Ырғыздан шыққан ұлт қайраткері немесе Тел Жаманмұрыновты неге елеусіз қалдырдық?

0
2168
Дисклеймер: Тел Жаманмұрыновтың суреті жасанды интеллект көмегімен жасалған.

ХІХ ғасырдың 60 жылдары Ресей империясының басқыншылығынан кейін қазақ жері толығымен Ресей империясының құрамына қосылып, Қазақ халқы өзінің бостандығынан айырылған болатын. Халқымыздың азаттығын қайтару жолындағы талпынысы және күресі ХХ ғасырдың бас кезінде қайта жанданды. Бұл азаттық күрестің басында Алаш қайраткерлері тұрғаны мәлім. Халқымыздың азаттығы жолындағы күресінде қабылданған әрі іске асырылған аса маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық шаралардың басы-қасында Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы басқа тұлғалармен үзеңгілес болып, халқымыздың азаттығы жолындағы күресте олармен бірге иық тірестіре отырып артынан терең із қалдырған тұлғалардың қатарында Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов болды.

Тел Жаманмұрыновтың атылар алдындағы соңғы суреті

Тел Жаманмұрынов 1888 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысына қарасты №4 ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Тел Бұқпанұлының өз қолымен жазған өмірбаяны бойынша екі жасында әкесінен айырылғаннан кейін ел ішінде Жаманмұрын аталып кеткен атасы Дәулетімбеттің қолында тәрбиеленеді. Жанұядағы бір қора жанды әкесінің інісі Баймағанбет асырайды. Өз анасы да қосымша жалданып жұмыс істейді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан көкірегі ояу атасы Жаманмұрын немересі Тел алты жасқа толғанда оны басқа да ағайын-туыстардың балаларымен қоса Аманкөл болысында ашылған мектепке оқуға береді. Атасының тәрбиесінде әрі қадағалауында болған Тел ауыл мектебі мен Ырғыздағы екі кластық училищені жақсы оқып бітіреді. Сабаққа алғыр, ойы ұшқар, бар ынтасы оқуды одан әрі жалғастырамын деген арманды арқалаған Телге үлкен сенім және қолдау көрсеткен атасы оның оқуын одан әрі жалғастыру үшін Орынборға жібереді. 1907-1912 жылдары Орынбордағы реалдық училищені ойдағыдай аяқтағаннан соң, Петербургтегі политехникалық институтқа түседі. Сонда оқып жүрген кезде сабақтардың ауыртпалығы, ауа райы жағдайы және қаражат тапшылығы денсаулығына әсер етіп, өкпе ауруының алғашқы белгілері біліне бастағаннан кейін, бірінші курсты аяқтап, дәрігерлердің кеңесімен Мәскеудің ауыл шаруашылығы институтына ауысады.

Тел Бұқпанұлы Мәскеудің ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезінде әлемде бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын. Артынша-ақ бұл соғыстың қасіреті тікелей Ресей империясының қол астындағы қазақ халқына да түсіп, ІІ Николай патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Қазақстан мен Орта Азияның 19 жастан 43 жас аралығындағы ер азаматтарын майданның қара жұмысына алу жөніндегі жарлығы Қазақ даласындағы үлкен дүрбелеңнің бастамасы болды. Маусым жарлығынан туындап, бүкіл қазақ даласын қамтыған ұлт азаттық көтерілістің ажырағысыз тарихына майданның қара жұмысына қазақ жастарының баруы, сол дүрбелең тарихи оқиғаның құрамдас бір бөлшегі болып табылады.

