Жаңа заң: Қару иеленушілерге қойылатын талап күшейді

0
645
Фото: sayga.kz

Жуырда Мемлекет басшысы қару иеленушілерге қойылатын талаптарды күшейту туралы заңға қол қойды. Енді қару иелері мезгіл-мезгілімен полицияның ату алаңына барып, мергендік машықтарын шыңдап тұруға міндетті. Сондай-ақ олар иелене алатын қару санына да шектеу енгізілді.

ҚАРУ САТЫП АЛУҒА ҚАЖЕТ ТАЛАПТАР ҚАНДАЙ?

Атыс қаруы негізінен үш санатқа бөлінеді: жауынгерлік тапаншалар, қызметтік қарулар және азаматтық атыс қарулары. Алғашқысы туралы артық түсіндірудің қажеті жоқ – бұл армия, полиция, ҰҚК, шекара қызметі, түрлі күштік құрылымдардың арнайы бөлімшелері мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің арсеналы.

Қызметтік қару, негізінен, жеке күзет ұйымдарының иелігінде болады. Олардың қатарында банктердің инкассаторлық қызметтері де бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың басында Қазақстанда 4 463 жеке күзет ұйымы тіркелген, бұл құрылымдарда 97 мыңнан астам адам еңбек етеді. Аталған ұйымдар іс жүзінде полицияның бірқатар міндетін атқарып, түрлі нысандарды күзетеді және қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуына ықпал етеді.

Ал, азаматтық қару өзін-өзі қорғау, спорттық, аңшылық, сигналдық және оқсыздандырылған болып бөлінеді. Спорттық пневматикалық және сигналдық қарулар қару-жарақ дүкенінен соттылығының жоқтығы туралы анықтама негізінде сатып алынады. Сондай-ақ атыс қаруының қауіпсіздігі ережелерін білетінін растайтын анықтама (оны ІІМ жанындағы арнайы «Динамо» оқу орталығы береді), психикалық денсаулық орталығынан анықтама және қарумен байланысты спорт түрімен айналысатынын дәлелдейтін спортшы куәлігі талап етіледі. Бұл санаттағы қару полицияның арнайы рұқсатынсыз сатылады.

Аңшылық қару сатып алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы қорытынды, «Динамо» орталығынан берілетін анықтама және аңшылар қоғамының мүшелеріне табысталатын аңшы куәлігі ұсынылуы қажет. Қару иесі міндетті түрде арнайы қару сақтайтын сейф сатып алып, оны еденге немесе қабырғаға мықтап бекітуге тиіс. Сонымен қатар, тұрғын үй сертификатталған дабыл жүйесімен жабдықталып, төтенше жағдайда ұялы телефонға хабар беретін мүмкіндігі болуы міндет.

Барлық талаптар орындалған соң, полиция қаруды сатып алуға және сақтауға рұқсат береді. Елдегі цифрландыру үдерісіне байланысты бүгінде азаматтық және қызметтік қару айналымына қатысты барлық рұқсат құжаттары eGov немесе elicense.kz порталдары арқылы электронды форматта рәсімделеді.

ҚАРУ КІМДЕРГЕ ҚОЛЖЕТІМДІ?

Мамандандырылған дүкендерде еркін сатылатын қару түрлерінің жаңартылған тізімі бекітілді. Мәселен, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттары бар құрылғылар – механикалық бүріккіштер, аэрозольді баллондар және тағы басқалары. Олар полицияның арнайы рұқсатынсыз сатылады, алайда сатып алушыға міндетті түрде қауіпсіздік жөнінде нұсқаулық өткізіліп, оның деректері дүкеннің есеп журналына тіркеледі.

Оқсыздандырылған қарулар – бос патрондарды атуды имитациялауға арналған ұңғылар. Олар көбіне кино түсірілімдерінде пайдаланылады және кинокомпанияларға, театрларға, цирктерге, музейлерге, сондай-ақ коллекциялауға лицензиясы бар заңды және жеке тұлғаларға қолжетімді. Бұл санаттағы қарудың толық тізбесі «Қару-жарақтың жекелеген түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау туралы» заңда нақты көрсетілген.

Қазақстанда 21 жасқа толмаған азаматтарға ойық ұңғылы, тегіс ұңғылы және лақтырмалы (арбалет, садақ) атыс қаруын сатып алуға тыйым салынған. Ал, газ баллондары мен электршокерлер тек 18 жастан асқандарға ғана сатылады. Бұдан бөлек, қасақана жасалған қылмыстар үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар азаматтарға, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған тұлғаларға заң бойынша қатаң тыйым салынған.

Психиатриялық немесе наркологиялық есепте тұрған азаматтарға, тұрақты тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға да рұқсат берілмейді. Сондай-ақ, 076/у үлгісіндегі медициналық анықтаманы ұсынбағандарға қару иелену құқығы берілмейді.

Егер азамат бір жыл ішінде қоғамдық тәртіпке және халықтың денсаулығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды (ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық, қаруды сақтау талаптарын бұзу) қайталап жасаса, полиция оның қару иелену құқығын шектеуі мүмкін. Ал, тапаншалар мен травматикалық қаруларды сатып алуға барлық азаматтарға ешбір ерекшеліксіз қатаң тыйым салынған.

Өзгерістер әскери резервшілерге де қатысты. Бұрын олар азаматтық қаруды мамандандырылған дүкендерден медициналық анықтамасыз сатып ала алатын. Жаңа заңға сәйкес, енді олар да өзге азаматтар сияқты қару сатып аларда міндетті түрде медициналық тексеруден өтуге тиіс. Ал, қолданыстағы әскери қызметшілер, ҰҚК және құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ТЖМ өкілдерінен басқа) бұрынғы тәртіппен – міндетті медициналық комиссиясыз, бірақ тиісті құжаттарды, соның ішінде қызметтік куәлігін ұсыну арқылы қару сатып ала алады.

ӘР БЕС ЖЫЛ САЙЫН ҚАРУ ИЕСІ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР ҚАЙТА ТІРКЕЛЕДІ

Заңдағы жаңашылдықтардың бірі – азаматтық және қызметтік қару иелері енді жергілікті полиция бөлімшесінде сынақ атуынан өтуі керек, осылайша сот-медициналық сарапшылар оқ пен патрон гильзасы туралы ұлттық дерекқор жасай алады. Енді әр бес жыл сайын қару иесі туралы деректер қайта тіркеліп, ойық ұңғылы қарудан міндетті түрде бақылау атысы жасалуы тиіс. Ал, қару иелері туралы мәліметтер полиция базасында 10 жыл бойы сақталады. Маңызды ескерту: бақылау атысына келмеген жағдайда қару иелену рұқсатының күші уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар, қаруы бар заңды тұлғалар (негізінен күзет ұйымдары) кәсіби қызметін тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қаруларын Ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруы қажет. Жеке күзет компаниялары полицияға тұрақты есеп беріп, сондай-ақ лицензиялық-рұқсат беру жүйесінің қызметкерлерін күзет қызметін тоқтату, доғару немесе қайта бастау туралы хабардар етуге міндеттеледі.

ҚАЗАҚСТАНДА 300 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТТЫҚ АТЫС ҚАРУЫ ТІРКЕЛГЕН

Қару санына да шектеу енгізілді. Бұрын азамат бір адамға шаққанда 10 бірлікке дейін: бес ойық ұңғылы және бес тегіс ұңғылы қару иелене алатын. Жаңа заңға сәйкес, енді меншікке екі тегіс ұңғылы және екі ойық ұңғылы мылтық қана рәсімдеуге болады. Егер жаңа талаптар күшіне енгенге дейін 10 қару заңдастырылған болса, олар иесінің меншігінде қала береді.

Көрші Ресейде, мысалы, бір азамат 15-ке дейін қару рәсімдей алады, ал Австрия мен Чехияда мұндай шектеулер мүлде жоқ. Сондай-ақ, жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оған арналған оқ-дәрілердің жекелеген даналарын елге әкелу, елден әкету немесе Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу үшін қорытынды беру тәртібі қарастырылған. Бұл жөнінде толық ақпаратты электрондық үкімет порталынан алуға болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 300 мыңнан астам азаматтық атыс қаруы ресми тіркелген. Соның шамамен 90 пайызы – аңшылық мылтықтар. Қару иелерінің саны 200 мыңнан асады. Соңғы бес жылда ғана азаматтар 103 мыңға жуық атыс қаруын сатып алған.

ҚАТАҢДАТЫЛҒАН ЖАҢА ЗАҢ

Тәуелсіздік жылдары Ішкі істер министрлігі қару айналымы мен күзет қызметіне қатысты заңнаманы бірнеше рет өзгертті. Екі мыңыншы жылдардың басында күзет қызметін лицензиялау мен азаматтық және қызметтік қаруға мемлекеттік бақылау енгізіліп, құқықтық негіз қалыптастырылды. Алайда, тексерулер ресми бақылау, сақтау шарттарының бұзылуы және компанияларды қайта құру немесе қызметін тоқтата тұру кезінде қаруды есепке алудың нашар жүргізілуі сияқты күрделі мәселелерді анықтады. Ол кезеңдегі өзгерістер жекелеген сипатта болып, мәселені жүйелі түрде шеше алмады.

Көп ұзамай қанды Қаңтар оқиғасы орын алды. Сол уақыттан бері құқық қорғау органдары ел бойынша мыңдаған атыс қаруы мен оқ-дәріні тәркілеуде. Олардың басым бөлігі ұрланғанға дейін заңды айналымда болған немесе бақылаудың әлсіздігінен жоғалған. Қаңтар оқиғаларынан кейін мемлекеттік органдар заң жүзінде рұқсат етілген қару мен оның нақты есебі, сақталуы және қадағалану тетіктері арасындағы үлкен алшақтықты анықтады. Осы себепті атыс қаруының заңды айналымын қатаңдататын жаңа заң қабылданды.

ЗАҢБҰЗАРЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Қазақстанда қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 484-бабына сәйкес 43 250 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Ал, Қылмыстық кодекстің 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ең төменгі жаза – 865 000 теңге айыппұл, ең жоғарысы ­– 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Дегенмен, мынадай ерекшелік бар: егер адам қару мен оқ-дәріні полицияға өз еркімен тапсырса және өзге қылмыс жасамаған болса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 қылмыс атыс қаруын қолдану арқылы тіркеледі екен. Бір қызығы, қылмыстардың 90 пайыздан астамы тіркелмеген қарумен жасалатыны анықталған. Өткен жылдың өзінде заңсыз айналымнан 2 300 түрлі қару тәркіленген болатын.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here