Ұлт ұстазы музейі – рухани сабақтастық ордасы

0
456

2025 жыл Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі үшін мазмұны терең, нәтижесі айқын, рухани маңызы зор жыл болды. Жыл ішінде музейдің қызмет көрсету сапасы мен кәсіби деңгейі артып, экспозициялар жаңартылып, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жұмыстар жаңа серпін алды. Музей заманауи талаптарға сай даму бағытын айқындап, жаңа форматтарды енгізу арқылы кең аудиторияға қолжетімді рухани орталыққа айнала түсті. Атап айтсақ, музейде келушілер әр жәдігер туралы үш тілде ақпарат ала алатын QR кодтар және жеті тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, португал және хинди тілдері) шолулық таныстыру жасайтын аудиогид, үш тілде жазбаша ақпарат беретін Touch панель қызметтері қамтылған. Келушілер санының артуы, түрлі әлеуметтік топтардың – жастардың, зиялы қауым өкілдерінің, шетелдік қонақтардың музейге деген қызығушылығы бұл еңбектің нақты нәтижесін көрсетеді. Мәселен, жыл бойына музей экспозицияларымен арнайы танысуға 20 мыңға жуық студенттер мен оқушылар, 1000-нан аса зейнет жасындағылар келсе, Түркия, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Жапония және өзге де елдерден  50-ден аса шетелдік меймандар Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылық мұрасына терең қызығушылықтарын білдірді. Бұл көрсеткіштер музейдің қоғамдағы сұранысы мен маңызын айқын аңғартса, атқарылған іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстардың мазмұны, оның ағартушылық бағыттағы рөлін тереңдете түседі. Атап айтар болсақ, жыл басында «Қазақ» газетінің 112 жылдығына орай Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінде жазылған хұснихат көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстанда тұңғыш рет өткен бұл көрмеде Қытайдан келген қандастардың бірегей қылқалам мұралары көпшілік назарына ұсынылып, көрермендердің зор қызығушылығын тудырды.

Музей қабырғасында тағылымды кездесулер мен танымдық дәрістер жүйелі түрде өткізілді. Көне түркі жазуларының қыр-сырын меңгерген белгілі түркітанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегімен «Өскелең ұрпаққа айтарымыз» атты мазмұнды кездесу өтті.

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Алматы қаласы музейлер бірлестігі және А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ұйымдастыруымен «Алаш арыстары жұбайы туралы» танымдық дәріс өткізіліп, Ахмет Байтұрсынұлының жиені – Айман Байсалова басқосудың  құрметті қонағы болды.

«Наурызнама он күндігі» аясында «Оқу. Ағарту. Білім» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылып, ағартушылық бағыттағы тарих қойнауынан сыр шертті. Жеңістің 80 жылдығына орай жазушы, журналист Көлбай Адырбекұлымен «Соғысқа қатысқан жас батыр» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

18 мамыр – Халықаралық музей күні аясында өткен «Музей түні» акциясы ерекше атмосферада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шара барысында концерттік бағдарлама, фотокөрме, квест және интеллектуалдық-танымдық ойындар өткізілді. Мереке соңында Ұлт ұстазы үйінің жанашыр қолдаушылары мен музей қызметкерлері марапатталды. Осы күні Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, музейді 30 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз басқарып келе жатқан Райхан Сахыбекқызы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының арнайы марапатына ие болды. Райхан Сахыбекқызының көп жылдық қажырлы еңбегі музейдің бүгінгі жетістіктерімен тікелей байланысты. Оның басшылығымен музей тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, ұлттық сана мен рухани ой-пікір тоғысқан мәдени орталыққа айналды. Халықаралық марапат – музей ұжымының ұзақ жылғы еңбегіне берілген жоғарғы баға. Аталған ауқымды шара аясында музей-үйдің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Әділет Ахметтің «Ұлы сағыныш» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері де өтіп, баспадан жаңа шыққан кітап оқырман қауымға жол тартты.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Алаш арыстары ұрпақтарымен жүздесу» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында арыстар рухына тағзым жасалып, құран бағышталды. Сондай-ақ Алмалы ауданы әкімінің аппараты ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты дөңгелек үстелді ұйымдастыруға қолдау көрсетті.