Майданның қара жұмысына (майданның қорғаныс шептерін салу, қазу және тағы басқа) қазақ жастары (шамамен 150 мыңдай) алынғаннан кейін Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлері олардың мүддесін қорғау мақсатында «Қазақ» газеті арқылы орысша білетін көзі ашық ұлтым деген азаматтарды майдан даласына жастармен бірге баруға шақырды. Ер жігіттің азаматтығы, ұлтжандылығы танылар осындай сәтте, оқуын уақытша тоқтатып, басқа да алаш қайраткерлерімен бірге батыс майданға аттанып кеткен арыстардың қатарында Тел Бұқпанұлы да болды. Алаш қайраткерлері күнбатыс майданы деп атаған (Беларусьтің батысы, Украинаның солтүстік батысы, Латвияның солтүстігі) майдан даласына келгеннен кейін Тел Бұқпанұлы басқа да ұлтжанды қайраткерлермен бірге 23 желтоқсан мен 12 қаңтар аралығында майдан даласындағы қара жұмысқа жегілген қазақ жастарының жағдайын білу үшін бірнеше топқа бөлініп жұмысқа кірісіп кетеді. Әлихан Бөкейхан «Жұмысшылар жайынан: Күнбатыс майданынан» деген мақаласында: «23-нші декабрьден 2-нші январьға шейін 1, 16, 9, 10 һәм 8-нші дружиналарды араладық. 3-ші январьда Минскіге қайтып, екі бөліндік. Әлихан, Мұса,  Хасен 7, 5, 18-нші дружиналарға кеттік. Біз барып, бүгін қайттық. Мырзағазы, Тел әлі қайтқан жоқ», – деп ұлт жанашырларының жұмыстары жөнінде «Қазақ» газеті арқылы елді хабардар етеді. Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт жанашырлары майдан даласындағы қазақ жастарын аралап, олардың жағдайымен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін Әлихан Бөкейхан, Мырзағазы Есполов Тел Жаманмұранов, Мұса Сейдалин және Хасен Бекетаевтың атынан Күнбатыс майданы комитетінің атына 11 пункттен тұратын баяндама дайындайды. Онда қазақ жастарының тұрғын үй жағдайы, киім-кешегі, ішер азық-түлігі, денсаулық жағдайы, дәрігерлік көмек, қара жұмысқа алынған жастарға мемлекет қазынасынан көмек көрсету мәселесі, қазақ жігіттерінің елмен хат-хабар алмасу тәртібі және тағы да басқа тұрғыдан қазақ жастарының жағдайын жақсарту талаптары мен ұсыныстары қамтылған еді. Осындай қиын жағдайда бар шаруасын жиып қойып, оқуын тоқтатып, майдан даласындағы қазақ жастарына Алаш қайраткерлерінің қамқорлық көмегі өзінің елеулі септігін тигізді. Ресей империялық билік өкілдеріне қазақ жастарының талабы мен мұң-мұқтажын жеткізумен қатар, қазақ жастарының қасындағы басы мен көзі болған ұлтжанды азаматтар болмағанда сұрапыл майдан жүріп жатқан «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін кезеңде қорғансыз қазақ жастарының жағдайын көз алдыңда елестетудің өзі қиын.

Қиын-қыстау кезеңде жастығына қарамай ұлт жанашырларының жанынан табылып, майдандағы қазақ жастарының мүддесін қорғау, қамқорлық көрсету, «Қазақ» газеті арқылы қияндағы ел ішімен байланыс орнатып, оларға жәрдем көрсету сынды жұмыстарды атқарған Тел Бұқпанұлының ұлтжандылығын лайықты атап өтуге тиістіміз.

1917 жылы Ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы жүзеге асқан кезеңде Тел Бұқпанұлы Күнбатыс майданындағы жастар жанында еді. Монархиялық билік құлап, елде болғалы жатқан үлкен саяси өзгерістер сәтін тиімді пайдаланып қалуға әрекет еткен Әлихан Бөкейхан бастаған Тел Бұқпанұлы қоштаған жалпы саны 15 ұлтжанды азамат үндеу хатқа қол қойып, сонау майдан даласынан аймақ-аймақтардағы халқымыздың көрнекті тұлғаларының атына жеделдетіп үндеу хат жолдайды. Үндеуде: «Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір боларға керек. Учредительный собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сиыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, әділдік болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократический республика, яғни, мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар. Түзулікпен іс істеңдер, жаңа хүкіметті сүйеңдер, министерствоның азық-түлік ісінде жүрген уполномоченныйларды мен өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар. Халықтың көңілін білдіріңіздер», – деп кезек күттірмес аса маңызды шараларды дереу арада қолға алып, іске асыруға шақырады.

