Баспасөз – ұлттың үні, рухтың жыры

0
1912

Мемлекет қай кезде мемлекет болып қалыптасады? Әрине, ұлттық құндылықтары сақталған жағдайда ғана.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкімет қаулысына сәйкес, қазақ журналистикасының ізашары саналатын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн 2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні болып бекітілді.

Қараңғыда жарық болған «Қазақ» газетінің жарық көруі – ХХ ғасырдың басында «Күн болуға», «Күннен туған ұл болуға» ұмтылған Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылардың өлшеусіз еңбегімен, риясыз күресінің нәтижесі еді. Ұлт зиялыларының есімдерімен ұштасып жатқан басылым – талай рухтың куәсі, халықтың рухани қазынасы десек болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақтың баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналғаны белгілі.

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2 ақпан – Ұлттық  баспасөз  күніне  орай «Баспасөз – ұлттың үні, рухтың жыры» атты кездесу кеші өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде мерзімді басылымдар – халықтың тіл мәдениетін жетілдіретін тетіктің бірі. Газеттің оқырманның жан-жақты дамуына игі ықпалын тигізетін қызметі көп.

Газет жұмысы қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап ететін еңбек. Дегенмен, газет жұмысын айтқан кезде, көбіне журналистердің еселі еңбегі сөз болып, баспасөздің ажырамас бөлігі саналатын баспахана қызметі елеусіз қалатыны ақиқат. Халықпен бірге біте қайнасып, елдің мұң-мұқтажын, қоғамда орын алып жатқан жағдайдың  жай-жапсарын жеткізіп, елдің түкпір-түпкірінен хабар беріп жүрген баспахана қауымының еңбегі зор екені сөзсіз.

Кеш қонақтары облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Өтеміс Индира Сәрсенғалиқызы баспасөздің маңызы, журналист жауапкершілігі, қазіргі медиа туралы пікірімен бөлісіп, облысымызға белгілі №1 баспахана «Хабар-Сервис» ЖШС баспасының атқарушы директоры Жұбанов Жанболат Сақыпұлы қоғамға қызмет ететін басылымның шығуына атсалысып жатқан баспахананың құрылу тарихымен, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ақтөбе Автожол колледжінің «Полиграфиялық және орау өндірісінің технологиясы» бірлестігінің пәндік-әдістемелік төрайымы Зейдалиева Айнұр Нұрғалиқызы аталған мамандық туралы және оның ерекшеліктерімен таныстырып, баспа мамандығының жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты саланың  қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіптің керек екендігін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деп ордалы ой білдірген болатын.

Кештің қорытынды пікірін кітапхана директоры Сұлушаш  Максимқызы Хакимова  түйіндеп, бекітті. Қатысқан барлық қонақтар мен студент жастарға алғысын білдіріп, елдің даму бағытын таңдауда түндікті Батыстан ашқан, баспасөзді ұлттың бар қажетіне жұмылдыратынын, Ұлттық баспасөзді насихаттап, елдік мұраттың мәртебесін ұлықтауға шақырды.

Іс-шара барысында оқырмандар назарына «Баспасөз – елдің бүгіні, ертеңі, тарихы…» атты кітап көрмесі жасақталып, сонымен қатар газет-журналдардың басылып шығу үдерісі туралы бейнематериал және «QAZAQ» газетінің бас директоры Қали Қамбаровтың бейнеүндеуімен басталып, «Ахмет. Ұлт ұстазы» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Шараға Ақтөбе Автожол және Сервис колледждерінің оқытушылары мен студенттері, кітапхана оқырмандары, қызметкерлері қатысты.

Кездесу кеші қатысушыларға рухани серпіліс сыйлап, ұлттық баспасөздің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Баспасөз – халықтың жүрек үні, ұлттың рухани тірегі. Ұлттық басылым арқылы тәрбиелеген ұрпақ қана елдіктің туын биік ұстайды деген сенімдеміз.

Ә.С.Төлегенова,
С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
Мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here