Латын тіліндегі «эволюция» сөзі даму, өрлеу һәм өркендеу деген мағынаны білдіреді. Ал, революция төңкеріс ұғымын береді. Егемендіктің елең-алаң шағынан бері Қазақстан революциялық емес, эволюциялық жолды таңдады. Еліміздің ұстанымы – өзгермелі сәттерде өзгелермен бейбіт қарым-қатынас құра отырып, үздіктер сапына ұмтылу. Көк байрағымыз биікте желбіреп, байтағымызда баянды істердің жүзеге асуы – біздің басты мақсатымыз. Кез келген тірі организм сияқты мемлекеттердің де даму процесі болады. Азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап елімізде әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар іске асып келеді. Бүгіндері Қазақстан тың саяси жаңғыруға, дамудың жаңа белесіне бағыт алды. Әрбір ұлттың төл тарихында оның келешегін болжап, дамуын айқындайтын тағдыршешті кезеңдер болатыны белгілі. Бүгіндері Қазақстан осындай маңызды мезеттің қарсаңында тұр. Биылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум өткенімізді бағамдап, болашағымызды бағдарлайтын маңызды шара. Бұл – кезекті саяси науқан емес, бұл – әрбір отандасымыздың өміріне оң әсер ететін тарихи сәт.
АШЫҚ ДИАЛОГ – НАҚТЫ СЕНІМГЕ ЖОЛ АШАДЫ
Ата Заңға өзгеріс енгізу – мемлекет негізіне және қоғамдық келісімге тікелей қатысты мәселе, маңызы зор шара. Сондықтан, оны жабық форматта талқылауға болмайтыны белгілі. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру үшін бірқатар шара қабылданды. Біріншіден, отырыстар ресми сайт пен Конституциялық соттың әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Екіншіден, комиссия жұмысын жедел жариялау және ақпаратты жинақтау үшін «Конституциялық реформа 2026» деген арнайы Telegram-арна ашылды. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің көбі әлеуметтік желіде белсенді. Олар өз пікірін тікелей немесе БАҚ арқылы жүздеген, мыңдаған азаматқа жеткізді. Осылайша, комиссия жұмысы ашық әрі жария форматта өтті, оның қызметі туралы ақпарат барлық қалаған азаматқа қолжетімді болды. Маңыздысы, тікелей эфир – тек техникалық құрал ғана емес. Бұл қоғамға сенім мен биліктің ашық диалогқа дайын екенінің айғағы. Мемлекет «Естуші мемлекет» қағидаты мен институционалдық жауапкершілікті жариялаған соң, Конституциялық комиссияның ашық жұмысы осы бағыттың заңды жалғасы болды. Ең бастысы – отырыстардың жария өтуі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алды, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуге жол ашты. Маңыздысы – қабылданған шешімдердің заңдылығын арттырды.
Осы ретте атап өтерлігі, комиссия құрамына 130 адам кірді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар. Комиссия құрамына Парламентте өкілдігі бар барлық партиялардың өкілдері де енді. Бұл Конституциялық комиссияның қазақстандық қоғамның негізгі салаларын толық қамтығанын және елдегі ең білікті мамандарды бір алаңға жинағанын көрсетеді. Комиссия құрамында заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар және басқа да салалық сарапшылар бар. Бұдан бөлек, өңірлік өкілдік те қамтамасыз етілді: Комиссия құрамында елдің барлық аймағынан өкілдер, соның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестер мүшелері және тәжірибелі мамандар бар. Гендерлік тепе-теңдік те сақталған. Комиссияда ғылым, басқару және кәсіпкерлік салаларының беделді әйел мамандары бар. Осы ретте комиссия мүшелерінің ішінде заң шығару үдерісіне тікелей қатысқандардың тәжірибесі мол екендігін атап өткен абзал. Конституцияның жаңа редакциясын талқылау және әзірлеу шамамен жарты жыл уақытты алды. Іс жүзінде талқылау Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында парламентті реформалау бастамасын жариялаған кезден басталды. Осы мақсатта өткен жылдың қазанында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, ол заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелерімен тұрақты айналысты. Сондай-ақ парламенттік реформаны қоғамдық талқылау тек Жұмыс тобымен шектелген жоқ. Өткен жылдың қазанынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімі арқылы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс келді.