Ақпан революциясының екпінімен ішінара болса да енген демократиялық бостандықтар қазақ жерінде біршама саяси өзгерістерге жол ашса, көрнекті қазақ зиялыларының Қазақстандағы уақытша үкіметтің және уақытша үкіметтің жергілікті атқарушы органдарының құрамына кіруі сол кезеңде қалыптасқан халқымыздың басындағы ауыр жағдайларды шешуге мүмкіндік туғызды. Бұл тұрғыдан алғашқы жұмыстардың қатарына майданның қара жұмысына қазақ жастарын алуды тоқтату және бұған дейін тыл жұмысына алынған жастарды елге қайтару жұмыстарын жатқызамыз. Уақытша үкіметтің 1917 жылы 14 наурызда «бұратаналарды» тыл жұмысына алуды тоқтату, бір айдан кейін оларды босату туралы шешімі қабылданды. Осы шешімге сәйкес, Тел Бұқпанұлы 1917 жылдың мамыр айынан бастап, тыл жұмысынан елге қайтарыла бастаған жұмысшыларды аман-есен елге жеткізуді ұйымдастыру, елге жеткенше олардың қасында болып, көмек көрсету сынды ауқымды жұмыстармен айналысты. Тел Бұқпанұлы ұлтжанды қазақ жастарымен бірлесе отырып, майдан даласынан Ақпан революциясынан кейін көптеген халықтардың еркіндікке, ел болмаққа ұмтылып қам-қарекет жасап жатқанын, осындай да күш-қайратын, өнер білімін көрсетіп, жөн сілтейтін алаштың азаматтарына «Қазақ» газеті арқылы: «Бір шоқ оқыған жастар ортамыздан бір қауым аштық. Оған «Еркін дала» деп ат қойдық», – деген хат жолдап, ұйымның өз алдына қойып отырған мақсатын ашып баяндайды. Тел Бұқпанұлы елге оралғаннан кейін, ұйым мүшелері: А.Кенжин, Н.Төреқұлов, М.Сейдалин, Х.Болғанбаев, А.Бейғорин, М.Есболовтармен бірлесіп ұйымның жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында «Алаш азаматына» деген тақырыппен: «Бірінші августа оқушы-оқытушылардың Орынборда жиыны болады. Учредительный собрание келіп қалды. Болатын өзгерістердің жайын ұйымдасып кеңесуіміз қажет. Оның үстіне жаңа туған қауымның көптік талқысына салатын сөздері бар. Сол үшін күш біріктіріп қызмет етуге сендерді біз шақырып күтеміз. Біріксек береке тұрар», – деген барша қазақ жастарына үндеу жариялады. Осы кезеңде құрылған «Еркін дала» және тағы басқа жастар ұйымдары жұмысының астарында қазақ халқын ұлттық езгіден азат ету, саяси күрес жолында халықты біріктіруге деген талпыныс жатқан еді.

Тел Бұқпанұлы Күнбатыс майданынан елге саяси тұрғыдан шыңдалып оралды. Саяси күрестің алғашқы мектебінен өтіп, бұдан кейінгі жылдары еліміздегі саяси оқиғаларға белсене араласты. Және жаста болса, бас болып, Алаш қайраткерлерімен бірге саяси күрестің бел ортасында жүрген азаматты барша қазақ елі де танып үлгерген еді.

1917 жылы сәуір айында Орынбор қаласында Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан делегаттар қатысқан қазақтардың алғашқы съезі өтті. Съезге Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Тел Жаманмұрынов делегат болып қатысады. Бұл съезд уақыт тығыздығына байланысты бүкіл қазақ жерін қамти алмаған жағдайда өтсе де, алдағы болатын бүкілқазақтық жалпы съезге дайындық сипатында өтіп, қазақ халқының алдында тұрған көптеген саяси мәселелерді айқындап берді. Ал, ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі халқымыздың саяси өмірінде елеулі оқиға болуымен қатар, еліміздегі алғашқы ұлттық демократиялық партияның негізі қаланған 1917 жылы шілде айында өткен Жалпықазақтық бірінші съезге Торғай облысынан делегат болып қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бірімжанов, Есенғали Тұрмұхаммедов, Елжан Оразов, Сейдәзім Қадырбаев сынды марқасқа тұлғалардың қатарынан Тел Бұқпанұлын көреміз. Съезде қаралған және қабылданған аса маңызды саяси шешімдердің қатарында алдағы шақырылатын құрылтай жиналысына дайындық және оған кандидаттар ұсыну мәселесі болғаны белгілі. Тел Бұқпанұлы Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына Торғай облысынан кандидат болып ұсынылады. Дегенмен де, Тел Бұқпанұлының маңдайына Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қатысып, қазақ халқының мұң-мұқтажын көтеру бақыты бұйырмады. 1917 жылы қазан айында большевиктер партиясының жетекшілігімен орнаған кеңестік билік Бүкілресейлік құрылтай жиналысын болдырмай тастаған еді.

