Қоғамның көзі балаларда: буллинг – үнсіз қауіп

0
1346

Қоғамның келешегі бүгінгі баланың жан дүниесінде қалыптасады. Сондықтан да, балалық шақ тек алаңсыз ойын мен білім алатын кезең ғана емес, тұлғаның іргетасы қаланатын аса жауапты уақыт. Алайда, қазіргі таңда кейбір балалар үшін мектеп мейірім мен қолдаудың ордасы болудың орнына, қорқыныш пен қысымның мекеніне айналып бара жатқаны жасырын емес. Буллинг – көзге көрінбейтін, бірақ салдары терең әлеуметтік дерт. Ол баланың психологиялық саулығына сызат түсіріп қана қоймай, оның өзіне деген сенімін әлсіретіп, өмірге деген құштарлығын жояды. Өкінішке қарай, бұл мәселе елімізде жылдан-жылға ушығып, қоғам назарын айрықша талап етіп отыр. Осы өзекті тақырып аясында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының кәсіби даму департаменті академиялық бөлімінің бас маманы Сағым Көпбайқызымен сұхбат құрдық. Маманның айтуынша, буллингпен күрес – бір ғана білім беру ұйымдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сұхбат барысында біз балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етудің нақты тетіктерін, ата-ана мен ұстаздың, сондай-ақ қоғамның жауапкершілігін кеңінен талқыладық.

ҮНСІЗ ҚАСІРЕТ: БУЛЛИНГТІҢ БАЛА ЖАНЫНА САЛҒАН ЖАРАСЫ

– Сағым Көпбайқызы, балалар мен жасөспірімдер арасында буллинг қаншалықты өзекті мәселе болып отыр?

– Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда буллинг – көз жұма қарауға болмайтын өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл тек мектеп қабырғасындағы ұсақ келіспеушіліктер емес, балалардың тағдырына, болашағына тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Еліміздегі жағдайға назар аударсақ, статистика да бұл мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. Мәселен, шамамен балалардың 17,5%-ы мезгіл-мезгіл қорлауға ұшырайды. Ал, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 14,1%-ы өз қатарластарына буллинг жасағанын мойындайды.

Тағы бір алаңдатарлық дерек – балалардың 6,8%-ы айына 2-3 рет қорқыту мен қысымға тап болады. Бұл сандардың артында тағдырлар, жан жарасы, айтылмай қалған мұң жатқанын ескерсек, мәселенің қаншалықты терең екенін сезінуге болады. Буллинг бүгінде тек физикалық зорлық-зомбылықпен шектелмейді. Ол – баланың намысына тиетін сөз, көпшілік алдында мазақ ету, психологиялық қысым көрсету, топтан шеттету секілді түрлі формада көрініс табады.

Соңғы жылдары оған жаңа бір қатер – кибербуллинг қосылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын қысым түрі бұрынғыдан да қауіпті, себебі ол баланы кез келген жерде, кез келген уақытта «қудалауға» мүмкіндік береді. Әсіресе, жасөспірім кезең – буллингке ең осал шақ. Бұл уақытта бала өзін іздейді, қоғамдағы орнын анықтауға тырысады, қатарластарының пікіріне тәуелді болады. Сондықтан, дәл осы кезеңде жасалған психологиялық қысым оның тұлғалық қалыптасуына теріс әсер етуі мүмкін.

Буллингтің салдары да жеңіл емес. Қорлық көрген бала көбіне тұйықталып, өз-өзіне сенімін жоғалтады. Оның оқу үлгерімі төмендейді, мектепке баруға деген ынтасы азаяды. Кей жағдайда бұл терең психологиялық жарақаттарға, ұзаққа созылатын күйзеліске әкелуі мүмкін.

Әрине, елімізде бұл мәселеге бейжай қарамайды. Мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған түрлі бағдарламалар енгізіліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Педагогтар мен ата-аналардың рөлі күшейіп келеді. Дегенмен, бұл жеткілікті деу қиын. Себебі, буллинг – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Оны шешу үшін ата-ана, ұстаз, қоғам және бала арасындағы сенім мен ашық диалог аса маңызды. Баланың жан айқайын дер кезінде естіп, қолдау көрсету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

– Буллинг дегеніміз не?

