі кеңістік жағдайында әскери қызметшінің мүмкіндіктерін кеңейтеді және психологиялық төзімділікті қалыптастырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстан армиясының жауынгерлік әлеуетін халықаралық стандарттарға сай дамыту, – деді ол.
Оның айтуынша, АҚШ, Бразилия және Израиль сияқты әскери саласы дамыған елдердің тәжірибесі джиу-джитсу әдістері қарусыз айқас жүргізудің ең тиімді құралдарының бірі екенін көрсетеді. Бұл жай ғана спорт емес — бұл ұлттық мүдде.
– Дархан Мейрамұлымен кездесу барысында біз бұл бағытты егжей-тегжейлі талқыладық. Жақын арада еліміз бойынша әскери қызметшілер мен күш құрылымдары өкілдері арасында «Tactical Combat» жарыстарын бастау жоспарлануда. Бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әлеуетін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін бірегей жоба, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Орынбасаров.