Бірінші Жалпықазақтық съезден кейін өзінің туған топырағына оралған қайраткер Жалпықазақ съезінде қабылданған шешімдерді жергілікті жерде іс жүзіне асыру мақсатында тамыз айында Ырғыз уездік съезін өткізуді ұйымдастырды және бұл съез оның төрағалығымен өткізілді.

Ресейлік империялық билік құлап, оның орнына орнаған қос өкімет жағдайындағы елдегі дүрбелең, кеңестер билікке келгеннен кейінгі азамат соғысы өз халқын бодандық бұғауынан шығармаққа ұмтылған Алаш қайраткерлерін ауыр тығырыққа тіреді. Таптық негіздегі билік қоғамын алға тартқан кеңестер біртұтас халықты екіге жарып, мәселені одан әрі ушықтыра түсті. Кеңестік билікті мойындамаған алаштықтар бұрынғы билік органдарымен байланысқа шығып, солармен одақтас болса, қазақ қоғамының екінші бөлігі кеңестер жағына шықты. Сондай алмағайып кезеңде кеңестік билік жағына шығып, халқымызды жарқын болашаққа жетелейді деген үмітті арқалаған алғашқылардың бірі – Тел Бұқпанұлы болды. 1919 жылы 4 сәуірде Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің қаулысында алаштықтарға амнистия жарияланып, қаулыда аталған: «Кеңес өкіметіне қарсы азамат соғысына қатысқан қырғыздар (қазақтар) сондай-ақ қырғыздардың бұрынғы ұлттық «Алашорда» үкіметінің мүшелері мен қызметкерлері өздерінің бұрынғы контрреволюциялық қызметі үшін ешқандай қуғынға салынып, жазаға тартылмауға тиісті» деген тұжырымды басшылыққа алған көптеген қайраткерлер кеңестік билік жағына өткені мәлім. Аталған қаулыдан кейін Тел Бұқпанұлы Ырғыз уезіндегі кеңестік билікті орнықтыру ісіне тартылып, уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары және жер басқармасының меңгерушілігіне сайланады. 1920 жылы мамыр айына БК(б)П қатарына өтеді.

1921 жылы сәуір айында Егін шаруашылығы халық комиссариатына қызметке шақырылып, жерге орналастыру және су шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Тел Бұқпанұлының Егін шаруашылығы халық комиссариатында істеген кезеңі оның өмірінің, еңбек жолының, тұлғалық қалыптасуының жарқын беттерінің бірі болды. Осы комиссариаттың құрамында әртүрлі жауапты лауазымды қызметтерді атқара жүріп, өзінің ауыл шаруашылығы саласын жетік білетін маман ретінде көрсетумен қатар, ұлт мүддесі жолындағы қажырлы еңбегінің көрінген кезеңі де еді. Сол кезеңдерде Егін шаруашылығы комиссариатында халық комиссарлары болып істеген Ш.Дивеев (1921-1922), Д.Темірәлиев (1922-1923), Ә.Әлібеков (1924-1926), Ж.Сұлтанбеков (1926-1927), Халық комиссарының орынбасары С.Сәдуақасов (1922-1923), жер басқармасының меңгерушісі С.Қаратілеуов сынды тұлғалармен қоян-қолтық істесе жүріп, өзінің шынайы ұлтжанды қайраткер ретінде танылды.

ХХ ғасырдың 20 жылдарының бас кезінде Қазақстандағы ең күрделі мәселе жер мәселесі болды. Өйткені, барлық халықтардың бостандықтары мен құқықтарының дамуына барлық жағдай жасалады деп жар салған кеңестік биліктің жер саясаты бұрынғы империялық Ресейдің жер саясатынан айырмашылығы болған жоқ. Мәселен, кеңестік билік орнағаннан кейін де Ресейдің орталық аудандарынан шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуі толастамады. Жер мәселесіне тікелей жауапты егін шаруашылығы комиссариатының басшылары мен ондағы жауапты қызметтерде істейтін ұлтжанды қайраткерлерді бұл жағдай қатты алаңдатты. 1921 жылдың 7 ақпаны мен 19 сәуірінде Ресей империялық билігі кезеңінде қазақтардан тартып алған жерлерді қазақ еңбекшілеріне қайтарып беру жөніндегі Қазаткомның қаулысы қабылданғанымен де, ол іс жүзіне асырылмады. Қайта керісінше Ресейдің орталық аудандарынан орыс шаруалары толассыз ағылып, жағдайды одан әрі күрделендіре түсті.

