Жандар АСАН, саяси сарапшы: «Мемлекет мүддесі бәрінен биік тұруы тиіс»

0
900

Бүгінгі күнде жаһандық геосаяси ахуал күрделеніп, халықаралық қатынастар жүйесі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. «Азуын айға білеген» алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсекелестік пен бақталастықтың күшеюі, күннен күнге шиеленіскен өңірлік қақтығыстар мен экономикалық тұрақсыздық көптеген елдердің ішкі және сыртқы саясатына тікелей әсер етуде. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан үшін ұлттық мүддені сақтау, көпвекторлы сыртқы саясатты тиімді жүргізу және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету аса маңызды. Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып, қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл оң өзгерістер азаматтық қоғам институттарын нығайтуға және бұқараның билікке деген сенімін нығайтуға бағытталған. Осы орайда саяси сарапшы Жандар Тұрарұлы АСАНМЕН сұхбаттасып, Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайдағы ұстанымы, жүргізіліп жатқан жаңашылдықтардың нәтижесі мен болашақ даму бағдарын талқыладық.

«QAZAQ-ТЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Жандар Тұрарұлы АСАН – белгілі саяси сарапшы, медиа және коммуникация маманы.

1990 жылғы мамыр айында қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Жандар Асан – «Түркібасы» қазақ-түрік лицейінің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін үздік бағамен бітірген. Түркияның Ыстанбұл университетінде білімін жетілдірген.

Еңбек жолын 2011 жылы баспа корпорациясының бас редакторлығынан бастаған. Әр жылдары «КТК» телеарнасының тілшісі, «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары, «Хабар 24» телеарнасының продюсері қызметтерін атқарған.

2014-2017 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Ақпараттық-имидждік орталығының басшысы, Ректор аппаратының басшысы, 2017-2022 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Коммуникация және маркетинг департаментінің директоры лауазымдарында істеген.

2022-2024 жылдары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің коммуникация бойынша кеңесшісі, Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

2024 жылғы шілде айынан ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еңбек етеді.

Жандар Асанның авторлығымен Қазақстанның саяси, әлеуметтік және жоғары білім беру тақырыптарына арналған 500-ден астам мақала жарық көрген. Ол – бірнеше энциклопедиялық кітаптың және деректі фильмнің авторы.

«ЕЛДІК МҮДДЕНІ ҰРАНМЕН ЕМЕС, ҰСТАМДЫ САЯСАТПЕН  ҚОРҒАУ КЕРЕК»

– Жандар Тұрарұлы, ең алдымен Сізді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен ғасырлық тарихы бар «Qazaq» республикалық қоғамдық-саяси газетінің атынан құттықтаймыз. Мереке қарсаңындағы сұхбатымыз еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы өзекті жаңашылдықтарға арналмақ. Әңгімемізді қазіргі әлемдік геосаяси ахуал күрделене түскен тұста Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр деген сауалдан бастасақ.

– Рақмет! Ең алдымен баршаңызды Ұлысымыздың ұлық мейрамы – Әз-Наурызбен құттықтаймын. Бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен тазалықтың, ырыс пен ынтымақтың символы. Ал, енді сауалыңызға келсек, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты өзінің тиімділігін айқын дәлелдеп отыр деп толық сеніммен айта аламын. Бүгінгідей аласапыран кезеңде ірі державалар арасындағы бәсекелестік күшейіп, әлемде тұрақсыздық белең алып отырғаны белгілі. Осындай сын-қатерлерге толы уақытта салиқалы һәм ұстамды саясат, берік стратегия керек.

Еліміз осындай күрделі кезеңде айылын тез жиып, теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясат моделін қалыптастырды. Бүгінгі Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы – ең алдымен ұлттық мүддені барынша тиімді қорғауға бағытталған дипломатия екендігін ерекше атап өткім келеді. Еліміз алпауыт мемлекеттермен де, беделді өңірлік және халықаралық ұйымдармен де өзара ынтымақтастыққа негізделген сындарлы қарым-қатынас орнатып отыр. Бұл, өз кезегінде, инвестиция тартуға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан өзін жаһандық диалог алаңы ретінде де көрсетіп келеді. Бейбітшілік бастамалары, келіссөз алаңдарын ұсыну тәжірибесі – еліміздің халықаралық беделін арттырып отырған маңызды факторлардың бірі. Түптеп келгенде, көпвекторлы сыртқы саясат – Қазақстанның ұзақмерзімді ұлттық даму стратегиясының өзегі болып қала береді.