Бұдан басқа, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдардан қолданыстағы Конституция ережелерін қайта қарауға байланысты 1600-ден астам ұсыныс түсті. Осы негізде Конституциялық реформа жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Мемлекет іске қосқан кері байланыс тетіктері азаматтар тарапынан белсенді қолданылып, Конституциялық реформаға қатысты қоғамның түрлі көзқарастары мен нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді. Жиналған ұсыныстар жеке-дара емес, біртұтас әрі өзара үйлескен жоба ретінде қаралды. Нәтижесінде жаңарту Конституцияның барлық бөлімін – Кіріспеден бастап конституциялық құрылыс негіздері, сот төрелігі, мемлекеттік басқару және азаматтардың қатысу тетіктеріне дейін қамтыды. Бұл тәсіл бұрын қолданылған жекелеген әрі бытыраңқы түзетулер енгізу тәжірибесінен бас тартып, жаңа Негізгі заңның тұтас әрі логикалық құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
ХАЛЫҚТЫҚ КОНСТИТУЦИЯ
Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен талқылаулар негізінде өзара келісілген және Конституция мәтініне енгізілген түзетулердің жинақталған жобасын дайындады. Ұсынылып отырған жобада Кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді. Төрт бөлімнің атауы өзгерді. 77 бапқа түзету енгізілді, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды. Осылайша өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімін қамтиды.
Бөлімдердің атауларын өзгерту немесе баптардың тұжырымдарын нақтылау – жай редакциялық түзету емес, бұл тұжырымдамалық тәсілді жаңартатын, құқықтық нақтылықты күшейтетін және Негізгі заңның сапасын арттыратын терең ойластырылған қадам. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құқықтық актінің мәтініне оның жартысынан астамын қамтитын өзгерістер және толықтырулар енгізілсе, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Осыны, сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, қазіргі заман талабына, қоғам қажетіне және мемлекеттің стратегиялық даму мақсатына сай келетін Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізді болды.
Демек, осының барлығы жекелеген түзетулер туралы емес, Ата Заңның мазмұны мен тұжырымдамалық негізін түбегейлі өзгертетін терең конституциялық жаңғырту туралы болып отыр.
Саяси сарапшылар қолданыстағы Конституция өзінің логикасы мен рухы жағынан көп жағдайда кеңес заманының сипатын сақтап қалған деген пікірде. Біріншіден, ол тым орталықтандырылған. Онда мемлекет басты субъект ретінде көрінсе, адам көбіне басқару нысаны ретінде қабылданады. Билік вертикалі қатаң құрылған, билік тармақтары арасындағы нақты тепе-теңдікке арналған кеңістік өте тар. Екіншіден, қоғамда ескі редакцияда ұлттық бірегейлік айқын көрінбейді деген пікір қалыптасып отыр. Мәтіндер әмбебап, бейтарап сипатта, өз тарихы, тілі мен мәдениеті бар нақты бір елге емес, абстрактілі «посткеңестік мемлекетке» арналғандай әсер қалдырады.
Үшіншіден, адам құқықтары қағаз жүзінде бекітілгенімен, жүйенің өзегіне айналмаған. Олар «мемлекет мүддесі», «қоғамдық тәртіп» сияқты нақты айқындалмаған ұғымдардың көлеңкесінде оңай шектеледі. Соның нәтижесінде Конституция ең алдымен институттарды қорғайды, ал адам екінші қатарда қалады.
Жаңа Конституция жобасы – өткеннің қисынынан шығып, посткеңестік кеңістіктен тыс, заманауи мемлекет моделіне көшуге жасалған талпыныс. Жаңа жобада тежемелік әрі тепе-теңдік принципі нығайтылады, институттардың рөлі нақтыланады, биліктің бір орталыққа шоғырлануы азаяды. Мемлекет қоғамның «үстінде» емес, оның ішінде қызмет ететін жүйеге айналады.
Конституция алғаш рет өзіміздің кім екенімізді және ерекшелігімізді көрсетеді. Ұлттық ерекшелігіміз, өткен тарихымыз, қоғамдық құндылықтарымыз басты орынға қойылады. Бұл жай декларация емес, кім екенімізді және қайда бет алғанымызды заң тұрғысынан бекіту.