Қалыптасып отырған күрделі жағдайда жер мәселесін реттеу үшін РКФСР-дың құрамындағы Қазақ автономиясына қарасты жерді пайдалану, игеру жөніндегі РКФСР жер кодексіне толықтырулар мен түзету жөніндегі комиссия жұмысына қатысқан Тел Бұқпанұлы жер мәселесінде ең бірінші кезекте халқымыздың мүддесін көздеген батыл пікірлерін ортаға салады. Орталық Мәскеу мен Қазақ егін шаруашылығы халық комиссариаты арасында жер дауы өршіп тұрған қиын кезеңде халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерінің бірлескен табанды және қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылы сәуір айында болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің пленумы мен 1925 жылы өткен РК(б)П V конференциясының қарарларында: «Жергілікті халықты жерге орналастырып болғанша, елдің шаруашылық өміріндегі ұйымдастыру жұмыстарына кедергі келтіріп отырған өздігінен қоныс аударып келуді тоқтату жөнінде нақты әрекеттер қажет» делінген шешімдерді қабылдатқызуға қол жеткізілді.

Тел Бұқпанұлының Егін шаруашылығы халық комиссариатындағы ұлт мүддесі жолындағы қызметін шовинистік пиғылдағы «қырағылар» назардан тыс қалдырмай оның жұмысынан ілік іздей бастады. Қайраткердің кешегі Алашордашыл болғаны оларға таптырмас сылтау еді. 1923 жылы қазақ партиялық бақылау комиссиясы «шаруаға жауапсыз қарады» деген айып тағып, партиядан шығарады. Өз ісінің жауапты әрі білгір маманын қолдан ойластырылған жала арқылы партиядан шығарудың астарында қазақ қайраткерлерін бас көтертпейтіндей етіп қуғындау жатты. Тел Бұқпанұлы бұндай қолдан ұйымдастырылған айыптауларға қарсы тұра білді және оның қолдан ұйымдастырылғандығын дәлелдей де білді. 1925 жылы Орталық партия комитеті Тел Бұқпанұлының шағым арызы негізінде оған тағылған айыпты негізсіз деп тауып, қайтадан партия мүшелігін қалпына келтіреді.

Өкінішке қарай, Ф.Голощекиннің қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келуімен Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай күрт өзгеріске ұшырады. Оның алғашқы шүйліккені де, Қазақстан мен Ресей Федерациясы Орталық атқару комитеті арасындағы жерді пайдалану нормалары арасындағы дау еді. Ол РКФСР Орталық атқару комитеті шығарған жерді пайдалану нормаларын қорғап шықты. Соның нәтижесінде 1918 жылға дейін қазақ жеріне келген келімсектердің жерге орналасуы заңдастырылды. Екінші кезекте, Қазақстанға өз еркімен 1922 жылдың 31 тамызына дейін келгендер жер алды. Үшінші кезекте, Қазақстанға 1922 жылдың 31 тамызынан 1924 жылдың 7 тамызына дейінгі аралықта келгендер жер алуы тиіс болды. Осылайша, жергілікті халықтың мүддесі екінші қатарға ығыстырылып, келімсектермен қазақ жерін толтыру әрекеті заңдастырылды. Ұлтжанды қазақ қайраткерлері қаншама тер төгіп, бірінші кезекте жермен қазақ халқын қамтамамыз ету әрекеті тәрк етілді. Бірақ, қасиетті жер үшін күрес бұнымен тоқтамады. Мәскеудің және олармен біресе әрекет еткен Голощекиннің ісіне халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов, Егін шаруашылығы халық комиссары Ә.Әлібеков, егін шаруашылығы халық комиссариатындағы жерге орналастыру және мелиорация басқармасының бастығы С.Қаратілеуов және оның орынбасары Т.Жаманмұрынов өз қарсылықтарын білдіріп, орталықтың шешіміне қарсы ұсыныс -пікірлерін ашық білдірді. Және қолдан келгенше Ресейден ағылып келіп жатқан шаруалардың тасқынын тоқтатуға әрекет жасады. Жер үшін қасиетті күрес барысында Мәскеуде отырған қайраткер тұлға Әлихан Бөкейхан өз басына төнген қауіпке қарамай, көмек қолын созды. Қазақстандағы отырықшы және көшпелі шаруашылық үшін құнарлы және құнарсыз жерлерді анықтау, жерді пайдаланудың тиімділігін ғылыми тұрғыдан зерттеу мақсатында Әлихан Бөкейхан арқылы Ленинградтан жер маманы профессор Швецов Қазақстанға шақырылды. Осы оқиға жөнінде 1929 жылы ОГПУ-дың шығыс бөлімі бастығының орынбасары Саенконың тергеу сұрақтарына жауап берген егін шаруашылығы халық комиссариатының қызметкері Қ.Әлімбаев деген: «Бұлар барлық мәселені сонымен кеңесіп шешеді және Ә.Бөкейхан арқылы проф. Швецовпен байланысып, Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату үшін арнайы зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бос жерлердің жоқ екенін жалған мәліметпен дәлелдемек болды. 1926 жылы Швецов Қызылордаға келген кезде онымен болған болған әңгіме барысында Қаратілеуов оған мынадай рухта былай деді: «Сіз қартайған адамсыз, бұл сіздің соңғы ғылыми жұмысыңыз болар. Сондықтан, сіздің есіміңіз қазақ халқының тарихында мәңгі қалуы үшін сіз бұл жұмысты сізбен біз келіскендей, қазақ жерін отарлаудан арашалап алатындай етіп аяқтағаныңыз жөн». Бұл ЦУЗ-де Қаратілеуовтің кеңсесінде болған еді. Айтылған әңгіме менің қатысуымда болды. Т.Жаманмұрановта бар болатын», – деп, істің мәнін бұрмалап көрсетеді. Ал шын мәнісінде бұл ұлт қайраткерлерінің қасиетті жер үшін отаршыл күштермен ашық айқасқа түскен ұлт мүддесі жолындағы күресінің айқын көрінісі еді.