5 қыркүйекте Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күні Алматы қаласы мәдениет басқармасы, Тіл басқармасы және «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» дәнекер болуымен жоғары деңгейде аталып өтті.

Қазан айында Республика күніне орай «Тәуелсіздік аңсаған Алаш арыстарының мұрасы» атты тағылымды шара ұйымдастырылып, алаштану ғылымына зор үлес қосқан ғалым Ғарифолла Әнесті еске алу басқосуы өтті.  Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлына арналған еңбегінің тұсаукесері көпшіліктің үлкен қызығушылығын арттырды.

2024 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша Ахмет Байтұрсынұлының ақталған күніне (1988 жылы, 4 қараша) орай Ахмет есімді ұл балаларды Ұлт ұстазының үйіне қонаққа шақыру шарасы биыл да жалғасын тапты. Сонымен қатар Алматы облысы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Алматыкітап» баспасымен бірлесіп «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш арыстарының рухына тағзым» атты дөңгелек үстел өткізілді. Арыстар рухына тағзым жасалып, құран бағышталды.

2025 жылы музейдің қадірлі қонақтары қатарында өнер және мәдениет қайраткерлері де болды. Майра Ілиясова, Роза Рымбаева, Димаш Құдайбергеннің әжесі Миуа апа, Нұржан Тутов, журналист Руслан Өтепбай музейге арнайы келіп, тағзым етті.

Ұлт ұстазы есімін ұлықтау ісінде жанашыр кәсіпкерлердің де қолдауы сезілді. Bugin Holding компаниясының құрушысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айбек Қуатбаймен өткен кездесу нәтижесінде ғаламтор кеңістігінде Ахметтану іліміне арналған қолайлы платформа жасалатын болды. Ал «Бал Текстиль» ЖШС директоры Талғат Жүнісбекұлы музейге Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі тоқылған кілемшені сыйға тартты. Белгілі кәсіпкер Сарқыт Қалиясқар отбасымен келіп, келушілердің санын арттыру мақсатында қаржылай қолдау бідірді.

ҚазҰПУ, ҚазХҚжӘТУ, ALT және өзге де жоғары оқу орындарымен жасалған меморандумдар негізінде музейге студенттердің келуі артты. Жыл бойы практиканттар мен тәжірибеден өтушілер музей жұмысымен танысып, кәсіби тәжірибе жинақтады.

Сонымен қатар, музей қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты. «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Алматы жылу желілері» ЖШС сияқты мекемелерде арнайы жылжымалы көрмелер мен кездесулер ұйымдастырылды. Музей-үй қызметкерлері көптеген мектептердің, кітапханалардың, ғылыми институттардың шақыруымен алаштану, ахметтану тақырыптарында баяндама жасап, арнайы кездесулердің қонағы болды. Бірнеше халықаралық, республикалық конференцияларда баяндама жасалды. Р. Имаханбет, Ә. Ахмет, Ш. Боздақова, Е. Стамшалов, Ж. Сман қатарлы қызметкерлердің көптеген мақалалары республикалық баспасөзде жарияланды. Бірнеше ұжымдық монография, оқулық, қолжазба зерттеу тақырыптарындағы еңбектерге музей-үй авторларының еңбектері енгізілді.

Жыл ішінде қоғамдық сана мен тарихи жадыны жаңғырту жолында жасалған осындай жүйелі жұмыстар музейдің мәдени-ағартушылық, ғылыми және танымдық бағыттағы қызметін жаңа деңгейге көтерді, ғылыми мазмұнын байытып, беделін күшейтті. Ұлт ұстазын ұлықтауда, рухани сананы оятуда, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде нәтижелі үлес қосты. Музейдің тек тарихи мұра сақтаушы ғана емес, рухани ой-пікір тоғысқан заманауи мәдени орталыққа айналып келе жатқанын айқын көрсетті. Алдағы уақытта да А.Байтұрсынұлы музей-үйі ұлттық тарихты тереңірек танытуға, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын рухани сабақтастықты нығайтуға қарқынды жұмыс жасай бермек.

Жәмила Айдос,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here