Ең маңыздысы, жаңа Конституцияның төрінде – адам тұр. Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл жүйенің іргетасы. Бұл логика бойынша мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және өзін ашу мүмкіндігі үшін қызмет етеді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ НЕГІЗІ
Конституция – Қазақстан Республикасының құқықтық және саяси құрылымының негізі. 2026 жылғы 12 ақпанда кең ауқымды сараптамалық және қоғамдық талқылаудан кейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Осы құжаттың еліміздің болашағы үшін маңыздылығын ескере отырып, Негізгі заңдағы әрбір бап пен норманы түсіндіру, оларды терең ұғыну мен пайымдау үшін мән-мағынасын ашу қажет. Себебі, 2026 жылғы 15 наурызда азаматтарға Ата заң жобасының мазмұнын түсінуге негізделген байыпты әрі саналы таңдау жасауы керек болады.
Конституцияның Преамбуласы – Негізгі заңның кіріспе бөлігі, онда мемлекеттің мақсаттары, құндылықтары мен негізгі қағидаттары айқындалады. Преамбула әлемнің көптеген дамыған елінің конституцияларында бар. Атап айтқанда, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Канада, Швейцария сынды мемлекеттердің Негізгі заңдарында кіріспе жазылған. Ол Конституцияның жалпы рухы мен мәнін айқындап, оны түсіндіру барысында қолданылады.
Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың V отырысында Преамбулада ұлттық құндылықтарды неғұрлым нақты көрсету, қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тамырларын айқындау, Ұлы дала тарихымен сабақтастықты айқын түрде бекіту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Преамбулада құқықтық мемлекет құрудың негізгі құндылықтары мен қағидаттары, табиғатқа жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаны қорғау ұстанымдары көрініс тапқан. Жаңа Кіріспеде алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланды. Сонымен бірге бірлік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік мемлекеттіліктің берік негізі ретінде айқындалды.
Преамбула «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталады. Осы маңызды тұжырым мемлекеттегі биліктің бірден-бір қайнар көзі халықтың өзі екенін, Конституцияның шынайы авторы ел азаматтары екенін білдіреді. Жаңа жобада «байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту» және «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы» айқын көрсетілген. Бұл қазіргі Қазақстан Республикасының тарихи тамыры терең, ұлттың болмысы мен рухани мұрасын сақтау жолындағы сабақтастық сақталатынын айқындайды. Сонымен қатар, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы нақты бекітіледі. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бұл қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі – елдің тұтастығы мен тұрақтылығының басты кепілі. Қазақстан әрдайым біртұтас, бөлінбейтін мемлекет болып қала береді.
Преамбулада алғаш рет еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құндылықтар да көрініс тапқан. Атап айтқанда, Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл негізгі ұстанымдар құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, заң алдында баршаның теңдігін орнықтыруға және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Қоғамдағы бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтары да ерекше атап өтілген. Дәл осы құндылықтар еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалыптастырады. Мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарау да елдің жаңғыру жолындағы басты басымдықтар ретінде көрініс тапқан.
Преамбула «…Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен аяқталады. Бұл қоғам болып саналы түрде ұйысып, ел болашағына ортақ жауапкершілік жүгін бірге көтеруге деген дайындықтың көрінісі іспетті.
Жаңа Ата Заң адам құқығы мен бостандығын басты орынға қояды. Осылайша, адам және оның қадір-қасиеті конституциялық модельдің өзегіне айналып отыр. Конституцияның 1-бабы мемлекеттің негізгі моделін және оның басты құндылығын – адамды айқындайды. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жарияланып, билік жүйесі толықтай адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылықтар ретінде белгілеу – мемлекеттің адамға қызмет етуге, оның қадір-қасиетін, қауіпсіздігін және жан-жақты дамуына жағдай жасауға міндетті екенін білдіреді.
Жаңа Конституция жобасында адами капитал ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындалған. Елдің болашағы жер қойнауындағы байлықтармен немесе табиғи ресурстармен емес, адами капиталдың сапасымен, білім деңгейімен және азаматтардың жасампаз әлеуетімен тығыз байланысты. Сондықтан, білім мен ғылым, мәдениет пен инновация жаңа Ата Заңның негізгі басым бағыттарының бірі ретінде белгіленіп отыр.