– Буллинг – бұл бір адамның немесе топтың әлсіздеу адамға әдейі қысым көрсетуі, қорлауы. Мұнда ең маңыздысы – жәбірленушінің өзін қорғай алмауы, яғни күштің тең болмауы. Оны қарапайым жанжалдан ажырататын үш белгі бар: біріншісі – қасақаналық, яғни зиян келтіру ниеті, екіншісі – жүйелілік, қорлаудың үнемі қайталануы, үшіншісі – күш теңсіздігі, агрессордың басымдығы. Буллинг әртүрлі формада көрінеді: физикалық (итеру, ұру), вербалды (мазақтау, қорқыту), әлеуметтік (оқшаулау, өсек тарату) және кибербуллинг (интернет арқылы қорлау).

Баланың буллингке ұшырағанын оның мінезінен байқауға болады: ол мектепке барудан қашқақтайды, тұйықталады, көңіл-күйі түседі, үлгерімі нашарлайды. Кейде себепсіз жылайды немесе керісінше ашушаң болып кетеді. Денесінде көгерген іздер пайда болуы, заттарының жоғалуы, ұйқы мен тәбетінің бұзылуы да – дабыл белгісі. Ең қиыны – баланың әлеуметтік ортадан алыстап, жалғыздықты таңдауы. Мұндай жағдайда ең бастысы балаға түсіністікпен қарау. Оған сенім сыйлап, «сен кінәлі емессің» деген сөзді сезіндіру – үлкен көмек.

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА БАЛТА ШАПҚАН БУЛЛИНГ

– Мектептегі буллингтің жиі кездесетін түрлері қандай?

– Мектеп қабырғасында буллинг көбіне көзге көрінбейтін ұсақ әрекеттерден басталып, уақыт өте келе баланың жан дүниесіне ауыр салмақ түсіретін жүйелі қысымға айналады. Оның ең қауіпті тұсы – бірнеше түрі қатар өріліп, жәбірленушіні толықтай тұйық шеңберге қамап тастауы.

Ең жиі кездесетін түрі – вербалды буллинг. Бұл – сөз арқылы жаралау. Келемеждеу, мазақтау, намысына тиетін лақап ат қою, сырт келбетін немесе қабілетін кемсіту бәрі баланың өзін-өзі бағалауына соққы береді. Одан кейінгісі – әлеуметтік буллинг. Мұнда бала әдейі ортадан шеттетіледі: достар тобына қоспау, бойкот жариялау, артынан өсек тарату. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ ең ауыр тиетін қысымдардың бірі. Өйткені, адам үшін қоғамнан оқшаулану – үлкен психологиялық соққы.

Физикалық буллинг – ең айқын әрі қауіпті түрі. Ұру, итеру, заттарын тартып алу немесе бүлдіру арқылы күш көрсету баланың қауіпсіздік сезімін жояды. Қазіргі уақытта ерекше қарқын алған түрі – кибербуллинг. Әлеуметтік желілерде қорлау, жалған ақпарат тарату, агрессивті хабарламалар жіберу мұның бәрі баланы тәулік бойы қысымда ұстайды. Бұл жерде «қашып құтылу» мүмкіндігі де аз. Ал, жанама буллинг – ең жасырын түрі. Мұнда нақты кімнің бастамашы екенін анықтау қиын, бірақ бала үнемі қысым мен мазасыздықта жүреді. Көбінесе буллингтің нысанасына өзгеден сәл ерекшеленетін балалар ілінеді: сырт келбетімен, киімімен, оқу үлгерімімен немесе мінезімен. Яғни, «басқаша болу» кейде себепке айналып кетеді.

Сондықтан, буллингті тек әрекет ретінде емес, баланың ішкі әлемін жаралайтын құбылыс ретінде түсіну маңызды. Уақытылы байқап, дер кезінде қолдау көрсету әр баланың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуінің кепілі.

– Әлеуметтік желілер кибербуллингтің көбеюіне қалай әсер етіп отыр?

– Цифрлық дәуір буллингтің табиғатын түбегейлі өзгертті. Бұрын мектеп қабырғасымен шектелетін қысым енді смартфон экранынан сығалап, баланың жеке кеңістігіне де еркін еніп кетті.

Кибербуллинг – уақыт пен орынға бағынбайтын, тәулік бойы жалғасатын психологиялық қысымға айналды. Бұл құбылыстың күшеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен – анонимділік. Жалған аккаунттың тасасында отырған адам өз әрекетінің салдарын сезінбей, жауапкершіліктен оңай «қашады». Соның салдарынан аяушылық сезімі әлсіреп, қатыгездік қалыпты жағдайдай қабылдана бастайды. Екіншіден, интернетте «қауіпсіз аймақ» деген ұғым жойылды. Бұрын бала мектептен үйіне келсе, қысым тоқтайтын. Ал, қазір ол телефон арқылы кез келген сәтте жалғасуы мүмкін. Яғни, бала үшін тыныштық табатын орын қалмай барады. Үшіншіден, ақпараттың таралу жылдамдығы. Бір ғана қорлайтын жазба немесе видео санаулы минуттар ішінде жүздеген, тіпті мыңдаған адамға жетіп, жәбірленушінің жан жарасын одан сайын тереңдетеді. Көпшіліктің көз алдында қорлану – ең ауыр соққылардың бірі.