– Ірі державалар арасындағы текетірес күшейген жағдайда Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғау үшін қандай дипломатиялық тетіктерге басымдық беруі тиіс деп ойлайсыз?

– Алыптар арасындағы текетірес күшейген сайын, Қазақстан үшін басты басымдық – елдік мүддені салқынқанды, прагматикалық және ұтымды дипломатия арқылы қорғау. Қазақстан әрбір шетелдік серіктеспен қарым-қатынасты нақты экономикалық және технологиялық пайда тұрғысынан дамытуы тиіс деп ойлаймын. Екіншіден, бізге экономикалық дипломатияны одан әрмен күшейту қажет. Яғни, сыртқы саясат тек саяси диалогпен шектелмей, инвестиция тарту, жаңа нарықтарға шығу, логистикалық дәліздерді дамыту арқылы нақты нәтижеге бағытталуы керек. Әсіресе, Қазақстанның транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану – еліміздің геосаяси артықшылығын экономикалық ресурсқа айналдыратын маңызды құрал. Ал енді үшіншіден, халықаралық ұйымдардың алаңдарын тиімді пайдалану керекпіз. Бұл – өз позицияңды легитимді түрде жеткізудің тиімді жолы.  Төртіншіден, бітімгерлік әлеуетті арттыру қажет. Қазақстанның келіссөз алаңы ретіндегі тәжірибесі жеткілікті. Осы бағытты жалғастыру еліміздің халықаралық беделін күшейтіп қана қоймай, саяси маневр жасау мүмкіндігін де кеңейтеді. Сонымен қатар, ақпараттық және қоғамдық дипломатияны дамыту ерекше маңызға ие. Қазіргі қақтығыстар тек геосаяси ғана емес, ақпараттық кеңістікте де жүріп жатыр. Сондықтан, Қазақстан өз ұстанымын халықаралық аудиторияға түсінікті әрі жүйелі жеткізе алуы тиіс.

– Жандар Тұрарұлы, соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың басты жетістіктері қандай деп ойлайсыз? Әлсіз тұстары бар ма?

– Кейінгі жылдары жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды бірнеше негізгі бағыт бойынша бағалауға болады. Біріншіден, партиялық жүйені тіркеу талаптарының жеңілдеуі, жаңа саяси күштердің пайда болуы – бәсекелестікті арттырып, саяси алаңды жандандыра түсті. Бұл өз кезегінде қоғамдық талқылаулардың пайда болуына ықпал етіп, идеялардың тууына септігін тигізуде. Екіншіден, Парламенттің рөлін күшейту бағытында нақты қадамдар жасалды. Мәжіліс пен мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейіп, аралас сайлау жүйесінің енгізілуі өкілді биліктің сапалық құрамын жаңартуға әсер етті. Бұл – заң шығару процесінің мазмұнын күшейтуге бағытталған маңызды өзгеріс.

Үшіншіден, азаматтардың саяси қатысу мүмкіндігі кеңейді. Конституциялық реформа қарсаңында референдум, қоғамдық талқылаулар арқылы қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысу тетіктері жандана бастады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуының бір көрінісі. Төртіншіден, адам құқықтары мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға басымдық берілді. Конституциялық Соттың қайта құрылуы, құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістер – азаматтардың құқықтарын қорғаудың институционалдық негізін күшейтті. Бесіншіден, жергілікті басқару жүйесін дамыту маңызды бағытқа айналды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізіліп, бұл халықтың жергілікті деңгейдегі шешімдерге ықпалын арттырды. Әрине, реформалардың толық нәтижесін бірден көру қиын. Бұл – ұзақ мерзімді процесс. Дегенмен, қазіргі өзгерістер саяси жүйені біртіндеп ашық, икемді және қоғам сұранысына бейім етіп қалыптастыруға бағытталғанын көруге болады.

«БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ДИАЛОГТЫҢ НЕГІЗІ ҚАЛАНУДА»

– «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында билік пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты деуге бола ма?

Сөзіңіз орынды. Белгілі бір дәрежеде билік пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа үлгісі қалыптаса бастады деуге негіз бар. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының өзегі де – дәл осы ашықтық, кері байланыс және қоғамдық сұранысқа жедел жауап беру қағидаттарына сүйенеді. Түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің рөлінің артуы, ашық талқылаулар мен қоғамдық тыңдаулардың жиілеуі – диалогтың формалды емес, жүйелі сипат ала бастағанын көрсетеді. Қандай да бір саяси шешімдерді қабылдау процесіне қоғамның қатысуы кеңейіп отыр. Референдумдар өткізу тәжірибесі, маңызды реформаларды алдын ала талқылау – билік пен азаматтар арасындағы сенім арналарын нығайтатын маңызды қадамдар. Соңғы жылдар белесінде цифрлық коммуникация құралдарының рөлі артты. Мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілерде белсенді болуы, азаматтардың өтініштері мен пікірлеріне жедел жауап беруі – жаңа форматтағы диалогтың элементтері.

Менің ойымша, «Әділетті Қазақстан» аясында билік пен қоғам арасындағы жаңа диалогтың негізі қаланды. Ендігі мәселе – оны тереңдетіп, нақты мазмұнмен толықтыру.

– Қазақ парламентаризмінің рөлін күшейту және саяси партиялар институтын дамыту бағытындағы өзгерістер нақты саяси бәсекелестікті арттыра алды ма?

– Елімізде жүргізілген соңғы реформалар саяси бәсекелестікті арттыруға бағытталған маңызды алғышарттар қалыптастырды деп айтуға болады. Мәселен, саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдеуі жаңа партиялардың құрылуына жол ашты. Бұл – саяси алаңда балама пікірлердің пайда болуына және халық үшін таңдау мүмкіндігінің кеңеюіне ықпал етті. Парламенттің рөлін институционалдық тұрғыдан күшейту маңызды факторға айналды. Заң шығару процесіндегі ашықтықтың артуы, депутаттық сауалдардың белсенділігі – өкілді биліктің ықпалын біртіндеп арттырып келеді. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар саяси бәсекелестікті арттыруға нақты негіз қалады. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты саяси тәжірибеге айналдыру.

«ІШКІ САЯСАТ БҮГІНДЕ ТЕК ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРАЛ ЕМЕС…»

– Ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық пікірді қалыптастыруда ішкі саясаттың рөлі қаншалықты маңызды болып отыр?

– Медиа және коммуникация салаларының маманы ретінде айтарым, бүгінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан, қоғамдық пікірді қалыптастыруда ішкі саясаттың рөлі бұрынғыдан да арта түсті деуге толық негіз бар.

Ақпараттық кеңістік – бәсекелестіктің жаңа алаңы. Бүгінде ықпал ету тек дәстүрлі саясат немесе экономика арқылы емес, ақпарат ағындарын басқару, қоғамдық сананы бағыттау арқылы да жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, ішкі саясаттың басты міндеттерінің бірі – қоғамға сенімді, нақты әрі жедел ақпарат ұсыну.

Қоғамдық пікір стратегиялық ресурсқа айналды. Азаматтардың көңіл-күйі, сенімі мен көзқарасы ел ішіндегі тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Егер бұл кеңістік сапалы ақпаратпен толтырылмаса, оның орнын түрлі манипуляция, фейк және сыртқы ықпалдар басуы мүмкін.

Мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникация сапасы шешуші факторға айналып отыр. Ішкі саясат тек ақпарат таратумен шектелмеуі тиіс, ол – түсіндіру, диалог орнату және кері байланысты тиімді ұйымдастыру процесі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты осы тұрғыдан ерекше маңызға ие. Цифрлық дәуір жаңа талаптар қойып отыр. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ақпараттың таралу жылдамдығын арттырды, бірақ сонымен бірге бақылауды күрделендірді. Сондықтан, ішкі саясат құралдары да дәстүрлі тәсілдерден гөрі икемді, жедел әрі креативті болуы қажет.

Әрине, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек шектеу немесе бақылау арқылы жүзеге аспауы тиіс. Ең тиімді жол – қоғамның медиасауаттылығын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және сенімге негізделген коммуникацияны қалыптастыру.

Ішкі саясат бүгінде тек идеологиялық құрал емес, ол – қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ететін, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын және қоғамдық пікірді үйлестіретін стратегиялық тетікке айналып отыр.

– Алдағы кезеңде Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығын сақтау мен сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін қандай стратегиялық қадамдар қажет деп есептейсіз?

– Менің ойымша, кешенді әрі үйлестірілген стратегия қажет. Ішкі саяси тұрақтылықтың негізі – әлеуметтік әділеттілік. Аймақтар арасындағы даму айырмашылығын азайту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік лифтілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету – тұрақтылықтың басты кепілі. Егер қоғамда әділеттілік сезімі нығайса, ішкі тұрақтылық та берік болады. Саяси реформалардың сабақтастығын сақтау да маңызды. Басталған өзгерістерді жарты жолда қалдырмай, институционалдық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл – қоғам сенімін арттырып, саяси жүйенің болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Тиімді коммуникация мен ашық диалогты күшейту қажет. Билік пен қоғам арасындағы сенім – тұрақтылықтың негізгі факторы. Сондықтан, шешім қабылдау процесінің ашықтығы мен түсіндіру жұмыстарының сапасы айрықша мәнге ие.

Ал сыртқы саясатта Қазақстан ірі державалар арасындағы текетіресте қандай да бір блоктың жағына шығудан гөрі, ұлттық мүддеге негізделген көпвекторлы бағытты жалғастыруы тиіс. Бұл ретте экономикалық және көлік-логистикалық дербестікті күшейтудің де қажеттігі үлкен маңызға ие. Транзиттік әлеуетті дамыту, жаңа бағыттарды әртараптандыру – сыртқы қысымдарға төтеп берудің тиімді құралы.

«МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК, ТЕК АЛҒА ДАМУ»

– Сіздің пайымыңыз бойынша «мемлекетшіл азамат» кім? Ол қандай адам? Ал «елшілдік» ұғымын қалай түсінесіз?

Менің пайымым бойынша, «мемлекетшіл азамат» – бұл алдымен өзінің елінің мүддесін жоғары қоятын, қоғамға адал қызмет ететін адам. Мұндай азамат тек өз мүддесін көздемей, елдің бірлігі мен қауіпсіздігін сақтау, заң мен тәртіпке бағыну секілді қағидаларды өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдайды. Мемлекетшіл азаматтың тағы бір маңызды ерекшелігі – әділдік пен жауапкершілік сезімі. Ол қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, азаматтық белсенділік танытады, сындарлы пікір білдіреді және нақты шешім қабылдауға, қоғамдық іс-әрекетке қатысуға ұмтылады.

Елшілдік – халыққа, ұлттық мәдениетке, салт-дәстүр мен тарихи құндылықтарға деген терең сүйіспеншілік пен айрықша құрметтен бастау алатын асыл қасиет. Бұл – тек сезім ғана емес, елдің абыройын асқақтатып, оның өркендеуіне нақты үлес қосуға деген шынайы ұмтылыс.

Бүгінде халқымыздың арасында мемлекетшілдік пен елшілдік ұғымдарына толық сай келетін, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар бар. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Ерлан Сыдықов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай сынды тұлғаларды ерекше атап өтуге болады. Олар – ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын қайраткерлер.

Мұндай тұлғалардың болуы – еліміз үшін үлкен құндылық. Өйткені, дәл осындай азаматтар қоғам тұрақтылығының тірегі, ел бірлігінің кепілі әрі болашақтың берік іргетасы болып саналады.

Біз, кейінгі буын жастар, алдымыздағы осындай азаматтарға қарап бой түзейміз.

– Жандар Тұрарұлы, өмірбаяныңызды зерделеп отырсақ, жас болсаңыз да журналистика, мемлекеттік қызмет, жоғары білім беру салаларында қызмет атқарып үлгеріпсіз. Жалпы өзіңіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайында айтсаңыз…

– Халқымыздың құтты мекендерінің бірі – Түлкібас өңірінде дүниеге келгенмін. Отбасыда тұңғыш бала болғандықтан, жастайымыздан еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, тазалыққа дағдыландық. Атамыз бен әжеміздің тәрбиесін көріп өстім. Балаң кезден ауылдағы ақсақалдардың әңгімесіне құмарттым. Кітапқа деген сүйіспеншілігім бала кезден бастау алды. Бес жасымда әжем аудан орталығындағы жайма базардан сатып әперген хәкім Абайдың «Қара сөздері» – біздің кітапханамыздың бастауы болды. Менің түсінігімдегі туған жер – тек өскен өлке, тұрған жер емес. Менің санамдағы туған жер – құндылықтарымның, азаматтық ұстанымдарым мен өмірлік бағдарымның қайнар көзі.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here