Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Женишбек Асанкулов Қазақстан Жазушылар одағына ресми сапармен келіп, Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесті. Басқосу барысында бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту, қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қос елдің тарихында айрықша орын алатын бірегей тұлға Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолын ұлықтау жолындағы жайлар қозғалды.

Женишбек Асанкулов қырғыз халқының тарихи қайраткері Жүсіп Әбдрахмановтың қазақ елі үшін де ерен тұлға екенін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрулары осы тұлға есімімен байланысты болды.
Бұған дейін Мереке Әбдешұлы Қырғызстанға келген іссапарында Қырғызстанның мемлекет қайраткері, Қырғыз Комиссарлары Кеңесінің бірінші төрағасы, қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіп Әбдрахмановтың еңбегі турасында жан-жақты айтқан болатын. Оның сөзін қырғыз тарихшылары мен жазушылары, қырғыз зиялы қауым өкілдері бірауыздан қолдаған еді. Бүгінгі кездесу осы ерен тұлғаның жүріп өткен жолын, қайраткерлігі мен тұлғалық болмысын ұлықтай отырып, Алматы шаһарында Жүсіп Әбдрахманов атына көше беру, ескеркішін орнату жайын талқылау мақсатында өтті.
Небәрі 26 жасында Қырғыз Республикасы үкіметінің басшысы болып тағайындалған Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолы, саясаттағы алғашқы қадамы қазақ елінде, Алматы қаласында бастау алған. 1901 жылы 28 желтоқсанда Ыстықкөл облысының Чиркей ауылында дүниеге келген ол 1920-1921 жылдары Алматы, Талдықорған қалаларында қызмет атқарған.
Жүсіп Әбдрахмановтың ашаршылық жылдары зұлмат кезеңге тап болған қазақтарға қол ұшын созғаны тарих беттерінде жазылған. Мереке Әбдешұлы: «Қиын шақта біз кімді паналадық? Қырғызстанды паналадық. Сол кездегі үкіметтің басында отырған Жүсіп Әбдрахмановты біз ет жүрегіміз елжіреп жақсы көреміз. Қазақ деген айбарлы елдің астанасында немесе Алматы қаласында Жүсіп Әбдрахмановтың ескеркішін орнату маңызды деп есептеймін. Ол кісінің еңбегі турасында кеңінен жазу да біз үшін басты мұраттардың бірі», – деп айтқан еді.
Бірінші жоспар – көшеге атын беру болса, екінші жоспар – Алматы қаласына Жүсіп атамыздың ескерткішін орнату. Осы мақсат аясында Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының мүсіншілері өзара ақылдасып, жұмыс жасауда. Екі елдің де осы салаға жауапты тұлғаларымен келісімдер жүргізіліп, мамыр айының басында ауқымды шара өткізілетін болады. Бұған дейін Талдықорған қаласында Жүсіп Әбдрахманов атына көше берілуі де тарихи маңызды оқиға болып есептеледі.
Жүсіп атамыз алғашында қазақ еліндегі Жетісу облысында жұмыс істеп, содан кейін Қырғыз елінде еңбек жолын жалғастырып, мемлекет дамуына айрықша үлес қосқан. Жүсіп Әбдрахмановтың жары – қазақ қызы Гүлбахрам Әбдрахманова, екеуі Қазақ елінде шаңырақ көтеріп, екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, 1924 жылдары отбасымен Қырғызстанға қоныс аударған. Қазақ жерінде қызмет еткен кездері туралы күнделігіне де жазған.
Екі ұлдан кейінгі қызы Аида Жүсіпқызы Қазақ ҚСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары Абдуманап Төлеулиевке тұрмысқа шығып, Алматы қаласында тұрақтап қалды. Ұлы мен немерелері осы шаһарда өмір сүріп жатыр. Ал, оның қалған ұрпағы Бішкекте, Қырғыз елінде тұрады.
Кездесуге қоғам қайраткері Махмұт Нәлібаев, «Qazaq» газетінің бас директоры Қали Қамбаров, белгілі әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов қатысты.