Тағы бір қауіпті тұс кейбір жасөспірімдердің мұны «әзіл» немесе «ойын» ретінде қабылдауы. Олар экранның ар жағында тірі адам, шынайы сезім барын ескере бермейді. Соңғы жылдардағы деректер бұл мәселенің ушығып бара жатқанын көрсетеді. 2025 жылы кибербуллингке қатысты резонансты жағдайлар бір жыл ішінде шамамен 14%-ға артқан. Қазақстанда әрбір сегізінші оқушы интернеттегі қысымға тап болған. Кейбір бағалауларда бұл көрсеткіш тіпті әрбір бесінші балаға дейін жетеді. Ал, әлем бойынша 2025 жылға қарай жастардың 58,2%-ы өмірінде кем дегенде бір рет кибербуллингті бастан өткерген бұл бірнеше жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Көбіне мұндай жағдайлар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және онлайн ойын алаңдарында орын алады. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің басым бөлігі шамамен 74%-ы бұл платформалар қолданушыларды жеткілікті деңгейде қорғай алмай отыр деп санайды. Ал, оның салдары жеңіл емес: күйзеліс, мазасыздық, жалғыздық сезімі, тіпті өмірге деген құлшыныстың төмендеуі. Сондықтан, кибербуллингті жай ғана «виртуалды мәселе» деп қарауға болмайды. Оның ізі шынайы өмірде, шынайы жүректерде қалады.

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

– Буллингке ұшыраған бала психологиялық тұрғыдан қандай күй кешеді. Буллинг жасаған баланың психологиясында қандай мәселелер болуы мүмкін?

– Буллинг – бұл тек мектеп қабырғасындағы қақтығыс емес, ол баланың жан дүниесіне түсетін көзге көрінбейтін ауыр соққы. Мұнда әр бала – жәбірленуші де, агрессор да, тіпті үнсіз куәгер де – өз ішіндегі күресті бастан кешіреді. Жәбірленуші бала үшін өмір біртіндеп қауіпке толы кеңістікке айналады. Ол күн сайын мектепке емес, белгісіз қорқынышқа бет алады. Ішкі әлемінде үрей мен жалғыздық тамыр жайып, «мен бұған лайықпын» деген жалған сенімге бой алдырады. Уақыт өте келе бұл сезімдер оның өзіне деген сенімін жойып, айналасына деген сенімсіздікке ұласады. Денесі де бұл ауыртпалықты үнсіз көтере алмайды – бас ауруы, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы сияқты белгілер арқылы жан жарасын білдіреді. Ең қиыны – ол көмек сұрауға қорқады, өйткені түсінбейді немесе сенбейді.

Буллинг жасаушы бала сырттай мықты көрінгенімен, оның да ішкі әлемі алай-дүлей. Көбіне ол өз әлсіздігін күш арқылы жасыруға тырысады. Жанашырлықтың жетіспеуі, өзгенің ауырсынуын сезіне алмау – оның басты қорғаныс құралына айналады. Мұндай мінездің түбінде көбіне отбасындағы суық қарым-қатынас, назардың жетіспеуі немесе қатігездік жатады. Ол үшін «күш – билік» деген түсінік өмірлік қағидаға айналып, уақытында түзелмесе, бұл жол оны қоғамнан алыстатуы мүмкін. Ал, куәгер бала – ең үнсіз, бірақ ең ауыр жүк көтеретіндердің бірі. Ол әділетсіздікті көре тұра, араша түсуге батылы жетпейді. Ішінде қорқыныш пен кінә сезімі қатар өмір сүреді. Оның үнсіздігі – келісім емес, көбіне қорғаныс.

Буллингтің ең қауіпті тұсы – оның көзге бірден байқалмайтынында. Бала ашық айтпаса да, оның мінезі, көңіл-күйі, тіпті күнделікті әдеттері бәрін аңғартады. Сондықтан, ересектер үшін ең маңыздысы – тыңдай білу, байқай білу және дер кезінде жанынан табылу. Өйткені, әр бала – қорған мен қамқорлыққа лайық. Ал дер кезінде берілген қолдау – бір тағдырды ғана емес, тұтас болашақты өзгертуі мүмкін.