1929 жылы Қазақстанда Голощекиндік қуғын-сүргін кең сипатта қарқын алды. Оған ең алдымен іліккен Алаш қайраткерлері болды. Олардың алды ату жазасына кесілсе, қалғандары ұзақ мерзімге сотталып кетті. Голощекиндік қуғын-сүргіннен кешегі алаштықтар жағында болған қайраткерлер де тыс қалмады. Алаштықтардың идеялық мүдделестері деп қауіптенген Голощекин олардың әрбір қадамын жіті бақылауға алуды ОГПУ органдарына тапсырумен қатар, қызмет барысындағы істерінен кінәрат іздеп табуға әрекеттенді. Сондай «қауіптілердің» бірі Тел Бұқпанұлына «1930 жылы Ақмола округіндегі егістік науқаны барысында ысырапшылдыққа жол берді» деген жала жабылады. Мәселенің өзіне қарсы қасақана ұйымдастырылып отырғанын айқын бағамдаған қайраткер, іс бойынша тікелей сотқа жүгініп, сот барысында өзінің кінәсіздігін дәлелдеп шықты. Кеңестік биліктің ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды жүргізу саясатына қарсылық ретінде туындаған 1930 жылдардағы шаруалар көтерілісінің бір ошағы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы болды. Бұл Тел Бұқпанұлының туған жері. Голощекиндік билік өз туған жеріне танымал, құрметті тұлғаның осы көтеріліске қатысы бар деп, «тіміскілік» әрекетін жасап көрген секілді. Дегенмен де, «ұялған тек тұрмас» дегенді ұстанған партиялық бақылау комиссиясы қайраткерге қатаң сөгіс жариялады. 1937 жылы Тел Бұқпанұлы тұтқындалғанда оған тағылған айыптардың бірі ретінде осы отызыншы жылдардағы іс тағы да қайта көтеріліп, «байларды тәркілеу кезінде, жауапты қызметте істеді, қанаушы тапты жоюда партия бағытына және оның нұсқауларын орындауда ашық қарсылық білдірді, кеңес өкіметінің жер саясатымен келіспеді», – деген айыптауларды алға тартып, жалғандықтың жаласын бұрынғыдан да қоюлата түскен еді.

