Ғажайып кездесу (әңгіме)

0
272
Фото: shedevrum.ai

Өмірінің өзегіндей болып сақталған осы әңгімені
оның өз аузынан естіп едік.

Түн ұйқысы қашып елегізи берген соң, Асқар жұрттан бұрын тұрып далаға шықты. Бойын сергітіп өзіне-өзі келмек. Жаздың белортасы ғой. Күн нұры шуағын төгіп тұр. Мұндай күн бола бермес. Арқа-басыңды тосып, рахаттанып қал дегендей, дархан табиғат бар тіршілік әлемін еркелетіп тұрғандай. Бір рахат шақ! Ол да мына табиғаттың берген сыйына риза болғандай, алақанын ысқылап-ысқылап жіберді де екі қолын екі жаққа жая жүгіре жөнелді. Сол бетімен ауланы екі-үш қайтара айналып шықты. Кенет ойына бір нәрсе түскендей алаңқы көңілмен кідірістей берді.

О, ғажап! Осы маған не болды!? Неге мазам кете берді? Ол үнсіз бір сәтке тұрып қалды. Ойына әлде не түскендей өзінен-өзі күлімсірей берді… Иә, иә, ол ішкі ойын топшылағандай. Иә, енді білдім, білдім. Кешеден бері өзіме-өзім келе алмай неге мазам кетті десем!? Сен екенсің ғой! Жөн-жөн. Осы қалаға келіп тұрып, мені неге есіңе алмай тұрсың деп ойлаған боларсың.

Махаббат дегенің не өшпейтін, не ештеңе өнбейтін тылсым күш екен-ау! Дәл қазір осы күйімде үйіңе жетіп барып баяғыдай құшақтай алсам деген арман билеп тұр. Бұл әншейін сені сағынып еске алғандағы бос далбаса ғой. Әлі ойдан кетпей жүрген махаббат шатағы десем де болар.

Енді, оның бәрі де босқа болып өтті, кетті дейміз. Бірақ, еске түссе неге жанды қинайды?! Жай ғана өмір, жай ғана кездесулер емес еді ғой. Алға жоспарланған кәдімгідей мақсатты өмір жолымыз бар еді. «Ата-ана баталарын бұза алмадым» деген бір жапырақ хатың ғана келді, жауап сол ғана. Өзімді-өзім қоярға жер таппай қаншама азапқа түстім. Есіме түссе әлі де сол. Еске түскен көп ойды далаға шыққан қарияның қарлығыңқы үні бөлді.

– Ей, сен далада жалғыз өзің неғып жүрсің? Сені іздеп міне мен де шықтым. Қане, отыр жаныма кеп, – деп орындықты нұсқады.

Қартайғанда адам бір бала деген ғой. Қария менің келгеніме қуанышты еді. Көңіліндегі қордаланып қалған біраз әңгімесін айтқысы келетін сияқты. Қарияның сөзін екі етпей бұл да бала сияқты жанына жетіп барып отыра қалды. Баяғы бала кезіндегідей оны арқасынан қағып, қағып қойды. Әлде не есіне түскендей ме? Көңілі бұзылғандай. Онысын өзі білдірмегендей төмен қарай берді. Біраз үнсіз отырып қалды.

– Көке, бұныңыз не?! Міне, мен келдім ғой. Әрқашан осылай келіп тұрамын. Ештеңені де уайымдамаңыз. Біз бармыз ғой, – деді.

«Біз бармыз ғой» деген Асқардың жалғыз ауыз жылы сөзі қарияның болашақ өміріне сенім орнатқандай көңілі жылып қалды. Өз жағдайынан біраз әңгіме қозғады.

Бүгін Асқар ағасынікіне екінші күнге қалып отыр. Әдейі, оларды концертке апармақ. Анау қартайғанда туған кішкене қыздарында ес жоқ. Күні бойы концертке баруға дайындалуда. Киімдерінің бірін киіп, бірін тастап шешесін әбігерге салуда. Ұлғайған адамдардың сыртқа көп шыға бермейтіні белгілі ғой. Бүгінгі концертке бару олар үшін үлкен сыйлық еді. Асқар оларға бүгін мерекелі күндей үлкен қуаныш сыйлағандай болып отыр. Ол кезде бүгінгідей машина қайда. Шақыра қоятын такси де жоқ. Сондықтан, ертерек шығып жаяулап бармақ. Жақсы, бәрі де дұрыс. Бірақ, біраз жер ғой. Қарияны шаршатып алармыз. Асқар анадай жердегі орындықты көріп қуанып кетті. Қарияны сүйемелдеп апарып сол орындыққа отырғызды.

– Әлі бір сағаттай уақытымыз бар. Асығыс жоқ, – деді Асқар, көңілдерін демеп.

Олар ертерек келіп орындарына жайғасты. Алдыңғы жақта үшінші  қатарда екен. Бәрі де анық көрінетіндей. Дауыстары да жақсы естілетін жерде. Үлкен кісілер отырған орындарына да риза болғандай рахаттана жайғасты. Адамдар да жинала бастады. Тіпті, үлкен кісіге әдейі келіп, сәлем беріп, қол алысып  жатқандар да табылды. Иә, солай болуға тиісті де еді. Оқу ағарту ісінде ұзақ жылдар еңбегі сіңген, осы облыс көлемде ол кісіні білмейтін адам кем де кем болар. Қадірлес, сыйлас адамдар жанына келіп отырып, қызу әңгіме де басталып кетті. Бәрі жақсы-ау. Бірақ, әлгі кішкене ерке қыз маза беретін емес. Қас пен көздің арасында жоқ болды да кетті. Ал ізде. Баяғы Асқар бар жүгіретін. Сонау бір шеттегі үлкендер отырған жердегі өзінен сәл үлкендеу бір баланы ойынға шақырып тұр. Үлкендер болса оны жібермей жатыр. Ақыры ерке қыз әке-шешесіне маза беретін түрі болмады. Мазасы кеткен қариялар «апарып таста үйге» деп бұйырды Асқарға. Қыздың бармаймынына болмай құшақтап алып есіктен шыға берген.

О, ғажап-ай! Оны әдейілеп күткендей дәл алдында кім тұрды десейші! Гүлзейнеп! Асқар өз көзіне өзі сенбей «рас сен бе Гүлзейнеп» деп айқайлап жіберуге шақ қалғандай еді! Бұл күтпеген ғайыптан болған кездесуге екеуі де тоқ соққандай сезіммен үнсіз қалшиды да қалды. Шыға беріс есік алды, біреу кіріп, біреуі шығып жатқан есік бір ашылып, бір жабылып жатыр, екеуі оған да мән берер емес. «Былай тұрыңызшы» деген бір әйелдің дауысы қаттырақ шықты. Сонда барып, екеуі де ес жиғандай болды.

– Кешіріңіз, – деп, Асқар сәл-пәл ілгері озды. Гүлзейнептің жетектеген 5-6 жасар кішкене қызы да мамасының қайта-қайта қолын жұлқылап «кірейікшіге» басты.

Үнсіздік ұзаққа созылып кеткен болуы керек, о, ғажап-ай!

– Шынымен Гүлзейнеп сенбісің, – деді үнсіздікті бұзып, Асқар батылдана тіл қатты.

– Иә мен, немене ұмытып, танымай тұрсың ба, – деді күле сөйлеп.

– Е… Ұмыту қайда? Сені ғайыптан көргендей есім ауып кетті емес пе!

Осы кезде қолындағы бұзық қыз аяғымен тепкілеп, бақыра жылап арқасынан ұра бастады.

– Мынау осындағы ағайымның еркетотай қызы ғой. Үйіне апарып тастауым керек еді. Ал енді бұл ғайыптан кездесу болды. Шығарда осы жерде күтетін бол! Мен де осы жерде күтемін. Қазір  мына  қызды тезірек үйіне апарып тастаймын. Үлкен кісілер осында концертке келген. Гүлзейнеп, мен сені жоғалтып алмайын! Бұл жәйдан-жай кездесу емес. Алла тағаланың жазуы болар. Осылай жоғары бағалағанымыз жөн болар.

Ол артына қарай-қарай жүгіре басып ұзай берді. Гүлзейнеп те кібіртіктеп оның асығып-аптыққан соңынан қарап әлі тұр екен.

– Иә, бәсе, – деді Асқар да үлкен сеніммен, әлі қозғалмай соңынан қарап тұрған Гүлзейнепті көріп.  

Ол жүгіре басып бара жатып та, «Иә, Гүлзейнеп, сен мен білетін Гүлзейнеп болсаң әрине мені күтесің. Елемей кетіп қалуға тиіс емессің» деп, өзіне-өзі сеніммен қайталады. Қайтарда да сол қалпымен жүгіре басып алқынған күйінде далада тұрған орындыққа отыра кетті. Есік алды иесіз қалған алаңдай тынышталған екен. Бір адам көрінбейді. Бәрі де концертте. Концерт қызығын көруде. Ал, Асқар болса концертке келгені ұмыт болған сияқты. Бар ойын Гүлзейнеп билеп алған. Ол осы жерде өзіне-өзі келіп біраз отырғысы келді. Өзін-өзі сабырға келтіргісі келді. Бала емес, шаға емес. Қырықтан асқан шағымда. Жұрт алдында азамат ретінде беделім де ешкімнен кем емес. Балалы-шағалымын, отбасым бар. Иә, солай екені солай ғой. Бірақ иә, бірақ Гүлзейнепті әлі күнге ұмыта алмай келеді емеспін бе. Сол бір 2-3 жыл оқу барысында кездескен аз ғана ғұмыр менің бүкіл ғұмырымдай болып есте қалып қойса қалай ғана ұмытармын. Бір-бірімізге деген ыстық сезім, алдымызға қойған ғұмырлық жоспарымыз да болды емес пе?! Бұл үлкен сенімді ғұмырлық жоспар емес пе еді. Өмірімдегі жалғыз ғана қалаулы адамымды жоғалтып алып, қайта бір көруімнің өзі Алланың маған сыйлаған бір сыйындай көрініп отыр емес пе. Ендеше оны неге қуанышпен қарсы алмауым керек. Иә, сондықтан, ғайыптан кездескен сүйіктімді мен лайықты қарсы алуым керек-ақ. Ол бүгінгі көп толқытқан өз ойын осылай түйіндеді. Осы ойына өзі риза болғандай, кезекші әйелден кешірім сұрап, қариялар отырған жердегі өз орнына барып отырды. Отыруын отырды-ау. Көңілі пайыз табар емес. Концертке қарап жатқан ол жоқ. Әйтеуір әндер айтылып жатыр. Халық риза болып қайта-қайта қол соғылып жатыр. Қалай да ғайыптан кездескен Гүлзейнепті есте қаларлықтай етіп, риза етіп қарсы алуым қажет деген ойда отырды. Концерт те бітті-ау!

– Жаңа бір жолдасымды кездестіріп қалып едім, – деп, қалыс қалып, кештеу келетініне де сылтау тапты. Шыға беріп, жан-жағына алаңдай қарады. Иә, анадай жерде шарбаққа сүйеніп тұрған Гүлзейнепті көріп, қуанып кетті. Қарияларды бұрылысқа дейін шығарып салып кері қайтты.

Асқар ақырындап Гүлзейнепті сыртынан келіп «Гүлім едің ғой» деп құшақтай алды.

– Қой, мұның не, бала болып кеттің бе, – деп оның қолын алып өзіне қарай бұрды.

– Мені мүлде ұмытқаның ғой, сені солай атайтын едім ғой.

– Қайдағы гүлім, кемпір болуға айналдық емес пе?!

Асқар оған қимастықпен ұзақ қарады.

– Иә, пазынаң орынды ғой. Бірақ, одан бері қаншама заман өтті. Ол дәурен өткелі не заман!?

Гүлзейнеп те тебірене сөйледі.

– Сен соның бәрін еске түсіргің келеді. Жастық шақтың бір көріністері ғой. Ал, қазір біз кімбіз. Оны да естен шығармағанымыз дұрыс. Біз осы қазіргі өмірімізге де ризашылықпен қарағанымыз жөн болар. Балалы-шағалымыз. Бала деген әсіресе ананың бақыты емес пе. Мен өзімді бақытты аналардың біріне санаймын. Біздің осы жүрісіміз маған әбестеу сияқты көрінеді. Мені сыйласаң сен оны түсінуге тиіссің. Бір үйдің ардақты анасы да, сол үйдің берекесі де, бірлік-тірлігінің ұйытқысы да, тұтқасы да, тұғыры болып отыр емеспін бе. Ендеше түнделетіп осы жүрісімнің жөні бар ма деген менің алдымда үлкен сұрақ тұр.

– Иә, сол баяғы өзіңе деген сыйластық, құрмет сол үшін! Сені елемей қалай кетемін!? Гүлзейнеп, мен бәрін де түсінемін. Мені құп алып, келгеніңе шексіз ризамын. Мені сен де түсін. Бұл әсте әбестік іс деп ойламаймын. Бұл бізге Алла сыйлаған өмірдің бір бақытты сәттері. Бұл жәй кездесу емес. Бұл Алла тағаланың бұйрығымен бізді әдейілеп кездестіріп отырған ғажайып кездесу. Және бұл, өкінішке қарай соңғы кездесуіміз болар. Сондықтан, оны елеусіз қалдыруға болмас. Мен мана ресторанға тапсырыс беріп қойғанмын. Мен сені осылай кездестіре отырып қонақ етпей қалай жіберемін?!

– Асқар, мұның енді артықтау болар. Манағы кішкентай қызым менсіз ұйықтай алмайды. Папасы да жоқ үйде. Қайта мен сені үйге шақырып қонақ етуім керек еді. Сәлімжанның көрдің бе үйде болмай қалғанын. Екеуіңді таныстырып, достастырып жіберетін едім. Ол сені заочно жақсы біледі. Біздің таныстық достығымыз бұлай аяқталмасын. Амандық болса биыл үлкен балам оқуын бітіріп, қалыңдығын да ала келетін сияқты. Тойға өзіңді міндетті түрде шақырамын. Демек, достығымызды одан әрі жалғастырамыз. Асқар, мен бұл әңгімелерімді босқа айтып отырған жоқпын. Оның саған ұқсас көптеген мінез қылықтары бар. Сол, саған ұқсас болған соң маған ұнағаны ғой. Көрсең өзің де маған риза болып, онымен еріксіз достасып кетер едің.

– Қарай гөр өзін, күйеуіңді тіпті жер-көкке тигізетін түрің жоқ қой!

– Иә, солай, көрсең, өзің де риза болып, жарайсың Гүлзейнеп деп қолымды аларың анық.

– Гүлзейнеп, мен осы кездесуімізге қуана отырып, үлкен мән беріп отырмын. Бұл жәй ғана жолығу емес. Бұл кездесу Алла тағаланың бұйрығымен болып отыр. Алла тағаланың біздің бірге жүріп, бірге өткізген сонау бір бақытты сәттерімізді бағалағаны ғой. Сен осыны неге түсінбейсің? Тағы қайталап айтамын. Бұл кездесу жәй ғана жолығу емес. Сондықтан, сені ғайыптан көргендей болып отырған қуанышты сәтімді атап өткім келеді. Осы жерден алыс емес бір үлкен ресторан бар. Қазір сонда барамыз. Менде бөтен ой жоқ. Бар мақсатым Алланың берген мына қуанышты мүмкіндігін ылайықты өткізу.

– Асқар, бұнымыз енді артықтау болар, – деп Гүлзейнеп қатқылдау қарсылық білдірді.

– Жоқ деме, ұзақ жыл бірге болған көршілер де бірін-бірі шақырып құрметтеп жатады. Біздің бір-бірімізге көршідей де құрметіміз болмағаны ма сонда?!

– Осы мына түнгі жүрісім өзіме ұнаңқырамай тұрғаны ғой. Таныс біреу көрсе не деп ойлайды?!

– Е, алыстан келген бір туысы немесе бір жақсы достары екен деп ойлайды. Ең бастысы, өзің жамандыққа жорыма. Екеуміз де адал, баяғы қимастық көңілмен кездесіп отырмыз. Адалынан еске алатын жақсы сәттеріміз аз ба еді! Неге соларды еске алмасқа!?

– Мен де сол адал көңіліңді қимай келіп отыр емеспін бе. Өзіңе деген баяғы аса зор құрмет!

– Міне, енді жөнге келдің, – деп, Асқар дауысын көтере бір күліп алды.

Ресторан іші айтарлықтай салтанатты әрі көңілді екен. Отырған жұрттың көпшілігі жастар сияқты. Олар өздеріне оңашалау шет жақтағы екі орындық шағын бір үстелді таңдады.

– Сен енді ұяла бересің ғой. Көпшілікке арқа тұсыңды беріп, маған қарап отыр, – деп оған орындық ұсынып жайлап отырғызды.

– Міне, енді жайлап асықпай еркін отырып әңгімелесуімізге болады.

