Үштерек ауылындағы №2 орта мектебінде өткен үлгі етерлік өнегелі кеш

0
1359

Жылан жылының желтоқсанының соңғы күндеріне қарай Алматы қаласы маңындағы Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Үштерек ауылындағы №2 орта мектебінен «Ахметтен Асылыға дейін…» атты әдеби-танымдық сұхбат кешінің қонағы болуға шақырғысы келетінін, осынау іс-шараның өтетін күнінің әлі нақтылану үстінде екенін айтып, Диана атты Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас мұғалімі хабарласты. Жиын атауына елең еткендіктен, «бұйырса, боламын» дедім. Өйткені, 28 жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығын мерекелеу барысындағы өткізілген іс-шаралардың бірінде Асылы Әлиқызы Османмен жақын танысқан едім. Ұлты басқа болса да қазақша ағып тұрған, мақалдатып шешен сөйлейтін Асылы апайға таңданыспен қызыға қараған едім. Сол жылы Алаш арысы А.Байтұрсынұлының жиені Айман Қабиденқызы Байсалова, Асылы апай және өзім тұлға туған Торғайға бірге сапарладық, ширек ғасырдан аса уақыт өткен сол күндер еріксіз есіме түскені.., ол кезде Айман апай – 62-де, Асылы апай – 57 жаста еді. Бұл күні қос апайдың бірі – 90-ға таяса, екіншісі – 85-тің сеңгіріне аяқ басты.  Жылжыған жылдар-ай десейші.

Ақпанның екінші онкүндігінен кейін «Үштерек» мектебінен аталмыш іс-шараға шақыру қағазы келді. Ресми шақыруда көрсетілген межелі күні Асылы апай екеуімізді алып кетуге «Үштерек» мектебінен Мақсат есімді жігіт жеке көлігімен келді. Аңғарымпаз Асылы апайымыз Мақсаттың сөзге беріктігіне разы болып, өзі ерекше құрмет тұтатын қазағының кейбір «сағаттап кешігетін, сөзінде тұрмайтындарының» санатынан болмағаны үшін рахметін айтып жатты. Жол қысқарсын деді ме Асылы апай сөз арасында ауылдың атауы мен халық саны, мектеп туралы сұрақ қойып, берілген жауапқа қанағаттанған болса керек, Мақсаттың қай мамандық иесі екенін сұрады. Ол: «Математика пәнінің мұғалімімін» дегенде, Асылы апай: «Е, бәсе! Неткен дәлдік, неткен нақтылық» деп, сүйіспеншілігін білдірді. 

Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі қарайтын «Үштерек ауылындағы №2 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғабит Сәбитұлы мектеп алдынан қазақы көйлек пен қыжым киген үкілі қыздармен бірге қарсы алды. Мектепке енгенімізде ақ кимешекті аналар тобы ауылдың алты аузымен әуелетіп, қошемет көрсетсе, ұзын дәліздің қос қанатына «Ұстаздан – ұлағат, қайраткерден – қасиет» тақырыбында көрме жасақталған екен. Көрмеден бөлек, мектеп оқушыларының жетістіктері мен қолөнер еңбектерінің топтамасы шынайы үйлестірілгені соншалық, қайнаған еңбектің ортасына топ ете қалғандай күй кештік.

Әсіресе, асық ату ойынына әуесі ауған Асылы апайымыз сақа асықты қолына алып қатары сиреп қалған асықтарға қарай дәлдей шиыра лақтырғанында топ еткізді. Жасы 85-ке кеткен Асылы апайдың ширақтығына  айнала қоршаған біз балаша мәз-мейрам болдық. Осылайша арқа-жарқа болып, кітапханада жасақталған ағартушы ұстаздың әдеби және тілтанымдық мұрасы жинақталған көрмені тамашалауға бағытымызды бұрғанда, қатарымызға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркімбаева Асел Аблеқызы қосылды. А.Аблеқызы «Ахметтен Асылыға дейін…» әдеби-танымдық сұхбат кешінің негізгі мақсаты – Алаш ардақтысы, реформатор ғалым, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы түрлеген төл тіліміздің жанашыры Асылы Османның тәуелсіздік жылдардағы қазақ тіліне жасаған еңбектеріндегі рухани сабақтастықты дәріптеуге бағытталғанын ерекше ықыласпен тілге тиек етті.