Тел Бұқпанұлы 1932-1933 жылдары Шымкент қаласындағы түйе шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Бұл жылдар қазақ халқы үшін аса ауыр кезең еді. Бүкіл елді қамтыған аштық, аштықтың салдарынан бас сауғалап жан-жаққа босып кетіп жатқан халықтың ауыр тағдыры. Осындай ауыр кезеңде қайраткер 1933 жылдың шілде айынан бастап Егін шаруашылығы халық комиссариаты құрамындағы көшпенділерді отырықшылық шаруашылығына орналастыру жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істеп,  өзге республикаларға, шет мемлекеттерге босып кеткен қазақтарды елге қайтару, орналастыру, жұмыспен қамту, азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды жұмыстармен белсенді айналысып, әбден азып-тозған мыңдаған жанның өмірін сақтап қалды.

1936 жылдың бас кезінде Қазақстан үкіметі голощекиндік зобалаңнан кейінгі мал шаруашылығын қайта қалпына келтіру жолында Моңғолия елінен түйе сатып алуды жоспарлайды. Осы мақсатта арнайы мамандар тобы жасақталып, оның құрамына түйе шаруашылығының білгір маманы Тел Бұқпанұлы кірді. Тел Бұқпанұлы 1936 жылы ақпан айында Қазақ үкіметінің төрағасы О.Исаевтан жедел арада Мәскеуге аттанып, сондағы Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасы Ұ.Құлымбетовке жолығу жөнінде жедел хат алғаннан кейін, Мәскеуге жүріп кетеді. Онда мал шаруашылығының профессоры П.В.Иванов, зоотехниктер – Наурызбаев, Еркеғұлов, мал дәрігерлері – Кожакин, Самарцев, Журавлев және Т.Жаманмұрынов кірген жұмыс тобы Қазақстанға сегіз мың бас түйе малын сатып әкелу мақсатында Моңғолияға жіберілді. Сегіз айға созылған бұл жұмыс барысындағы тапсырманы сәтті орындаған, Тел Бұқпанұлы бірде-бір түйені шығынға ұшыратпай елге аман-есен жеткізген болатын.

1937-1938 жылдары жүргізілген Сталиндік саяси қуғын-сүргін жазалау науқаны халқымыздың ұлт қайраткерлеріне қарсы қарқынды түрде жүргізілгені мәлім. Осыған дейінгі қоғамдық-саяси қызметінде ұлт мүддесін қорғауда табанды күрескерлігімен көзге түскен Тел Бұқпанұлы олардың назарына алдымен іліккендердің бірі болды. Оған қарсы саяси тұрғыдан қаралау науқаны жан-жақты жүргізілді. Алдымен 1937 жылы 27 ақпан күні облыстық «Актюбинская правда» газетінде жарияланған «Алаш-Орда – злейший враг народа» атты мақалада Тел Бұқпанұлы өңін жасырған «халық жауы» ретінде сипатталды. Келесі күні Тел Бұқпанұлының ісін қараған Ақтөбе қалалық партия комитеті оның Алашорда құрамында болғанын, Алаш партиясы атынан құрылтай съезіне делегат болып сайланғанын, Алашорда құрамында болғанын жасырып келгенін және Алашордадан осы уақытқа дейін бас тартпағанын, кеңес өкіметіне қарсы жұмыс жүргізіп, партияны алдап келгенін жіпке тізе отырып, партия қатарынан шығару жөнінде қаулы қабылдайды. 1937 жылы 9 наурыз күні болған Ақтөбе облыстық партия комитетінің алқа мәжілісі бұрынғы айыптауларды қайталай отырып, Ақтөбе қалалық партия комитетінің шешімін бекітті.

1937 жылы 31 мамырда НКВД тарапынан Тел Бұқпанұлына ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның мүшесі, КСРО-дан Қазақстанды бөліп әкету идеясын таратушы, ұлтшыл мемлекетті құруға әрекет етуші деген айып тағылып РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10-11 тармақтары бойынша қамауға алынды. Ұзақ уақытқа созылған тергеуден кейінгі 1937 жылы 10 қарашадағы Тел Бұқпанұлына қатысты айыптау қорытындысында оған:

«1. Антисоветтік ұлтшыл, лаңкестік-көтерісшіл диверсиялық ұйымның Ақтөбе филиалының жетекшісі болып табылады.

  1. Антисоветтік ұйымға жаңа мамандарды тарту ісімен айналысты. Алматы облысының аумағында көтерісшіл топтарды құрды.
  2. БК(б)П және кеңес өкіметімен күресу әдіс-тәсілдерін талқылаған антисоветтік ұйымның мүшелерінің жасырын кеңесін өткізді.
  3. Орталықтың тапсырмасы бойынша ұлтшыл ұйым Жапон агенттерімен байланысып, оларға тыңшылық сипаттағы мәліметтерді берді.
  4. Орталық антисоветтік ұйымның тапсырмасы бойынша Ақтөбеде лаңкестік ұйым құрды, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 1-2-8-9 және 11 тармақтарында қарастырылған қылмыс бойынша Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жолдасқа қастандық жасауға бұл ұйымға тапсырма берді», – деген айыптар тағылып, істі РКФСР жоғарғы әскери коллегиясының қарауына жібереді. 1937 жылы 13 қарашада істі қараған Қазақ КСР НКВД-ның ішкі және шекара әскерлерінің әскери прокуроры 1 рангалы әскери заңгер Соколов айыптау қорытындысын дұрыс деп тауып, қылмыстық процессуалдық кодексінің 221 статьясын басшылыққа ала отырып: «1. РКФСР қылмыстық кодексінің 58 статьясының 1-а, 2, 8, 9 және 11 тармақтары бойынша Тел Жаманмұрыновтың ісі КСРО жоғарғы әскери коллегиясының сотына берілсін. 2. Бұлтартпау шаралары қамауда ұстауда қалдырылсын. 3. Іс НКВД арқылы КСРО жоғарғы әскери коллегиясына жіберілсін» деген қаулы қабылдайды. Осылайша, асыл ер, ұлт жанашыры сталиндік әкімшіл-әміршіл сұрқия жүйенің құрбаны болып кете барды. Тел Бұқпанұлының ісін қараған жаналғыш жоғары әскери коллегия 1938 жылы 25 ақпанда қазақтың маңдай алды 39 арысымен бірге оны ату жазасына кеседі.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тел Бұқпанұлы 1937 жылы мамыр айында жалған саяси айыппен тұтқындалғанда перзенттері Ләйла 13 жаста, Бибі 11 жаста, Гүлнәр 5 жаста, Гүлзада 1 жаста болды. Қайраткердің жеке ісінде Қазақ КСР Ақтөбе облыстық архивінің меңгерушісінің атына 1970 жылы жазылған Устеміров Шыныбек деген азаматтың өтініш хаты бар. Өтініш иесі өзін Т.Жаманмұрыновтың ұлымын деп көрсетіп, әкесінің 1920-1937 жылдары аралығындағы жұмысы және оның ақталғандығы жөніндегі құжаттарды сұратқан. Соған қарағанда Тел Бұқпанұлының артында қалған ұлы да болуы мүмкін. Бұл да болса Тел Бұқпанұлы жөнінде алдағы уақытта ізденісті жұмыстарды жалғастырудың қажеттігін көрсетіп отыр. Тел Бұқпанұлының жары Айғаныс Сарыбатырқызы 1956 жылдан бастап, КСРО жоғарғы әскери соты алқасының атына, Қазақ КСР прокурорының атына жазықсыз жаламен сотталған күйеуін ақтау жөнінде өтініштер жазып, қайраткер тұлғаның ардақты есімін қайтару жолында көп ізденеді. 1958 жылы 4 наурызда РКФСР бас әскери прокурорының Тел Бұқпанұлының ісі бойынша қабылданған бұрынғы шешімінің күшін жою жөніндегі қорытындысын қараған КСРО жоғарғы әскери сотының алқасы 1938 жылы 25 ақпанда КСРО жоғарғы әскери соты Тел Бұқпанұлына қатысты шығарған шешімінің құрамында қылмыстық болмауына байланысты күші жойылсын деген шешім шығарады. Жазықсыз қуғындалып, тоталитарлық жүйенің құрбаны болып кеткен ардақты тұлғаның есімі араға 20 жыл салып барып, ақталған еді.

Бүгінде Ырғыз ауданының орталығында қайраткер тұлғаның есімі бірілген бір мектеп пен көше бар. Біздің ойымызша, қайраткер тұлғаның есімін ұлықтау жұмыстары тек Ырғыз ауданының көлемімен шектелмеуі тиіс. Өйткені, ол ұлттық мүдде жолында күрескен мемлекеттік дәрежеде ұлықтауға тиіс қайраткер. Алдағы уақытта қайраткердің есімі республикалық дәрежеде ұлықталып, еліміздің бас қалаларында көше атаулары берілсе, облыс орталығы Ақтөбе қаласында, Ырғыз ауданының орталығында еңселі ескерткіш орнатылса дейміз.

Досалы Салқынбек,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here