Даяшы қыз үстелді жайнатып жіберді. Әсіресе, көмпиіп-көмпиіп піскен сап-сары бауырсақ, көңіл тоғайтып көз қызықтырғандай. Асқар да соны бірден байқаған. Ол:

– Наннан артық не бар дейсің! Ең алдымен өз қолыммен өзіңе бір бауырсақ ұсынайыншы! – деп, бір бауырсақты қолымен іліп алып Гүлзейнептің аузына тосты.

– Ой, бауырсақ тым үлкен екен! Одан да сен оны қолыма бер. Сосын біртіндеп жеп бітірермін.

– Жарайды, қалауың болсын, қысталамаймын. Қане, алақаныңды тос! Құрметпен келетін несібең әрқашан да дәл осындай мол болсын! – деп Асқар аса бір үлкен ықыласпен және аса бір еппенен әкеп алақанына салды бауырсақты.

– Шынында да, мұның мен үшін үлкен сыйлық болды, сенің қолыңмен берген асты ықыласпен жеймін, – деп, Гүлзейнеп те бауырсаққа күлімсірей ұзақ қарап тұрды да, «биссиміллә» деп шетінен бір тістеп, тарелкалардың біріне салды және «кеткенше осы бауырсақты жеп тауысамын» деп тағы күлімдеді.

– Байқайсың ба осы дастархан үстіндегі саған деген жақсы сөздерім таусылар емес!

– Иә, иә, – деп Гүлзейнеп те оны қоштай жөнелді.

– Гүлзейнеп, білесің бе, сенімен бірге жүргендегі әрбір сөзің, ерке қылығың бәрі-бәрі сол қалпында әлі есімде. Тіпті, сен менің сөзімді іліп алып әрі қарай қоштап кетуші едің ғой. Сен ұмытсаң да, мен әлі ұмыта қойғам жоқ.

– Асқар, сен енді баяғының баяғыдағысын айтып, менің де көңілімді босатпақпысың!

– Иә, баяғының баяғыдағысы болса да соның бәрі сол күйінде әлі есімде. Біз бір-бірімізді өмірлікке бағалап едік қой! Қалай ұмытармын! Сенен қапылыста айырылып қалғаным мен үшін төтенше жағдай болды. Қайтып келмейтініңді білгенде жібермейтін едім ғой! Ол қолымнан келетін еді. Бұл сөздерімнің енді еш пайдасы жоқ екенін жақсы білемін. Сонда да мені қандай күйде қалдырғаныңды сен де білгенің жөн. Сен соның бәрін білсең соңымнан неге келмедің?! Дәл сол кезде мүмкін бағытты өзгертіп жіберуге де болатын ба еді. Осының бәрі сайып келгенде Алланың бұйрығы осылай болды. Сол кездегі әрі-сәріде жүрген мазасыз күндерімді маған да естірт деп отырсың ба?! Сені елемеді, іздемеді деп ешқашан ойлама?! Бәрі де уақытында өтті, кетті!

– Екеумізге Алла тағаланың бұйыртқан тағдыры осылай болды. Менің әлде біреуге қор болып кетпей теңіме кездескеніме сен де риза болмайсың ба. Иә, сенің маған шын жан ашитыныңды жақсы білемін. Қазақта бата бұзбау қажет екенін сен де білетін шығарсың. Ата-ана, жақын жуықтың бәрі бір ауыздан келісіп баталасып қойған соң, бата бұзуға менің де дәтім бармады, қорқақтағаным рас. Сол ата-баба ұстанымынан шыға алмадым. Солай батырым! Енді бұл әңгімені осымен доғарғанымыз жөн болар! Баяғы шын жанашырлық, тілектестік достық қарым-қатынасымыз бұзылмасын! Сен де өз еліңде беделді, балалы-шағалы шаңырақсың. Абыройлы азамат екеніңді жақсы білемін. Ендеше, достық қарым-қатынасты үй-іші болып одан әрі жалғастырсақ деп ойлаймын. Бұл шынында да ғажайып кездесу болды. Ол аяқсыз қалмасын. Мен енді отбасы болып аралассақ деп ойлап отырмын. Менің үлкен балам биыл үйленбекші. Сол тойға өзіңді үй-ішіңмен шақырамын. Жолдасым Сәлімжан екеуіңді таныстырып жіберсем деп отырмын. Бұл жолы ол іссапарда болып, реті болмай тұр. Білесің бе оның саған ұқсас мінездері бар. Екеуіңді жолықтырып таныстырсам, достасып кетулеріңе күмәнім жоқ. Шынында да, бұл ғажайып кездесу болды. Алла тағала мүмкін достықтарын одан әрі жалғастырсын деп бізді әдейі осылай жолықтырып отырған шығар. Батырым, сенің баяғы азамат басыңа деген сый-құрметім ортайған жоқ. Сол достық көңілмен бүгінгі кездесуді аяқтағанымыз жөн болар.