Сахна залының кіреберіс оң қапталындағы жарқағаздың (баннер) безендірілуі де, орналастырылуы да адам назарын еріксіз өзіне тартады-ақ. Жайғаспастан, бірден фотоландық. Сахна төрінде сыптай тартылған жиын жүргізушілері кастюмдерінің оң жақ өңіріндегі қазақы оюлар «мен мұндалап» ата-баба болмысының жұрнағындай көзімізге оттай басылды.

Жиынның беташарын ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы А.А.Еркімбаева ширек ғасыр бұрын елімізде Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын, бұл Ахмет Байтұрсынұлы аңсаған тіл теңдігі мен Асылы Осман апамыз табандылықпен талап еткен тіл мәртебесінің заң жүзінде бекуінің, маңызы зор бағдарламаның қабылданғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынның өскелең ұрпаққа өнегесі зор тағылымды шара болатынын сеніммен айтты. Білім бөлімі басшысы А.Аблеқызы іс-шараға аудан мектептерінің жас директорларының арнайы шақырылғанын, әрі бұндай тағылымды шараларды дәстүрге айналдыру керектігіне баса назар аударатындығын мәлімдеді.     

– Ширек ғасыр ішінде қазақ тілі тек отбасы – ошақ қасының тілі емес, мемлекеттік басқарудың, ғылым мен білімнің тіліне айналғаны, Ахмет атамыз негізін қалаған әліпби мен грамматика бұл күні жаңа белеске көтерілгенін, «Мен жастарға сенемін» деген ұлы ақын Мағжанша толғансақ, біз де мектебімізде оқып-тәрбиеленіп жүрген түлектерден үлкен үміт күтеміз, – дейді білім ошағының басшысы Ғабит Сәбитұлы.

Кеш барысында көңілімізді ерекше селт еткізген жәйт: 15 жыл бұрын дүниеге келген кішкентай нәрестеге Асылы апай өз есімін қойып, батасын берген сәби «Үштерек» мектебінің мақтан тұтар оқушысы Фарахат Асылының «Асылы апайға арнау» өлеңі болды. «…Асылы Апай батасымен бұйырып, Асылы боп қойылыпты есімім!» деп толқыған оқушы Асылының маңдайынан ғалым Асылы өбкен арқа-жарқа сәтке куә болдық. Жалпы, кеш жүргізушілері – Айбол Серікбай мен Диана Жонысқызының әуезді үні мен мәнерлі бейімдерінің арқасында 5 бөлімнен тұратын әдеби кештің әр бөлімі үйлесімін тауып, жинақы жүргізілгені соншалық уақыттың қалай өткенін де аңдамай да қалдық.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп, жырлаған Құдайбердіұлы Шәкәрім данагөйдің айтқанындай, бұл жүздесудің де Ата Заңымызға енген өзгерістермен тұспа-тұс өткізілуінде еді. Ақиқатында, ХХ-ғасырдың басында ата-бабадан жеткен төл тіліміздің Қазақ елінде кеңінен әрі өктем тілмен тең қолданылуы үшін арымен қызмет еткен Алаш зиялыларының ізгі жолын нәсілі бөлек болса да өз тіліндей сүйіп құрмет тұтқан Асылы Османның өнегелі жолын өскелең ұрпаққа өнеге етудің астарында үлкен мән бар. Өмір мектебінен мазмұн мен мән іздеген әрбір жан басына баспана болған Отанына адал қызмет етуді – перзенттік парызы әрі адамдық борышы екенін ұғары хақ. Ал, өз үйінен кейінгі екінші үйге айналар – алтын ұя, тәрбие мен білім бұлағының негізін ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен түйіндесек, ол «Мектептің жаны – мұғалім». Біз бұл жиыннан Ахмет айтқан мұғалімдерді көріп марқайып қайттық.

Райхан ИМАХАНБЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМКК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі,
 «Тіл – құрал» ОӘҒЗО директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here