Салық режимінің жаңа тәртібі

0
188

1 наурызынан бастап Қазақстанда арнайы салық режимдерінің жаңа тәртібі күшіне енді. Енді кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үш режимнің бірін таңдауы керек.

– Биыл салық салу жүйесі оңтайландырылып, бұрынғы онға жуық режимнің орнына нақты үш арнайы салық режимі бекітілді. Бірінші режим – оңайлатылған салық режимі. Биыл бұл салық түрі кеңейтілді. Енді табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды (бұрын 20 000 АЕК болатын). Осы режимді таңдаған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тек табыс салығын төлейді. Бұрын табыс көлемі 60 млн теңгеден асқан жағдайда қосымша құн салығын төлеу міндеті туындайтын. Биылдан бастап арнайы салық режимінде бұл шектеу алынып тасталды. Екінші режим – фермерлік және шаруа қожалықтарына арналған. Бұрын бөлек-бөлек төленетін жер салығы, көлік салығы және жеке табыс салығы біріктіріліп, бір реттік төлем ретінде енгізілді. Бірыңғай төлемнің базалық мөлшерлемесі – 0,5 пайыз. Осылайша, бірнеше салық түрі бір төлеммен алмастырылды, – деді Астана қаласы Сарайшық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшының орынбасары Дархан Молдажан

Ал, үшінші режим өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Бұл кәсіпкерлер үшін де арнайы өзгерістер енгізілген.

– Үшінші режим – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Егер жеке тұлғаның жылдық табысы 300 АЕК-тен (шамамен 1,2 млн теңге) аспаса, оған жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Мұндай азаматтар «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы көрсеткен қызметі бойынша чек жүктеп отырады. Есептілік тапсыру талап етілмейді және олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Бұл режим қырықтан астам қызмет түріне арналған. Мысалы: такси жүргізушілері, жеткізушілер, шаштараздар және өзге де қызмет көрсетушілер, – деді Дархан Молдажан.
Спикердің айтуынша, салық режимін кәсіпкерлер телефондағы «E-Salyq Business» қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктер арқылы таңдай алады.

– Кәсіпкер 1 наурызға дейін салық режимін өз еркімен таңдамаса, ол автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне көшіріледі. Бұл режим бойынша табыс салығының базалық мөлшерлемесі – 10 пайыз. Сонымен қатар, бір жыл ішінде табыс көлемі 10 000 АЕК-тен асқан жағдайда қосымша құн салығын төлеу міндеті туындайды. Биыл қосымша құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсті, – деді ол.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here