– Баланың буллингке ұшырағанын қалай байқауға болады?

– Кейде бала өзіне жасалған қысымды жасырады. Сондықтан, ата-ана оның мінезіндегі ұзаққа созылған өзгерістерге мұқият болғаны жөн.

Ең алдымен, дене белгілері көзге түседі: себепсіз көгеру, жыртылған киім, жоғалған заттар. Бұған қоса, мектепке барар алдында жиі басы немесе іші ауырып шағымданса бұл ішкі күйзелістің белгісі болуы мүмкін. Мінез-құлқында да өзгеріс байқалады: бала тұйықталып, достарынан алыстайды, мектеп туралы айтудан қашқақтайды. Кейде керісінше, үйде ашушаң болып кетеді. Мектепке бару жолын өзгертуі немесе себепсіз барғысы келмеуі де назар аудартуы тиіс. Оқу үлгерімінің төмендеуі, телефонға үреймен қарау, хабарламаны жасыру – кибербуллингтің де белгісі болуы ықтимал. Ұйқы мен тәбеттің бұзылуы да ішкі қысымның көрінісі. Ең маңызды белгі – баланың жабықтыққа кетуі. Егер ол бұрынғыдай сыр бөліспей, бәріне «жақсы» деп қысқа жауап берсе, бұл – ата-ана үшін дабыл.

– Баламен қалай дұрыс сөйлесу керек?

– Мұндай жағдайда әңгіменің өзі – емнің бір бөлігі. Ең алдымен, сабыр сақтап, балаға қауіпсіз әрі тыныш орта ұсыныңыз. Сұрақты жұмсақ қойыңыз: «Мектепте қалайсың?», «Бүгін не қызық болды?» деп бастау жеткілікті. Бала жауап берсе, оны бөлмей тыңдау маңызды. Сын айтпай, «Мен сені түсінемін», «Сен кінәлі емессің» деген сөздер арқылы сенім ұялатыңыз. Оның сезімін атауға көмектесіңіз: «Саған қиын болған сияқты» деу – баланың ішкі жанын ашуға жол ашады.

Одан әрі, мәселені бірге шешуге ұмтылыңыз. Мектеппен байланыс орнатып, қажет болса мамандар көмегіне жүгіну, онлайн қауіпсіздікті түсіндіру бәрі баланың қорғанысын күшейтеді. Ең бастысы – асықпау. Балаға уақыт беріп, бірақ назардан тыс қалдырмау керек. Оған үнемі: «Мен сенің қасыңдамын» деген сезімді жеткізу ең үлкен қолдау. Кейде қарапайым жылы әңгіме мен сенім баланы ең ауыр күйзелістен алып шығатын күшке айналады.

– Қоғамда буллинг мәдениетін азайту үшін не өзгеруі керек?

– Елімізде буллинг бүгінгі күннің өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі. Буллингтің салдары ауыр: ол баланың психикалық денсаулығына әсер етіп, күйзеліске, өзіне сенімсіздікке, тіпті суицидтік ойларға дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан, қоғамда буллинг мәдениетін азайту үшін ең алдымен ерте араласу жүйесін күшейту қажет. Бала қиындықпен жалғыз қалмауы тиіс. Буллинг жай ғана жанжал емес, бұл жүйелі түрде жасалатын психологиялық немесе физикалық қысым. Сондықтан, онымен күрес те жүйелі болуы керек. Қоғам өзгеруі үшін ең алдымен көзқарас өзгеруі қажет: үнсіз қалмау, дер кезінде әрекет ету және әр баланың қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілікпен қарау.

– Балалардың психологиялық қауіпсіздігін қалай сақтаймыз?

– Балалардың психологиялық қауіпсіздігі баршамыздың жауапкершілігіміз. Баланың ішкі әлемін қорғау тек ата-ананың ғана емес, қоғамның да міндеті. Мейірімділік, түсіністік, қолдау және сенім балалардың психологиялық денсаулығының негізгі тірегі. Әрбір күлкі, әрбір ашық әңгіме, әрбір бірге өткізген сәт олардың сенімді, бақытты және қауіпсіз әлемін қалыптастырады. Қоғам үнсіз қалмай, әр баланың жан-дүниесіне қамқорлық танытса, біз нағыз мейірімді әрі жауапты қоғам құра аламыз. Баланың күлкісі біздің қоғамымыздың айнасы, әр бала қауіпсіз болса, біз де қауіпсізбіз.

– Сағым Көпбайқызы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here