Адами капитал ХХІ ғасырдың басты ресурсы ретінде қарастырылып, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналуда. Сондықтан, әрбір қазақстандық осы норманың мәнін терең түсінуі маңызды. Өйткені, өзгерістердің өзегінде – біздің біліміміз, қабілетіміз және адал еңбегіміз тұр. Міне, осы құндылықтар жаңа Конституцияда мемлекеттің стратегиялық тірегі ретінде бекітіліп отыр.
Ата Заңның жаңа жобасында жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың лайықты еңбек жағдайларын жасау, әділ еңбекақы төлеудегі жауапкершілігі ең жоғары құқықтық деңгейге көтеріліп отыр. Яғни, еңбек адамының қауіпсіздігі мен әл-ауқаты енді тек еңбек шарттарының талабы емес, мемлекет кепілдік беретін конституциялық міндетке айналады.
Құжаттағы бірқатар нормалар өндірістік жарақаттарды азайтуға, кәсіптік аурулардың алдын алуға және азаматтардың еңбекке қабілеттілігін сақтауға бағытталған. Яғни, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен қорғалуы енді тек жұмыс берушінің міндеті ғана емес, Конституциялық талап ретінде міндетті түрде орындалуға тиіс нормаға айналады.
Атап айтқанда, 27-бабында әр адамның еңбек етуге, өз кәсіп пен қызмет түрін еркін таңдауға құқығы нақты бекітіледі. Мәжбүрлі еңбекке тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда – сот шешімімен немесе төтенше және соғыс жағдай кезінде ғана жол беріледі. Сондай-ақ әр азаматқа қауіпсіздік әрі гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары, кемсітусіз сыйақы алу және заң аясында әлеуметтік қорғалу құқығына кепілдік беріледі.
Ал, 31-бапта ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне мемлекеттік кепілдіктер белгіленіп, жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және өзге де заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамсыздандыру құқығы айқындалады.
Бұл талаптар көпшілікке үйреншікті әрі түсінікті көрінуі мүмкін. Алайда, олардың жаңа Конституция жобасында нақты көрініс табуы – еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиеті, әлеуметтік тұрақтылығы мемлекет қорғауында екенін, ең бастысы, олардың ең жоғары деңгейде кепілдік білдірілгенін көрсетеді.
Негізгі заңда алғаш рет мәдениет пен білім елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде айқындалды. Бұл мемлекеттік модельдің тек билік институттарына ғана емес, сонымен қатар адами құндылықтарға негізделетінін білдіреді. Құжаттың преамбуласында-ақ Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы бекітіліп, мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияларға арқа сүйеу қағидаты айқын көрініс тапқан. 3-бапта тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау Қазақстан Республикасының егемендігін қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнықтыру және ел бірлігін нығайту секілді іргелі қағидаттармен бір деңгейде белгіленген. Бұл – аса маңызды қадам. Бұдан бөлек, құжатта адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновациялар алғаш рет мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыттары ретінде айқындалып отыр. 40-баптың да маңызы ерекше. Онда тарихи және мәдени мұраны сақтау әрбір азаматтың міндеті ретінде бекітілген. Бұл – стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім. Тарихи мұраны сақтау, мәдени және тарихи ескерткіштерге құрметпен қарау – тек мемлекеттің ғана емес, әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Әрбір қазақстандық осы өзгерістердің мәнін терең түсінуге тиіс. Өйткені, мәдениетті мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде айқындау және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті нығайту қашанда маңызды.
ТҮЙІН СӨЗ
Ел өміріндегі ең маңызды шара – Республикалық референдумға санаулы күн қалды. Қазір еліміздің барлық өңірінде жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын түсіндіруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өткендей, әрбір азаматтың реформаның шынайы мазмұнын терең түсінуі айрықша маңызды. Өйткені, 15 наурызда қабылданатын шешім елдің ертеңіне, әрбір отандасымыздың болашағына қатысты саналы азаматтық ұстанымның көрінісі деп сеніммен айтуға болады.
Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы












