Қазақ ұлттық университетіндегі қысқы мектеп: Қазақстан мен Жапония жастарын табыстырған мәдени көпір

0
155

2026 жылдың 26 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне қарасты Қиыр Шығыс кафедрасында күншығыс елі – Жапониядан білім алуға келген студенттерге арналған халықаралық қысқы мектеп бағдарламасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Үш аптаға созылған бұл тағылымды жоба Қазақстан мен Жапония жастарын бір арнаға тоғыстырып, мәдениеттер үндестігін айшықтаған ерекше білім алаңына айналды.

2026 жылдың 4-27 наурызы аралығында өткен қысқы мектепке Жапонияның жетекші жоғары оқу орындары – Токио шет тілдер университеті мен Киото университетінің студенттері қатысты. Бағдарлама барысында шетелдік білімгерлер қазақ және орыс тілдерін меңгеріп қана қоймай, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері жөнінде арнайы дәрістер тыңдады. Бұл дәрістер қазақ халқының рухани әлемін тереңірек танып-білуге жол ашты.

Қысқы мектептің мазмұны тек академиялық сабақтармен шектелмей, мәдени-танымдық іс-шаралармен де толықты. Жапонтану бөлімінің студенттерімен бірлескен спикинг-клубтар, пікірталастар, зияткерлік жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылардың тілдік тәжірибесін арттырумен қатар, достық қарым-қатынастың нығаюына ықпал етті. Екі ел жастарының еркін сұхбаттары, ортақ қызығушылықтары мен жаңа достық байланыстары жобаның басты жетістіктерінің біріне айналды.

Бағдарлама аясында жапондық студенттерге Алматы қаласының көрікті орындарына мәдени-танымдық сапарлар ұйымдастырылды. Қонақтар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейіне, Көктөбе демалыс аймағына, Медеу мұз айдынына, Шымбұлақ тау-шаңғы кешеніне және табиғаттың ғажайып мұрасы саналатын Шарын шатқалына саяхат жасады. Бұл сапарлар шетелдік студенттердің Қазақстан табиғатының сұлулығына тәнті болып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіне жақынырақ үңілуіне мүмкіндік берді.

Қысқы мектептің жабылу салтанаты ерекше әсерлі сәттерге толы болды. Оқытушылар қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстап, олардың қысқа мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Әсіресе, Токио шет тілдер университетінің студенті Баба Саюкидің қазақ тілінде еркін сөйлеп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін орындауы көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Жапон студентінің қазақ тілі мен мәдениетіне деген ықыласы көрермендерді ерекше әсерге бөледі.  

Салтанатты рәсімнен кейін жапонтану бөлімінің студенттері қысқы мектеп қатысушыларына арналған қоштасу кешін ұйымдастырды. Кеш барысында шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, қазақ халқының ұлттық өнері мен дәстүрлері таныстырылды. Қонақтар қазақтың күй өнеріндегі көрнекті туындылардың бірі – «Балбырауын» күйін тыңдап, ұлттық ойындардың бірі – асық ойнауға қатысып, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Дастарқан басында өткен бұл кездесу ерекше жылылық пен шынайы достыққа толы болды.

Осылайша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен қысқы мектеп бағдарламасы білім мен мәдениетті тоғыстырған, жастарды жақындастырған маңызды халықаралық жоба ретінде есте қалды. Бұл бастама Қазақстан мен Жапония арасындағы білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, екі ел жастары арасындағы достық көпірінің нығая түсуіне негіз болары сөзсіз.

Гүлмира Тазабекова,
Қазақ ұлттық университеті
Қиыр Шығыс кафедрасының
аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here