– Сен кереметсің Гүлзейнеп! Тіпті, менің алдымды орап сөйлетпей тастайсың. Сол баяғы жарқын мінезің, адамды өзіңе тартып тұратын. Сәлімжан қандай бақытты жан еді! Иә, бұл бір есте қалар ғажайып кездесу болды. Өткен түнде қарадай елегізіп ұйықтай алмап едім. Осылай сені кездестіруге көрінген екен ғой. Бұған да шүкіршілік деуім керек шығар. Сені бір көріп бір жасап қалғандай қуанышқа бөлендім. Балалы, шағалы өнегелі отбасы болыпсың. Оныңа мен де тілектеспін, осы отырғанда баяғыдай жанымда жүре беретіндей көріп отырмын. Бәрі де сені көрген қуаныштың әсері ғой. Бұл да болса Алланың бізге көрсеткен бір жақсылығы шығар, оған да шүкіршілік дейін. Бірақ, Алла тағала маған осы кездесуді алдын ала сездірді ғой! Тегін емес бәрі де! Дәл қазір қайталанбас бір бақытты шақты бастан кешіріп отырғандаймын.

– Жарайды, Асқар, сенің жорамалдарың бәрі де орынды. Ойда жоқта сенімен кездескеніме мен де қуаныштымын. Жастық шағымызды еске алдық. Ол әркімнің де басынан өтетін бақытты бір дәурен ғой. Жастық шақтың да өз ерекшеліктері болуы заңды ғой. Алла тағала бүгін сені қайта кездестіріп, бәрін қайталап алдыма алып келгендей болып отыр. Алланың бізді ғайыптан кездестіріп еркін сөйлесіп, сыр бөлісіп, шер тарқатқанымызға риза болайық. Енді әр нәрсенің шегі, аяқталар сәті болады ғой. Батырым, сен далада, жол үстінде еркін жолаушылап жүрген адамсың. Уақыт түн жарым. Енді өзің осы ризашылығыңмен үйіме апарып сал. Сен үшін осы шыққаныма түн ішінде осынша уақыт бірге болғаныма риза бол. Гүлзейнеп орнынан тұрды.

– Иә, бұл бір Алланың өзінің бізге ғайыптан арнап берген ұмытылмас сыйы болар! Жақсы, айтқаның болсын!

Ол Гүлзейнепті қолынан ұстап жетелеп далаға шықты.

Түн тып-тынық, аспан ашық. Көшеде жүргіншілер сиреген. Жолдарың ашық дегендей. Бәрі де тыншыған. Дәл жандарында бір машина тоқтап, әлдекімдерді түсіріп жатты. Бұлар да сол машинаға жақын келді. Cол машинадан орын алды. Гүлзейнеп үйінің дәл есік алдына алып келді. Бұл сірә, екеуміздің соңғы кездесуіміз болар деп, ол Гүлзейнепті құшағына алып, жіберіңкіремей тұрып қалды. Гүлзейнеп бұлқыныңқырап, құшағынан шығып, сәл кідіріп, алғысын білдірді. Асқарға бар жақсы тілегін айтып, асығыс жүгіре басып үйіне кіріп кетті. Асқар есік алдында адасқан жандай аңырып тұрып қалды.

– Қош, жаным, қош жаным! – деді естілер-естімес қимас үнмен елжірей сөйледі. – Бітті осымен, бәрі де бітті, – деді тағы да іштей алабұртып. Ол осында не үшін келіп еді? Не үшін кетеді енді! Иә, қимас жанын енді кездестіру қайда?! Ол осында. Мен енді өз жолыммен кетуім керек. Алабұртпа көңілім, алабұртпа! Бұның бәрі де уақытша. Қимас жанмен уақытша кездесу. Бірақ ғажайып кездесу болды ғой. Несін айтасың! Ғажайып кездесу болды емес пе! Өткен махаббаттың жыры мен сыры. Қимастық достық көңілдер де осылайша мәңгіге аяқталды!

Ханзипа Бәлдікқызы Кәкімжанова,
журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here